Enbekshi QazaQ

Қоғам

ШЫМКЕНТТЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ 04.03.2025
1 наурыз - Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдарын таныстыруға арналған көрме әрі келушілерге Ашық есік күні ұйымдастырылды. Қала қонақтары мен тұрғындары құтқарушылардың күнделікті қызметімен танысып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Әсіресе құтқару қызметінің құрал-саймандары мен техникаларына отырып қызық көрген балалар «өскенде осы салада қызмет еткім келеді» деген арман-тілектерін де ақтарып жатты.Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Нұрханұлының айтуынша, жыл сайын Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келетін сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де ерекше аталып өтіліп келеді. Биыл да «Азаматтық қорғаныс – халықтың қауіпсіздік кепілі» атты ұранмен ұйымдастырылып отырған іс-шара тек бүгінгі ашық есік күнімен аяқталмайды.Наурыз айында қаладағы барлық білім ордасында, денсаулық сақтау орындары мен әкішілікте, өзінің қамтамасыз етілетін нысандары, сол сияқты өндірістік орындарда халық пен аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғаныстың іс-шаралары ұйымдастырылмақ. Ал бүгінгі Шымкент қаласындағы орталық цирктің аумағында өткен ашық есік күніне Жедел құтқару жасағы, Апаттар медициналық орталығы, өрт сөндірушілердің техникалары мен құрал-саймандары қойылған.«Біздің іс-шарамыздың мақсаты – мерекелік көңіл-күй ғана сыйлау емес, өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді оятуға негізделген. Себебі бүгін құтқарушылардың қызметін көзбен көріп, жүрекпен сезінген балалар өскенде ел қорғау жолында аянбай қызмет етуді мақсат етпек. Көріп отырғандарыңыздай, бүгін біз халыққа жұмысымызбен жақын таныстырып, қандай аспаптармен, қандай техникамен қолданатынын кеңінен жариялап, түсіндіріп жатырмыз», дейді басқарма басшысы.Алдағы уақытта мұндай ашық есік күндері Шымкент қаласындағы барлық өрт сөндіру бөлімдерінде жалғасын табады. Ал бүгінгі көрмеге Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінен 56 адам, 8 техника, бұдан бөлек, 10 ерікті жас келіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетіп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/948975
3-9 наурыз аралығында өтетін спорттық іс-шаралар кестесі 04.03.2025
3-6 наурыз: Пара садақ атудан жабық кешендегі ел чемпионаты Сайысқа еліміздің 8 өңірінен 60 спортшы қатысады.Өтетін орны: Шымкент қ.3-7 наурыз: Фристайл-могулдан Еуропа кубогі кезеңіЖарысқа ел құрамасынан 2 спортшы қатысады.Өтетін орны: Била тау-шаңғы курорты, Чехия.3-9 наурыз: Биатлоннан Әлем кубогінің 7-кезеңіБұл сында ел намысын 8 спортшы қорғайды.Өтетін орны: Нове-Место-на-Мораве қ., Чехия.4-10 наурыз: Спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңі Ұлттық құраманың 4 спортшысы бақ сынайды.Өтетін орны: Баку қ., Әзербайжан.5-10 наурыз: Кикбоксингтен ересектер арасындағы Әлем кубогіСайысқа 40 елден 800 спортшы қатысады. Қазақстан құрамасынан 37 спортшы жүлдеге таласады.Өтетін орны: Езоло қ., Италия.6-8 наурыз: Семсерлесуден Әлем кубогі Ел намысын 4 спортшы қорғайды.Өтетін орны: Падуя қ., Италия.6-12 наурыз: Пара биатлоннан Әлем кубогіЖарыста 3 жерлесіміз өнер көрсетеді.Өтетін орны: Торсби қ., Швеция.6-17 наурыз: Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатыӘлем біріншілігінде 10 боксшымыз жұдырықтасады.Өтетін орны: Ниш қ., Сербия.7-11 наурыз: Допты хоккейден Қазақстан чемпионатыІшкі біріншілікке 13 өңірден 100 спортшы қатысады.Өтетін орны: Алматы қ.8-9 наурыз: Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогіЖарыста отандық 8 спортшы белдеседі. Өтетін орны: Портимао қ., Португалия.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/948965
Марш, дефиле және Жеңіс әуендері: әскери музыканттар әсерлі концерт ұйымдастырды 04.03.2025
Алғыс айту күні Астанадағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт пен көрме ұйымдастырды.Елордадағы сауда ойын-сауық орталығының бірінде өткен іс-шара көптеген келушілердің назарын өзіне аударды.Орталық әскери оркестрдің музыканттары оларды соғыс жылдарындағы әндерімен қуантты. Орталық ансамбльдің солистері мен вокалдық топтарының орындауында "Әлия", "Журавли", "Тучи в голубом", "Ехал я из Берлина", "Кестелі орамал", "Сауыт", "Қайсар армия", "Қорғанысым - тірегім" және "Жаса қазағым" шығармалары орындалды.Орталықта кәсіби әртістермен бірге ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбаздары да өнер көрсетті.– Жеңістің 80 жылдығына арналған концертке қатысқаныма қуаныштымын. Шығармашылық взводқа Тараз қаласының педагогикалық колледжінде алған мамандығымның арқасында түстім. Шығармашылық взводтағы қызмет маған колледжде үйренген үрмелі аспаптарда ойнау дағдыларын жоғалтпауға мүмкіндік береді, – деді сарбаз Мейрамбек Жарылқасын.Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің солистері классикалық және заманауи шығармаларды орындады. Танымал әуендер, марштар мен джаз пьесалары көрермендердің көңілін серпілтті.– Бүгін керемет күн, үш бірдей мереке деп айтуға болады: қасиетті Рамазан айы, қазақстандықтар Алғыс айту күнін атап өтуде, сонымен қатар көптен күткен көктем келді. Мерекелік атмосфера мен жарқын эмоциялар үшін әскерилерге рахмет, – деді Сәуле Қасымова. Орталық алаңында ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері "1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан" көшпелі көрмесін ашты.Экспонаттар қатарына жеке заттар, мұрағат құжаттары, соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың бірегей фотосуреттері, сондай-ақ ұрыс орындарынан табылған снарядтар мен сарбаздар медальондары кірді. – Үшінші апта Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарына концерт беруде. Біз "Азия парк" және "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталықтарында өнер көрсеттік. Бүгін, міне, MEGA Silk Way-де. Концертімізбен отандастарымызға қазақстандық жауынгерлердің жеңіс жолындағы ерлігін еске салып, оларды Алғыс айту күнімен құттықтағымыз келді, – деп түйіндеді Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары аға лейтенант Азамат Ақтасов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948955
Астанада Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті 04.03.2025
Ұлы ақын-ағартушы, композитор, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» театрында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты концерт өтті.Бұл кеште композитор Еркеғали Рахмадиевтің Абай Құнанбаев өлеңдеріне жазылған романс топтамасы алғаш рет орындалды. Атап айтсақ, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да…», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сіз – қырғауыл жез қанат», «Қара қатын», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» өлеңдері бар.Сонымен қатар, бағдарламада «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» атты төрт романс, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ариялар, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов және Евгений Брусиловскийдің ақын сөзіне жазған әндері орындалды.Айта кетейік, «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті театрда Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы болды. Күзде ақынның сөзіне ән жазған басқа да композиторлардың шығармалары шырқалатын концерт өтеді.Еске сала кетейік, «Астана Опера» репертуарында Абайдың өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін туындылар бар. Мәселен, 2015 жылы театрдың Үлкен залында Мұхтар Әуезовтің либреттосына негізделген Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының премьерасы өтті. Осы қойылым үшін театр 2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/948966
Облыс әкімі Аягөздегі әлеуметтік нысандарды аралады 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.Аймақ басшысы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан мектептің құрылысын көрді. Аягөз қаласындағы «Қуаныш» шағын ауданындағы 600 орындық білім ордасы биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алайда нысанға тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ өкілдері облыс әкіміне мердігердің бұл мерзімде үлгере алмауы мүмкін екендігін жеткізді. Себебі, нысан басындағы жұмысшылар саны аз.«Мердігерге жұмыс қарқынын күшейтіп, жұмысшы санын көбейтуді тапсырамын. Мектепті жаңа оқу жылына дейін аяқтау керек» деді аймақ басшысы.Облыс әкімі Аягөз қаласындағы тұрғын үй құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда шаһарда бес қабатты, 60 пәтерлі екі тұрғын үй салынып жатыр. Баспаналар ипотекалық бағдарлама қатысушылары мен кезекте тұрғандарға беріледі. Бүгінде Аягөз ауданында 1500 адам баспана кезегінде тұр. Аймақ басшысы тұрғын үйлердің құрылысын мерзімінде аяқтап, сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті.Облыс әкімі Аягөз қаласындағы ауданаралық орталық аурухана жанынан салынып жатқан 10 орындық реанимациялық бөлімнің құрылысында да болды. Нысанды салуға медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына 7 дәрігердің жетіспейтінін айтып, кадр мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрады.«Аягөз - облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Аудан орталығында халық саны көбейіп келеді. Жергілікті әкімдік Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, кадр тапшылығы мәселесін шешуі керек. Жас мамандарды баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлу қажет» деді аймақ басшысы.Облыс әкімі жұмыс сапары барысында қаладағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Қазіргі таңда ғимаратқа ағымдағы жөндеу қажет. Аймақ басшысы Спорт басқармасына нысанды жаңғырту үшін тиісті ұсыныс әзірлеуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948959
