Қоғам
Әскери-әуе күштері А-400М әскери-көліктік ұшағымен толықты 05.12.2024
Алматыда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштердің авиаторлары мен іс-шара қонақтарын осы оқиғамен құттықтады.Салтанатты митингке Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, Airbus Military еуропалық концернінің өкілі Элена Парийя Мартин, ҚР Қарулы күштерінің ардагері запастағы полковник Владимир Платошин, әскери-көліктік эскадрильяның жеке құрамы, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, азаматтық авиация академиясының студенттері және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Ұшақ экипажының командирі подполковник Асылбек Жұмабаев Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа Испаниядан тұрақты орналасу пунктіне аман-есен келгені туралы баяндады.Қорғаныс ведомствосының басшысы іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. – Заманауи, ұтқыр, жоғары технологиялық армия қашанда елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаныс қабілетін нығайтудың кепілі болып қала береді. Бүгін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында біз жеке құрамды, ауыр жүктерді, техниканы тасымалдауға, гуманитарлық операциялар шеңберіндегі тапсырмаларды орындауға арналған әскери-көліктік ұшақ алдық, – деді генерал-полковник Р. Жақсылықов. Сондай-ақ, министр Airbus Military компаниясының өкілдеріне Испанияның Севилья қаласындағы авиациялық даярлық орталығында қазақстандық мамандарды оқытуға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.– Ұшу және инженерлік-техникалық құрам белгіленген мерзімде авиатехниканы басқару мен қызмет көрсетуге қажетті теориялық қайта даярлаудан өтті. Концерн өкілдері бізге осыған қатысты қажетті технологиялық ақпарат берді. Болашақта біздің мамандар оған өз бетінше қызмет көрсетіп, тиісті регламенттік іс-шараларды жүргізе алады, – деп толықтырды ол.Естеріңізге сала кетейік, Airbus Military авиажасау концернімен екіжақты ынтымақтастық бүгінде еліміздің Әскери-әуе күштерінде сәтті пайдаланылып жүрген С-295 ұшақтарын сатып алған 2013 жылы жолға қойылған болатын. Сондай-ақ, әуе кемесінің техникалық сипаттамаларын да атап өткен жөн. А-400М әскери-көліктік ұшағы 37000 кг жүкті тасымалдауға қабілетті. Максималды жылдамдығы сағатына 802 км. Ал ұшу биіктігі – 12200 м, практикалық қашықтығы – 7870 км.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/896852
Павлодар облысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың аймақ тұрғындарымен кездесуі өтеді 05.12.2024
2024 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Кочетов Евгений Дмитриевич Павлодар облысына жұмыс сапарымен барады. Сапар аясында облыс тұрғындарымен кездесу және азаматтарды жеке қабылдау жоспарланған.Азаматтарды жеке қабылдау Павлодар қаласында (2024 жылдың 9 желтоқсанында сағат 14:30, М. Жүсіп көшесі, 35/1, («Достық үйі») өтеді.Жеке қабылдауға жазылу үшін өтінімдерді қабылдау сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін 8 (7172) 74-05-08, 8 (771) 592-81-14 нөмірлері бойынша жүзеге асырылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/896869
ТЖМ жаңа техникамен қайта жарақтандыруға бағытталған 05.12.2024
Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру техникасы мен авариялық-құтқару жабдықтарын өндірудегі әлемдік көшбасшылардың бірі «Magirus» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өрт сөндіруге арналған роботты кешендерді және жұмыс биіктігі 68 метр болатын автосатыны қоса алғанда, жаңа әзірлемелер ұсынылды. Шыңғыс Әрінов: «Төтенше жағдайлар министрлігінде техниканың жоғары сапасына сұраныс бар. Біз ТЖ-ға ден қоюдағы тиімділік пен жеделдікті арттыру үшін аумақтық бөлімшелерде арнайы жабдықты жаңартуды жалғастырамыз». Қазақстан аумағында өрт сөндіру техникасын өндіруді оқшаулау мәселелері, сондай-ақ ынтымақтастық пен техникалық қызмет көрсетудің келешегі талқыланды. 1864 жылы құрылған «Magirus» компаниясы өрт сөндіру техникасының жетекші өндірушілерінің бірі болып табылады. Танымал әлемдік компаниялармен бірлесе отырып, бүкіл әлем қолданатын инновациялық өрт сөндіру машиналарын шығарады. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару қызметтері жұмысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін техникалық жарақтандыруды жаңғыртуды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/896853
Елордалық волонтерлер марапатталды 05.12.2024
