Жаңалықтар
Жанар-жағармай материалдарын өткізу және әкету кезінде заңнама талаптарын сақтау туралы 14.07.2026
Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін хабарлайды.Қазақстан Республикасының «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 175-н/қ «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында 2026 жылғы 21 мамырдан бастап 21 қарашаны қоса алғанға дейін автомобиль және теміржол көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу қолданылады.Бұйрық талаптарына сәйкес, бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауыт көздеген отын бактарында тәулігіне бір реттен артық емес әкетілген жағдайда ғана жол беріледі. Мұнай өнімдерін әкету үшін қосымша (қолдан жасалған немесе конструкциялық өзгерістер енгізілген) отын бактарын пайдалануға жол берілмейді.Мемлекеттік кірістер департаменті автожанармай құю станцияларының иелері мен операторларына жанар-жағармай материалдарын өткізу кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтаудың және оларды белгіленген шектеулерді бұза отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан заңсыз әкету мақсатында босатуға жол бермеудің қажеттігін ескертеді.Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.Белгіленген шектеулерді сақтау мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1254761?lang=ru
«Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылды 14.07.2026
Мемлекет басшысы елімізде цифрлық қаржылық қызметтердің заманауи және ашық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық Банкпен, салалық мемлекеттік органдармен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп әзірлеген құжат реттелетін нарықты жүйелі түрде дамытуға, инновациялық қаржылық технологияларды қолдану аясын кеңейтуге және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырудың негізін қалайды.Жарлықтың басты бағыттарының бірі - төлем инфрақұрылымын жаңғырту. Атап айтқанда, трансшекаралық есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін цифрлық активтер мен стейблкоиндерді пайдалану тетіктерін пысықтау көзделген, бұл қазақстандық бизнес үшін экспорттық-импорттық операцияларды жүргізудің қосымша арналарын ашады.Осымен қатар, криптоактивтермен жасалатын операцияларды реттелетін құқықтық алаңға көшіруді ынталандыру шаралары енгізілуде. Жоспарланған қадамдардың ішінде шетелдік реттелмейтін алаңдарда болған цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету үшін жағдай жасау, оларды отандық провайдерлердің платформаларына аудару, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық ынталандыруларды енгізу бар: реттелетін қазақстандық инфрақұрылым арқылы жасалған цифрлық активтермен операциялардан түскен табысты жеке табыс салығын төлеуден босату жоспарлануда.Құжатта энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінген. Жарлық мемлекеттік мұқтаждықтарды қамтамасыз ету үшін қажет болмаған жағдайда, кен орындарындағы ілеспе мұнай және табиғи газды цифрлық майнинг қажеттіліктеріне бағытталуы мүмкін электр энергиясын дербес өндіру үшін қолдану тетігін енгізеді. Бұл шешім өңірлік инвестицияларды ынталандыруға және энергияны тиімді тұтынуға бағытталған.Сонымен қатар, Жарлық токенделген қаржылық құралдар мен ұлттық сауда инфрақұрылымын дамытудың векторын айқындайды, бұл қолжетімді инвестициялық өнімдердің тізбесін кеңейтеді. Осы бастамаларды іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды айқындайтын арнайы іс-шаралар жоспарында бекітілетін болады.Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, құжатқа қол қойылуы цифрлық индустрия үшін жаңа кезеңді білдіреді: «Мемлекет басшысы алдымызға елдің технологиялық әлеуетін дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігі жайлы нақты міндет қойды. Бұл Жарлық - Қазақстанның жаңа буын цифрлық экономикасына көшуі үшін стратегиялық негіз болып табылады. Жаңа құралдарды енгізе отырып, біз технологиялық батылдық институционалдық сенімділікпен үйлесетін ойын ережелерін қалыптастырамыз. Бүгін біз цифрлық активтер дәстүрлі қаржы сияқты түсінікті және қауіпсіз құралға айналатын ортаны құрудамыз. Біздің мақсатымыз - осы нарықтың әрбір қатысушысы үшін барынша ашықтық пен қорғауды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды жаһандық капитал мен құзыреттердің тарту орталығына айналдыру».Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, бұл шаралар саланың барлық қатысушылары үшін, яғни майнерлерден бастап, қаржы ұйымдарына дейін болжамды жағдайлар жасап, Қазақстанның цифрлық қаржылық шешімдердің өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді. Жарлықты кешенді түрде іске асыру азаматтардың мүдделерін қорғау және қаржы жүйесінің қауіпсіздігі қағидаттарын қатаң сақтай отырып, бизнес пен инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1254746?lang=ru
