Үш ұландық семсерлесуден әлем чемпионы атанды
29.07.2026 19:41:53 189
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері — ефрейторлар Руслан Құрбанов, Еңлік Сертай және Вадим Шарлаимов Қазақстан ерлер құрамасының құрамында отандық спорт тарихына өз есімдерін жазды. Қазақстандық шпажистер Гонконгта өткен командалық турнирде жеңіске жетіп, алғаш рет Әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Ақтық жекпе-жекте қазақстандық команда Украина құрамасын 45:40 есебімен сенімді түрде жеңіп, тарихта тұңғыш рет әлемдік біріншілік тұғырының жоғарғы сатысына көтерілді.
Тарихи алтынды Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ефрейторлар Руслан Құрбанов, Еңлік Сертай және Вадим Шарлаимов, сондай-ақ Кирилл Проходов жеңіп алды. Ұлттық команда үшін бұл чемпионат шын мәнінде маңызды болды: бірінші рет әлемдік біріншіліктің финалына шыққаннан кейін қазақстандық шпажистер бірден чемпиондық атаққа ие болды.
Чемпиондыққа жету жолында Қазақстан құрамасы ең мықты қарсыластарын айқын басымдықпеү жеңді. 1/16 финалда қазақстандықтар Финляндияны — 45:39 есебімен жеңді, содан кейін шиеленісті жекпе-жекте Өзбекстаннан 28:27 есебімен басым түсті. Ширек финалда жерлестеріміз Дания құрамасын 45:36, жартылай финалда Египет командасын 41:32, ал финалда Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңді.
Ұлттық ұлан ефрейторы Руслан Құрбанов — ұлттық команда көшбасшыларының бірі және ең атақты қазақстандық шпажистердің бірі ретінде тарихи табысқа айрықша үлес қосты. Әріптестері Еңлік Сертай және Вадим Шарлаимовпен бірге ол Қазақстан құрамасын ғана емес, Ұлттық ұланды да лайықты түрде таныстырып, қызмет пен кәсіби спортты табысты ұштастыратын әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін растады.
Бүгінде Қазақстанның ерлер құрамасы әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. Гонконгтағы бұл жеңіс қазақстандық семсерлесу тарихындағы маңызды кезең болды және отандық спортшылардың әлемдік аренада ең жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсетті.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1265637?lang=ru