Қазақстан Республикасына халықаралық тасымалдауға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу тәртібі туралы
17.04.2026 09:16:01 249
Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында халықаралық тасымалдауға арналған көлік құралдарын уақытша әкелудің қолданыстағы тәртібі туралы хабарлаймыз.
Халықаралық тасымалдауға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған кедендік рәсім Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде тіркелген көлік құралдарын халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру мақсатында ғана пайдалану шартымен кедендік баждар мен салықтарды төлемей әкелуге мүмкіндік береді.
Халықаралық тасымалдауға арналған көлік құралдарына жүк автомобильдері, автобустар, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, теміржол жылжымалы құрамы, сондай-ақ теңіз және әуе кемелері жатады.
Уақытша әкелу рәсімін қолдану кезінде келесі талаптарды қатаң сақтау қажет: көлік құралдарын тек жүк пен жолаушыларды халықаралық тасымалдау үшін пайдалану;
Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын үшінші тұлғалардың иелігіне немесе пайдалануына беруге тыйым салу;
тасымалдау аяқталғаннан кейін көлік құралдарын белгіленген мерзімде кедендік аумақтан міндетті түрде әкету.
Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде көлік құралдары кедендік бақылауға жатады. Тасымалдаушылар көлік құралының тіркелгенін және тасымалдаудың халықаралық сипатын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
Кеден органдары уақытша әкелу талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады, оның ішінде құжаттарды тексеру, көлік құралдарын қарау және олардың болу мерзімдерін бақылау.
Белгіленген талаптарды бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген, оның ішінде кедендік төлемдерді есептеу, әкімшілік шараларды қолдану және көлік құралдарын тәркілеу.
Уақытша әкелу талаптарын сақтау халықаралық тасымалдардың заңдылығын қамтамасыз етудің және Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық жүйесінің тиімді жұмыс істеуінің маңызды шарты болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1202701?lang=kk