Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтайтын Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтайтын Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!

11.08.2026 11:01:57 172

Абай Құнанбайұлының есімі – халқымыздың рухани дүниесімен, ұлттық санасымен және мәдениетімен біте қайнасқан ұлы тұлғаның есімі. Оның мол әдеби және философиялық мұрасы ұлттың баға жетпес қазынасына айналып, білімге ұмтылу, адал еңбек, әділдік, адамгершілік және елге қызмет ету сияқты асыл құндылықтарды дәріптеп келеді.
Абайдың тағылымды ойлары мен өшпес шығармалары бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Олар өскелең ұрпақты білім мен ғылымға ұмтылуға, туған жерін, ана тілін, ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелейді. Ұлы ақынның «Толық адам» қағидаты әрбір азаматты рухани кемелденуге, жауапкершілікке және қоғам игілігі жолындағы адал еңбекке үндейді.
Бүгінде Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеу жолында Абайдың мұрасы ерекше мәнге ие. Оның ел бірлігі, ынтымақ, парасаттылық пен үздіксіз ізденіс туралы ойлары қоғамымыздың рухани тұтастығын нығайтып, жасампаз еңбекке жігерлендіреді. Сондықтан ұлы ақынның өнегелі мұрасын насихаттау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін. Абайдың даналығы әрдайым өмір жолдарыңызға бағыт-бағдар беріп, игі бастамаларыңызға шабыт сыйласын. Еліміздің бірлігі нығайып, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Абай күні құтты болсын!

Аудан әкімі Қ. Мыржақыпов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1272078?lang=ru