Төлем көзінен ұсталған КТС-ны қайтару тәртібі
22.09.2026 23:01:49 237
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару тәртібі қолданылады. Аталған тәртіп Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 694 «Қазақстан Республикасында төлем көзінен ұсталған табыс салығына байланысты кейбір мәселелер туралы» бұйрығымен белгіленген.
Халықаралық шарт негізінде салықты қайтару
Көзделген жағдайлардың бірі – Қазақстан Республикасының қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарты негізінде бұрын ұсталған табыс салығын қайтару.
Халықаралық шарттың ережелерін қолдану құқығы табыстың нақты түрін, табыс алушының мәртебесін және тиісті халықаралық шарттың талаптарын ескере отырып айқындалады. Резидент емес тұлғаның өтінішін қарау кезінде мемлекеттік кірістер органы салықты қайтару үшін заңнамада көзделген негіздердің бар-жоғын анықтайды.
Бұл ретте резидент емес тұлғаның салықтық резиденттігін растау маңызды мәнге ие. Осы мақсатта белгіленген талаптарға сәйкес ресімделген, оның тиісті шет мемлекеттегі резиденттігін растайтын құжат ұсынылады. Салықты қайтару туралы өтінішті қарау барысында ұсынылған құжаттар мен мәліметтер тексеріледі. Атап айтқанда, мыналар анықталады:
табыс алушының резиденттік мемлекеті;
Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстың түрі мен мөлшері;
халықаралық шарттың тиісті бабын қолдану үшін негіздердің болуы;
табыстың резидент емес тұлғаға төлену фактісі;
төлем көзінен ұсталған табыс салығының сомасы;
ұсталған салықтың бюджетке аударылу фактісі;
қайтаруға мәлімделген соманың мөлшері;
ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің салықтық есепке алу деректеріне және мемлекеттік кірістер органдарында бар ақпаратқа сәйкестігі.
Қажет болған жағдайда табыстың нақты сипатын және оны алу мән-жайларын анықтауға мүмкіндік беретін шарттар, орындалған жұмыстар немесе көрсетілген қызметтер актілері, төлем құжаттары және басқа да құжаттар талданады. Табысты дұрыс саралауға ерекше назар аударылады. Табыстың сипатына қарай халықаралық шартта дивидендтерге, пайыздарға, роялтиге, қызметтер көрсету нәтижесінде алынған табыстарға және табыстың басқа да түрлеріне салық салудың әртүрлі тәртібі белгіленуі мүмкін.
Өтініш беру және шешім қабылдау
Халықаралық шарт негізінде салықты қайтару үшін № 694 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша салықтық өтініш беріледі. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару немесе оны қайтарудан бас тарту туралы тиісті шешім қабылданады. Заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда салық сомасы «Төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында белгіленген тәртіппен қайтарылады.
Осылайша, бұрын ұсталған КТС автоматты түрде қайтарылмайды. Халықаралық шартты қолдану үшін құқықтық негіздердің бар екенін және ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растау қажет.
Резидент емес тұлғалардың пайдасына төлемдер жүзеге асырылған кезде салық агенттеріне халықаралық шартты қолдану негіздерін, салықтық резиденттікті растайтын құжаттың болуын, сондай-ақ табыс түрінің және оған салық салу тәртібінің дұрыс айқындалуын алдын ала тексеру ұсынылады.
Резидент емес тұлғаға табыс төлеу кезінде салық ұсталған жағдайда, оны кейіннен қайтару мүмкіндігі Қазақстан Республикасының заңнамасына және тиісті халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес айқындалады.
Салық төлеушілер мен резидент емес тұлғалардың назарына: толық әрі дұрыс құжаттар топтамасын ұсыну қажет, себебі өтінішті объективті қарау және тиісті шешім қабылдау осыған байланысты.
№ 694 бұйрық мемлекеттік қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын құжаттардың нысандарын да көздейді. Олардың қатарында төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтаруға арналған өтініш, салықты қайтару немесе қайтарудан бас тарту туралы шешімдер, сондай-ақ табыс сомалары мен ұсталған (төленген) салықтарды растайтын құжаттар бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-atyrau/press/news/details/1296334?lang=ru