Облыс әкімі Аягөздегі жылу қазандығының жұмысымен танысты 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығының жұмысымен танысты.Бұл қазандық 57 көп қабатты үй, 13 әлеуметтік нысан, 8 бюджеттік ұйым мен 174 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 3 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Өткен жылы қаладағы 4,2 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аудан орталығындағы 10 шақырым жылу желілері жаңғыртуды қажет етеді. «Орталық» қазандығының қуатын арттыру үшін 3 қазандыққа күрделі жөндеу керек.«Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Аягөз қаласындағы қазандықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз» деді облыс әкімі.Аймақ басшысы қаладағы “Біріккен энергосервистік компаниясы” АҚ-на қарасты электр жабдықтау станциясына да барды. Мекеменің жоба-жоспарымен танысып, электр жүйелерін жаңғырту жұмысының тұрғындар үшін маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948960
Облыс әкімі Аягөз өзеніндегі су деңгейін қадағалады 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысанда болды. Көктемгі су тасқынына дайындық барысын бақылап, жылу қазандығының жұмысымен танысты.Былтыр көктемде Аягөз өзені ернеуінен асып, бірнеше ауланы су басқан болатын. Өткен жылы қауіптің алдын алу үшін өзен жағалауын бекіту жұмысы жүргізілді. Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын өзендегі су деңгейін қадағалаудан бастап, жергілікті атқарушы билікке үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.«Су басу қаупі бар облыстардың қатарында тұрмыз. Сондықтан тасқынға дайындық жұмысын күшейту қажет. Аягөз өзенінің арнасын кеңейту мәселесін ойластырыңыздар. Тиісті ұсыныс беріңіздер»,- деді облыс әкімі.Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірдегі қырық бес елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл аймақтарда төрт мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі таңда әсіресе Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарындағы 20 ауылда қауіп сақталуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948957
Инклюзивтік кино: Астанада режиссер Әзиз Зайыровты еске алу кеші өтті 04.03.2025
Астана қаласындағы OzgeEpic креативті хабында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен белгілі отандық режиссер, «Шексіз мүмкіндіктер» трилогиясы авторларының бірі әрі продюсері Әзиз Заировты еске алу кеші өтті.Аталған трилогияға «Болу ма, жоқ па?», «Қыз бен теңіз» және «Анашым, мен тірімін!» атты әлеуметтік драмалары енген.Әзиз Зайровты еске алуға режиссердің достары мен жақындары, оның шығармашылымен таныс барша қауым, сондай-ақ танымал трилогияның түсірілім тобы келді.Әзиз Заиров 2014 жылы «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы бойынша жұмысты Мұхамет Мамырбековпен бірге «Болу ма, жоқ па?» фильмінен бастаған. 2019 жылы трилогияның екінші бөлімі – «Қыз бен теңіз» көрерменге жол тартты. Ал соңғы бөлімі «Анашым, мен тірімін!» фильмі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсіріліп, 2024 жылы жарық көрді. Сол жылы Әзиз Заиров өмірден өтті.Оның фильмдерінде басты рөлдерді мүгедектігі бар адамдар сомдады. Әзиз Заировтың өзі де арбаға таңылған. Ол қоғамда инклюзивтілікті дамытуды мақсат етті. «Шексіз мүмкіндіктер» трилогиясы көптеген халықаралық марапаттарға ие болды.Сондай-ақ режиссерді еске алу аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Болу ма, жоқ па?» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.Әзиз Заиров Евразия Шығармашылық Гильдиясының «Eurasian Creative Guild» мүшесі, «Асау-Ат» Қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, белсенді волонтер, онкологиялық науқас балалар мен ересектерге қолдау көрсететін «Амила» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі және «Азияның шығармашылық богемасы» қауымдастығының резиденті болған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/948953
Олег Сергеевич Герштанскийдің қазасына байланысты көңіл айту 04.03.2025