Бүгінде волонтерлер қозғалысы белсенді дамып келеді және қоғамда әртүрлі салаларда көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Осылайша, азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туралы, сондай-ақ ТЖ кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы халықтың хабардарлығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізетін бірқатар волонтерлер атап өтілді. Елордада «VOLUNTEER FEST» мерекелік іс-шарасы өтті. ТЖД-дан жоғары азаматтық ұстанымы үшін 20-ға жуық волонтер марапаттарға ие болды. Жалпы, Департаментпен қаланың волонтерлік ұйымдарымен өзара іс-қимыл туралы 6 меморандумға қол қойылды, ол әртүрлі төтенше жағдайларды жоюға қатысқан 700-ге жуық адамды қамтиды. «Өзіміздің тапарымыздан адамдарға риясыз және шын жүректен көмектесетін барлық волонтерлерді құттықтаймыз! Сіздердің істеріңіз өздеріңіздің ынта-жігерлеріңізбен, мейірімді жүректеріңізбен және әрқашан көмектесуге дайын болуларыңызбен шабыттандыратын барлығына үлгі тұтарлық. Сіздердің жұмыстарыңыздың пайдасы мол, әрі қаламызды жақсартуға септігін тигізуде. Қажырлы еңбектеріңіз, жасап жатқан игі істеріңіз үшін рахмет!», – деп атап өтті елордалық ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Еркін Қашқанов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/896863
Сенат 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзетулерді мақұлдады 05.12.2024
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенатта еліміздің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2024 жылға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің нақтыланған болжамын таныстырды.Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, жыл басынан бері 2024 жылға арналған макро көрсеткіштер болжамын қалыптастырудың бастапқы параметрлері ел экономикасының ағымдағы дамуына сәйкес келеді.Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 79,9 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. 2024 жылға арналған бастапқы параметрлер бұрынғы деңгейде яғни, мұнай бағасы – барреліне 80 АҚШ доллары, инфляция 6-8 пайыз деңгейінде сақталды, - деді вице-премьер.Республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету және өңірлік өсу деңгейін қолдау үшін 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансфертті қосымша тарту ескерілді.Осыны ескере отырып, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2024 жылы $58,2 млрд-ты құрайды деп болжануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/896902
Жамбыл облысында онкологиялық ауруларды диагностикалау үшін жасанды интеллект енгізіледі 05.12.2024
Жамбыл облысында жыл соңына дейін 15 білім беру, 23 денсаулық сақтау, 10 спорт, 8 мәдениет нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Ербол Қарашөкеев әлеуметтік саладағы көрсеткіштерді баяндады.Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында 36 білім беру нысанын салу (10 600 орын) жоспарланған. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес 13 білім ошағы пайдалануға берілді, оның үшеуі «жайлы» мектеп. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр (1 мектеп, 1 мектепке қосымша ғимарат).Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі.9 мектеп пен 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өтті.Мектептерді жаңғыртуға 3,1 млрд. теңге бөлінді: 215 мектепті жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етуге 1,9 млрд. теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,2 млрд. теңге.Облыс оқушылары 15-ші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» атанды. Республикалық олимпиаданың нәтижелеріне сәйкес «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды.Республика бойынша PISA зерттеуінің қорытындысы сәйкес Жамбыл мектептері 1 орынды иеленіп, үздік нәтиже көрсетті.26 денсаулық сақтау нысанының 23-і жыл соңына дейін, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 нысан пайдалануға беріледі.Бюджет қаражаты есебінен 5 млрд. теңгеге 18 бірлік медициналық диагностикалық техника (4 компьютерлік томограф, 5 кешенді рентген, 2 УДЗ, 2 маммограф, 3 флюорограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 1 жылжымалы рентген аппараты) және 38 санитарлық автокөлік сатып алынды.Нәтижесінде медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 96,7 пайызға жетеді (2023 ж. - 91,9%).2025 жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.