«Шаңырақ диалогы» пікірталас алаңы Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық одақ өкілдерін біріктірді 14.07.2026
Брюссель, 2026 жылғы 7 шілде – Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Елшілігі Брюссельде «Шаңырақ диалогы» пікірталас алаңының кезекті отырысын өткізді. Іс-шара Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін Еуропалық одақ институттарының, дипломатиялық корпустың, іскерлік орта, сараптамалық орталықтар мен академиялық қауымдастық өкілдерін бір алаңға жинады.Іс-шараны аша отырып, Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко кездесудің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапарынан кейін өтіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға қуатты серпін берді.Елші ынтымақтастықтың көлік және логистика, энергетика, стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары, цифрландыру, инновациялар, білім беру және гуманитарлық байланыстар салаларында дәйекті түрде кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының сапарының практикалық нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан (10,6 млрд еуро) асатын 30-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында Көлденең авиациялық келісім жасалды, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкпен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен және еуропалық компаниялармен ынтымақтастық нығайтылды.Сонымен қатар, Елші Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық әріптестіктің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуі Қазақстандағы институционалдық реформалардың жаңа кезеңімен қатар жүріп жатқанын айтты. Бұл кезең 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуімен басталды. Жүргізіліп жатқан реформалар заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, халықаралық ынтымақтастық пен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғаны атап өтілді.Іс-шараның негізгі спикері ретінде Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Басқарушы директорының орынбасары Аудроне Перкаускене сөз сөйлеп, Қазақстанды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапарының табысты қорытындыларымен және елдің жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтады.Ол Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, соңғы бір жыл ішінде Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен төрт рет кездескенін, ал Қазақстанға Еуропалық Одақтың сегіз мүше мемлекеттері мен үкімет басшылары сапармен келгенін еске салды.Оның айтуынша, Қазақстан мен Еуропалық одақ өзара сенім мен құрметке, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына, көпжақты ынтымақтастық пен халықаралық құқыққа адалдыққа негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуда.А. Перкаускене Қазақстанның Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік байланысын дамытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы визаларды беру рәсімдерін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздердің аяқталғанын құптап, олардың азаматтар арасындағы байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.Интерактивті пікірталас барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделілік танытатындарын растады.Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Елшілігі құрған «Шаңырақ диалогы» пікірталас алаңы мемлекеттік органдар, еуропалық институттар, сарапшылар қауымдастығы, іскерлік орта және академиялық ұйымдар өкілдері арасында Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша ашық пікір алмасуға арналған тиімді алаң ретінде өз жұмысын жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1254734?lang=ru
8 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина күні 14.07.2026
