Қоғам
Ұлттық ұланда 500-ге жуық жұп қызмет етеді 15.05.2026
Құқықтық тәртіп әскерінің қатарында өмірлік серігін тауып, елге бірге қызмет етіп жүрген жарасымды жұптардың саны бүгінде 500-ге жуықтап отыр. Осындай үлгілі отбасылардың бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Ән-би ансамблінің музыканттары Нұрхан Мұқат пен Алтынай Тастанның өнерлі шаңырағы.Еліміздің батысында туып-өскен қос өнерпазды тағдыр Астана төрінде, соның ішінде әскери қызметте табыстырған. Нұрхан – ансамбльдің фольклорлық тобының құрамында домбыра үнімен ұлттық өнерді дәріптеуде. Ал Алтынай – эстрадалық әндерді орындап, әскери ортадағы мәдени рухты көтеріп жүр.Халықаралық отбасы күніне орай, қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген қос әскери қызметші өздерінің өнерімен және өмірлік ұстанымдарымен бөлісті.– Әскери қызметтің жауапты міндет екенін бәріміз білеміз. Өнердің де жолы жеңіл емес. Осы орайда, жарым екеуіміз әрқашан бір-бірімізді қолдауды таңдаймыз. Өйткені, Отан отбасынан басталады! – дейді Нұрхан.Шын мәнінде отбасы – сенім мен шабыттың, түсіністік пен қолдаудың алтын діңгегі. Олар күнделікті әскери міндеттің жауапкершілігін сезіне отырып, отбасындағы сыйластық пен бірлікті де басты құндылық санайды. Домбыраның қоңыр үні мен жүрекке жеткен әсем ән – олардың тек өнерге емес, отбасы мен Отанға деген адалдығының көрінісі.Ұландық әскери отбасылар ел тыныштығын күзетіп қана қоймай, өнер арқылы ұлттық рухты насихаттап келеді. Үлкенді де, дәстүрді де құрметтейтін, еліне еңбек ететін осындай отбасылар Ұлттық ұлан айбынын арттырып, жас буынға үлгі болары сөзсіз. Өйткені берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі, ал Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың абыройлы борышы. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1220965?lang=kk
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Ұлттық ұланның авиабазасында болды 15.05.2026
Халықаралық отбасы күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиабазасында Әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің әскери қызметшілермен кездесуі өтті. Делегацияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева бастап келді.Кездесуде отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі және әскери мамандықты таңдаған азамат өміріндегі отбасының орны кеңінен сөз болды.Қонақтар Ұлттық ұлан бөлімшелеріне әуеден қолдау көрсететін 3656 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты. Авиабаза экипаждары жеке құрам мен жүктерді тасымалдап, құтқару операцияларына қатысады және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.Делегация авиациялық эскадрильяның қару-жарағында тұрған ұшақтар мен тікұшақтарды көріп, заманауи авиациялық техниканың мүмкіндіктерімен және авиабазаның инфрақұрылымымен танысты.– Бүгін мен жоғары кәсіби дайындықты, заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды, сондай-ақ өз ісіне адал азаматтарды көрдім. Әсіресе мұнда отбасы құндылықтарына және әскери қызметшілерге моральдық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінетіні қуантады. Берік отбасы ғана Отанға адал қызмет ету жолында күш-қуат сыйлайды, - деді Светлана Ермекқызы.Даңқ залында қонақтарға құқықтық тәртіп әскерлері авиациясының қалыптасу және даму тарихы таныстырылды. Одан кейін әскери қызметшілермен ашық әңгіме өрбіп, бала тәрбиесі, отбасылық дәстүрлерді сақтау және қазіргі қоғамдағы әскери қызметтің маңызы талқыланды.Кездесу соңында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы, Светлана Айтбаева бақытты жанұя, өзара сыйластық пен ұрпақ сабақтастығы әрбір әскери қызметші үшін сенімді тірек екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы құндылықтар құқықтық тәртіп сақшыларына әскери борышын абыроймен атқарып, Әскери антқа адал болуға күш береді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1220966?lang=kk
«KEDEN» жүйесіне қатысты мәселелер талқыланды 15.05.2026
