Қоғам
Шалқар мұражайында он үш мыңға жуық экспонат бар 25.02.2025
Облыс әкімі Шалқар ауданының тарихи-өлкетану мұражайына барды.1955 жылы салынған ғимаратта орналасқан мұражай құрылғаннан бері айтарлықтай кеңейді. Егер алғашқы жылдары мұнда тек 500 экспонат болса, бүгінде олардың саны 12 773 құрайды. Музейде 1870 жылы Шалқар қаласы құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихын бейнелейтін жәдігерлер ұсынылған.2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, экспозициялар жаңартылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге арналған сегізінші зал ашылды.Әкім музей экспозицияларымен, сирек кездесетін тарихи көне заттар, этнографиялық материалдар және мұрағаттық құжаттармен танысты. Асхат Шахаров мұражай директоры Нағима Тілембаева және мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мұражайды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943876
www.gov.kz 25.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/948899
Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері: Қазақстан мен Нигерия инвестициялар мен технологияларды талқылады 25.02.2025
Абуджа, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Нигерия Федеративті Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Өнеркәсіп, сауда және инвестициялар министрлігі, Мұнай министрлігі және басқа да ведомстволардың басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесулер Қазақстан делегациясының ресми сапары аясында өтіп, екі ел арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.Нигерия Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Дунома Умар Ахмедпен өткен кездесуде халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты нығайту, БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да көпжақты форматтар аясында диалогты жандандыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар тараптар экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасында тікелей өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.Қазақстан СІМ басшысының орынбасары Нигериямен байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылғы қаңтарда Абу-Дабиде екі ел президенттерінің кездесуі ынтымақтастықтың жоғары қарқынын белгілеп, серіктестіктің перспективалық бағыттарын айқындағанын атап өтті. «Сауда байланыстарын нығайту үшін Қазақстан мен Нигерияның бизнес салалары арасында байланыс орнатуды, өзара сауда миссияларын ұйымдастыруды және екіжақты саудаға қатысты мәселелерді бірлесіп шешуді ұсынамыз. Бұл байланыстардың дамуы жаңа іскерлік серіктестік мүмкіндіктерін ашады және екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды күшейтеді», – деді Ә.Қуантыров.Нигерияның Мұнай министрі Хайнекен Локпобиримен кездесу барысында мұнай барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан мен Нигерия қазақстандық мұнайды Нигерияның мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық білдірді. Өз тарапынан Нигерияның мұнай ресурстары министрі ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып, әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі мәртебесіне қарамастан Нигерия ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру және мұнай өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін шикізаттың қосымша көлеміне мұқтаж болып отырғанын атап өтті.Сапар аясында Нигерияның Газ министрі Экперикпе Экпомен де кездесу өтті. Келіссөздер барысында табиғи газ жеткізу, газ өңдеу технологиялары және қазақстандық компаниялардың Нигерияның газ инфрақұрылымын дамытуға қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Нигерия тарапы экологиялық таза технологияларға көшу, көміртегі шығарындыларын азайту және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүдделі екенін атап өтті.Нигерияның Өнеркәсіп, сауда және инвестициялар министрлігінің Тұрақты хатшысы Нура Абба Римимен өткен кездесуде тау-кен саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды барлау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық қарастырылды. Қазақстан тарапы шикізатты өңдеудің инновациялық технологияларын бірлесіп қолдануға және өндірістік қуаттарды бірлесіп құруға қызығушылық білдірді.Қазақстан Нигерияға экспортқа 300-ден астам тауар атауын ұсынды, сондай-ақ Нигериядан какао-бұршақтарын тікелей импорттау мәселесін қарастырды. Екі ел арасындағы тауар тасымалына арналған ықтимал үш сауда дәлізі қарастырылып, ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.Қазақстандық делегация Нигерияның «NEXIM Nigeria» банкі басшылығымен кездесті. Банк елдегі ең ірі экспорттық және импорттық операцияларды қаржыландырады. Келіссөздер нәтижесінде «NEXIM Nigeria» мен Қазақстанның Экспорттық-несиелік агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/945204
