Павлодар облысы бойынша МКД-да «KEDEN» АЖ жұмысы талқыланды
12.07.2026 09:31:47 175
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде ZOOM бейнеконференция форматында «Дөңгелек үстел» отырысы өтті. Іс-шара МКД басшысының орынбасары Марат Бейсеновтың төрағалығымен, департаменттің бейінді басқармалары мен кеден бекеттері басшыларының, сондай-ақ өңірдегі сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) ірі қатысушылары мен кедендік брокерлердің («Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «ТНК «Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС және т.б.) өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесудің басты тақырыбы «KEDEN» жаңа ақпараттық жүйесінің (АЖ) жұмыс істеуі, жаңашылдықтары мен негізгі артықшылықтары болды.
Отырысты аша отырып, Марат Бейсенов «KEDEN» АЖ штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, ал кедендік рәсімдер ашық әрі заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында «Тауарларға арналған декларация» модулі іске қосылған сәттен бастап кедендік декларациялаудың статистикасы жарияланды.
Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев жаңартылған жүйенің функционалдық мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді және жоғарыда аталған модуль аясында көлік құралдарының кедендік тазартудан өткендігін VIN-код бойынша тексеру функциясы жүзеге асырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, жүйеде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, дәрі-дәрмектердің, зияткерлік меншіктің, мемлекеттік тіркеу туралы және т.б. тізілімдер қолжетімді.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері, атап айтқанда, «ҚЭЗ» АҚ мен «Қазақстан Алюминийі» АҚ жаңа жүйенің тұрақты жұмысын және ағымдағы мәселелерді шешуде мемлекеттік кірістер органдарының жеделдігін растады. Өз кезегінде, «ТНК «Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының мамандары жүйеге құжаттарды салу және ұсыну процесін оңтайландыру бойынша сындарлы ұсыныстар білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша СЭҚ қатысушыларының жүйе функционалын жақсарту жөніндегі барлық ұсыныстары мен ескертулері Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберілетін болады. МКД басшылығы бизнес-қоғамдастыққа сындарлы диалог үшін алғыс айтып, бұдан былай да белсенді түрде бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы
және Байланыс-орталығы басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1248926?lang=ru