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, кеден өкілдері және уақытша сақтау орындарының иелерімен кездесу өтті.Іс-шара барысында «KEDEN» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге қатысты проблемалық мәселелер талқыланып, жүйенің функционалдығын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Шара барысында кәсіпкерлердің кедендік ресімдеу барысында туындаған сұрақтарына толық жауаптар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1220951?lang=kk
Облыс әкімінің өкімімен Ербол Қуанышұлы Тасжүреков Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды 15.05.2026
Облыс әкімінің өкімімен Ербол Қуанышұлы Тасжүреков Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған.1979 жылы Тараз қаласында дүниеге келген.Мынадай мамандықтар бойынша білімі бар:экономист;заңгер;мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі;мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар магистрі.Мыналарды:М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін;Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін;Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын;Францияның Ұлттық әкімшілік мектебін тәмәмдады.Еңбек қызметі:1998-2001 жылдары - «Қазнұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің валюта айырбастау пунктінің менеджері;2003-2007 жылдары - «Профиль-Lux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры;2007-2013 жылдары - Астана қаласы Алматы ауданының № 2 аудандық сотында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген;2013-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінде басшылық лауазымдарды атқарды;2014-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі департаменті директорының орынбасары;2016-2018 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары;2018-2019 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;2019-2021 жылдары – «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры - Басқарма мүшесі;2023-2026 жылдары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1220954?lang=kk
QazTrade: ТМҰ елдері Қазақстанның шикізаттық емес экспорты өсімінің негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді 15.05.2026
Түркі мемлекеттерінің ұйымы елдері бүгінде Қазақстан үшін ең қарқынды дамып келе жатқан әрі стратегиялық маңызы жоғары экспорттық бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл туралы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров Астанада өткен ТМҰ елдерінің экономикалық интеграциясы мен кооперациясы: өнеркәсіп, АӨК, логистика және цифрландыру салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» атты бизнес-форум барысында мәлімдеді.Форумға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, сауда палаталарының, іскерлік бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастығының, логистикалық компаниялардың, инвестициялық құрылымдардың, халықаралық серіктестердің, сондай-ақ түрік кооперативтері мен шетелдік бизнес өкілдерінің қатысушылары жиналды.Іс-шара аясында «Инвестиция тартудың практикалық тетігі ретінде өндірістік, ауыл шаруашылығы, логистикалық және сауда кооперациясының бірыңғай платформасын іске қосу» тақырыбында панельдік сессия өтті.Өз сөзінде Айтмұхаммед Алдажаров экспорттаушыларды қолдау шаралары мен QazTrade-тің қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған практикалық тәсілдерін таныстырды.«Біздің міндетіміз - тек жеткізілім көлемін ұлғайту емес, Қазақстанды тұрақты сапалы өнім ұсынатын сенімді серіктес ретінде қалыптастыратын орнықты экспорттық тізбектер құру», - деді ол.2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен тауар айналымы 12,9 млрд АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өсті. Ал қазақстандық экспорт көлемі 19,9%-ға артып, 9,49 млрд АҚШ долларына жетті. Өсімнің негізгі драйверлері ретінде қосылған құны жоғары өнімдер бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері, кондитерлік тауарлар, дайын азық-түлік және минералды су жеткізілімдері бар.