Облыста 15 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, бүгінге дейін оның төртеуі және 103 спорт алаңы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 спорт кешені қолданысқа беріледі деп күтілуде.Бюджеттен тыс 880 млн. теңгеге 4 спорт нысаны бой көтерді, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 2 модульдік спорт залын ашу жоспарда бар.5 мәдениет нысаны есігін айқара ашты (4 мәдениет үйі мен 1 музей), жыл соңына дейін тағы 3 нысан ел игілігіне тапсырылады.Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратына, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көрермендер залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 млрд. теңгеге 224 үйірмеде 9,1 мың бала қамтылды.Баспасөз алаңында өңірдің туристік әлеуетінің дамуына да тоқталды. Аталған салада 16,4 млрд. теңгенің 13 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Отандық және шетелдік туристер үшін 6 нысан ашылды, оның ішінде қонақ үйлер, демалыс орындары, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар. Туристік орындарға баратын жолдар жөнделіп, газдандыру мәселесі шешілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/896831
ТҮРКІСТАН: ЖАСТАРДЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ БАҒЫТТА ТӘРБИЕЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНДЫ 05.12.2024
Түркістан облысында азаматтарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселелері қаралған мәжіліс өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың қатысуымен өткен жиында әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы, жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмысының тиімділігі және алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжіліске бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.Күн тәртібіндегі мәселе бойынша олыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қ. Кулумбаев, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің орынбасарлары Б.Ахметов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Е.Бектаев, аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Облыс әкімінің орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, өңірде әскерге шақыру науқаны бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керектігін жеткізді.– Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Сондықтан жастарға Отан алдындағы парызды түсіндіріп, жігерлендірген жөн. Аудан, қала әкімдері мен жауапты басшылар патриоттық бағыттағы идеологиялық жұмыстарды жандандыру, әскерге аттану науқанын сапалы жүзеге асырып, жауапкершілікпен қараулары тиіс. Жұмысты бірлесе жандандырыңыздар. Осыған байланысты өз тараптарыңыздан ұсыныс беріңіздер, – деген облыс әкімінің орынбасары жастарға әскери борышын өтегендер үшін жоғары оқу орнына түсудегі және өзге де жеңілдіктер туралы түсіндіру керектігін айтты.Басқосуда ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары шақыру науқанын сапалы ұйымдастырып, жастарды отаршылдыққа баулитын іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896760
ТҮРКІСТАН: КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВТЕГІ ҮЗДІК ПЕДАГОГТАР ДИРЕКТОРЛЫҚҚА КОНКУРССЫЗ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ 05.12.2024
Түркістан өңірінің үздік педагогтары басшылық қызметке конкурссыз тағайындалады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша 43 түркістандық педагог кадрлық резервке өтті. Олар көшбасшылық, кәсіби және басқарушылық дағдыларын жетілдіріп, арнайы сертификатқа ие болды. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев резервшілермен кездесті.- Білім беру саласында оң өзгерістер көп. Бірқатар бағыттарда талап күшейді. Былтырдан бастап мектеп директорлары тікелей эфир арқылы ашық жүйеде тағайындалып келеді. Бұл бастама сыбайластық жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және азайтуға, түрлі кедергілерді тоқтатуға, әділетсіздікке тосқауыл қоюға және бірінші басшылық лауазымына лайықты азаматтардың қабылдануына септігін тигізіп жатыр. Кәсіби педагог кадрларының басқаруы – білім сапасының артуына тікелей байланысты. Ендігі кезекте кадрлық іріктеуге қатысып, сертификат алған педагогтарды яғни Сіздерді конкурстық рәсімсіз басшылық қызметке тағайындай аламыз. Тәжірибелеріңіз бен дарындарыңызға үміт артамыз. Сенімді ақтайды деген ойдамыз. Осылай кезең-кезеңімен кадр мәселесін шешеміз. Өңір әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен ұстаздаға ерекше құрмет көрсетілуде. Бұл жұмыстар одан әрі жанданады, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.