Аймақ басшысы Сырдария ауданының тұрғындарын қабылдады 25.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге "Руханият орталығының" жұмысымен танысты, тұрғындарды жеке қабылдады.Жеке қабылдауға келген 81 азамат электр желілерін жаңғырту, мектеп салу, жарық бағаналарын орнату, теміржол өткелін салу, көше атауын беру, абаттандыру, тағы басқа мәселелерді көтерді.Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны электр желілерін қайта жаңғырту мәселесін қозғады. Аймақ басшысы аталған елді мекенде 30 шақырым электр желілері және 7 трансформатор түнгі жарықпен толықтай қамтылатынын жеткізді. Кент тұрғыны «Жайлы мектеп» салу мәселесін көтерді. Бүгінде "РесПроект" серіктестігінің демеушілігімен 300 орындық білім ошағының жобасы әзірленуде.Қабылдауға келушілер құқық қорғау органдарының басшыларына өз сауалдарын қойып, олардың заңды шешіміне қатысты кеңес алды. Мұндай кездесулердің жұртшылық сұранысына жедел үн қату, мәселені шұғыл шешудегі маңызы зор. Кейінгі жылдары жеке қабылдау туралы алдын ала хабарланған тұрғындар дәстүрге айналған бастамаға ризашылық білдіруде.Сапар барысында облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның дамуындағы жаңашылдықтар мен түйткілді мәселелер, атқарылған істер мен алдағы міндеттер туралы айтылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/944331
Рамиль Камалов Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды 25.02.2025
ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен бұрын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы болған Камалов Рамиль Фаткулович Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды. 1976 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі арнайы жоғары. Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылғы қыркүйектен бастап қызмет атқаруда. Мемлекеттік өрт қадағалау инспекторынан Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарды. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/943632
Қазақстандағы авиациялық туризм: Ұйғыр ауданындағы жаңа ұшу орталығы 25.02.2025
Қазақстандағы авиациялық туризм жаңа деңгейге көтерілуде. 2009 жылы құрылған Авиациялық туризм федерациясы шағын авиацияны дамытып, көкте қалықтауды армандайтындардың барлығына мүмкіндіктер ашуда. Енді ұйым Шонжы ауылында ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр – жеңіл моторлы ұшақтарға арналған аэродром, ангарлар, жанармай бекеті және қажетті инфрақұрылымы бар заманауи авиациялық алаң құрылмақ. Жоба Ұйғыр ауданы әкімдігінің қолдауына ие болып, әкімдік жер телімін бөлу мен құжаттарды рәсімдеуге көмектесуде.Ал федерация өз кезегінде жобаға атсалысқысы келетін қатысушыларды тартып, авиациялық туризмнің жаңа орталығын құруға күш салуда. Болашақ авиациялық орталықтың орны кездейсоқ таңдалмаған. Шонжы ерекше табиғи жағдайларымен ерекшеленеді: кең ашық кеңістік, ұшып-қонуға қолайлы жер бедері, ауа райының қолайлылығы, яғни желдің әлсіздігі, бұл өз кезегінде ұшулардың қауіпсіздігін арттырады. Сондай-ақ әуеден қарағанда ғажайып табиғи көріністер ашылып, сирек кездесетін флора мен фаунаны, Қызыл кітапқа енген жануарларды көруге мүмкіндік бар.Бұл аймақ авиациялық саяхат әуесқойлары үшін ең тартымды орындардың біріне айналуы мүмкін. Федерация тек аэродром салумен шектелмейді – мұнда авиациялық туризмнің үш бағыты бірден дамытылады: әуе шарлары, парапланеризм және мотодельтапландар. Басты бағыттардың бірі – әуе шарларымен ұшу. Федерацияның тең құрылтайшысы Мирослав Малыхин 2011 жылдан бері әуеде қалықтаумен айналысып келеді. Ол алғашында парапланмен ұшып, Шымбұлақта туристік ұшулар ұйымдастырып, Алматы мен Өзбекстандағы фестивальдерге қатысқан. Уақыт өте келе Қазақстанда әуе шарларын дамыту қажеттігін түсініп, федерациямен бірге бұған ең қолайлы орынды іздеуге кірісті. Оған Каппадокия тәрізді ұзақ уақыт желсіз болатын аймақ қажет болды. Ұзақ іздеуден кейін федерация екі тау арасындағы ерекше жерді тапты, мұнда жылдың көп бөлігінде ауа-райы тұрақты, жел жоқтың қасы. 2025 жылдың қараша айынан бастап бұл жерде аэрологиялық зерттеулер мен сынақтық ұшулар жүргізілуде. Қазіргі таңда ұшулар тек арқанға байланған күйде жүзеге асуда, бірақ барлық ресми рұқсаттар алынған соң, әуе шарлары 1 шақырым және одан да жоғары биіктікке еркін көтерілетін болады. Екінші бағыт – парапланеризм.Шонжы маңында табиғи биіктіктер болмағанымен, федерация бұл мәселені шешудің жолын тапты – парапландарды жоғары көтеру үшін арнайы лебедка орнатылады. Үшінші бағыт – мотодельтапландар. Федерация бұл әуе көлігін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қонақтар тек әуеде ұшып қана қоймай, өздерінің әсерлі сәттерін GoPro камерасымен жазып, естелік ретінде сақтай алады. Шонжыдағы аэродром құрылысы авиациялық туризмді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әкімдіктің қолдауымен федерация жер телімін алып, оны абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта жеңіл моторлы ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағын салу, ангарлар мен техникалық қызмет көрсету аймақтарын жабдықтау, сондай-ақ ұшқыштар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым жасау жоспарлануда. Коммерциялық ұшулар басталғаннан кейін барлық табыс жобаны одан әрі дамытуға жұмсалады.Авиациялық туризм федерациясы бұл жобаның Қазақстандағы шағын авиацияны дамытуға серпін беретініне сенімді. Шонжы әуе шытырман оқиғаларының орталығына айналып, адамдарға биіктен әлемді тамашалауға, еркіндікті сезінуге және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді. Енді аспан баршаға ашық - ол бұрынғыдан да жақын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/944498