1992 жылғы 8 шілдеде Қарулы Күштер Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылды. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның әскери медицина жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауына айналды.Бүгінде әскери-медициналық қызмет мамандары әскерлердің жауынгерлік даярлығын, оқу-жаттығуларды, жұмылдыру жиындарын және Қарулы Күштердің басқа да іс-шараларын медициналық қамтамасыз етеді, сондай-ақ елімізден тыс жерлерде де өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Қазақстандық бітімгерлік контингент құрамында Голан жоталарында әскери дәрігерлер әскери қызметшілерге, қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға да медициналық көмек көрсетіп келеді.Бүгінде әскери медицина жыл санап дамып келеді. Оның құрамына сегіз әскери госпиталь, төрт лазарет, Орталық әскери-дәрігерлік комиссия, санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер және медициналық білім беру ұйымдары кіреді.Әскери медицина инфрақұрылымын жандандыруға да бүгінгі күні баса мән берілген. 2024 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі базасында ауыр сырқаттар мен жарақаттардан кейін әскери қызметшілерді оңалтуға арналған бөлімше ашылды. Астана мен Алматы қалаларындағы әскери госпитальдарды реконструкциялау және техникалық жаңғырту жұмыстары жалғасуда, Семей қаласындағы әскери госпитальға күрделі жөндеу жүргізу аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақтау қаласында әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Алматы қаласында Әскери медицина академиясын құру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.Әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары олар заманауи диагностикалық және хирургиялық жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томографтармен, цифрлық рентгенологиялық кешендермен, ультрадыбыстық диагностика аппараттарымен және эндоскопиялық жүйелермен жабдықталуда.Білікті кадрлар даярлау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Әскери дәрігерлер еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен бірлесіп даярланады. Қазіргі уақытта әскери-медициналық мамандықтар бойынша 130-дан астам курсант пен әскери интерн білім алуда. Болашақ әскери дәрігерлер шетелдік оқу орындарында да білім алады. Жыл сайын шамамен 1300 маман біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тактикалық медицина бағдарламалары бойынша оқытылады.Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде мыңдаған әскери қызметші стационарлық ем алады. Тәжірибелі әскери дәрігерлер жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп, күрделі хирургиялық операциялар да жасайды.Әскери дәрігердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Дегенмен әскери қызметшілердің денсаулығы, адам өмірін сақтау және Қарулы Күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету олардың кәсібилігіне, жауапкершілігіне және кез келген сәтте көмек көрсетуге дайындығына тікелей байланысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1254710?lang=ru
Назар аударыңыз! Алаяқтық қоңыраулардан сақ болыңыз! 14.07.2026
Құрметті салық төлеушілер!📢 Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері телефон қоңырауларын аталған жағдайларда жүзеге асырмайтынын еске саламыз:❌ қандай да бір хаттардың келіп түскені туралы хабарламалар;📦 құжаттарды пошта арқылы немесе курьерлік қызмет арқылы алу ұсыныстары;📲 1414 нөмірінен келіп түскен кодтарды қоса алғанда, SMS-кодтарды сұрау ;🔐 растау кодтарын, парольдерді, банк карталарының деректемелерін немесе өзге де дербес деректерді хабарлау талаптары.📌 Егер сізге осындай қоңырау келсе:🔹 SMS кодтарын, құпия сөздерді және жеке деректерді бермеңіз;🔹 күдікті сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қолданбаларды орнатпаңыз;🔹 әңгімені дереу аяқтаңыз;🔹 қажет болған жағдайда Мемлекеттік кірістер органдарына ресми байланыс арналары арқылы өз бетіңізше хабарласыңыз.⚠️ Мұқият және сақ болыңыз!🤝 Туыстарыңызға, жақындарыңызға және таныстарыңызға ескертіңіз. Алаяқтардың Сіздің сеніміңізді пайдалануына жол бермеңіз.✅ Тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1254702?lang=ru
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңды іске асыру мәселелері қаралды. 14.07.2026
Ақтөбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңды іске асыру мәселелері талқыландыҚазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесінде мінсіз бедел институты енгізіліп, сондай-ақ жаңа цифрлық кадрлық тетіктер мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кеңейтілген әлеуметтік кепілдіктер іске асырылуда.Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңды іске асыру мәселелері қаралды.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шильманов жаңа Заңның негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталып, құжаттың мемлекеттік қызмет жүйесін кешенді жаңғыртуға, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, сервистік әрі азаматқа бағдарланған жұмыс моделін енгізуге, кадрлық үдерістерді цифрландыруға және кадр саясатын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.