E-Salyq Business» мобильді қосымшасы жаңартылды: салық міндеттемелері – салық органына бармай-ақ
13.07.2026 12:46:47 277
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасының Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес жаңартылғанын хабарлайды.
Енді жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар негізгі салық рәсімдерін қашықтан — мобильді телефонның көмегімен, мемлекеттік кірістер органдарына бармай, кезек күтпей және артық құжаттарсыз орындай алады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жұмыс тәртібі барынша жеңілдетілген. Оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің және салық есептілігін тапсырудың қажеті жоқ. Әрбір алынған табыс бойынша «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында чек қалыптастыру жеткілікті.
Әр айдың қорытындысы бойынша қосымша автоматты түрде табыстар тізілімін қалыптастырып, әлеуметтік төлемдерді есептейді. Төлем банктік қосымша арқылы жалпы 4% мөлшерлеме бойынша жүргізіледі, оның ішінде:
міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) — 1%;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар (МӘМС жарналары) — 1%;
әлеуметтік аударымдар (ӘА) — 1%;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) — 1%.
Жеке кәсіпкерлер үшін қосымшада жұмыстың барлық негізгі кезеңдері де қолжетімді. «E-Salyq Business» арқылы:
жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге;
арнайы салық режимін таңдауға;
чектер қалыптастырып, табыстар есебін жүргізуге;
910.00-нысан бойынша салық декларациясын тапсыруға болады.
Көрсетілген барлық әрекеттерді мемлекеттік органдарға бармай-ақ орындауға болады.
Мобильді қосымшаны жаңартудың мақсаты — салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету, қағаз құжат айналымын қысқарту және мемлекеттік қызметтердің электрондық форматтағы қолжетімділігін арттыру.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық міндеттемелерін уақтылы әрі ыңғайлы орындау үшін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды ұсынады.
Арнайы салық режимдерін қолданудың толық шарттары Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 16-бөлімінде көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1251791?lang=ru