Сондай-ақ жиын барысында QazTrade жүзеге асырып жатқан экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдары таныстырылды. Олардың қатарында экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы, сауда-экономикалық миссиялар, B2B форматындағы кездесулер, цифрлық экспорт құралдары және отандық компанияларды халықаралық маркетплейстерде ілгерілету шаралары бар.2025 жылы іске қосылған «QazTrade Alliance» ұлттық экспорттаушылар альянсына да ерекше назар аударылды. Альянс өндірушілерді, ритейлерлерді, салалық сарапшылар мен мемлекеттік институттарды біріктіріп, отандық компанияларды сыртқы нарықтарға кешенді түрде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бұл қолдау маркетинг пен сертификаттаудан бастап логистика мен шетелдік серіктестерді іздеуге дейінгі барлық бағыттарды қамтиды.QazTrade өкілдерінің айтуынша, ТМҰ елдері арасындағы кооперацияны дамыту тек саудамен шектелмеуі тиіс. Ол бірлескен инфрақұрылым қалыптастыру, бірыңғай цифрлық шешімдерді енгізу, келісілген логистикалық тәсілдер мен тұрақты өндірістік байланыстарды дамыту арқылы жүзеге асуы қажет.Форум барысында қатысушылар ТМҰ елдерінің бірыңғай кооперациялық платформасын құру перспективаларын да талқылады. Аталған платформа өндірушілерді, фермерлерді, қайта өңдеушілерді, логистикалық операторларды, сауда желілері мен инвесторларды біріктіретін тиімді тетікке айналуы мүмкін.QazTrade бұл бастаманы іске асыру үшін экспортқа дайындық диагностикасынан бастап экспорттық мәмілелерді цифрлық сүйемелдеуге дейінгі өз әдіснамасы мен платформалық шешімдерімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1220955?lang=kk
Мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік күні» 15.05.2026
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназияның оқушыларына арналған. «Ашық есік күні» акциясын өткізді.Шара барысында оқушылар мемлекеттік кірістер органдарының мұражайымен, «Көкшетау- кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетімен, Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қабылдау және өңдеу Орталығымен және басқада бөлімдерімен танысты, салық және кеден саласындағы қызметтерлерінің негізгі бағыттары түсіндірілді. Шара барысында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясын өткізіп жатқанын хабарлады.«Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.Ақмола облысы бойынша іс-шара Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында аптасына 2 рет (сейсенбі, бейсенбі) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1220682?lang=kk
Еуропа күні: серіктестік пен ортақ өркендеуге жаңа көзқарас 15.05.2026
9 мамыр күні Еуропалық одақ 1950 жылғы тарихи Шуман декларациясына арналған Еуропа күнін атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Францияның сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция мен Германияның көмір және болат өндірісін ортақ басқару органының құзырына беру жөнінде батыл бастама ұсынды. Бұл көреген мемлекеттік қадам кейіннен Еуропалық одаққа айналған құрылымның негізін қалап, тарихтағы ең жойқын соғыстан зардап шеккен құрлықты бейбітшілік, ынтымақтастық және өркендеу кеңістігіне айналдырды. Экономикалық интеграция ретінде басталған үдеріс уақыт өте келе мемлекеттерді біріктіріп, демократияны нығайтқан әрі көпжақты ынтымақтастықтың әлемдегі ең ықпалды үлгілерінің бірін қалыптастырған ауқымды саяси жобаға ұласты, деп жазады Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенко.Еуропалық одақтың жетістіктері 2012 жылы бүкіл әлемде мойындалып, құрлықтағы тұрақтылықты нығайту, татуласуды ілгерілету және бұрынғы қарсыластарды жақын серіктестерге айналдыру жолындағы табыстары үшін Нобель бейбітшілік сыйлығымен марапатталды. Бұл марапат тек соғыстың болмауын ғана емес, сондай-ақ ортақ құндылықтарға, өзара құрметке және құқық үстемдігіне негізделген тәртіпті белсенді түрде қалыптастыруды да мойындау болды.