Жиында облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қатысушыларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Резервке өткен педагогтар директордың орынбасары бола алады. Ал орынбасарлық қызметте жүрген көшбасшылар мектеп директорлығына тағайындалады.Оқу-ағарту министрілігі тарапынан білім сапасын арттырудың бес негізгі бағытын айқындалған. Оның ішінде тиімді менеджментті дамытуға және кадрлық резервті құруға ерекше басымдық берілген. 6 айға созылған процесс 5 кезеңнен тұрды. Атап айтқанда үміткерлер құзіреттерді бағалау бойынша тестілеу, жетекші мектептердегі тағылымдама, қорытынды бағалау және республикалық комиссияда әңгімелесуден өтті. Іс-шараларды Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізді.Айта кетейік, Түркістан облысында 2023 жылы 26 педагог резервте болған. Оның 23-і бос лауазымға конкурстық рәсімсіз орналасқан. Биыл жобаға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейген.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896763
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНУДА 05.12.2024
Қазақстандағы ең ірі жылыжай кешені Келес ауданында салынуда. Бұл жылыжай қазақстандық инвесторлардың, Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) қатысуымен және ресейлік «ЭКО-культура» холдингінің зияткерлік және технологиялық қолдауымен құрылған. Жедел басқаруды орталықтандырылған қазақстандық басқарушы компания жүзеге асыратын болады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС-не барып, компанияның өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы бұл жобаның аса маңызды екенін айтып, аймақта агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді. Жобаны жан-жақты қолдауға дайын екендігін атап өтті. Сонымен қоса, өңір басшысы жылыжайдың құрылыс жұмыстарының барысын да бақылады.Осы жобаны іске қосу арқылы өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын көтеру міндеті жүктелген. Бұл әріптестік жоба агросаланы дамытуға серпін беріп қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтымақ.500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асады. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда. 1 кезеңінің құрылысы 2023 жылы басталды. 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады. Ал екінші кезеңінің құрылысы 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тапсырылмақ.Жылыжай кешенінің жалпы ауданы 51,88 гектарды құрайды. Салынып жатқан нвестициялардың жалпы көлемі 42 млрд. теңгеден аспақ. Жоспарланған өндіріс көлеміне келсек, жоба толық жүзеге асқанда жылына 27 мың тонна көкөніс өсіреді. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады.Жылыжай кешенінің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, мұнда бір уақытта әртүрлі қызанақтың және басқа да дақылдардың 12 буданы мен сұрыбын өсіруге болады. Жылдың кез келген уақытында жаңа, дәмді және пайдалы көкөністер береді. Нарықтағы сұранысқа сай өнім түрін және көлемін өзгерту мүмкіндігі бар.Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды реттейтін, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған.Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896768
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ 300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ 05.12.2024
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалуға тапсырылды. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.– Мемлекет басшысы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп және облыстық бюджет және арнайы қордың қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда. Бұл 50 мектеп пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Бұдан бөлек, алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп есептеймін. Біз оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бүгінгі ашылғалы отырған жаңа мектебіміз көршілес жатқан ауылдарда тасымал арқылы білім алып жүрген оқушыларымыздың мәселесін шешеді. Осы жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған оқушыларымыз үздік оқып, ел үмітін ақтап, отаншыл азаматтар болатынына сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.Нысан Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында бастаған. Жалпы жер көлемі 1,96 гектарды құрайды. Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Бұл мектепте Көгерту ауылында және осы елді мекеніне жақын орналасқан ауылдарда тұратын оқушылар білім алады.Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 мектепте 33 669 оқушы білім алуда. Ауданы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896774
