Калифорнияда Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның Бас консулдықтарының ұйымдастыруымен USA–Eurasia Transportation форумы өтті

Калифорнияда Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның Бас консулдықтарының ұйымдастыруымен USA–Eurasia Transportation форумы өтті

17.05.2026 10:23:33 255

Лонг-Бич, 2026 жылғы 15 мамыр – АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич портында USA–Eurasia Transportation форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасының, Әзербайжанның және Грузияның Калифорниядағы Бас консулдықтары Лонг-Бич порты әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Форум АҚШ пен Еуразия елдерінен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін, порт әкімшіліктерін, бизнес-қауымдастықты және көлік-логистика саласының сарапшыларын бір арнаға жинады. Басты мақсат — сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және көлік инфрақұрылымы мен жүк тасымалы саласында өзара қарым-қатынастың жаңа механизмдерін қалыптастыру.

Форумды Лонг-Бич портының бас директоры доктор Хасихагаба ашты. Ол бұл бастамаға қолдау білдіріп, Лонг-Бич портының еуразиялық серіктестермен жаңа әріптестіктер орнатуға дайындығын атап өтті. Лонг-Бич қаласының мэрі атынан мэрияның хаттама жөніндегі директоры Берил Унвер сөз сөйлеп, қаланың халықаралық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Форум жұмысына үш елдің делегациялары, сондай-ақ Калифорнияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері белсенді қатысты.

Қазақстан делегациясының құрамында Қазақстан Республикасының Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева, ҚР Көлік министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Жанна Жолдасова, «Құрық порты» ЖШС бас директоры Еркін Нығметов, сондай-ақ Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холман болды.

Әзербайжан делегациясын Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің климаттық және экологиялық дипломатия департаментінің директоры Эльчин Аллахвердиев пен Әзербайжан темір жолдарының халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Шахмар Гаджиев бастап келді.

Грузия атынан Грузияның Экономика және тұрақты даму министрінің орынбасары Тамар Иоселиани және «Грузия темір жолы» АҚ-ның бас директоры Лаша Абашидзе қатысты.

Панельдік пікірталастар барысында қазақстандық делегация елдің негізгі инфрақұрылымдық жобалары мен көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанның көлік жүйесін жаңғырту стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар, Транскаспийлік халықаралық көлік дәлізін дамыту, Каспий теңізіндегі маңызды Ақтау және Құрық порттарының қуатын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаһандық жеткізу тізбектеріне ықпалдастыру мәселелері талқыланды.

Форум қатысушылары порт инфрақұрылымы, логистиканы цифрландыру және мультимодальды көлік дәліздерін дамыту салаларында американдық пен еуразиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара қызығушылық танытты.

Форум американдық бизнес-қауымдастықтың Қазақстанның және жалпы еуразиялық өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне деген жоғары қызығушылығын, сондай-ақ тараптардың практикалық ынтымақтастықты дамытуға дайындығын айқын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-san-francisko/press/news/details/1221772?lang=kk