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің басшылығы мен ұжымы Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының көрнекті қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Маңғыстау облысындағы мұнай және емдік-минералды су кен орындарының алғашқы ашушысы Олег Сергеевич Герштанскийдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтады.О. С. Герштанскийдің бүкіл ғұмыры – Республикаға, өз ісіне адалдық пен сеніміне деген мызғымас беріктіктің жарқын үлгісі.1978 жылдан бастап өмірінің соңына дейін О. С. Герштанский мұнай-газ саласындағы түрлі лауазымдар мен басшылық қызметтерде еңбек етті, Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық қоғамының мүшесі, Министрліктің жанындағы Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі болды, «KAZENERGY» қауымдастығының Ғылыми-техникалық кеңесіне кірді, 100-ден астам ғылыми мақаланың, 82 өнертабыстың және 5 монографияның авторы.Еңбек жолындағы ерекше жетістіктері үшін ол мемлекеттік марапаттармен: «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және басқа да медальдармен, марапат белгілерімен, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтарымен марапатталды.Олег Сергеевич жарқын ғұмыр кешті, әрдайым белсенді азаматтық ұстанымда болды, оны терең адамгершілік қасиеттері, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы ерекшелендірді.Геологтар мен геофизиктер қауымдастығы өзінің ең қымбатты мүшелерінің бірін – еліміздің мұнайшылар дәстүрін сақтаушы әрі қорғаушы тұлғасын жоғалтты.Олег Сергеевичтің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады, ал оның еңбектері болашақ ұрпақтың жадында қалады.Оның отбасы мен жақындарына осындай ауыр қайғыға байланысты көңіл айтамыз. Қазақстан Республикасының Энергетика министріА. СәтқалиевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/948956
Жақсылық жасаудан шаршамаңыздар: Қарағанды облысында Алғыс айту күні атап өтілді 04.03.2025
Алғыс айту күні, 1 наурызда өз еңбегімен, күш-жігерімен және бастамаларымен ел халқының бірлігін, тұтастығы мен этносаралық келісімін нығайтуға үлес қосатындарға алғыс айтылады. Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Адамгершілік – асыл қасиет» атты облыстық форум өтті. Кездесудің маңызды оқиғасы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылуы болды.Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының Алғыс айту күнімен құттықтауын оқып берді. Сондай-ақ, қатысушыларды өз атынан құттықтады.– Біз алғашқылардың бірі болып Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеуге бастадық. Ассамблея құрылған жылдарында біздің қоғамымыздың маңызды буынына айналды. Бұл өзара құрметке, ынтымақтастыққа және қолдауға толы жол болды, – деді облыс әкімі, 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын өңірдің көпұлттылығын атап өтіп. – Залдағы барлық қатысушыларға бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы күш-жігері үшін алғыс айтамын.Ермағанбет Бөлекпаев Ассамблея ардагерлері мен белсенділеріне алғыс хаттарды табыс етті. Марапатталғандардың арасында «Намус» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Гюлага Векил-оглы Рзаев та бар. Ол әзірбайжан халқы тарихының қайғылы кезеңі – 1928 жылғы депортация туралы еске салып, қазақ халқына алғыс білдірді.– Қанша жыл өтсе де, әзербайжан халқы осыны есте сақтайтын болады, – деп атап өтті Гюлага Векил-оглы. – Біз ұлт пен дініге қарамастан тату-тәтті өмір сүреміз. Бұл біздің ең басты құндылығымыз және Қазақстан үшін үлкен бақыт.Форум аясында Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лилия Ким «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясын бастады. Оған өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қосылды. Акция аясында Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Мұхаметәлі Исайынға көмек көрсетілді.– Ассамблеяға мүше болу әркімге бірдей беріле бермейді. Біздің өзіміздің ерекше рухымыз бар, – деп атап өтті Лилия Ким. – Біз бірге болғанда көп нәрсеге қабілетті боламыз. Мұны бірнеше рет дәлелдедік. Сондықтан мен әрдайым жақсылық істеуден шаршамаңдар, – деймін. Әсіресе жас ұрпаққа айтамын.Балқаш аналар кеңесінің төрайымы Альмира Мусина акцияға толық қолдау білдіріп, форумнан кейін кеңес өкілдері 1 наурызда туған балаларды құттықтау үшін қаланың перзентханаларына баратынын хабарлады.Форумда түрлі кәсіптер мен қызмет салалары өкілдерінің атына көптеген жылы сөздер айтылып, қазақ халқына тарихтың күрделі кезеңдерінде қонақжайлылығы мен қолдауы үшін ерекше алғыстар айтылды.«Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастар бірлестігінің төрағасы Жәнібек Успанов өмірді құтқаруға баға жетпес үлес қосқан донорларға алғысын білдірді. Нұра ауданы автопаркінің қызметкері Асылбек Рахымбеков өз тәлімгерлеріне алғысын білдірді.Облыстың этномәдени бірлестіктері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» көрмесін дайындады. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, ол Қарағанды өңірінің барлық қалалары мен аудандарын аралайды.Форум соңында қатысушылар Тәуелсіздік стеласына гүл шоқтарын қойды.Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу жалғасуда: Қарағанды облысында Алғыс айту күніне арналған 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/948894