Оның айтуынша, Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы, мақсаттары мен қағидаттары бекітілген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мінсіз беделі институты енгізіліп, кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдері, «E-қызмет» жүйесі арқылы цифрлық іріктеу тетігі қарастырылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге арналған әлеуметтік кепілдіктер кеңейтілген. Бұдан бөлек, қызметтік әдепті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау және тәртіптік жауапкершілікті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.Баяндамадан кейін кеңеске қатысушылар заңның жаңа нормаларын тәжірибеде қолдануға қатысты мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жататын облыстық басқармалар басшыларын тағайындау тәртібі, Заңды іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мерзімдері, сондай-ақ Ақтөбе облысы енгізілген «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің лауазым деңгейлерін өзгерту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мәселелері көтерілді.Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.Өңір басшысы барлық мемлекеттік органдардың басшыларына жаңа заңнама талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді және бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1254681?lang=ru
Елорда күні: Астанада үш жаңа өндіріс орны ашылды 14.07.2026
Елорда күні қарсаңында Астананың №1 Индустриялық паркінде қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту аясында жүзеге асырылған үш жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Ашылған кәсіпорындардың бірі – пластикалық медициналық бұйымдар шығаратын Heart Center Foundations зауыты. Жобаға 4,155 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 жаңа жұмыс орны ашылды.Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына орта есеппен 12 млн дана өнім шығаруға арналған.Екінші жоба – жылу агрегаттарын өндіретін Nomad Tech Engineering зауыты. Бұл жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынып, жаңадан 40 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына орта есеппен 19 өнімді құрайды.Сондай-ақ полипропиленнен блокты-модульді тазарту құрылысын (ЛОС, КОС, КНС) шығаратын TAZAU зауыты жұмысын бастады.Жобаны іске асыруға 510 млн теңге инвестиция құйылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды.Кәсіпорын жылына шамамен 200 өнім өндіруге қауқарлы.№1 Индустриялық паркте жаңа өндірістердің іске қосылуы елорданың өңдеу өнеркәсібінің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1254641?lang=ru
Қостанайда жанармай құю бекеттерін жаңғырту және абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде 14.07.2026
Бүгін қала әкімі жұмыс сапары барысында Қостанайдағы бірнеше жанармай құю бекетіне барып, нысандарды жаңғырту және олардың іргелес аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.Қазіргі таңда жанармай құю бекеттері тек көлікке жанармай құятын орын ғана емес, күн сайын мыңдаған қала тұрғыны мен қонағы пайдаланатын маңызды қалалық инфрақұрылым нысанына айналды. Осыған байланысты мұндай кешендердің қолайлы, қауіпсіз, таза болуы әрі шаһардың заманауи сәулеттік келбетіне толықтай сай келуі ерекше маңызға ие.Негізгі көрсеткіштер мен инвестиция көлемі:Жалпы нысандар саны: Бүгінде Қостанайда 10 компанияға тиесілі 68 жанармай құю бекеті жұмыс істейді.Аяқталған нысандар: Қазірдің өзінде *12 бекетте* жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.Ағымдағы жұмыстар:* Тағы *11 нысанда* жұмыс жалғасуда.Жоспардағы нысандар:* Жақын уақытта *18 жанармай құю бекетін* жаңарту жұмыстары басталады.Қаржыландыру: Барлық жобалар бизнес өкілдерінің өз қаражаты есебінен кезең-кезеңімен іске асырылуда. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен *5,4 млрд теңгені* құрайды.Кешенді жаңарту бағыттары:Жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары тек ғимараттар мен техникалық жабдықтарды жаңартумен шектелмейді. Жоба аясында мынадай кешенді шаралар қарастырылған:Іргелес аумақтарды толық абаттандыру;Жаңа асфальт жабынын төсеу және ыңғайлы автотұрақтар салу;Көгалдандыру (ағаштар мен гүлдер отырғызу);Тұрғындарға арналған демалыс орындарын жабдықтау және шағын сәулет нысандарын орнату.Бұл бастамалар мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің, сондай-ақ қалалық ортаны жақсартуға бағытталған ортақ жұмыстың нақты үлгісі болып табылады. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары әкімдіктің тұрақты бақылауында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1254633?lang=ru
