Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне жүйелі реформалардың нәтижелерін таныстырды

Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне жүйелі реформалардың нәтижелерін таныстырды

16.09.2026 23:43:14 206

Женева, 2026 жылғы 16 қыркүйек - 2026 жылғы 15–16 қыркүйекте БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенция ережелерінің орындалуы жөніндегі бесінші және алтыншы біріктірілген мерзімді баяндамасы қаралды.

Қазақстанның ведомствоаралық делегациясын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарды. Баяндаманы қарау барысында балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған негізгі заңнамалық және институционалдық өзгерістер таныстырылды.

Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұратыны, бұл ел халқының 34%-ға жуығын құрайтыны атап өтілді. Олардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

2026 жылғы наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Негізгі заң отбасылық саясат және кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау саласындағы кепілдіктерді күшейтіп, мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім алу құқығын бекітті.

Осы саладағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамытудың негізгі тетіктерінің бірі қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларын біріктірген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы болды. Өңірлерде бала құқықтары жөніндегі басқармалар құрылып, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жүйесі кеңейтілуде, сондай-ақ бала мен отбасын атаулы сүйемелдеу тетігі енгізілуде.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл жасау, психологиялық қызметтерді нығайту және тәулік бойы жұмыс істейтін «111» мемлекеттік байланыс орталығын дамыту жөніндегі шаралар таныстырылды.

Балаларды мекемелерде тәрбиелеуден отбасылық тәрбие нысандарына көшуге ерекше мән берілді. Бүгінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.

«Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды сұхбатқа және балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ашық», – деп атап өтті Ж.Сүлейменова.

 

Талқылау барысында балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамыту, сапалы әрі инклюзивті білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, балалардың өздеріне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысуы, сондай-ақ цифрлық ортада олардың құқықтарын сақтау мәселелері қаралды.

Халықаралық міндеттемелерді орындаудың жеке мысалы ретінде «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған 572 баланы репатриациялау, оңалту және реинтеграциялау жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі таныстырылды.

Қазақстандық делегация Бала құқықтары туралы конвенция және оған факультативтік хаттамалар бойынша міндеттемелерге сәйкес ұлттық жүйені дәйекті түрде жетілдіруді жалғастыруға, сондай-ақ БҰҰ-ның шарттық органдарымен және азаматтық қоғаммен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1293090?lang=ru