«GULDER» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтті 04.03.2025
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «GULDER» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтті.Концерт бағдарламасында арнайы әзірленген эксклюзивті аспаптық-хореографиялық қойылымдар мен жаңа хореографиялық композицияның тұсаукесері, авторлық әндер, танымал әртістермен ұтымды коллаборация және классикалық өнердің жаңа интерпретациясы ұсынылды. Сондай-ақ, аңызға айналған әртістер мен жас таланттар бір сахнада өнер көрсетті.Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.«Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде өнер ұжымы қазақ мәдениетінің жарық жұлдызына айналып, ұлттық өнерді әлемге танытуда маңызды рөл атқарды. Сіздер халықтық би өнерінің ең үздік дәстүрлерін сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келесіздер. Қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде ансамбль Қазақстан эстрадасының дамуына зор үлес қосты. Бүгінгі таңда «Гүлдер» ансамблі тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен танылып, өзінің ерекше орындаушылық шеберлігімен мойындалуда. Сіздердің сахнадағы әрбір өнер көрсету ерекшеліктеріңіз көрермендерге эстетикалық ләззат сыйлап, қазақ мәдениетінің бай мұрасын көрсетіп, оның маңыздылығын айқындайды», - делінген құттықтау хатта.Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев, Әділхан Макин, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Мәди Рымбаев, Қуандық Шалқарұлы, Меруерт Бахыт, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Astana musical» мемлекеттік театры, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «Самға» тобы және «Gulder» ансамблі қатысты.Белгілі қазақстандық әншілер Жанар Дұғалова, ARO және танымал қазақстандық қобызшы Олжас Құрманбек мерейтойлық концертте көрермендер үшін арнайы өнер көрсетіп, кешіміздің көркін қыздырды.Ансамбльдің бас балетмейстері - Анвара Садықова, көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев.Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі тарту етілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/948929
ТЖМ қызметкерлері ҚР чемпионатында алтын иеленді 04.03.2025
2025 жылғы 25-28 ақпан аралығында Астанада қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, оған 400-ден астам қатысушы, оның ішінде күштік ведомстволардың өкілдері де қатысты. "Batyr team" ведомстволық клубының спортшылары алтын медальдар мен жүлделі орындарға ие болып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жеңімпаздарды жеке құттықтап, спортты дамыту ТЖМ қызметкерлері үшін басымдықтардың бірі екенін атап өтті." Дене даярлығы және жауынгерлік рух-біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Мұндай чемпионаттардағы жеңістер-бұл біздің қызметкерлеріміздің күш-қуатының, тәртібі мен кәсібилігінің көрсеткіші", - деп министр атап өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ТЖМ спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. "Жекпе-жек" спорт түрінде ведомствоның бірнеше қызметкері бірден мәретұғырына көтерілді. 48 кг дейінгі санаттағы әйелдер арасында Ақмола облысы ТЖД-ның Томирис Жүсіпова алтын, ал Астана қаласы ТЖД-ның Сағыныш Асылбекова күміс иеленді. 64 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Қарағанды облысынан Мария Чеботарева чемпион атанды, ал 70 кг жоғары ауыр санатта Түркістан облысынан келген Аружан Беркинбаева бірінші орынды иеленді. Ер адамдар да лайықты нәтиже көрсетті. 62 кг астам салмақ дәрежесінде Ақмола облысы ТЖД-ның Диас Нұртаев күміс медаль жеңіп алды, ал ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен келген Ярослав Размерице қола медалін иеленді. "Өзін-өзі қорғау" спорт түрінде ТЖМ қызметкерлері техника мен дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. 50 кг дейінгі санаттағы әйелдер арасында Қызылорда облысы ТЖД қызметкері Ақерке Жұмадиноваж және Павлодар облысы ТЖД қызметкері Кристина Гордиенко жеңіске жетіп, олар жеке біріншілікте және жұптық көріністерде бірінші болды. Жүлделі орындарды Қостанай облысының басқа спортшылары — Ольга Сверитюк және Қарағанды облысының Әйгерім Жарасова жеңіп алды. 80 кг дейінгі санаттағы ерлер арасында Ақмола облысы ТЖД келген Ілияс Сарғазинқ қола алды, ал 95 кг дейінгі салмақта Қостанай облысы ТЖД келген Өміржан Тұқышев үшінші орынды иеленді. Бұл нәтижелер күшті және ұйымшыл ұжым ретінде ведомствоның имиджін нығайтуды жалғастыра отырып, қызмет пен спортты табысты үйлестіретін ТЖМ қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің, тәртіптілігі мен жауынгерлік рухының айғағы болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/948898