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ТӘУЛІГІНЕ 800 ЖҰП АЯҚ КИІМ ШЫҒАРЫЛАДЫ 05.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іссапарын Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі аяқ киім шығаратын шағын цехтың жұмысымен танысудан бастады.Бүгінде Сәкен Шораевтың басшылығындағы «Sh.S.САМҰРЫҚ» ЖШС-де 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 250 мың жұп аяқ киім болса, бүгінде тәулігіне аяқ киімнің 30-ға тарта түрінен 800 жұп аяқ киім шығарылуда.Облыс әкімі аудан, қалаларда шағын кәсіпкерлікті дамыту, цехтар мен өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.Өндіріске қажетті негізгі шикізатты Қытай елінен алдыратын кәсіпкер кәсіпорынды іске қосу үшін жеке қаржысы есебінен 500 млн теңге инвестиция салғанын айтады. Бүгінде Жетісайдан шыққан аяқ киімдер жергілікті базарлармен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сауда орындарында сатылуда.Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі өндірген өнімдерінің бағасы төмен болғанымен, сапасы жоғары. Көлемі жағынан 25 пен 45 өлшемді аяқ киімдерді тігетін өндіріс орнының басшысы алдағы уақытта кәсіпорынның ауқымын да, қуаттылығын да арттырмақ. Сол арқылы жұмысшылар санын көбейтіп, отандық өнімдерін брендке айналдыруды жоспарлап отыр.Айта кетейік, Түркістан облысында аудан, қалалардың 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп, қабылдануда. Ол құжаттарда өңірлік өнім көлемін ұлғайту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Ал облыстық деңгейде, өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көзделген.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896837
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЖЕТІСАЙДАҒЫ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ САЛЫНЫП ЖАТҚАН МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ 05.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды.Жоба аясында өткен жылдың соңында Жетісай қаласынан 1500 орындық, Асықата кентінен 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округінің Ақниет елді мекенінен 600 орындық мектептердің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа тапсырылады деп жоспарланған.Өңір басшысы Асықата кентіндегі құны 7 млрд теңгені құрайтын нысанның құрылыс сапасын тексеріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жауапты сала басшыларына өндірістік кестеден кешікпей, сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Мектеп ауласына ағаш екті.Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беріледі.Ауданда оқушылар мен ұстаздарды заманауи мектептермен қамту мақсатында биылдың өзінде жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан 720 орындық 2 мектеп пайдалануға берілсе, келесі жылы 1300 оқушыға есептелген тағы 3 мектеп инвесторлар есебінен салынады.Айта кетейік, облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам білім ұясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896840
ТЖМ басшысы қазақстандық волонтерлерді құттықтады 05.12.2024
Құрметті волонтерлер! Сіздерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтаймын! Сіздер жүрегі адал адамдарсыздар, сіздердің көмектесуге деген ұмтылыстарыңыз біздің әлемді жақсы жаққа қарай өзгертеді. Сіздердің белсенділіктеріңіз және әсіресе қиын жағдайларда өзекті мәселелерді шешуге қатысуларыңыз қоғамдық рух пен қауіпсіздікті нығайтуда үлкен рөл атқарады. Сіздердің жұмыстарыңыз су тасқыны мен орман өрттерінің салдарын жою кезеңінде ерекше маңызға ие болды. Сіздер көмекке келуге және мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге дайын екендеріңізді көрсеттіңіздер, бұл - азаматтық жауапкершіліктің жарқын мысалы. Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан елімізді мықты әрі ұйымшыл ететін маңызды және қажетті істерге қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге жаңа игі істер жасау үшін зор денсаулық, сарқылмас қуат және Қазақстан Республикасының өркендеуі үшін атқарып жатқан маңызды және пайдалы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Құрметпен және ризашылықпен,Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрігенерал-майор Шыңғыс Әрінов Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/896847