Қазақстан СІМ басшысы Франция Елшісін қабылдады 25.02.2025
Астана, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Француз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.Сұхбат барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-француз ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.Сұхбаттастар өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Францияға мемлекеттік сапары барысында, сондай-ақ екі мемлекет басшыларының 2024 жылғы желтоқсанда Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен «One Water Summit» саммитіне қатысуы нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.Тараптар индустриялық даму, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларындағы Қазақстан-Франция ынтымақтастығын ілгерілетудегі қол жеткізілген жетістіктерді құптады.Сонымен қатар 2025 жылға жоспарланған өзара сапарлар мен екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырып, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан мен Франция арасындағы ЕО, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу соңында тараптар Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті барлық салаларда одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31%-ға өсіп, 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Францияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі шамамен 20 млрд долларды құрайды. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/944761
Хорватия депутаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуды қолдайды 25.02.2025
Астана, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға сапармен келген Хорватия Саборының (парламент) депутаттарымен кездесті. Делегацияны «Хорватия Демократиялық Одағы» партиясының депутаты Санда Ливия Мадуна басқарды.Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды нығайту, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық ұйымдар шеңберінде, оның ішінде ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.Астана мен Загреб арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетуге ықпал ететін биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары Қазақстанның Балқан аймағындағы негізгі серіктестерінің бірі – Хорватиямен қатынастарды тереңдетуге қызығушылығын растады. Хорватия депутаттарының сапары парламентаралық байланыстарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті.Өз кезегінде Хорватия Саборының делегациясы сапардың екіжақты қатынастардың әлеуетін жан-жақты зерделеуге тамаша мүмкіндік беретінімен келісіп, Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықты ілгерілетуге қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 282 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 254 млн долл., импорт – 28 млн долл. Қазақстанда хорват капиталымен 18 компания тіркелген, олар құрылыс, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету, кәсіби және ғылыми-техникалық салаларында қызмет атқарады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/944835
МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ТИМЬЯННЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ ҚҰПИЯЛАРЫН АШТЫ 24.02.2025
МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ТИМЬЯННЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ ҚҰПИЯЛАРЫН АШТЫМарғұлан университетінің ғалымдары тимьян (чабрец) өсімдігіне қатысты зерттеулер жүргізіп, оның бұған дейін белгісіз болып келген генетикалық құпияларын ашты.Ғылыми жұмысты Марғұлан университетінің «Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының» директоры, профессор Бибігүл Жұмабекова бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Олар Баянауыл ұлттық паркінің табиғи жағдайында өсетін тимьянның екі түріне жататын 26 популяциясын зерттеді. Қазақстанда бұл өсімдікті мұндай ауқымда зерттеу алғаш рет жүргізіліп отыр.– Біз кейбір тимьян популяцияларының генетикалық ұқсастығын, ал басқаларының елеулі айырмашылықтарын анықтадық, – дейді профессор Бибігүл Жұмабекова. – Бұл өсімдік әртүрлі жерде, жол бойында, егістік алқаптарында немесе таза табиғи аймақтарда өсе береді.Тимьян – тек ас үйде қолданылатын хош иісті шөп емес, емдік қасиеті жоғары өсімдіктердің бірі. Ғалымдар ДНҚ талдауында молекулалық маркерлерді пайдалана отырып, тимьянның экожүйедегі өзгерістерге қалай жауап беретінін зерттеді. Мұндай зерттеулер өсімдіктің әлсіз популяцияларын анықтап, олардың жойылып кетуінің алдын алады. Тимьянның генетикасын зерттеу оны қорғау үшін ғана емес, климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығаруға да мүмкіндік береді.