Қазақстан мен Канада өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда
18.05.2026 08:17:42 217
Калгари, Торонто, 2026 жылғы 15 мамыр – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов агроөнеркәсіптік кешен, инвестициялар және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында Канадаға жұмыс сапарымен барды.
Онтарио провинциясындағы бағдарлама аясында өңір басшысы Онтарионың Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және агробизнес министрлігінің, сондай-ақ Канаданың мемлекеттік экспорттық-несиелік агенттігінің басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы машина жасау және өңірдің өнімділігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған агроөнеркәсіптік кешенге заманауи шешімдерді енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Альберта провинциясында Ақмола облысының әкімі дәлме-дәл егіншілік жүйелерін енгізу, цифрлық мониторинг, өндірістік процестерді автоматтандыру және заманауи ирригациялық шешімдер мәселелері бойынша жетекші агротехнологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар делегация Канаданың агротехнологиялық әзірлемелер саласындағы жетекші орталықтарының бірі — Олдс колледжіне (Олдс қ.) барды. М.Ахметжанов автономды ауыл шаруашылығы техникасын қолдану тәжірибесімен, тыңайтқыштарды дәлме-дәл енгізу технологияларымен, егістік алқаптарын цифрлық картографиялау және нақты уақыт режимінде деректерді талдау жүйелерімен танысты.
Сондай-ақ сапар аясында өңір басшысы Ниагара (Онтарио) және Банф (Альберта) ұлттық парктеріне барып, аталған нысандардың әкімшіліктерімен кездесті. Кездесулер барысында Ақмола облысында, оның ішінде Бурабай курорттық аймағында қызмет көрсетудің жақсарту және туризмді дамыту мақсатында Канаданың ұлттық парктеріндегі озық технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жалпы алғанда, қазақстандық делегацияның сапары Қазақстан мен Канада өңірлері арасындағы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға тараптардың өзара мүдделілігін көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1221822?lang=kk