Туристік астана 14.07.2026
Астана әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің саяхат бағытында барған сайын жиі көрініс табуда. Қалаға келетін қонақтар саны артып, рекордтық көлемде инвестиция тартылуда. Ал ірі халықаралық іс-шаралар елорданың тартымдылығын одан әрі күшейтіп келеді.Елорданың туристік әлеуетін журналистерге де таныстыру мақсатында жаңа қалалық нысандарға экскурсия ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері жұмбақ суретші Бэнксидің мультимедиялық көрмесінен бастап, келушілерге локомотив машинисінің кабинасына отырып көруге мүмкіндік беретін Қазақстан темір жолы тарихының заманауи музейіне дейінгі бірқатар ерекше орындарды аралады.Туристерді қызықтыратын тағы бір маңызды орын – «Леонардо да Винчи: Қайта өрлеу дәуірінің данышпаны» көрмесі. Мұнда ұлы шебердің өмірімен танысып, оның ең танымал туындылары мен өнертабыстарын заманауи интерактивті форматта тамашалауға болады.Туристер үшін басты тартымдылықтың бірі – халықаралық ауқымдағы ірі іс-шаралар. Жылдың алғашқы үш айының өзінде Астанада 300-ден астам іс-шара өтті. Ал алда қала тұрғындары мен қонақтарын Comic Con Astana фестивалі, «Болашақ ойындары» және Энрике Иглесиастың концерті күтіп тұр.#Астана #Информбюро #БастыЖаңалықтар #Жаңалықтар #31арнаhttps://www.youtube.com/watch?v=q3ILwbtpFuY Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1254635?lang=ru
Астананың жаңа туристік орындары 14.07.2026
Астана соңғы жылдары туристер үшін тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Қалаға келген қонақтар заманауи музейлерді, халықаралық көрмелерді және ерекше мәдени кеңістіктерді тамашалай алады.2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға 352,2 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Оның ішінде 67,9 мың адам – шетелдік туристер. Ал 2025 жылдың қорытындысында елордаға келген туристер саны 1,6 миллионға жеткен.Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, бүгінде қала іскерлік және медициналық туризм бағыттарын қатар дамытып келеді.«Қазір Астанаға халықаралық форумдар мен көрмелерге, концерттерге, фестивальдерге және ем қабылдау үшін келетін туристер саны артып келеді. Біздің міндетіміз – туристерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру. Қалада бүгінде 100-ден астам туристік нысан жұмыс істейді, ал алдағы жылдары жаңа қонақүйлер мен демалыс орындары пайдалануға беріледі», – дейді Мақсат Жаңабаев.Толығырақ: «Астананың жаңа туристік орындары: қайда барып, не көруге болады?» мақаласында.https://el.kz/astananyn-zhana-turistik-oryndary-qayda-baryp-ne-koruge-bolady_400049544/Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1254636?lang=ru
Астананың тарихы мен дамуына арналған арнайы шығарылым 14.07.2026
Елорда күні қарсаңында «Умные люди» YouTube арнасында Астананың тарихы мен дамуына арналған арнайы шығарылым жарық көрді.Жоба авторы гидпен бірге мың жылға жуық уақытты қамтитын тарихи жолдан өтеді — ежелгі Бозоқ қалашығынан, көпестер мекені болған Ақмолаға, одан бүгінгі Қазақстанның елордасына дейін. Көрермендер қаланың уақыт өте қалай өзгергенін, неліктен оның атауы бірнеше рет ауысқанын, Целиноградтың қандай болғанын және Астананың қалай еліміздің басты саяси, экономикалық әрі мәдени орталығына айналғанын біле алады.Арнайы шығарылым елордаға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Онда қала тарихының көпшілікке беймәлім беттері ашылып, өткеннің бүгінгі және болашақ Астанамен өзара сабақтастығы көрсетіледі.https://www.youtube.com/watch?v=KCsn1fcTOX0 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1254638?lang=ru
Қазақстан мен Пәкістан жасанды интеллект саласындағы алғашқы бірлескен орталықты ашты 14.07.2026
