Қазақстан мен Алжир қаржы-экономикалық саладағы ынтымақтастықты жандандыруға ниетті

Қазақстан мен Алжир қаржы-экономикалық саладағы ынтымақтастықты жандандыруға ниетті

28.07.2026 16:12:16 168

Алжир, 2026 жылғы 28 шілде – Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжирдің Қаржы министрі Әбделкәрім Бузредпен кездесу өткізіп, оның барысында қаржы-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары, жаңа Конституцияның күшіне енуі туралы, сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына дайындық барысы жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, Елші цифрландыру, электрондық үкіметті дамыту және қолма-қол ақшасыз төлемдер жүйесін жетілдіру салаларындағы Қазақстанның жетістіктерін таныстырды.

Алжирдің Қаржы министрі Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелеріне жоғары баға беріп, қаржы-экономикалық саладағы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге Алжир тарапының мүдделі екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және өзара іс-қимылды екіжақты негізде де, халықаралық қаржы институттары, оның ішінде Ислам даму банкі шеңберінде де жандандыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-algeria/press/news/details/1264743?lang=ru