Қоғамдық-саяси саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
28.07.2026 08:20:41 214
Бразилиа, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов пен “Casa Política” компаниясының бас директоры, “Monitor da Democracia” институтының атқарушы директоры, белгілі бразилиялық саясаттанушы Марсио Коимбраның кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді талқылап, екі елдің қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы пікір алмасты. Әсіресе, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына, сондай-ақ Қазақстан мен Бразилияның сараптамалық-талдау орталықтары арасындағы байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.
Қазақстан Елшісі сұхбаттасушысын елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы, оның ішінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, бір палаталы Құрылтайға сайлауға дайындық және «Қазақстанның Халық Кеңесі» құрамын қалыптастыру жұмыстары жөнінде хабардар етті.
Өз кезегінде бразилиялық саясаттанушы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, олардың мемлекеттік институттарды нығайтудағы және елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Бразилияның “think tank” (сараптамалық-зерттеу орталықтары) арасында сарапшылық диалог орнатуға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бразилияның академиялық, сарапшылық және қоғамдық-саяси ортасы арасындағы байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ ынтымақтастық бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге жәрдемдесу туралы уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1264363?lang=ru