Жамбылдық диқандар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттырды 05.12.2024
Жамбылдық шаруалар 20,8 млрд. теңге субсидия алды. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашалығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.Биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 млрд. теңге бөлініп, салаға 14,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 млн. тонна өнім алынды.600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде.Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 26,2 млн. АҚШ доллардың 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды (2023 ж. - 18,2 млн. АҚШ долларға 53 мың тонна).Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бағдарламасы іске қосылып, 3,2 млрд. теңгеге 244 бірлік техника сатып алынды. Нәтижесінде жаңғырту деңгейі 8 пайызды құрады.Жыл басынан агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 млрд. теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылды.СҚО тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуда, олар 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтады. Сондай-ақ тағы 5 замануи көкөніс сақтау қоймасын (сыйымдылығы 32 мың тонна) іске қосу көзделген.Бұдан бөлек, жалпы сомасы 8,5 млрд.теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған.Қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей жобаны жүзеге асыру басталды.«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 25,5 млрд. теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.Биылдан бастап шағын және орта бизнесті дамытуды қаржыландыру негізгі бағытқа айналды. Несие жылдық 2,5 пайызбен 5 жылға жеке кәсіпкерге 9,2 млн. теңгеге дейін, кооперативтерге 29,5 млн. теңгеге дейін беріледі.Ербол Қарашөкеев Президенттің суармалы егістік алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат берді.Халықаралық банктердің несиесі есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша 6 ауданда (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу) ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 канал қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артты.55,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді.Өңірде Kazakh Industrial Stroi (ҚХР) кәсіпорны каналдарға арналған бетон жабындарын, ал Kazkaspi Hydro (ҚХР) тамшылатып суару жүйелерін, «Ans Plast» (Қазақстан) спринклерлік жабдықтар мен ПВХ құбырларын шығаруды қолға алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/896780
Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға екі есе көп қаражат бөлінді 05.12.2024
Жамбыл облысында 10 айдың қорытындысы бойынша 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар - 750 мың шаршы метр). Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев айтты.Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Тараз қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп келеді. Қазір 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үй салынып жатыр, жыл соңына дейін 2 024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі.Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд. теңгеге 1 575 пәтер сатып алынды.Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға бюджеттен 2 есе көп қаражат бөлінді: 2023 жылы – 23,2 млрд. теңге, 2024 жылы – 40,8 млрд. теңге.Жалпы құрылыс және сатып алу есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 1 963 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық. Сонымен бірге «Әулие ата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырады.Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы хабардар етті.Биыл 21,5 млрд. теңгеге 68 жоба жүзеге асырылуда (22 АЕМ – сумен жабдықтау нысанының құрылысы, 15 АЕМ – кешенді блок-модульді орнату). Жыл қортындысына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,1 пайызға дейін көтеріледі.Облыс әкімі ОКҚ мінберінде сөйлеген сөзінде көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген Мойынқұм ауданы елді мекендерін газдандыру бойынша ауқымды жобаның бастау алғанын айтты.Жамбыл облысында 285 ауылдық елді мекен (1, 113 млн. тұрғын) көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы 12 жоба аясында 3 елді мекен (5,0 мың адам) газдандырылды. Халық саны бойынша газдандыру деңгейі 91,3 пайызға дейін ұлғайтылды.