Гуджранвала, 2026 жылғы 6 шілде - Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Қыстафин 2026 жылғы 6 шілдеде Гуджранвала қаласына жұмыс сапарымен барып, Қазақстан-Пәкістан жасанды интеллект жөніндегі алғашқы орталықтың ашылу рәсіміне және екіжақты келісімге қол қою рәсіміне қатысты.Орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 3-4 ақпанда Исламабад қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясында өткен бизнес-форум барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі болды.Орталық құрылған GIFT University университетінің негізін қалаушы әрі төрағасы Мұхаммад Анвар Дар, сондай-ақ жобаның бастамашысы әрі Gujranwala Business Alliance ұйымының төрағасы Ахмад Икрам Лон жобаны іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, жасанды интеллект саласында ҚР серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендіктерін растады.Өз кезегінде қазақстандық NSART компаниясының басшысы Н.Қалиасқаров аталған бастаманы іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Орталық қызметінің мазмұнды дамуына мүдделілік білдірді.Елші Е.Қыстафин рәсімге қатысушыларды жобаның іске қосылуымен құттықтап, Қазақстан мен Пәкістан көшбасшылары жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамытуға айрықша басымдық беретінін ерекше атап өтті.Сонымен қатар Гуджранвала қаласында болған кезінде Е.Қыстафин Gujranwala Business Alliance ұйымының штаб-пәтеріне, сондай-ақ жақында құрылған Гуджранвала әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасына барды.Бизнес қауымдастығының өкілдерімен өткен кездесу барысында іскерлік байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту және әртараптандыру мәселелері талқыланды.Келіссөздер қорытындысы бойынша бизнес және академиялық қауымдастық өкілдерінен құралған Гуджранвала делегациясының Қазақстанға кезекті сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1254626?lang=ru
Қазақстан Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі құрбандарының отбасыларына көңіл айтты 14.07.2026
Астана, 2026 жылғы 7 шілде - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасындағы Венесуэла Боливар Республикасының Елшілігіне барып, 2026 жылғы 24 маусымда Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісі салдарынан жергілікті тұрғындардың қаза табуына байланысты ашылған көңіл айту кітабына жазба қалдырды.Е.Ашықбаев қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шынайы көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек білдіріп, қолдау сөздерін жеткізді.Қазақстан Венесуэла халқының қайғысына ортақтасып, осы ауыр кезеңде өз ынтымақтастығы мен қолдауын білдіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-pretoria/press/news/details/1255244?lang=ru
Гвардейск гарнизонында үздік мергендер анықталды 14.07.2026
Гвардейск гарнизонының 21450 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің XXIII спартакиадасы аясында АК-3 автоматы мен ПМ-3 тапаншасынан атудан чемпионат өтті.Армия орталық спорт клубы ұйымдастырған бұл сайыс Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына орай өткізілді.Чемпионатқа Қарулы күштердің түрлері, тектерінен және әскери бөлімдерден жасақталған 14 команданың сапында 100-ден аса әскери қызметші қатысты. Қатысушылар атыс дайындығының жоғары деңгейін, мергендіктерін және кәсіби шеберліктерін көрсетті.Жарыстың бас төрешісі, Армия орталық спорт клубы бастығының орынбасары подполковник Мирхат Химиденов айтқандай, штаттық қарудан атыс чемпионаты Қарулы күштердің игі дәстүріне айналған. Мұндай жарыстар әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, мергендік шеберлігін арттыруға және команданың іс-әрекетін нығайтуға ықпал етеді.Сайыс қорытындысына келсек, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Әуе қорғанысы күштерінің командасы олжалады. Екінші орынды 32039 әскери бөлімінің командасы, үшінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері еншіледі.Әйелдер арасында сержант Аяжан Әміржанова төртінші рет чемпион атанды.– Десанттық-шабуылдау әскерлерінің намысын қайта қорғап, Қарулы күштердің чемпионы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жарыстар шеберлігімізді ұдайы жетілдіруге және армияның үздік мергендерімен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді, – деді әскери қызметші.Чемпионат қорытындысына қарай халықаралық әскери жарыстарда ел намысын қорғайтын Қарулы күштердің құрама командасы жасақталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1254614?lang=ru
Қазақстанда ITeachMe 8.0 білім беру жобасының жаңа маусымы басталады 14.07.2026
