Орта қауіпсіздік мекемесінде алғаш рет "Неке кию" рәсімі өткізілді.

Орта қауіпсіздік мекемесінде алғаш рет "Неке кию" рәсімі өткізілді.

14.04.2026 18:36:32 338

          Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде алғаш рет «Неке қию» рәсімі өткізілді.

        Мекеменің жедел бөлім қызметкерлері Семей қаласындағы «Қос мұнаралы» мешітінің өкілімен бірлесіп, рәсімді ұйымдастырды. Іс-шара қолданыстағы заңнама талаптары мен белгіленген режим талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілді. Мешіт өкілі неке қию рәсімін ислам дәстүріне сай жүргізді.

         – Мен 35 жастамын, жұбайыммен ресми түрде екі жыл бұрын некеге тұрғанбыз. Сол кезде ол маған және болашағымызға сенді. Мен бас бостандығымнан айырылғаннан кейін қарым-қатынасымыз суи бастады. Ол менің бұл жолға түскенімді ұзақ уақыт кешіре алмады. Ұзақ әңгімелер мен өзара түсіністіктің арқасында біз бұрын кейінге қалдырған «Неке қию» рәсімін өткізуді шештік. Бүгін мекеме қызметкерлерінің көмегімен мешіт өкілінің алдында ант беріп, бостандыққа шыққан соң екі жыл бұрын армандаған өмірімізді бірге құратынымызды және балаларымыз өз қолыммен салған үйде өсетінін уәде еттім, – деді сотталған азамат.

         – Жолдасым осында түскен кезде, біздің өміріміз аяқталғандай көрінді. Оның әрекеттері екеуміздің де өмірімізді қиындатты деп ойладым. Тіпті ажырасу туралы ойлар да болды, әсіресе қатарластарымның балалы болып жатқанын көргенде. Алайда сүйіктіммен сөйлескеннен кейін оған қайта сеніп, осы рәсімді өткізуге келісім бердім. Бүгін біздің алда нағыз отбасы болатынына сенемін, – деді сотталғанның 28 жастағы жұбайы.

         – Біз үшін сотталғандардың отбасылық байланыстарын сақтау және жақындарымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ықпал ету өте маңызды. Бүгінгі рәсім – заң талаптарын сақтай отырып, ұлттық және рухани құндылықтарды құрметтеу арқылы әлеуметтік оңалтуға жол ашудың айқын үлгісі, – деп атап өтті мекеме бастығы Жеңіс Дәуренбеков.

          Аталған іс-шара сотталғанның отбасы үшін де, мекеме қызметкерлері үшін де маңызды оқиға болды. Бұл – жақындардың қолдауы мен отбасылық байланыстарды қалпына келтіру сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

           – Отбасылық құндылықтардың негізі – сүйіспеншілік, қамқорлық және өзара түсіністік. Отбасының тірегі – махаббат. Бұл – бір-бірін қолдау, кемшіліктерін қабылдай білу және рухани байланысты сақтау. Махаббат пен өзара түсіністік бар жерде бақытты отбасы құруға болады, – деді «Қос мұнаралы» мешітінің имамы Бауыржан Таубекұлы.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1200652?lang=kk