Самар ауданының әкімі азаматтарды кезекті жеке қабылдау өткізді

Самар ауданының әкімі азаматтарды кезекті жеке қабылдау өткізді

12.07.2026 08:07:46 189

Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов азаматтарды кезекті жеке қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және абаттандыру мәселелері бойынша өз өтініштерін жеткізді.

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты болды. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі түсіндірілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегі мен оны бөлу мәселелері «Отбасы банк» АҚ құзыретінде екені, ал тұрғын үй қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезек тәртібімен берілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ қабылдау барысында Самар аграрлық-техникалық колледжінің жетім балалар санатына жататын түлегін жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Мансап орталығының мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірді. Оқуын аяқтағаннан кейін жас маманға жұмысқа орналасуға қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Қабылдауда абаттандыру мәселелері де талқыланды. Самар ауылының тұрғыны Қарибаев көшесіне жол жөндеу жұмыстарын жүргізу және балалар ойын алаңын орнату туралы өтініш білдірді. Мамандардың айтуынша, биыл аталған көшеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланбаған, алайда жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары орындалады. Балалар ойын алаңы жаңа бастауыш мектептің аумағында орнатылып, осы шағын ауданда тұратын балалардың игілігіне пайдалануға беріледі.

Әрбір өтініш бойынша азаматтарға тиісті түсіндірмелер берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерді аудан әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен салалық бөлімдердің бақылауына алуды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1248771?lang=ru