Облыс әкімі Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барды 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысанда болды. Шаһардағы құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.Аймақ басшысы жеке инвестиция есебінен қайта жаңғыртудан өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы үйін аралап көрді. Мұнда робототехника, тігіншілік, би, қыш өнері, ойын техникасы сынды үйірмелерден бөлек акт залы бар. Нысан іске қосылғанда 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.Қазіргі таңда қаладағы қараусыз ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бос тұрған көп қабатты үйлер біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Курчатов қаласындағы 28 ғимарат қайта жаңғыртуға жарамды. Бүгінде екі тұрғын үй қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта тағы екі тұрғын үйді жаңарту жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар аяқталған соң баспаналар көп балалы отбасылар, жетім балалар мен мемлекеттік қызметкерлерге берілмек. Қазір шаһарда 249 адам баспана кезегінде тұр.Қайта қалпына келтіріліп жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысқан облыс әкімі жұмысты жалғастыруды тапсырды.«Курчатов – болашағы зор, ғылыми әлеуеті мол қала. Сондықтан шаһардағы қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіріп, елдің игілігіне беру керек. Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Курчатовқа барынша қолдау көрсетеміз» деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948924
Облыс әкімі жылу қазандығының жұмысымен танысты 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатовқа жұмыс сапары барысында шаһардағы жылу қазандығы мен қалалық аурухананың жұмысымен де танысты.Қалада 4 жылу қазандығы бар. Аймақ басшысы шаһардағы 30 көп қабатты тұрғын үй, 1 әлеуметтік нысан, 4 бюджеттік мекеме мен 3 коммерциялық ұйымды жылумен қамтамасыз ететін №1 қазандықта болды. Өткен жылы қазандықтағы 4 пешке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 2 ескі пеш ауыстырылды.Облыс әкімі Курчатовтағы қалалық аурухананың тыныс-тіршілігімен де танысты. Бүгінде медициналық мекемеде 153 адам еңбек етеді. Оның 24-і - дәрігер. 2024 жылы аурухананың бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен аурухананың 4-қабатын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінген. Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына 5 маманның жетіспейтінін айтып, кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.«Денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту маңызды. Оларды баспанамен қамтамасыз етуді қала әкіміне тапсырамын. Аурухананы толық жаңғырту керек. Тұрғындар Семейге бармай, осы жерде сапалы ем алу үшін тиісті жұмыстарды қолға алуымыз қажет. Тиісті ұсыныс беріңіздер» деді облыс әкімі.Аймақ басшысы сондай-ақ Ядролық технологиялар паркі мен радиациялық технологиялар кешенінде болып, ұлттық ядролық орталықтағы музейдің жұмысымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948925
Жетісуда Алғыс күніне орай ардагерлер мен аналарды құттықтап, жүз отбасына қайырымдылық жасады 04.03.2025
Жетісу облысында Алғыс айту күніне орай «Алғыс керуені» басталды. Шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшесінің бірі «Жомарт жан» орталығы мен өңірдің іскер әйелдер кеңесі 100 отбасыға қайырымдылық көмек жасады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жалпы, өңірде Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.Алдымен қалыптасқан дәстүр бойынша жұртшылық Қаратал ауданының Бастөбе ауылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.Сол сияқты монумент алдындағы жиында облыстық корей этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Виктор Пак сөз алды:- Сонау 30 жылдардағы қасіретті жылдардың жаңғырығы жылдар өте алыстағанымен, әлі жадымызда. Қазақстанға 130 мыңнан астам корей өкілдері қоныс аударды. Азап тартып, аштық көріп, Отанынан жырақтаған біздің ата-бабаларымызды қазақ халқы өздері де қиыншылық көріп отырғанына қарамастан құшағын ашып, қолында барымен бөлісті, баспана салуға, тұрмысын түзеуге көмектесті. Депортацияланған халық соның арқасында бөтендік көрген жоқ, қазақ жерін өз Отанындай қабылдады. Сондықтан 1 наурыз Алғыс айту күнінде барша қазақ халқына алғыс айтамын, - деді. Бұл мерекеде ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Ассамблеяның 20 ардагерін және Ұлы Отан соғысының 3 ардагерін құттықтап, облыс басшылығының атынан ізгі тілегін білдірді. Осы күні Ассамблея мүшелері «Біздің балаларымыз» акциясының аясында жас аналарды құттықтау үшін облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, осы күні өмірге келген нәрестелерге қажетті жиынтықтарды сыйға тартты. Құрметке ие болған әйел-аналардың бірі Әсем Малдыбекова жеті ұлдан кейін бүгін сегізінші перзенті – қыз баланы өмірге әкелді.