Бельгияда Shanyraq Fest Brussels қазақ мәдениеті фестивалінің тұсау-кесері өтті

Бельгияда Shanyraq Fest Brussels қазақ мәдениеті фестивалінің тұсау-кесері өтті

09.04.2026 14:13:52 271

Брюссель, 2026 жылғы 8 сәуір – Брюссель қаласында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ мәдениетінің Shanyraq Fest Brussels фестивалінің ресми тұсау-кесері өтті.

Бельгия дипломаттар клубымен бірлесіп дайындалған салтанатты ашылу рәсімі Бельгия астанасының беделді орындарының бірі – Корольдік Галль клубында (Cercle Royal Gaulois) өтті. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, құрметті консулдар, іскерлік және мәдени орта өкілдері қатысты.

8–11 сәуір аралығында өтетін фестиваль Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан, Бельгия және Еуропалық одақ арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Брюссельдегі Елшісі Роман Василенко Қазақстанның Бельгиямен және Еуропалық одақпен ынтымақтастығының серпінді әрі жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтіп:
«Осы фестиваль сияқты мәдени бастамалар біздің қоғамдарымыз арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді», – деді.

Өз кезегінде Бельгия дипломаттар клубының президенті, Елші Рауль Делькорд мұндай іс-шаралардың мемлекетаралық диалогты дамыту және мәдени ынтымақтастықты кеңейту үшін маңыздылығын атап өтті.

Ашылу рәсімі аясында Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің концерті өтті. Фестивальге қатысу үшін Брюссельге музыкалық және сахналық өнердің түрлі бағыттарын ұсынатын 40-тан астам талантты қазақстандық әртіс келді. Концерттік бағдарламада қазақ ұлттық және әлемдік классикалық музыканың танымал туындылары орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Shanyraq Fest Brussels фестивалі еуропалық серіктестермен гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған жүйелі саясатты көрсетеді және Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы мәдени алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға арналған перспективалы алаң ретінде қарастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1197230?lang=kk