Қазақстан үні Еуропа астанасының жүрегінде шырқалды

Қазақстан үні Еуропа астанасының жүрегінде шырқалды

10.04.2026 16:00:17 345

Брюссель, 2026 жылғы 9 сәуір – Брюссель қаласының Сен-Жиль коммунасы мэриясында қазақ музыкасының кеші жоғары деңгейде өтті.

Іс-шара Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі тарапынан Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, алғашқы Shanyraq Fest Brussels фестивалі аясында өтті.

Кешке Бельгия Корольдік сарайының өкілдері, Еуропалық одақ институттарының қызметкерлері, дипломатиялық корпус, сондай-ақ іскерлік және мәдени орта өкілдері қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген коммуна мэрі Жан Спинетт:
«Қазақстан бай әрі бірегей мәдениетке ие, ол халықаралық деңгейде кеңінен танылуға лайық. Біз оны Брюссельде таныстыруға қуаныштымыз», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко мұндай концерттер қазақстандық заманауи өнерді еуропалық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беретінін, өзара түсіністікті нығайтып, мәдени ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарушы директоры Ерлан Каналимов қатысты. Ол Қазақстандағы креативті индустриялардың қарқынды дамып келе жатқанын және олардың халықаралық алаңдарға шығуы жаңа серіктестік мүмкіндіктерін ашып, қазақстандық әртістерді ілгерілетуге жол ашатынын жеткізді.

Концерттік бағдарламада Еркеғали Рахмадиев атындағы Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Арасында «Жошы» және «Қорқыт» халық аспаптар ансамбльдері, сондай-ақ танымал қазақстандық орындаушылар Ринат Гайсин, Сүндет Байгожин, Әмре, Рухия Байтукенова және басқалар қатысты. Кеш барысында күйлер, вокалдық және аспаптық шығармалар орындалды.

Кештің көрнекі сәні ретінде Сен-Жиль коммунасының символдарының бірі – су тасушы қыз мүсініне қазақтың ұлттық киімі кигізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1198386?lang=kk