Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы шиеленістің деэскалациясына шақырды

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы шиеленістің деэскалациясына шақырды

29.07.2026 08:31:36 167

Нью-Йорк, 2026 жылғы 28 шілде – Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Конго Демократиялық Республикасының төрағалығымен Таяу Шығыстағы жағдайға, оның ішінде Палестина мәселесіне арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоқсан сайынғы ашық пікірсайыстары өтті. Отырысқа БҰҰ-ның Таяу Шығыс бейбітшілік процесі жөніндегі Арнайы үйлестірушісінің орынбасары Рамиз Алакбаровты қоса алғанда, 60 спикер қатысты.

Қазақстан пікірсайысқа БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаров деңгейінде қатысып, өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша еліміздің ұстанымын таныстырды.

Қазақ дипломаты өз сөзінде Таяу Шығыстағы ахуалдың әлі де күрделі әрі тұрақсыз екенін атап өтіп, Иран төңірегіндегі шиеленіс пен теңіздегі қауіпсіздікке төнген қатерлерді қоса алғанда, соңғы оқиғалар барынша ұстамдылық танытып, шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеудің маңыздылығын айқын көрсететінін айтты. Сонымен қатар, Газа секторындағы жағдайдың, Палестина мәселесінің және өңірдегі жалпы үдерістердің өзара тығыз байланысы ерекше атап өтілді.

Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ қарарларына негізделген екі мемлекет қағидаты бойынша реттеуді дәйекті түрде қолдайтынын растады. Сондай-ақ, Палестина халқының басым қажеттіліктерін ескере отырып, гуманитарлық көмекті БҰҰ үйлестіруімен жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударылды. Бұдан бөлек, штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін өңірдегі гуманитарлық күш-жігерді қолдау мақсатында пайдалануға дайын екендігі білдірілді.

Теңіздегі қауіпсіздік мәселелеріне, оның ішінде Ормуз бұғазындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастығын білдіріп, шиеленісті бәсеңдетуге, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлік тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Сөз соңында Қазақстан қақтығыстарды саяси және дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтынын тағы да растады, барлық тараптарды барынша ұстамдылық танытуға және делдалдық күш-жігерді күшейтуге шақырды. Сонымен қатар, еліміз Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған халықаралық күш-жігерге алдағы уақытта да сындарлы үлес қосуға дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1265005?lang=ru