- Үлкен ұлымыз 11 сыныпта оқиды, ал кішіміз 1 жаста. Енді, міне, отбасымыз кішкентай нәрестемен толығып жатыр. Күйеуім жүк көлігінің жүргізушісі. Қызымыздың есімін қалай қоямыз деп ақылдасып жатырмыз. Ілтипат деген ат қойсақ па деген ойымыз бар. Бізге бүгін сый-құрмет көрсетіп жатқан барша азаматтарға алғыс айтамын, - дейді Ә. Малдыбекова.Сондай-ақ бүгін облыс көлемінде барлық аудан-қалаларда аз қамтылған 100 отбасына қайырымдылық іс-шаралары көрсетілді. Еске салсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты 70-тен астам кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланып, сол қатарда бүгін Талдықорғандағы Достық үйінде ескерткіш тақта орнатылды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков, Александр Склабовский, Александр Булавин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/948921
Атырауда Алғыс айту күні аталып өтті 04.03.2025
Алғыс айту күнінде Достық үйі ғимаратының қабырғасына ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты ескерткіш тақта орнатылды,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, этномәдени бірлестік өкілдері мен тұрғындар қатысты.Елімізде 30 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылдар ішінде ҚХА елдегі ұлтаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарып, қоғам мен мемлекет арасында диалог алаңының бірегей үлгісіне айналды.Кейін Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған шара өтті. Жиында Серік Шәпкенов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесін аралап, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.- Ассамблеяның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды. Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай еңбек етесіздер деп сенемін. Жетістіктеріңіз көп болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!-делінген Құттықтау хатта.Салтанатты шара Достық үйі этномәдени бірлестіктерінің және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік бар. Өңірде Ассамблеяның – Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Этномәдени бірлестіктер, Журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, Этномедиация, Ақпараттық түсіндірме тобы, «Жомарт жан» орталығы, Ғылыми-сараптамалық топ сынды құрылымдары бар.Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында облыста 700-ден астам іс-шара өтіп, 23 мыңнан астам адам қамтылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/948917
Елордада мектеп оқушылары ата-аналарына, ұстаздарына және құтқарушыларға алғыстарын білдірді 04.03.2025
Алғыс айту күніне арналған «Балалар кімге алғыс айтады» атты мерекелік шараға астаналық мектептердің оқушылары қатысуда. Балалар өздерінің видеороликтерінде ата-аналарына, ата-әжесіне, ұстаздарына, тәлімгерлеріне және достарына алғыстарын білдіреді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Алғыс айту күні астаналық мектеп оқушыларының бірі алдымен әжесіне алғыс айтты.«Әжем маған көп жылу сыйлады, мені өсірді. Ол мен үшін ерекше жан. Әже, бәрі үшін рахмет, саған деген махаббатым шексіз», - деді астаналық оқушы.Балалар да ұстаздарына ерекше құрмет көрсетті. Бұл күні жас хор мүшесі өзінің сүйікті саласында биік шыңдарды бағындыруға көмектескен вокалдық тәлімгеріне алғысын білдірді.Осы атаулы күні мектеп оқушыларының бірі анасына алғысын білдірді.«Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін және менің анам болғаныңыз үшін рахмет», - деді ол.Елордалық оқушылар да қиын сәтте көмекке келіп, адам өмірі үшін күресіп жүрген құтқарушыларға, дәрігерлерге, еріктілерге алғыстарын білдірді.«Біз, «Жас сарбаз» тобының атынан Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне, еріктілерге, төтенше жағдай кезінде көмек қолын созғандардың барлығына алғыс айтамыз», - дейді астаналық оқушылар. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/948859
Сарайшық ауданында Алғыс айту күніне орай ерекше құттықтау іс-шарасы ұйымдастырылды 04.03.2025
Елордада Жұмысшы мамандықтар жылы және Алғыс айту күніне орай қайырымдылық шарасы өтті. Сарайшық ауданы әкімдігінің еріктілері мен қызметкерлері бұл күнді ерекше атап өтті. Олар коммуналдық қызметшілерге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Іс-шара барысында коммуналдық қызметшілерге еңбектеріне алғыс ретінде ыстық шай мен бауырсақ берілді. Олар ауа райына қарамастан күн сайын қала тазалығына үлкен үлес қосады.Шара бастамашылары акцияның тек коммуналдық қызметшілерді қолдау ғана емес, қоғамда алғыс айту мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын баса айтты.Еске салайық, 1 наурыз – Қазақстанда Алғыс күні. Биыл Астанада Алғыс айту күнін мерекелеу тағы бір маңызды іс-шарамен – Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралардың басталуымен есте қалмақ. Осы есте қаларлық датаға орай Астанада ондаған түрлі спорттық, мәдени және танымдық іс-шаралар өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/948862
