Электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа ережелері туралы
Конституция

Электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа ережелері туралы

30.06.2026 18:28:18 16

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың екінші жартысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде Temu, AliExpress, iHerb және басқалары сияқты шетелдік маркетплейстерде сатып алынатын тауарлар үшін жаңартылған ережелер күшіне енетінін хабарлайды.

 

Азаматтар нені білуі керек

 

Егер сатып алу құны 200 евродан аспаса, ештеңе өзгермейді:

- кедендік баждар мен салықтарды төлеудің қажеті жоқ;

- сәлемдеме бұрынғыдай жеткізіледі;

- кеден органдарына өз бетінше жүгіну талап етілмейді;

- сатып алушының атынан декларацияны электрондық сауда операторлары рәсімдейді.

Шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар «электрондық сауда тауарлары» атты жеке санатқа жатқызылады.

Олар үшін кедендік декларацияның жаңа түрі – «электрондық сауда тауарларына арналған декларация» енгізіледі. Мұндай декларацияда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Аталған декларацияны сатып алушылардың атынан кеден органдарына электрондық сауда операторлары ұсынады. Бұл – кеден ісі саласындағы жаңа институт.

Сонымен қатар салмақтық шек (31 кг) алынып тасталады. Ал бажсыз әкелу лимиті 200 еуро деңгейінде сақталады.

Өзгерістер негізінен құны жоғары сатып алуларға қатысты болады. Егер тауар құны 200 еуродан асса:

- тауар құнының 5%-ы мөлшерінде кедендік баж;

- 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді.

Есептеу мысалдары:

250 еуро – 12,5 еуро кедендік баж (шамамен 7 мың теңге) + ҚҚС;

500 еуро – 25 еуро кедендік баж (шамамен 14 мың теңге) + ҚҚС.

Салыстыру үшін айта кетсек, қазіргі уақытта мұндай тауарларға бажсыз әкелу лимитінен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем (ҚҚС-пен қоса алғанда) қолданылады.

Жаңа ережелер интернет-сауданы реттеуге және жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар ретінде көрсетіліп, коммерциялық партиялардың әкелінуіне жол бермеуге бағытталған.

Бұл өзгерістер ЕАЭО аумағында кедендік рәсімдеуден өтіп қойған және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды.

Осылайша, жеке пайдалану үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін азаматтардың басым бөлігі үшін сатып алу және сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай қалады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өз сатып алуларын жаңа нормаларды ескере отырып жоспарлауды ұсынады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1236304?lang=ru