– Зерттеу нәтижелері тимьянның антропогендік факторларға қалай бейімделетінін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Биоценология және экологиялық зерттеулер орталығының ғалымдары. – Біз осы жаңалықтың арқасында биоалуантүрлілікті сақтауға және экожүйелерді қорғауға арналған маңызды құралдарға қол жеткіздік.Марғұлан университетінің ғалымдары зерттеу аясын кеңейтіп, генетиканы спектралды талдаумен байланыстыруды, сондай-ақ экологиялық факторлардың әсерін зерттеуді жоспарлап отыр. Жұмыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүргізілуде. Оның нәтижелері экологтарға беріліп, табиғи ресурстарды қорғау туралы жаңа заңдардың негізгі өзегі бола алады.Тимьянды зерттеу және оны шай саңырауқұлағы негізіндегі сусын құрамына қосу – коммерцияландырудың негізгі бағыты. Бұл өсімдіктің бірегей емдік және дәмдік қасиеттері тамақ өнеркәсібінде жоғары функционалды өнім жасауға болатынын аңғартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/944549
24 ақпан – 2 наурыз аралығында өтетін спорттық іс-шаралар кестесі 24.02.2025
24 ақпан – 9 наурыз: Шаңғымен тұғырдан секіруден әлем чемпионатыЕл намысын 4 отандасымыз қорғайды.Өтетін орны: Тронхейм қ., Норвегия.24 ақпан – 3 наурыз: Мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатыӘлемдік додаға ел құрамасынан 2 спортшы қатысады.Өтетін орны: Дебрецен қ., Мажарстан.23 ақпан – 7 наурыз: Биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатыӘлем біріншілігінде 11 отандасымыз сынға түседі.Өтетін орны: Эстерсунд қ., Швеция.24-28 ақпан: Спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатыІшкі біріншілікте 17 өңірден 110 спортшы бақ сынайды.Өтетін орны: Ақтау қ.25-28 ақпан: Қоян-қолтық ұрыстан ел біріншілігіЧемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 400 спортшы қатысады.Өтетін орны: Астана қ.26 ақпан – 2 наурыз: Шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатыБайрақты бәсекеде ел намысын 8 спортшы қорғайды.Өтетін орны: Калгари қ., Канада.26-27 ақпан: Еркін күрестен Muhamet Malo халықаралық рейтингтік турниріҚазақстан құрамасынан 10 палуан жүлдеге таласады.Өтетін орны: Тирана қ., Албания.26 ақпан – 4 наурыз: Көркем жүзуден Әлем кубогі (1 кезең)Жарысқа отандық 9 спортшы қатысады.Өтетін орны: Париж қ., Франция.26-28 ақпан: Армрестлингтен Қазақстан чемпионатыСайысқа 17 өңірден 300 спортшы қатысады.Өтетін орны: Астана қ.28 ақпан – 6 наурыз: Тау шаңғысы спортынан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатыЕл намысын 2 спортшы қорғайды.Өтетін орны: Тарвизио қ., Италия.1-3 наурыз: Шаңғымен тұғырдан секіруден FIS кубогіЖарыста 4 отандасымыз бақ сынайды.Өтетін орны: Оберхоф қ., Германия.1-7 наурыз: Қазақстан пара садақ атудан ел чемпионатыЕл біріншілігіне 60 спортшы қатысады.Өтетін орны: Шымкент қ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/943882
Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі 24.02.2025
Мәнерлеп сырғанау: Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында Михаил Шайдоров топ жарды. Отандасымыз қоссайыста 285.10 ұпай жинады. Осыдан дәл 10 жыл бұрын марқұм Денис Тен де Сеул төрінде чемпион атанған еді.Спорттық гимнастика: Германияның Котбус қаласында мәресіне жеткен Әлем кубогінің бірінші кезеңінде Милад Карими алтын медаль жеңіп алды. Еркін жаттығудың финалында ол 14.133 ұпай жинады.Конькимен жүгіру: Польшаның Томашув-Мазовецк қаласындағы Әлем кубогі кезеңінде Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта үздік шықты. Қазақстан ең кейінгі рет Әлем кубогі кезеңінде алтынды 2011 жылы командалық спринтте жеңіп алған еді. Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында үшінші орын алды.Нысана көздеу: Таиландтағы Азия кубогінде ұлттық құрама спортшылары 12 алтын, 9 күміс, 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.Садақ ату: Таиландтағы Азия кубогі кезеңінде Ұлттық құрама спортшылары үш күміс медаль олжалады.Дзюдо: Польша астанасы Варшавадағы Еуропа кубогінде спортшыларымыз 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. Ерлер арасындағы 60 кг дейінгі салмақтың финалында екі отандасымыз Шерзод Давлатов пен Бақытжан Аманның жолы түйісіп, Шерзодтың мерейі үстем болды.Каратэ: Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджайра қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы А сериясы жарысында Қазақстан командасы 8 жүлде жеңіп алды. Фуджейрадағы дәстүрлі жарыс бүгін аяқталады.Батуттағы гимнастика: Қазақстан құрамасы Әзербайжанның Баку қаласында өткен Әлем кубогі кезеңінде күміс медаль еншіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/944299
Қазақстандағы ТОП-5 курорттық өңір 24.02.2025
