Абай мұрасы – мәдениеттер арасындағы көпір
10.08.2026 22:51:37 115
10 тамыз – Абай күніне орай Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігі Ватикан Апостолдық кітапханасына және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының кітапханасына ұлы қазақ ақыны, ойшыл, философ әрі гуманист Абай Құнанбайұлының итальян және ағылшын тілдеріндегі шығармалар жинағын сыйға тартты.
Абайдың поэзиялық, публицистикалық және эпистолярлық туындылары қамтылған шығармалар жинағының Қасиетті Тақтың кітапхана мекемелеріне табысталуы шетелдік аудиторияның оның бай әдеби және зияткерлік мұрасымен кеңінен танысуына ықпал етеді. Бұл мұра бүгінгі таңда да әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлер өкілдері арасындағы өзара құрметті, келісімді және рухани диалогты нығайтуға ықпал ететін гуманистік идеялардың қайнар көзі ретінде өзінің әлемдік маңызын сақтап келеді.
Аталған бастама Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани және адамгершілік дәстүрлерін зерделеуге деген өзара қызығушылықты кеңейтуге бағытталған.
Ұлттық болмыс пен жалпыадамзаттық құндылықтарды табиғи түрде ұштастырған Абайдың сан қырлы шығармашылығы мәдениетаралық және өркениетаралық диалог үшін мазмұнды негіз қалыптастырады.
Абайдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған, ал оның құрметіне арналған ескерткіштер мен бюсттер көптеген астаналар мен ірі қалаларда, соның ішінде Римде де орнатылған.
Мерейлі күні Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы және Италия Республикасындағы елшіліктерінің дипломаттары ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, 2025 жылғы қазанда Римдегі Вилла Грациоли саябағында салтанатты түрде ашылған оның бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1271908?lang=ru