Салықтық қайта жаңғырту: Қазақстанда арнайы режимдер қалай жұмыс істейді
14.09.2026 17:20:45 198
Салықтық қайта жаңғырту: Қазақстанда арнайы режимдер қалай жұмыс істейді
Жаңа Салық кодексі арнайы салық режимдерінің (АСР) архитектурасын түбегейлі қайта құрып, олардың санын алтыдан үш базалық құралға дейін қысқартты. Ауқымды оңтайландыру шағын бизнесті салық салуды неғұрлым ашық етуге, капиталды бөлшектеу схемаларын болдырмауға және сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
Жаңартылған АСР жүйелері:
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР:
Жалдамалы қызметкерлерсіз жұмыс істейтін жеке тұлғаларға арналған. Бұл режим 40 қызмет түрінен тұратын қатаң бекітілген тізімді қамтиды (халыққа көрсетілетін қызметтер, шығармашылық кәсіптер).
Көрсеткіштері мен лимиттері:
Шекті табыс айына 300 АЕК-ке дейінгі сомамен шектеледі. Жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемесі 0%-ды құрайды, ал міндетті әлеуметтік төлемдер 4% мөлшеріндегі бірыңғай тіркелген мөлшерлемеге біріктірілген. Есептілік тапсырудың қажеті жоқ — есеп «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы жүргізіледі.
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР:
Бөлшек сауда (ауданы 2 000 шаршы метрге дейін), қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету және медицина салаларындағы классикалық шағын бизнеске бағытталған.
Көрсеткіштері мен лимиттері:
Жылдық табыс бойынша шекті мөлшер 600 000 АЕК-ке дейін белгіленген. Табысқа салынатын салықтың базалық мөлшерлемесі 4% деңгейінде бекітілген, алайда жергілікті мәслихаттарға оны 2%-дан 6%-ға дейінгі аралықта өзгерту құқығы берілген. Салықтық кезең ретінде жартыжылдық танылады.
Қарағанды облысында мұндай мөлшерлеме 2%-ды құрайды.
3. Шаруа және фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР:
Аграрлық сектор үшін сақталған және бейінді субъектілерді қосымша өтініш беруді қажет етпей автоматты түрде осы режимге ауыстыру көзделген. Бірыңғай жер салығының жеңілдетілген мөлшерлемесі ең төменгі деңгейде сақталады, ал қызмет жер қорының ерекшеліктеріне сәйкес реттеледі.
Бизнес үшін нені ескеру маңызды
Жеңілдікті режимдердің қолданылу аясынан қаржы секторы, акцизделетін тауарларды көтерме өткізу, аудиторлық, консультациялық және құрылыс қызметтері шығарылды — олар жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке (ЖБТ) ауыстырылды.
Бұған дейін күші жойылған режимдерді (патент, бөлшек салық, тіркелген шегерім) қолданған кәсіпкерлерге өз мәртебесін өзектендіріп, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне автоматты түрде ауыстырылмау үшін ауысу туралы хабарламалар тапсыру қажет болды.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1291350?lang=ru