«ITeachMe» қоғамдық қоры «Шеврон Евразия» компаниясымен әріптестікте ITeachMe білім беру жобасының жаңа 8-маусымының басталғанын хабарлайды.ITeachMe 8.0 — мүгедектігі бар адамдардың, жастардың және халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінің цифрлық дағдыларын, кәсіби бәсекелестігін және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған тегін білім беру бағдарламасы.Бұл маусымда оқыту екі заманауи бағыт бойынша өтеді:жасанды интеллектіні қолдана отырып, CRM-жүйелерді меңгеру;жасанды интеллектіні қолдана отырып, UI/UX және Content Management бағыттарын меңгеру.Жоба қатысушылары кәсіби цифрлық дағдыларды игеріп, заманауи құралдармен жұмыс істеуді үйренеді, нарықтың нақты міндеттерімен танысады және жұмысқа орналасу жолында қолдау алады. Жобада оқытудың қолжетімділігіне, қатысушыларды сүйемелдеуге және жайлы инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.ITeachMe жобасының алдыңғы 7 маусымында оқуға 7000-нан астам өтінім келіп түсті, шамамен 900 оқушы курстарды аяқтады, олардың 90%-ы жұмысқа орналасты.Жобаның мақсаты — қатысушыларға сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды тегін меңгеруге, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және кәсіби дамуына қажетті практикалық құралдарды алуға мүмкіндік беру.Жоба бағдарламасы мыналарды қамтиды:4 айлық қарқынды онлайн-оқыту;практикалық тапсырмалар;кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын меңгеру;жұмысқа орналасуға көмек көрсету.Қатысуға шақырылады:мүгедектігі бар адамдар;халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері;цифрлық дағдыларын дамытқысы келетін жастар;колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері;жаңа білім алып, болашақ мамандығы үшін сұранысқа ие құралдарды меңгергісі келетін Қазақстанның барлық азаматтары.ITeachMe 8.0 жобасы әрбір қатысушы сұранысқа ие білім алып, өзіне деген сенімділігін арттырып, жаңа мамандыққа алғашқы қадам жасай алатын қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған.Қатысуға өтінімді мына сілтеме арқылы беруге болады: https://daurbekg.github.io/iteachme8/Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1254589?lang=ru
Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі 14.07.2026
Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсатымен, егер кеден органы декларанттың өтінішін алатын кезге қарай Кеден Кодексінің 410-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратпаса, оны кедендік жете тексеруді жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе, кедендік қарап-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдамаса және (немесе) кедендік сараптама жүргізуді тағайындамаса, тауарлар шығарылғанға дейін өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін.Жоғарыдағы ережелеріне қарамастан, декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша кеден органының рұқсатымен, егер кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) декларацияланатын тауарлардың тұрған жері туралы мәліметтерді өзгертуге не тауарларды шығаруға әсер етпейтін қатемен жазылуды немесе грамматикалық қателерді түзетуге байланысты болса, тауарлар шығарылғанға дейін осындай өзгеріске (толықтыруға) рұқсат етіледі.Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) осы тіркелген кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардан өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге алып келмейді.Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді және қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түріндегі мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін тауарлар шығарылғанға дейін Комиссия айқындайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1254576?lang=ru
Сыбайласжемқорлықтәуекелдерінеішкіталдауқорытындыларынжарияталқылаутуралы 14.07.2026
2026 жылғы 17 сәуірден 18 маусымға дейін барлық мемлекеттік мекемелерде, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің аппараттарында және ведомстволық бағынысты ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі:«Меңдіқара ауданы әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының қаржы бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ«Мендіқара ауданының ішкі саясат бөлімі» ММ«Меңдіқара ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ«Боровское ауылы әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданының Теңіз ауылы әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданы Алешин ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданы Буденный ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданының Введен ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданы Краснопреснен ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданының Қарақоға ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ «Меңдіқара ауданы Ломоносов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданының Михайлов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданы Первомай ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ«Меңдіқара ауданының Соснов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ 2026 жылғы 20 маусымда жұртшылықтан кері байланыс алу үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау жоспарланып отыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1254515?lang=ru