Бүгінде әлемдік ахуалдың жылдам өзгеруі мен ішкі пікірталастар аясында ЕО-ның нормативтік ықпалы мен «жұмсақ күші» маңызды артықшылық ретінде сақталып отыр. Еуропалық одақтың тартымдылығы оның демократиялық құндылықтарға, жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарға, инновациялар мен даму саласындағы ынтымақтастыққа деген берік ұстанымымен айқындалады. Global Gateway секілді бастамалар ЕО-ның өңіраралық байланыстар мен инвестицияларға қатысты сенімді, орнықты әрі серіктестікке негізделген тәсілді ұстануға ниетті екенін көрсетеді.Бұл тартымдылық Қазақстанда және тұтастай алғанда Орталық Азияда да сезіледі. Егемендік пен алуан түрлілікті құрметтей отырып интеграцияны тереңдетуге негізделген еуропалық модель біздің өңірдегі ынтымақтастықты дамытуға шабыт береді. Қазақстан өңірдегі конструктивті мемлекет әрі қалыптасып келе жатқан орта державалардың бірі ретінде Еуропалық одақпен диалог пен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуде зор әлеуетті көріп отыр.Орталық Азиядағы ЕО үшін ең ірі сауда серіктесі әрі инвестициялардың негізгі бағыты ретінде Қазақстан бұл өзара тиімді серіктестікті, соның ішінде ең жоғары деңгейде де, тереңдетуге дайын.Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясындағы қарым-қатынастарымыз қазірдің өзінде сауда мен инвестициялар, энергетикалық қауіпсіздік, көлік және логистика сияқты маңызды салаларды қамтиды. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуропа мен Азияны неғұрлым тиімді әрі тұрақты байланыстыратын флагмандық жоба ретінде ерекшеленеді. Дегенмен ынтымақтастықтың әлеуеті бұдан да ауқымды: стратегиялық шикізат материалдары, жасыл және цифрлық трансформация, ғылым мен инновациялар, жасанды интеллект, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін кеңейту салаларындағы өзара іс-қимыл. Мұның барлығы өзара құрметке, халықаралық құқықты сақтауға, ашықтыққа және азаматтарымыз бен экономикаларымыз үшін нақты пайда әкелуге негізделген.Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы өкілі ретінде мен Еуропа күніне орай Еуропалық одақ халықтары мен басшыларын шын жүректен құттықтаймын.9 мамыр Қазақстан үшін де айрықша мәнге ие, өйткені бұл күні біз 1945 жылғы нацизмді жеңудегі ортақ Жеңіс күнін атап өтеміз. Біз ата-бабаларымыздың орасан зор құрбандықтарын ешқашан ұмытпауымыз керек. Олардың рухы бейбітшілікті құру мен сақтауға бағытталған ісімізде әрдайым бағдар болуы тиіс.Еуропа осы 9 мамырда өзінің жүріп өткен жолына ой жүгіртіп жатқанда, Қазақстан болашаққа зор сеніммен қарайды. Жаңарған ұмтылыстар мен прагматикалық ынтымақтастық арқылы біз Атлант мұхиты жағалауынан Еуразия жүрегіне дейін өркендеу мен тұрақтылықты тарата отырып, сенім мен мүмкіндіктер көпірін нығайта аламыз. Диалог көбірек, ал бөлінушілік аз қажет болатын қазіргі әлемде Еуропалық одақ пен Қазақстан секілді серіктестердің бұл жолды иық тіресе бірге жүруіне толық негіз бар — халықтарымыз бен келер ұрпақтың игілігі үшін.https://www.eureporter.co/uncategorized/2026/05/09/europe-day-a-view-of-partnership-and-shared-prosperity-from-not-so-far-awayАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1220760?lang=kk
«Ғасырлар дәстүрі» атты халықаралық сәндік-қолданбалы өнер және кілем тоқу фестивалі 15.05.2026
Халықаралық музей күні аясында ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында 2026 жылдың 14-17 мамыры күндері Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан этнографиялық музейінің Солжағалық кешені аумағында (Сәтбаев даңғылы, 79 а) «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалін өткізу жоспарлануда. Бұл – кілем, алаша тоқу және текемет, сырмақ тігу өнерінің үздік шеберлері бас қосатын бірегей алаң!Фестивальге 8 мемлекеттен және ел өңірлерінен жалпы жиыны 800-ден аса қолөнер шеберлері қатысады. Атап айтқанда, кілем тоқу өнерінің ежелгі отаны саналатын Әзірбайжан Республикасынан, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Таулы Алтай мемлекеттерінен, сонымен қатар еліміздің таңдаулы қолөнер шеберлері қатысады. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің мүшелері де фестиваль жұмысына атсалысады.