Қазақстан Президенті Түркістандағы ТМҰ бейресми саммитінде түркі әлемінің цифрлық даму басымдықтарын айқындады
18.05.2026 17:58:33 233
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды түркі әлемінің рухани астанасында қарсы алып, Түркістанның бауырлас халықтардың тарихи жады мен рухани бірлігіндегі айрықша орнын атап өтті.
Президент өз сөзінде қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында түркі мемлекеттерінің бірлігі мен өзара қолдауы ерекше маңызға ие екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және инвестициялық әріптестікті жандандыру, ортақ прогресс жолында күш-жігерді біріктіру қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда саммиттің «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналуы уақыт талабына толық сай келетіні айтылды.
Мемлекет басшысы цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті түркі әлемінің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық факторлар ретінде бағалады. Президент Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын, Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылғанын, екі суперкомпьютер іске қосылғанын, сондай-ақ «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жұмысы басталғанын жеткізді. Сонымен қатар, елде Цифрлық кодекс қабылданып, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енгені айтылды.
Саммит барысында Президент бірқатар нақты бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, ТМҰ елдері арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаларды өзара тану, спутниктік байланыс, навигация және мониторинг салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейту, сондай-ақ Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру ұсынылды. Қазақстанда ашылатын Жасанды интеллект университетінде түркі мемлекеттерінің азаматтарына арнайы гранттар бөлуге дайын екені де мәлімделді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге ТМҰ елдерінің IT-технопарктерін біріктіретін Turkic AI бірлескен хабын құруды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай орталық инновациялық жобаларды дамытуға, цифрлық кәсіпкерлікті ілгерілетуге және түркі кеңістігінің технологиялық әлеуетін арттыруға серпін береді.
Президент цифрлық дәуірде тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесінің өзектілігіне де ерекше тоқталды. Осыған байланысты ол Түркі өркениетінің мұрасын сақтау туралы конвенцияны әзірлеуді, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған арнайы цифрлық платформаны іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылданғанын хабарлап, оның ғылыми зерттеулер, мәдени жобалар және білім беру бағдарламалары үшін маңызды алаңға айналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси немесе әскери бірлестік емес, керісінше, сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірегей платформа екенін атап өтті. Президент түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы ортақ мақсаттарға қол жеткізудің басты кепілі екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1222661?lang=kk