«Өмір өрнегі – Абай» атты көрме-инсталляция
11.08.2026 10:56:20 214
10 тамыз күні қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай қаланың мәдени және рухани орталықтарының бірі — Арбатта Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы «Өмір өрнегі – Абай» атты көрме-инсталляция ұйымдастырды.
Көрме-инсталляцияда оқырмандар назарына Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен терең философиялық ой-толғамдары ұсынылды. Кітап көрмесінен ақынның өлең жинақтары, қара сөздері, зерттеу еңбектері мен Абай әлемін танытатын әдебиеттер орын алды.
Ақынның мол әдеби мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында қала тұрғындары мен қонақтары Абай шығармаларын мәнерлеп оқып, балалар ақын өлеңдерін жатқа айтты, музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен әндері орындалды. Бұл сәттер ұлы ақын мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани сабақтастығын айқын көрсетті.
«Абай әлеміне виртуалды саяхат» атты заманауи танымдық бөлімде әдеби мұра мен жасанды интеллект мүмкіндіктері тоғысып, Абай шығармалары ерекше бейнеформатта ұсынылды. Қатысушылар ұлы ақын әлеміне жаңа қырынан үңіліп, оның терең ойларының бүгінгі күнмен үндестігін сезінді.
Ақынның таңдаулы өлеңдерін түрік және ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқуға «Абай өлеңдері әлем тілдерінде»шығармашылық бөлімінде мүмкіндік алды, онда Абай шығармаларының адамзатқа ортақ рухани құндылығы айшықталды.
«Ашық микрофон: Абай үні» әдеби алаңы қатысушыларға өз ойын еркін жеткізіп, ақын шығармаларынан жүрегіне жақын жырларды шабыттана оқып, Абай туралы пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар шара қонағы «Білім-Инновация» лицейінің түрік тілі пәні оқытушысы Месут Өздемир ақын шығармаларының бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап айтты.
Шара барысында өлең де, әуен де, ой-толғам да бір арнаға тоғысып, Абай әлемінің тереңдігі мен тағылымы кеңінен насихатталды.
Шара соңында қала тұрғындары мен оқырмандар Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығы туралы ой бөлісіп, ақынның даналық сөздерінен рухани тағылым алды.
Абай әлемі – терең ойдың, биік парасаттың, кемел адамдықтың әлемі.
Қала тұрғындары мен қонақтары ұлы ақын әлеміне бірге саяхат жасап, Абайдың өшпес мұрасын ұлықтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1272069?lang=ru