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның курорттық өңірлеріне 3,4 миллион турист келді. Қонақ үйлер мен орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 129 миллиард теңгеге жетті. Назарларыңызға туристер арасында ең танымал бес демалыс өңірін ұсынамыз:5-орын: Балқаш курорттық өңіріБалқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс өңірі былтыр 9 айда 120 948 турист қабылдаған.4-орын: Алакөл курорттық өңіріАлакөл көлінің Абай облысындағы аумағына 125 621, Жетісу облысындағы бөлігіне 113 059 турист барған. Осылайша, бұл өңір еліміздің басты табиғи інжу-маржаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.3-орын: Щучье-Бурабай курорттық өңіріОрманы, көлдері және курорттық кешендерімен әйгілі бұл өңір 275 295 саяхатшыны қабылдаған.2-орын: Маңғыстау курорттық өңіріМаңғыстаудың көрікті пейзаждары мен Каспий теңізінің жағалауында 325 013 турист демалған.1-орын: Алматы тау кластеріЕліміздің ең тартымды курорттық өңірлер рейтингінде Алматы тау кластері көш бастап тұр. Өңірге 1 996 801 турист сапарлаған. Әсем тау пейзаждары мен таза ауасы өңірді белсенді және табиғат аясындағы демалысты ұнататындар үшін нағыз тартымды орынға айналдырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/944679
Облыс әкімі аудандарға жұмыс сапарын Абай ауданынан бастады 24.02.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандарға жұмыс сапарын Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар дүниеге әкелген қастерлі мекен Абай ауданынан бастады. Сапар барысында аймақ басшысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына дайындық мәселесін пысықтап, аудандағы бірнеше әлеуметтік-мәдени нысанда болды.Аймақ басшысы әуелі Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына тәу етті. Мемориалдық кешенді, Абайдың музей-үйі мен қызмет көрсету орталығын аралады. Мерейтой өтетін Қарауыл төбеге, Абай саябағына, аудандық Мәдениет үйіне барып, іс-шаралар жоспарымен, жаңа жобалармен танысты. Облыс әкімі аудандағы барлық мәселелер туралы сұрап-білді.Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов Жидебайды интернетпен қамту үшін антенналық матчты құрылғы орнатуға көмек көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жидебайға келетін туристер саны көбейгенімен оларға қызмет көрсетететін орын тапшы. Мемориалдық кешен аумағын тазалайтын техникалар жетіспейді, бұған жауапты қызметкерлердің жалақысы мардымсыз.Аудан әкімі бұдан бөлек Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген қорым мен сондағы Құнанбай музейіне апаратын 21 шақырым жолға асфалть төсеуге жәрдемдесуді өтінді. Бұған сұраныс та бар. Өйткені, қасиетті мекенге келетін туристер қатары күннен күнге көбейіп келеді. Облыс басшысы Жидебайдың инфрақұрылымын нығайтуға, ауданда туризмді дамытуға байланысты жуық арада кешенді жоспар әзірлеп, ұсынуды тапсырды.«Аудандарға алғашқы сапарымды ұлылар туған топырақтан бастауым бекер емес. Биыл – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында: «Ұлы Абайдың мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деген болатын. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Ойшыл есімін иеленген облыс болғандықтан бізге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мерейтойға дайындықты қазірден бастап, жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол шараларға басымдық беретін боламыз», — деді аймақ басшысы.Облыс әкімі Ақшоқыдағы Құнанбай қорымына да барып, зиярат жасап, Құнанбай музейінің жұмысымен танысты. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөріліге ат басын тіреп, сондағы музейді көрді.Аймақ басшысы сапар барысында Қарауыл ауылында қайта жаңғыртылып жатқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Екі қабатты ғимаратты ауданның тумасы Сейфолла Рахымбаев «Ауылына қарап – азаматын таны» жобасы аясында мемлекетке сыйға тартыпты. Нысанды жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Мұнда аудан тұрғындары оңалту шараларын алатын болады. Облыс әкімі құрылысты уақытында аяқтап, ғимараттың маңын абаттандыруды тапсырды.«Бүгін Абай ауданының тарихи-мәдени нысандарын аралап, өңірдің барлық өзекті мәселелерімен таныстым. Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Ауданға барынша қолдау білдіреміз. Қала, аудан әкімдері тек бюджет қаржысына иек артпай инвестиция тартуға көңіл бөлуі керек. Бұған Президент те, Үкімет те ерекше мән беріп отыр. Сондықтан басқа аудандар да Сейфолла Рахымбаев секілді туған жеріне жанашыр азаматтармен бірлесе жұмыс істеп, өскен-өнген өңірін көркейтуге жұмылдыруы қажет. Бұл – барлығымызға ортақ міндет», — деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/943851
