Соттан тыс банкроттық рәсімі
30.04.2026 19:16:06 234
Ақмола облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Соттан тыс банкроттық рәсімі» тақырыбы бойынша брифинг өтті.
Шара барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Тобыл Демесинов келесі ақпарат жеткізді.
Бүгінгі таңда азаматтар банкроттық арқылы берешектерін есептен шығара алады.
Ең алдымен атап өткім келеді, банкроттық – бұл қаржылық қиындықтарды шешудің соңғы шарасы. Азаматтар алдымен қарызды реттеудің барлық мүмкін жолдарын қарастыруы қажет.
Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заңының қолданысқа енгізілгеніне үш жылдан асты.
Осы заңда көзделген рәсімдердің бірі – соттан тыс банкроттық.
Қазіргі таңда соттан тыс банкроттық рәсімі тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектер бойынша ғана қолданылады. Берешек мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс, бұл биыл 6 920 000 теңгені құрайды.
Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін келесі шарттарға бір мезгілде сәйкес келу қажет:
Меншік құқығында мүліктің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы;
Өтініш берілген күнге дейін 12 ай ішінде қарызды өтеудің болмауы.
Өтеу деп төлем жасалған күнге қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын төлем саналады;
Борышкерге қатысты берешекті реттеу рәсімінің жүргізілуі.
Бұл ретте берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шаралары мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 12 айдан аспайтын мерзімде жүргізілуі тиіс.
Берешекті реттеу талаптары 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банк қарызы және (немесе) микрокредит шарттарына қолданылмайды;
Өтініш берілген күнге дейін соңғы 7 жыл ішінде соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің қолданылмауы.
Заңда сондай-ақ ерекше шарттар көзделген:
егер азамат соңғы 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алған болса, 12 ай бойы төлемнің болмауы туралы талап қолданылмайды;
егер міндеттемелердің орындалмау мерзімі 5 жылдан асса, жоғарыда көрсетілген шарттар қолданылмайды.
Өтінішті келесі тәсілдер арқылы беруге болады:
Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы;
электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы;
eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы.
Заңнамаға сәйкес, өтініштен басқа қандай да бір құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
Барлық өтініштер «Tazalau» ақпараттық жүйесіне келіп түседі және белгіленген критерийлерге сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі.
Бүгінгі күні облыстың мемлекеттік кірістер органдарына соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану бойынша 16 834 өтініш келіп түсті, оның ішінде:
1126 өтініш бойынша банкроттық рәсімі жүргізілуде (мерзімі – 6 ай);
2496 борышкердің жалпы кредиторлық берешегі 4 258,2 млн теңгеден астам сомада банкрот деп танылып, рәсімдері аяқталды;
12 085 өтініш бойынша (71%) банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылды.
Бас тартудың негізгі себептері – соңғы 12 ай ішінде төлемдердің болуы және мүліктің болуы.
Соттан тыс банкроттық бойынша ең көп өтініш түскен өңірлер:
Көкшетау қаласы бойынша МКБ – 4255 (25%);
Целиноград ауданы бойынша МКБ – 1864 (11%);
Ақкөл ауданы бойынша МКБ – 1763 (10%).
Айта кету қажет, банкрот деп танылу белгілі бір салдарға әкеледі:
5 жыл мерзімге банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алуға тыйым салынады;
қайта банкроттық рәсімін қолдану тек 7 жылдан кейін мүмкін;
3 жыл бойы банкроттың мүлік сатып алуы бақылауда болады.
Енді 2026 жылғы 19 наурыздан бастап күшіне енген өзгерістерге тоқталайын.
Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану кезінде ломбардтар кредиторлар қатарынан алынып тасталды. Тиісінше, ломбардтар алдындағы берешектер есепке алынбайды.
Екіншіден, егер берешек сомасы 1600 АЕК-тен аспаса және міндеттемелердің орындалмау мерзімі 5 жылдан асса, рәсім қысқартылған тәртіппен – 1 ай ішінде жүргізіледі.
Аталған өзгерістер рәсімді жеңілдетуге және азаматтар үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Құрметті азаматтар, банкроттық рәсіміне өтініш бермес бұрын барлық құқықтық салдарын мұқият бағалауға шақырамыз.
Сұрақтар туындаған жағдайда Мемлекеттік кірістер департаментіне 72-12-42 телефоны арқылы хабарласа аласыздар.
Кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясын өткізуде.
«Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.
Ақмола облысы бойынша іс-шара Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында аптасына 2 рет (сейсенбі, бейсенбі) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.
Жыл басынан бері 700 астам консультациялық көмек көрсетілді.Бұл кәсіпкерлердің акцияға қызығушылықпен жауап бергенін көрсетеді.
Сонымен қатар қабылдау уақытында аудандық және қалалық басқармалар арасында бейнебайланыс пен телефон арқылы кеңес беру мүмкіндігі көзделген
«Халық бухгалтері» акциясы салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы алғашқы қадам болып табылады. Шара барысында қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1212694?lang=kk