Туристік қызмет субъектілерінің назарына! 14.07.2026
Туристік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажет.Туристік қызметтің заңсыз көші-қонға, адам саудасына немесе азаматтарды өзге де заңсыз мақсаттарда пайдалануға ықпал етуіне жол берілмеуі тиіс.Күдікті жағдайлар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1254504?lang=ru
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖӘНЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА 14.07.2026
Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.Кезекті іс-шара барысында Қызылқұм ауылдық округі аумағында анықталған стихиялық қоқыс орындары жойылып, тұрмыстық қатты қалдықтар жиналған аумақтар толықтай санитарлық тазартудан өткізілді. Бұл жұмыстар ауылдың санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталды.Сонымен қатар, аудандық прокуратурамен бірлесіп қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Рейд барысында тұрғындарға тазалықты сақтау мен табиғатты қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Таза қоршаған орта – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының кепілі. Сондықтан табиғатты аялау, тазалықты сақтау және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.Таза ауыл – жарқын болашақтың бастауы. Туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-qyzylqym/press/news/details/1254506?lang=ru
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 14.07.2026
Тіршілік иесінің киелі мекені – Алакөл өңірі ежелден табиғатының сұлулығымен, көл суының емдік қасиетімен ерекшеленіп, талайлардың көз жауын алып келген. Қанатты жиһанкездердің көптеген түрлерінің мекендейтін нағыз жұмағы, ақын-жазушылар ән-жырына арқау еткен, ата-бабамыздан мұра болып қалған осы бір тамаша жерді келешек ұрпақтарға қаз-қалпында аманат ету - қазіргі біздің міндетіміз.Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1998 жылы Тентек өзенінің атырауының жануарларымен өсімдік әлемін және Алакөл көліндегі Аралтөбе аралдарындағы көне дәуір шағаласының ерекше популяциясын сақтау мақсатында құрылған.Қорық аумағы 65 672 гектар жерді құрайды, оның ішінде 17 877 гектар Жетісу облысының Алакөл ауданында және 47 795 гектар Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарында жатыр.Бұл өңір құстардың Орталық-Азия – Үнді миграциялық жолы болып табылғандықтан, Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі 2009 жылы 25 қараша күні 1892 реттік санымен Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілді, қазіргі таңда бұл жерлер әлемдік маңызы бар сулы-батпақты алқап болып табылады.2013 жылы 29 мамырда Алакөл қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне қосылды.Алакөл қорығы Қазақстандағы сулы-батпақты құстардың негізгі ұя салатын, түлейтін және миграция кезінде тоқтайтын ең ірі орындарының бірі болып табылады. Мұндағы жануарлардың басым бөлігін құстар мен балықтар алып отыр.Алакөл қорығының құстар фаунасы 330 түрімен берілген, оның ішінде 133 түрі қорық аумағында тұрақты ұя салады. 16 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Көне дәуір шағаласы – Алакөлдің символы мен мақтанышы болып табылады.Қорықта сүтқоректілердің 35 түрі мекендейді. Оның ішінде басым көпшілігі шөлді аймақтың кеміргіштері болып келген. Қорық аумағы үшін сүтқоректілерден маңыздысы ретінде қабан, түлкі, борсық, елік, қоян, ондатр және қасқыр жатады.Балықтардың 18 түрі суайдындарды мекен етеді, оның ішінде 9 түрі аборигенді болып есептеледі, сонымен қатар Балқаш-Алакөл ойпатының эндемиктері болып саналатын балқаш алабұғасы мен балқаш қарабалығы кездеседі.Алакөл ойпатында бауырымен жорғалаушылардың 24 түрі таралған, соның ішінде қорық аумағында 10 түрі кездеседі.Қосмекенділердің 2 түрі қорықта кездеседі, оның ішінде даната құрбақасы Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енгізілген.Алакөл қорығы аумағындағы жәндіктердің 392 түрі белгілі.Қазіргі таңда өсімдік жамылғысының 290 түрі өседі, оның ішінде жоғарғы топтағы 288 түрі тіркелген, төменгі топтағы өсімдіктер 2 түрмен берілген.Табиғаттың бергені мен берері адамзат үшін теңдесі жоқ байлық. Сондықтан, барымызды бағалай білейік. Табиғатты қорғау парызымыз екенін ұмытпайық. Қайда жүрсек те, қандай іспен айналыссақ та туған жердің табиғатына жетер ештеңе жоқ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1254494?lang=ru