Өңірде «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату станциясының (Сарысу ауданы) құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, бұл минералды тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын шығару бойынша ірі өнеркәсіптік жобалардың бірін іске асыруға мүмкіндік береді.Тараз қаласындағы М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау және Жаңатас қалаларында орталық қазандықтар қайта жаңғыртылды.Келесі жылы облыс орталығындағы М-3 жылу желілері мен жылу магистралін қайта жаңғырту жоспары бар.710 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарымен қамтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 99 пайызды, елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/896807
Жыл басынан бері 42 мыңнан астам жамбылдық тұрақты жұмысқа орналасты 05.12.2024
Жамбыл облысында Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша жоспар артығымен орындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.Биыл әлеуметтік салаға 46,3 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық (2023 ж. - 36,3 млрд. теңге).Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік бастамаларды қолдау есебінен 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (жоспар - 8,8 мың).Бұдан бөлек, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 42 мыңы - тұрақты.2024 жылдың 10 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 47 063 адам тартылды (жоспар - 47 951), оның ішінде 2,2 мыңы - мүгедектігі бар азаматтар.Облыста орташа айлық жалақы 8,5 пайызға өсті.Ербол Қарашөкеев журналистерге облыста мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.Өңір халқының 29,1 пайызын жастар құрайды.Жыл басынан бері 22,7 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды (жоспар - 20 933), «Ауыл аманаты» жобасы аясында 259 жас кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды.Сондай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыстарға 1,8 мың жас тартылып (жоспар – 2 мың), бұл мақсатқа 173,5 млн. теңге бөлінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/896824
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасына елді мекен тұрғындары ерекше белсенділік танытуда 05.12.2024
Бүгін Арал ауданында жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында «Ардағым ардагерім» акциясы өтуде. Жастар ресурстық орталығының мүшелері еңбек ардагерлері мен қарттарға қолдау көрсетіп, олардың үй ауласын тазалаумен айналысуда. Жастар аумақты қоқыстан, құрғақ бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартып, ретке келтіруде. Сонымен қатар, олар ауладағы ағаштарды әктеп, қоршауларды бояп жатыр.Мұндай акциялар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды, - дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязов. - Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, оларға көмек көрсету-біздің халқымыздың қанында әрқашан болған. Ақсақалдар алғысын білдіріп, батасын берді. Сонымен қатар, бұл экологиялық тәрбие, тазалыққа деген сүйіспеншілікті ояту, қоршаған ортаға қамқорлық жасау.Осы күні Арал ауданының барлық мектептерінде «Табиғатты аялайық!» тақырыбында сынып сағаттары өтті. Аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Шыңғыс Нұрбайдың айтуынша, оқушыларға табиғатты қорғау туралы ақпарат беріліп, планетамыздың экологиясын жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі түсіндірілді. Бұл суды және электр қуатын үнемдеу, қоқысты сұрыптау, табиғатта демалғаннан кейін қоқысты жинау және басқа да көптеген шаралар.Ауданда «Таза өлке-таза аудан» акциясы да өтті. Ауыл тұрғындарына туған өлкесінде тазалықты сақтау бойынша буклеттер мен брошюралар таратылды.Қазалы ауданының тұрғындары да «Таза Қазақстан» жобасын ілгерілетуге өз үлестерін қосуда. Бүгін мұнда «Табиғатты аялайық!» тақырыбында мектепішілік сынып сағаттары өтті.Сонымен қатар, «Таза қала өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.– Тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Менің ойымша, тазалық – тек тазалауда емес, оны ластамауда. Семинарда біз барлық жерлестерімізді, туған өлкеміздің тазалығын және сұлулығын сақтауға шақырамыз, – деді Әйтеке би кентінің әкімі Алиби Абиев.Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы оған 678 137 облыс тұрғыны қатысты. 25 074 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 505 алаңдар мен саябақтар, 225 тарихи ескерткіштер аумақтары, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 322 су айдындары, 47 451 аулалар мен көшелер тазартылды.548 арнайы техника қолданылып, 176 814 ағаш көшеттері отырғызылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/896797
