Инвестициялық жобаларды іске асыру: заманауи машина жасау кластерін қалыптастыру

Инвестициялық жобаларды іске асыру: заманауи машина жасау кластерін қалыптастыру

15.12.2025 16:01:33 161

Өңірде индустриялық әлеуетті дамыту және толық циклді заманауи машина жасау кластерін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте инвестиция тарту, жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу және жаңа жұмыс орындарын ашу негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.

2024 жылы облыста машина жасау саласындағы маңызды жобалардың бірі – «KamLitKZ» ЖШС-нің шойын құю зауыты іске қосылды. Жобаның инвестиция көлемі 78,2 млрд теңгені құрайды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 45 мың тоннаға дейін шойын құю өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны құрылды. Аталған жоба жергілікті компоненттік базаны дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға елеулі үлес қосты.

2025 жылғы ірі инвестициялық жобалар

Ағымдағы жылы облыста жалпы құны 312,1 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың ішіндегі ең ауқымды жобалардың бірі – KIA автокөлік зауыты. Жобаның инвестиция көлемі 131,5 млрд теңге, жобалық қуаты – жылына 70 мың автокөлік.

21 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Телемост барысында автокөлік өндірісіне ресми түрде старт берілді. Зауыттың өндірістік қуаттары KIA брендімен 13 модельге дейін автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде Sorento (MQ4), Sportage (NQ5) және Cerato модельдерін шығару жоспарлануда. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аталған зауыттың іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібі көлемін 46,5%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Компоненттік өндірісті дамыту

Ағымдағы жылы «KamLitKZ» ЖШС тағы екі ірі жобаны іске асыруда. Жүк автомобильдерінің жетекші көпірлерін өндіру зауыты, сондай-ақ балкалар өндірісін жергіліктендіру жобалары іске қосуға дайын. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 160,5 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 650 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның инвестиция көлемі 17,8 млрд теңге, өндірістік қуаты – жылына 60 мың комплект, құрылатын жұмыс орындарының саны – 800.

Көлік-логистикалық инфрақұрылым

Қазіргі уақытта инвестиция көлемі 63,8 млрд теңгені құрайтын көлік-логистикалық кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Кешеннің жобалық қуаты жылына 400 мың контейнер немесе 11 млн тоннадан астам жүк өңдеуге мүмкіндік береді.

Ірі индустриялық және агроөнеркәсіптік жобаларды іске қосу кезеңінде көлік-логистикалық кешеннің маңызы ерекше. Ол шикізат пен дайын өнімді уақтылы жеткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, транзиттік жүк тасымалын дамытуға жол ашады. Кешенде жүктерді бір көлік түрінен екіншісіне ауыстырып тиеу, уақытша сақтау және әрі қарай тасымалдауға дайындау жұмыстары жүзеге асырылады. Аталған халықаралық кешен іске қосылғаннан кейін жүк тасымалы көлемі 20%-ға ұлғаяды.

Кадрлық әлеуетті дамыту

Индустриялық жобалардың табысты іске асуы білікті инженерлік-техникалық мамандарға тікелей байланысты. Осыған орай өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждері оқу бағдарламаларын кеңейтіп, заманауи инженерлік бағыттар бойынша кадрлар даярлауда.

Бүгінде жаңа өндірістерде жұмыс істейтін мамандардың 55–70%-ын жастар, яғни жергілікті колледждер мен университеттердің түлектері құрайды. Олар күрделі жоғары технологиялық жабдықтарды басқарып, деректерді талдап, стандарттан тыс өндірістік міндеттерді инженерлер деңгейінде шешуде. Бұл өңірдегі кадр даярлау жүйесінің тиімділігін және тұрақты еңбек әлеуетін айқын көрсетеді.

Инвестициялық жобаларды жүйелі іске асыру өңір экономикасын әртараптандыруға, машина жасау саласын дамытуға және облыстың өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1125877?lang=kk