Ербол Қарашөкеев Түркияда өткен инвестициялық форумға қатысты 24.02.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Түркия Республикасының Мерсин провинциясына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Түркия инвестициялық форумына қатысып, әлеуетті түрік компанияларымен B2G форматында кездесулер өткізді.Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясының мемлекеттік органдары, бизнес өкілдеріне форум іскерлік байланыстарды нығайту, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерді жан-жақты талқылау үшін аса маңызды алаң болды.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай іс-шаралар түрік компанияларының Жамбыл облысындағы өндіріс ауқымын кеңейтуге деген қызығушылықтарын арттыра түсетінін атап өтті.Сондай-ақ, аймақ басшысы Жамбыл облысының жоғары инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарына тоқталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірдің қолайлы климаттық жағдайын, логистикалық тұрғыдан тиімді географиялық орналасуын, табиғи ресурстардың, оның ішінде металлургия, химия және құрылыс салаларын дамыту үшін мол қорының бар екенін жеткізді.Өңірде қолайлы инвестициялық саясат жүзеге асуда десек, үш жылға жоспарланған 7 млрд. долларды құрайтын ірі жобалар оған дәлел бола алады.Ербол Қарашөкеев түрік компанияларын облысқа инвестиция құюға шақырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, кабельдік өнімдердің, желдету және электр жабдықтарының, сорғылардың, сондай-ақ оқшаулағыш материалдардың өндірісін құру бағыттарындағы орасан зор әлеуетке назар аудартты.– Біз мүдделі инвесторларды қолдауға, кең ауқымды преференциялар беруге, дайын инфрақұрылымы бар өндірістік үй-жайлармен қамтамасыз етуге дайынбыз. Аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын үй-жайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Биыл тағы 100 мың шаршы метр құрылыс жоспарланған. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысатын «Zhambyl Invest» дирекциясында Түркиямен жұмыс істеу үшін жеке бөлім құрылған, — деді облыс әкімі.Форум барысында тараптар қосымша салалардың дамуына әсер етіп, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырған Мерсин провинциясы аумағындағы атом электр станциясын салу жобасын талқылады.Жамбыл делегациясы түрік серіктестерінің озық тәжірибесін қарастыруға қызығушылық білдірді.Мерсин Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Мұстафа Оздамар провинцияның инвестиция тарту бойынша көшбасшы екенін атап өтіп, Қазақстанмен, оның ішінде Жамбыл облысымен ынтымақтастықты нығайтудың зор мүмкіншілігіне тоқталды.Мерсин провинциясы губернаторының орынбасары Ирфан Демироз Қазақстан мен Түркия ұзақ жылдар бойы тығыз ынтымақтастықты сақтап келе жатқанын, ортақ тарихи және мәдени байланыстар екіжақты қарым-қатынастардың негізі екенін жеткізді. Ол Жамбыл облысымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ниет білдірді.Сондай-ақ Түркиядағы KAZAKHINVEST өкілі Ерсұлтан Жаңабаев орамды ойларын ортаға салды.Жамбыл облысының делегациясы Мерсин кәсіпкерлерімен B2G форматында кездесулер өткізді, бұл тікелей байланыс арналарын құруға, Жамбыл облысы мен Мерсин провинциясы аудандарының сауда белсенділігін ынталандыруға ықпал етпек.Мерсиндік іскер топ өкілдері Жамбыл облысымен бірлесіп цемент, дизель майы, күн батареяларын өндіру, жеміс-жидек, көкөністерді өңдеу және басқа да бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Кездесулер барысында әрбір жоба егжей-тегжейлі талқыланып, өңір басшысы кәсіпкерлердің барлық сұрақтарына толық жауап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/943880
Аманғали Бердалин Қызылорда облысының АӨК салаларының даму үрдісін тексерді 24.02.2025
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуде өңірдегі АӨК салаларын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.Қызылордада халықпен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті, онда Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеуге 700 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, қаржыландыру 2024 жылдың қараша айында басталды. Жеңілдетілген лизингке бөлінетін 200 млрд теңге 5,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.Әкімдіктердің алдын ала деректері бойынша Қазақстан бойынша жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 369,6 мың гектарға артық."Айналым қаражатын сатып алуға жылдық 5%-бен 48 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын 50 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалану үшін біз фермерлерді субсидиялаудан несие берушілерді, техника өндіретін зауыттарды, тыңайтқыштарды және суармалы су жеткізушілерді субсидиялауға көштік. Бұл шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Субсидиялардың тиімділігін бағалау үшін өндірілетін өнім көлемін ұлғайту бойынша қарсы міндеттемелер енгізілуде",-деді вице-министр.Аманғали Бердалин сондай-ақ шаруа және балық өсіру шаруашылықтарының жұмысымен танысты, ветеринария саласындағы мамандармен сою пункттерін ветеринариялық-санитариялық сараптаудың цифрлық платформасын талқылады, бірқатар тапсырмалар берді.