Қазақстан мен Брно өңірлік әріптестікті кеңейтуде

Қазақстан мен Брно өңірлік әріптестікті кеңейтуде

13.07.2026 13:23:00 307

Брно, 2026 жылғы 29 маусым - Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Брно қаласына жұмыс сапары аясында қала мэрінің орынбасары Филип Хваталмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Оңтүстік Моравия өлкесінің ең ірі қаласы Брно арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тікелей байланыстарды нығайту перспективалары жөнінде пікір алмасу өтті. Бұл ретте өңіраралық байланыстар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылатыны атап өтілді.

Тараптар тұрақты қалалық даму, экология, инновациялар және инвестициялар тарту салаларындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру, білім беру және ғылыми мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екі елдің іскер топтары, ғылыми қауымдастықтары, мәдениет және өнер қайраткерлері мен жастар өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Кездесу барысында чех тарапына Қазақстандағы құқықтық мемлекетті нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси және институционалдық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді.

Атап айтқанда, Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі, сондай-ақ түрлі қоғамдық топтардың мүдделерін білдіруге, ашық диалог жүргізуге және азаматтардың мемлекеттің одан әрі даму бағыттарын талқылау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық институт - Халық Кеңесінің құрылуы жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Тарихи мэрия ғимаратында өткен жылы әрі мазмұнды кездесу барысында Брно қаласы әкімдігінің халықаралық байланыстар, стратегиялық даму және инновациялық бастамаларды қолдау бағыттарына жауапты өкілдері, сондай-ақ өңірлік сауда палатасының өкілдері қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Чех Республикасы өңірлері арасындағы жаңа байланыстарды орнатуға және өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықыласты екендерін растады. Өңіраралық ынтымақтастық екі мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатын маңызды құрал ретінде бағаланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1251854?lang=ru