Қазақстан мен Моңғолия зейнетақы саласында ынтымақтастық орнатуда

Қазақстан мен Моңғолия зейнетақы саласында ынтымақтастық орнатуда

04.05.2026 18:26:49 237

2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енді. Келісім екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қорғауға бағытталған.

Келісім Қазақстан немесе Моңғолия аумағында тұрақты тұратын және осы елдердің бірінің аумағында еңбек өтілі бар азаматтарға қолданылады. Аталған еңбек өтілі тұратын мемлекетінің заңнамасына сәйкес зейнетақы тағайындау кезінде ескерілетін болады.

Келісім аясында келесі төлем түрлері тағайындалады:

· Қазақстанда – республикалық бюджет есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдері, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері (жинақтаушы зейнетақы);

· Моңғолияда – сақтандыру зейнетақы қорынан жасына байланысты зейнетақылар. Зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарға тағайындалатын мерзімінен бұрын төленетін зейнетақылар бұл Келісімге кірмейді (бұл жағдайда төлемдер Моңғолияның әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес сақтандыру зейнетақы қорынан жүзеге асырылады).

Қазақстанда бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақыны және Моңғолияда жасына байланысты зейнетақыны тағайындауға өтініш, қажетті құжаттарымен бірге, өтініш беруші тұратын елдің құзыретті органына тапсырылады.

Бұл ретте Моңғолия азаматтары БЖЗҚ-дан жинақтаушы зейнетақы төлемдерін алу үшін өтінішті қажетті құжаттарымен бірге екі елдің бірінің құзыретті органына ұсына алады.

Келісімді іске асыруға уәкілетті органдар:

– Қазақстанда – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

– Моңғолияда – Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазақстан тарапынан Келісімді іске асыратын құзыретті органдар:

· БЖЗҚ – жинақтаушы зейнетақы мәселелерімен айналысады. Оның функцияларына БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар Моңғолия азаматтарынан немесе олардың өкілдерінен өтініштер мен құжаттарды қабылдау, мәліметтер мен құжаттарды өңдеу, жинақтаушы зейнетақыны тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау, сондай-ақ төлемдерді жүзеге асыру кіреді;

· Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті (Комитет) – зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін растауды және тиісті сұраулар жіберуді жүзеге асырады. Егер Моңғолия азаматына Қазақстанда зейнетақы тағайындалса, қажет болған жағдайда оның Моңғолия аумағында жинаған еңбек өтілін растау үшін Моңғолияның құзыретті органына сұрау жолданады. Өз кезегінде, Комитет Моңғолия тарапының сұрауы бойынша Қазақстан азаматтарына Моңғолияда зейнетақы тағайындалса, олардың еңбек өтілі туралы ақпарат ұсынады.

Моңғолия азаматтарына БЖЗҚ-дан жинақтаушы зейнетақы төлемдері:

· алушы Қазақстан заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасқа (ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 2026 жылы 61 жас) толып, Қазақстаннан Моңғолияға тұрақты тұруға (ТТЖ) кеткен жағдайда және «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасында оның ТТЖ-ға кеткені туралы белгі болған кезде (зейнетақы жинақтарын ТТЖ-ға кетуіне байланысты біржолғы төлеу қарастырылмаған);

· ай сайын алушының шотына Моңғолияның ұлттық валютасы – төгрөгпен аудару арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы осы Келісімнің қабылдануы зейнетақы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Ол екі елде еңбек еткен азаматтардың зейнетақы құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп, зейнетақы тағайындау үдерісін анағұрлым ыңғайлы әрі ашық етеді. Келісімді іске асыру азаматтарға шетелде жинақтаған еңбек өтілін есепке алуға және тұратын елдің заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, халықтың еңбек көші-қоны артып отырған жағдайда аса маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1213808?lang=kk