Сондай - ақ, өңірде бюджет қаражаты есебінен де, әлеуметтік жауапты бизнес қаражаты есебінен де салынып жатқан ветеринариялық пункттер құрылысының барысына оң баға берді.Жергілікті атқарушы органдар ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын жоғары қарқынмен жақсартуда, өңірде көлік құралдарының 75% жаңартылды.Аманғали Бердалин Жалағаш, Қазалы және Арал аудандарының ветеринариялық пункттерінің жұмысымен танысты. Бордақылау алаңдарын, балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.Мәселен, 2023 жылдан бастап "Жұмабай" ШҚ тұқы балық түрлерін өсіру үшін сумен жабдықтаудың тұйық жүйесін енгізуде. Іске қосылғаннан кейін ішкі нарыққа жылына 200 тоннадан астам сазан мен африкалық сом жеткізіледі.Ағымдағы жылы қуаттылығы 50 тонна тұқы балық түрлерін құрайтын "Бақыт" тоған шаруашылығы пайдалануға беріледі. 2024 жылдың маусымында тоғандарға 4 миллион дана тұқы шабақтары шығарылды, ал қыстайтын тоғандарда қазіргі уақытта орташа салмағы 15-100 грамм болатын 100 мың дана шабақ бар.Терең өңдеу технологияларын "АРАЛ SEA FOOD" ЖШС балық өңдеу зауытында енгізуде. Мұнда қуаттылығы жылына 4 мың тонна балық филесін өндіру жолға қойылады. Келесі қадам-балық қалдықтарын өңдеу және балық ұны мен балық майын өндіру. Өнімдер Қазақстанда және ТМД елдерінде сатылатын болады.Вице-министр сондай-ақ Қамыстыбас балық питомнигіне барды, онда 1966 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тұқы балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданы 263 га балық өсіретін тоғандарда жыл сайын 15 млн шабақ өсіріледі, олар Кіші Арал теңізіне, Сырдария өзеніне және Қамыстыбас көліне шығарылады.Балық питомнигінің қызметкерлерімен кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органмен шешім жолдарын әзірлейтін ,балық питомнигін жаңғыртумен,техниканы жарақтандырумен және кәсіпорынның басқа да мәселелерін шешумен айналысатын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.Сонымен қатар, Аманғали Бердалин түйе шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтармен, "Qazaq Camel"ЖШС құрғақ түйе сүтін өндіру зауытымен танысты.Сапар қорытындысы бойынша вице-министр инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/943873
Павлодарда әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады 24.02.2025
Майдангер Василий Иванович Григораштың 99 жасқа толған күнімен құттықтауға Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келді.Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы майор Бекзат Оразов майдангерге табандылығы, батылдығы және Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.– Сіз адам айтқысыз қиындықтарды бастан өткердіңіз, қарсы тұрдыңыз және жеңдіңіз. Сіздің буын соғыс жылдары жасаған ерлік әлемдік тарих шежіресінде жазылған. Біздің бейбіт болашағымыз үшін жасаған барлық істеріңіз үшін рахмет, – деді ол.Майдандағы ерлігі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін департамент басшысы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хат табыс етті.Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін 17 жасында жас жауынгер қызыл әскер қатарына қызмет етуге кетті. Аға сержант Василий Григораш Байкал әскери округі 293-ші дивизиясының құрамында соғысып, бөлім командирі болды.Василий Григораш II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/943859
"Жас сарбаз" би тобы халықаралық байқауда гран-при жеңіп алды 24.02.2025
Махамбет Өтемісов атындағы оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының DALA AYENI IV халықаралық фестиваль-байқауы өтті.7 жастан 10 жасқа дейінгі жастағы заманауи би номинациясында "Жас сарбаз" балалар шығармашылық студиясының кіші тобы жеңіске жетті.Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жас бишілердің жарқын жеңісімен құттықтап, оларға зор денсаулық, оқуда табыс және шығармашылық шабыт тіледі."Джей Сай Рам" эстрадалық үнді биімен жас орындаушылар көрермендер мен білікті қазылар алқасын сүйсіндірді. Балалардың би қойылымымен хореограф-педагог Қарулы Күштердің қызметшісі Ержан Құдайбергенов жұмыс істеді.– Бұл байқаудың алдында қарқынды жаттығулар болды. Біз бәрін ұсақ-түйекке дейін жасадық: икемділік, синхрондылық, қозғалыс динамикасы. Балалар көңіл-күйді жеткізе алды. Сонымен, біздің бүлдіршіндер нағыз әртіске айнала отырып, шығармашылық шыңдарды кезең'кезеңімен бағындырып келеді, – деді шығармашылық студияның көркемдік жетекшісі-3-сыныпты сержант Альмира Асылбекова.Айта кетейік, Dala AYENI балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының би байқауына 23 ұжым қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/943860
Астанада Қорғаныс министрлігі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырды 24.02.2025
