Әскердің күші – патриоттық тәрбиеде: маңызды меморандумға қол қойылды

Әскердің күші – патриоттық тәрбиеде: маңызды меморандумға қол қойылды

09.04.2026 10:58:26 372

 Астана қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектеп пен Арнайы операциялар күштері өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты – әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, тәжірибе мен білім алмасу, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, сондай-ақ түрлі спорттық және мәдени іс-шараларды бірлесе ұйымдастыру.

Шараның салтанатты ашылу барысында Арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Саят Бурбасов оқушыларға:

– Елдің болашағы – жастардың қолында. Сендер біздің ертеңгі ізбасарымызсыздар. Біз жүріп өткен жолды жалғай отырып, Отанға қызмет етуді бүгіннен бастау қажет, – деп атап өтті.

Қолбасшының орынбасары мектеп директоры Гүлмира Закиринаға, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дана Күнтасоваға және «Жаубасар» клубының жетекшісі Әнуар Қасеновқа ерекше төсбелгілер табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды.

Өз кезегінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дана Күнтасова алдағы жоспарларға тоқталып:

– Бүгін маңызды құжатқа қол қойылды. Алда бірлескен жобалар мен ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің мектептен іріктелген «Жаубасар» командасы «Айбын» жастар жиынында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің намысын лайықты қорғайды деп сенемін, – деді.

Меморандумға №13 мектеп директоры Гүлмира Закирина мен 22750 әскери бөлімінің командирі подполковник Тимур Түстібаев қол қойды.

Ресми бөлімнен кейін келушілер оқушылар дайындаған робототехника жобаларын, әскери киім үлгілері мен жарақтар көрмесін тамашалады. Сонымен қатар, жаттығу алаңы мен атыс тирін аралап көрді.

Шара соңында Құрмет қарауыл ротасының, мектеп оқушыларының дефилесі және қоян-қолтық ұрыстың элементтері көрсетілді.

Жазда өтетін «Айбын» халықаралық жастар жиынында осы мектептен іріктелген «Жаубасар» командасы Арнайы операциялар күштерінің атынан Астана қаласының намысын қорғайтын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1196950?lang=kk