Астанада «Еңбек пен алғыс: қоғам дамуының негізі» атты жиын өтті 04.03.2025
Алғыс айту күніне және Жұмысшы мамандықтары жылына орай елордалық Дін істері жөніндегі басқармасы және «QAMQOR-ASTANA» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. «Еңбек пен алғыс: қоғам дамуының негізі» атты жиынға діни бірлестік өкілдері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Ұлттық Академиялық кітапханада өткен іс-шара елордамыздағы конфессияаралық келісімді нығайту, халық бірлігін сақтау, қоғамдағы дәстүр институтын және қазақстандық қоғам құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Жиынға қатысушылар үшін алдымен «Кітапхана – білім ордасы» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылып, республикалық кітапхананың ерекшеліктері таныстырылды.Отырыстың ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен алғы сөз сөйлеп, мереке қарсаңында жиналғандарға алғысын білдірді.«Кез келген мемлекеттің іргесін нығайтатын басты құндылықтар – адал еңбек пен шынайы алғыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін көтеру қажеттігін айрықша атап өтті. Әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің игілігі жолында сапалы жұмыс істеп жүрген әр азамат құрметке лайық. Айтулы жылы елордада бірқатар айрықша іс-шараларды өткізу жоспарланған. Солардың бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі VIII съезі. Сондықтан биыл нәтижелі жобалар жүзеге асырылады деп сенемін», – деді өз сөзінде Е.Берікұлы.Бірқатар діни бірлестік өкілдері қатысқан отырыста қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттыру маңызы айтылып, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында алдағы уақытта өтетін іс-шаралар туралы ұсыныстар ортаға салынды.«Баршаңызды алдымен Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Қасиетті ай бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – Алғыс айту күнімен қатар келіп отыр. Адамгершілік пен имандылықты өмірінің қазығы еткен халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор бола білді. Елорда мешіттерінде Рамазан айында түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, жамағатқа рухани-танымдық бағдарламалар ұсынылады», – деді елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов.Ашық пікір алмасу форматында өткен отырыс барысында мұндай іс-шаралардың ерекше құндылығы назарға алынып, еңбек адамдарына алғыс айту белгілі бір күнде ғана емес, әрдайым айтулы қажеті сөз болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/948886
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар өтті 04.03.2025
Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ресми басталып, атаулы жыл мен Алғыс айту күніне орай бірнеше маңызды іс-шаралар өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бүгін мерейтойлық жылдың ресми тұсауы кесілгенін айта келе, «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 30 жыл» ескерткіш тақтасын салтанатты түрде ашу рәсімін Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевқа ұсынды.Ол Ассамблеяның түптамыры тарихымыздың өн бойында жатқанын, қазақ халқы қашанда үйіне келген қонағын құшақ жая қарсы алып, төрге оздыратынын тілге тиек етіп, аталған дәстүрдің бүкіл этностарды біріктіріп отырған Ассамблеяның негізінде бүгінге дейін көркем жалғасын тауып отырғанын айтты.Бұдан соң іс-шараға қатысушылар «Бір шаңырақ астында: алғыс айту мәдениеті және ұлттық бірлік» атты дөңгелек үстелде бас қосты.Дөңгелек үстелдің барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен дөңгелек үстел өткізудің мақсаты мен Алғыс айту күнінің ерекшелігіне тоқталды.«Бұрын бұл күн этнос өкілдерінің елімізге алғыс айтатын күні болып аталып өтсе, кейінгі жылдары одан да кең мағынаға ие болды. Әрбір Қазақстан азаматының ризашылығы, адал еңбек еткен қызметкерлерге, ерлік көрсеткен азаматтарға, баланың ата-анаға, жастың қарияға деген риясыз сыйластығына ұласты. Мұндай сыйластықты сақтау үшін өткізілетін іс-шаралар қашанда үлкен мән-маңызға ие. Бүгінгі кездесуіміздің де орны ерекше», - деген ол Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына байланысты іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу бойынша ауқымды қалалық жоспар әзірленгенін айтты.Дөңгелек үстел барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тілеген Садықов және тағы басқалар сөз сөйледі.Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде алғысхаттарымен марапаттау рәсімі өтті.Іс-шараға қатысушы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі және ғылыми-сараптамалық топтардың өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/948896