Қазақстан азаматтары үшін Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргізуші куәліктерін айырбастаудың жаңа тәртібі туралы

Қазақстан азаматтары үшін Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргізуші куәліктерін айырбастаудың жаңа тәртібі туралы

13.07.2026 00:48:59 250

2026 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрлігі арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойылды.

Құжаттың мақсаты – басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын азаматтар үшін жүргізуші куәліктерін өзара тану және оларды айырбастау кезіндегі әкімшілік рәсімдерді жеңілдету.

Назар аударыңыз, жеңілдетілген тәртіп тек мына санаттарға қолданылады:

  • «B» санаты (жеңіл автомобильдер);
  • «B1» кіші санаты (үш және төрт дөңгелекті жеңіл көлік құралдары) – екі мемлекеттің заңнамасында көзделген баламалы санаттарға сәйкес.

Біріккен Араб Әмірліктерінде алғаш рет жүргізуші куәлігін алған Қазақстан Республикасының азаматтары оны Қазақстанда ұлттық жүргізуші куәлігіне айырбастай алады. Бұл ретте қайтадан автомектепте оқудың және практикалық жүргізу емтиханын тапсырудың қажеті жоқ – тек теориялық емтихан тапсыру жеткілікті.

Меморандум белгіленбеген мерзімге жасалған және оған қол қойылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 25 шілдеде күшіне енеді.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін қажет:

  • жарамды тұруға ықтиярхаттың болуы;
  • жарамды жүргізуші куәлігін ұсыну;
  • жас талаптарына сәйкес болу (18 жастан төмен емес);
  • жүргізуші куәлігінің нотариалды немесе ресми куәландырылған аудармасын ұсыну;
  • медициналық тексеруден өтіп, медициналық анықтама алу (көру қабілетін тексеру нәтижесі/Eye Test);
  • қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындау.

Айырбастаудан кейін азамат өзінің ұлттық жүргізуші куәлігін сақтап қалады.

Маңызды: Меморандум ережелерін іс жүзінде қолдану тек оның ресми түрде күшіне енгеннен кейін, яғни 2026 жылғы 25 шілдеден басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1250530?lang=ru