«Сырлы әуен» тақырыбында облыстық байқау өтті
18.05.2026 10:46:34 209
Бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде Қармақшы ауданының мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан талант иесі Абдулла Мырзабековты еске алуға арналған «Сырлы әуен» атты облыстық үрмелі аспапта орындаушылар байқауы өтті.
Талантты музыканттарды қолдап, жас өнерпаздардың шығармашылық шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған өнер байқауына облыстың әр өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп: «Сыр елі – өнер мен мәдениеттің ордасы. Бұл өлкеден елге танылған талай өнер майталмандары шыққан. Солардың бірі – ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мырзабеков Абдулла Ерділдәұлы.
Дарыны мен пайымы үйлескен дара тұлғамыз талай шәкірт тәрбиелеп, олардың өнер жолына қадам басуына да себепкер болды. Сондықтан талантын танып, табына білген қасиетті Қармақшы елі барда Абдулла Ерділдаұлының есімі ешқашан өшпек емес»,- деп бүгінгі байқаудың өнер иесіне құрмет екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі кезеңнен құралған сайыс барысында қатысушылар әлем композиторларының шығармалары мен еркін тақырыптағы туындыларды орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша үздік өнерпаздар анықталып, арнайы дипломдар мен марапаттарға ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1222039?lang=kk