Францияда қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын іздестіру жұмыстары жалғастырылды
13.07.2026 02:17:58 207
Страсбург, Нанси, Мец, 2026 жылғы 28-29 маусым – Франция өңірлеріне жұмыс сапары аясында Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Академиялық пальма орденінің кавалері Гульнара Мендикулова Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың тағдыры мен жерленген орындарын анықтауға бағытталған кешенді ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді.
Жұмыс, Страсбург қаласының Оңтүстік зиратында басталып, онда Қазақстан тумалары болуы ықтимал екі кеңестік сарбаз жерленген орындары анықталды.
Зерттеудің келесі кезеңі Нанси қаласындағы Мёрт және Мозель департаменттік мұрағаттарында жүргізілді. Профессор Г.Мендикулова Франция аумағында қаза тапқан Қазақ КСР әскерлердің мұрағат қорларын, картотекаларын және жеке істерін зерттеді. Мұрағаттық құжаттарды талдау қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындары туралы деректерді нақтылауға, сондай-ақ іздестіру жұмыстарының бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Жұмыс соңында профессор Г.Мендикулова Мёрт және Мозель департаменттік мұрағаттарының директоры Савье Лоран және мұрағатшы Жюли Денанмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Г.Мендикулова зерттеу жұмыстарына көрсеткен қолғабыс пен тарихи құжаттарға қол жеткізу мүмкіндігі үшін француз әріптестеріне алғыс білдірді. Тараптар қазақстандық әскери қызметшілердің тағдырларын анықтау және Францияны азат ету жолында қаза тапқан жауынгерлердің есімін ұлықтау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендіктерін растады.
Зерттеу жұмысы сондай-ақ, Мец қаласындағы (Мозель департаменті) Шамбьер әскери қорымда жалғасты, мұнда кеңестік әскери жерленімдер орналасқан. Атап айтқанда, ү.ж. мамыр айында ҚР Франциядағы Елшісі Г.Арыстанкулова бастаған қазақстандық делегация бұл жерде кеңестік бауырлас зираттарда жерленген қазақстандық жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым еткен болатын.
Сапар барысында профессор Г.Мендикулова Ле-Петан әскери қорымға барып, Францияның Ардагерлер істері және соғыс құрбандары жөніндегі ұлттық басқармасымен (ONaCVG) ынтымақтастық нәтижесінде қазақстандық азаматтардың жерленген орындары туралы деректерді нақтылау жұмыстарын жалғастырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1250688?lang=ru