Елорданың "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығында мерейтойға арналған концерт пен көрме өтті.ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы (ҰӘПО) Орталық әскери оркестрінің музыканттары қала тұрғындарына арнап классикалық және заманауи туындыларды орындады. Оркестрдің орындауындағы таныс әскери және патриоттық, марштық және джаз әуендері көрермендердің қошеметіне бөленді.ҰӘПО Орталық ансамблінің солистері тыңдаушыларды соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық шығармаларды орындап қуантты. Ал ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбаздары қала тұрғындарын жалынды сарбаз биімен тәнті етті.– Әскерилердің көпшілік алдына шығып өнер көрсеткеніне әрқашан қуанамыз. Демалыс күндері біздің орталыққа көп адамдар келеді. Әскери қызметшілердің өнерлерін көрермендер әрқашан жылы қабылдайды, – деп атап өтті "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығы әкімшілігінің өкілі Жазира Садықан.Орталық алаңда құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері де өнер көрсетті, олар көрермендердің назарын тіп-тік болып сап түзеп, нақты қимылдармен аударды.– "Хан шатырға" келушілерге арнап нағыз мереке ұйымдастырған Қорғаныс министрлігіне рахмет. Әскерилердің келбеті, музыканттардың үйлесімді ойыны, соғыс жылдарындағы әуендердің ауыртпалығымен таныс жандарға – осының бәрі ерекше әсер береді және жер бетінде бейбітшілікті қорғаған жауынгерлеріміздің ерлігі жайлы естеліктерді еске түсіреді, – деді астаналық Айман Батырова."Хан шатыр" орталығының халық көп жиналатын алаңында өткен концертпен қатар ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері "1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан" атты көшпелі көрме ұйымдастырды.Экспонаттар қатарына жеке заттар, мұрағат құжаттары, соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың бірегей фотосуреттері, сондай-ақ шайқас орындарынан табылған снарядтар мен сарбаздар медальондары бар.– Екінші дүниежүзілік соғыс – Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі. Көрме бүкіл адамзатқа қауіп төндірген фашистік "машинаны" тоқтатқан отандастарымыздың ерлігін еске салады. Сұрапыл соғыста миллиондаған адамның өмірі қиылды. Тарихымыздың осы қайғылы бетін еске түсіруге және көрме жәдігерлерін көруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет, – деді Астана қаласының тұрғыны Әлішер Төлепалғанов.Мерейтой жылы Қорғаныс министрлігі осындай іс-шараларды елорда мен ел өңірлерінің басқа да қоғамдық орындарында өткізетін болады. Ондағы мақсат – отандастарымызға қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, бейбітшілік пен Жеңіс орнату үшін бәрін жасаған тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығын ұмытпау. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/943861
Футбол жанкүйерлері Астанадағы ойында үлгі көрсетіп, өзгелерді тәнті етті 24.02.2025
«Астана Аренада» өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчы аяқталғаннан кейін командалардың жанкүйерлері стадион трибуналарын қоқыстан тазартып, өзгелерге үлгі көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Бүгін «Астана Аренада» Қазақстан Суперкубогы аясында «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары арасында кездесу өтті. Кездесу 2:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.Ойыннан кейін елордалық жанкүйерлер стадион трибунасында қалған қоқысты шығарып, тағы да үлгі көрсетті.«Матч та, осы заманауи арена да бізге ұмытылмас эмоция сыйлады, олар біздің жадымызда өшпестей сақталады. Футбол командалары мен стадион қызметкерлеріне алғыс ретінде трибунаны тазарту шарасына қатысуды қажет деп санадым, осылайша құрметімді көрсеттім. Менің ойымша, бұл жаңа нормаға айналуы керек, өйткені матчтан кейінгі таза трибуна – қоғам дамуының жоғары деңгейінің белгісі», - дейді жанкүйерлердің бірі.Футбол матчын 30 мыңға жуық көрермен тамашалады. Ал елордалық жанкүйерлердің мұндай бастамалары дәстүрге айналып келеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/943840
Астанада бір түнде кальян ұсынған 5 тұлғаға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды 24.02.2025
Елорданың Байқоңыр ауданында кальян барына ауқымды рейд жүргізілді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.Бір түнгі аралау барысында 5 тұлғаға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.Байқоңыр ауданында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 441-бабына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік шаралар жалғасуда.Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну бойынша барлығы 54 факті анықталған.Рейдтік іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде құқық қорғау органдары қала тұрғындарының шағымдарын ескеріп, аталған аумақтарда құқық бұзушылықтарға талдау жүргізгені атап өтілді. Полиция мұндай рейдтер демалыс және мереке күндері күшейе отырып, тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.Еске салайық, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы қаулы 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Тиісті талап бұзылса, кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/943841