Бір жылда 300 жағдай: Астанада қалаға зиян келтірген вандалдар қалай жазаланады 05.12.2024
Бөтеннің мүлкіне зиян келтірген кезекті вандалдар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Мәселен, 3 желтоқсан күні таңғы сағат 06:00 шамасында 27 жастағы астаналық мас күйінде көлікті зақымдап, материалдық шығын келтірді.2 желтоқсанда сағат 17:00 шамасында қақтығыс кезінде 19 жастағы жігіт көлікке зақым келтірді.ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша барлық құқық бұзушылар табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған "Тоқта, вандал" акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.Акцияның мақсаты - вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.Жыл басынан бері сот 300-ден астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, жалпы аумақтарды ластағаны үшін, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896691
Тәулік бойы қар күреу: Астанада күндізгі ауысымға 900-ге жуық техника шығарылды 05.12.2024
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бір түнде олар қаладан 168 жүк көлігіне қар жинап, алып шықты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.5 желтоқсан күні таңертең елорданың көшелері мен жолдарын, алаңдары мен тротуарларын қар мен мұздан 2,7 мыңнан астам жол жұмысшы мен 890 бірлік арнайы техника тазартады.5 желтоқсанға қараған түні қаладан 168 жүк көлігі немесе 1 892 текше метр қар шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 65 мыңнан астам рейспен 839 мың текше метр қар шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896523
Биыл құрылысы ұзаққа созылған 5 нысан пайдалануға берілді 05.12.2024
Бұл туралы мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау саласының дамуы талқыланған облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Жиында Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун 2024 жылдың 11 айында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру туралы есеп берді. Жалпы 55 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 44 нұсқама берілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 197 хаттама жасалды. Жалпы сомасы 43 млн теңгеден астам айыппұл салынып, оның 91%-ы өндірілген. Әкімшілік жауапкершілікке 49 құрылыс компаниясы, 7 жобалау ұйымы, 28 мердігер ұйым, 5 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымы, 2 сараптама ұйымытартылған. Жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 1723 хабарлама қабылданды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, өндірістік объектілер, сондай-ақ жолдар мен инженерлік желілер құрылысы бар. Биылғы жылдың басында Ақтөбеде коммерциялық мақсаттағы 12 ұзаққа созылған құрылыс нысаны болды. Бүгінде бесеуі пайдалануға берілді. Бұл – кафе-дүкен, 320 орындық балабақша, көп пәтерлі тұрғын үйлер және монша кешені. Алтын Орда шағын ауданындағы және Ө.Сейітов көшесіндегі автоқызмет кешені мен үйлер іске қосу сатысында тұр.«Басқарма инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүк машиналарының дөңгелектерін жуу және тазалау пункттері жоқ құрылыс объектілерін анықтау, іргелес аумақты тегістеу және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша іс-шаралар жүргізуде. 1,49 млн теңге сомасына 41 құрылыс субъектісі жауапкершілікке тартылды. Басқарманың қадағалау жұмыстары жалғасуда және үнемі бақылауда»,- деді Оксана Сопрун. Есепті тыңдағаннан кейін облыс әкімі құрылыс ұйымдарына бақылауды күшейтуді тапсырды.«Көшелердің ластануы негізінен құрылыс алаңдарынан шығады. Сондықтан құрылыс компанияларын бақылауды күшейту қажет. Күнделікті тексерулер жүргізу керек, әсіресе Алтын Орда және Оңтүстік айналма сияқты аудандарда. Тексерулерге жергілікті полиция, қалалық сәулет мамандары, қоғам белсенділері мен депутаттарды қосыңыздар. Егер күн сайын рейдтер жүргізілсе, құқық бұзушылар тәртіпті сақтай бастайды. Біз қала аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ, компанияларды, әсіресе жобалары созылғанжәне инвесторларды іздейтіндерді тексерген жөн. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселелер бойынша барлық тексерулерді осы аптадан бастау керек»,- деп тапсырды әкім.t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/896802