АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ КАРТАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Конституция

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ КАРТАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

03.07.2026 16:51:44 215

Ақтөбе облысында биылғы жылы 33 436 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Жоспардың орындалу барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның мәліметінше, жыл басынан бері жұмыспен қамтудың түрлі шараларына 12 194 адам тартылды. Оның ішінде 5 208 тұрғын тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 2 455 адам жұмыспен қамтылды.

Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларды іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл өңірде 116 жоба бойынша 3 343 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 982-сі тұрақты, ал 2 361-і уақытша жұмыс орындары. Қазіргі таңда облыста 55 жоба іске асырылып, олардың аясында 1 615 адам жұмысқа орналастырылды.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Мүгедектігі бар азаматтар үшін мемлекеттік және жеке ұйымдарда арнайы жұмыс орындары белгіленіп, олардың еңбек нарығына бейімделуі мен жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетілуде.

Облыс әкімі Асхат Шахаров халықты жұмыспен қамту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Жұмыс іздеп жүрген әрбір азамат мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізіп, еңбек ету мүмкіндігіне ие болуы қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандырып, барлық жоспарлы көрсеткіштердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек», – деді облыс әкімі.

Отырыстың қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен аудан әкімдеріне Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясындағы іс-шараларды күшейтіп, жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1241314?lang=ru