Самар ауданында «Ybyrai Mektebi» жанындағы заманауи білім беру және спорт кешенінің құрылысы аяқталды
30.06.2026 19:29:07 48
Самар ауданының әкімі Серік Женісов Құлынжон ауылындағы «Ybyrai Mektebi» жанынан салынып жатқан жаңа білім беру және спорт кешенінің құрылысымен танысты. Жоба аясында педагогтар мен оқушыларға арналған заманауи жатақхана, сондай-ақ спорттық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталды.
— Нысан толық пайдалануға дайын. Барлық тұрғын бөлмелер мен инфрақұрылым қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Педагогтар мен оқушылардың тұруына қолайлы жағдай жасалған, — деді жоба жетекшісінің орынбасары Айдос Ағыбаев.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі тұрғын бөлмелерді, оқу кабинеттерін, кітапхананы, медициналық пунктті, акт залын, спорттық және қоғамдық кеңістіктерді көріп шықты. Оның айтуынша, мұндай жобалар ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыруда және балаларға қолайлы орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
— Біз туған жерін ұмытпай, ауылдық білім беру саласының дамуына қолдау көрсетіп жүрген Айдын Жұмаділұлы секілді меценаттарға ризамыз. Осындай жобалар балаларға сапалы білім алып, жайлы жағдайда тұруына, спортпен айналысып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді, — деді Самар ауданының әкімі Серік Женісов.
Еске салсақ, жоба «Ybyrai Mektebi» мектебін дамыту жұмыстарының жалғасы болып табылады. Екі жыл бұрын Құлынжон ауылында болашақ пансионат пен спорт инфрақұрылымының құрылысына арналған «уақыт капсуласын» салу рәсімі өткен болатын. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Ермек Көшербаев пен қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахымбаев қатысқан.
Жаңа жатақхана екі блоктан тұрады. Бірінші блок педагогтардың тұруына арналған. Мұнда толық жиһаздалған әртүрлі үлгідегі пәтерлер орналасқан. Екінші блокта оқушылар бөлмелері, оқу кабинеттері, кітапхана, аспаздық сынып, аудио және бейнежазба студиясы, демалыс аймақтары, кір жуатын бөлме мен медициналық пункт қарастырылған.
Кешен аумағында спорт алаңдары, воркаут-аймақ, стадион және фитнес-зал салынған. Сонымен қатар ойын спорт түрлеріне арналған көпфункционалды зал мен еркін күрес залы бар заманауи екі қабатты спорт кешені жұмыс істейді.
Жалпы жаңа кешен оқушылардың тәулік бойы тұрып, білім алуына және жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасап, Самар ауданындағы спорт пен қосымша білім беру саласының дамуына серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1231029?lang=ru
