Алматыда сауда саласын дамыту, баға мониторингі және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды

Алматыда сауда саласын дамыту, баға мониторингі және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды

18.05.2026 15:59:48 189

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың қатысуымен кеңес өтті. Кездесуге базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда желілерінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында сауда саласындағы өзекті мәселелер, атап айтқанда базарларды жаңғырту, сауда үстемесін реттеу, баға қалыптастыру және саланы одан әрі дамыту бағыттары талқыланды. Кәсіпкерлер Комитет төрағасына тікелей сұрақ қойып, ашық диалог форматында жан-жақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесуге Zoom платформасы арқылы Алматы және Жетісу облыстарының кәсіпкерлері де қосылып, өңірлік бизнеске қатысты маңызды мәселелер ортаға салынды.

Жұмыс сапары аясында Small және Magnum Cash&Carry ірі сауда желілерінде мониторинг жүргізілді. Оның барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тексеріліп, өнімдердің қолжетімділігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, Райымбек даңғылы 507А мекенжайындағы Small филиалында және Радостовец көшесі 292 мекенжайындағы Magnum Cash&Carry сауда орталығында қазақстандық ірімшік өнімдерін өндірушілерді қолдау жобасы іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, қазақстандық өнімдердің сауда желілеріндегі үлесін арттыруға және жергілікті брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ, Алматы қаласы мен Алматы облысының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Алматы қаласы мен Алматы облысының Сауда департаментінің қолдауымен Алтын Орда базары аумағында мониторинг жүргізілді. Базарды аралау барысында сауда орнын жаңғырту, сауда қызметін ұйымдастыру және азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тетіктері қарастырылды.

Аталған жұмыстар заманауи сауда инфрақұрылымын дамытуға, отандық бизнесті қолдауға, баға қалыптастыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге және өңірдегі азық-түлік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauda/press/news/details/1222473?lang=kk