Фестиваль аясында:- «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізе отырып, «Аламан құрақ – 2026» жобасын (жоба авторы Н. Абайқан) өткізу қарастырылған.- жетекші шеберлердің шеберлік сағаттары,- тақырыптық көрмелер мен шығармашылық зертханалар,- облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу,- облыстың аудандары мен қалаларының мәдениет қызметкерлері үшін бейінді сарапшылардың қатысуымен материалдық емес мәдени мұра мәселелері бойынша оқыту семинары.Фестиваль аясында өтетін концерттік концерттік бағдарламада арнайы келген этникалық музыка шеберлері өнер көрсетіп, көрерменге әуен арқылы терең сыр шертеді. Күмбірлеген күй мен сазды әуен ұлттық мұрамыздың інжу-маржанын жарқырата танытып, әр жүрекке рухани жылу сыйлайды.«Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі – сан алуан мәдениеттер тоғысқан, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды көпір іспетті. Бұл – ата-бабадан жеткен асыл өнерді ұлықтап, шеберліктің нәзік өрнегін келер ұрпаққа аманат ететін, сонымен бірге жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашатын шабыт мекені.Мереке күндері сіздерді осы ерекше рухани кеңістікте жүздесуге шақырамыз! Кіру тегін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1220805?lang=kk
Жаңаөзен қаласында маусымдық дайындық жұмыстары пысықталды 15.05.2026
Бүгін Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Мұқаштың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Кеңесте 2026-2027 жылғы күзгі-қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысы қаралды.Жиында «ӨзенИнвест» МКК директоры Әділет Сәми қаладағы сыртқы су және кәріз жүйелерін жөндеу, кәріз тазарту және су тазалау имараттарындағы жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, «Шұғыла», «Бостандық», «Мамыр», «Көктем» шағын аудандарында және бірқатар көшелерде ауыз су және кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, Қызылсай ауылындағы сорғы станциялары мен су тазалау ғимараттарында қажетті техникалық жаңғырту және жөндеу шаралары жүзеге асырылады.«ӨзенЖылу» коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Әділбек Рубилов 2026-2027 жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылу маусымы штаттық режимде өтіп, тұрғындар мен әлеуметтік нысандар жылумен тұрақты қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда қазандықтарды жаңарту, жылу желілерін ауыстыру, гидравликалық сынақ жүргізу және инженерлік жүйелерді ретке келтіру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, шағын қазандықтарға резервтік дизельдік генераторлар орнатылып, жылу желілерін жаңғырту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылуда.Жиында «Таза Жаңаөзен» МКК директоры Бағдат Тұрлыбек кәсіпорынның санитарлық тазалау және абаттандыру бағытындағы жұмыстары жөнінде есеп берді. Бүгінде кәсіпорын тарапынан қала көшелерін санитарлық тазалау, жол жиектерін ретке келтіру, қоқыс шығару және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар, арнайы техникалар паркін толықтыру, контейнерлік алаңдарды жаңғырту және қосымша жұмыс күшін тарту мәселелері көтерілді.Жиын барысында коммуналдық саладағы өзекті мәселелер мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы талқыланып, жауапты мекемелерге күзгі-қысқы маусымға сапалы дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-zhanaozen/press/news/details/1220896?lang=kk
Елді мекендердің тазалық жұмыстары - тұрақты бақылауда 15.05.2026
Бүгінде ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елді мекендердің санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына бақылау күшейтілуде. Осы бағытта аудан басшысы Жандос Еркінбек барлық ауылдық округтердегі тазалық жұмыстарының сапасын үнемі назарда ұстап келеді.Осыған орай бүгін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев Тұрмағамбет ауылында болып, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарын бақылады.Іссапар барысында білім беру ұйымдарының аумағы, дәрігерлік амбулатория, орталық алаң және ауылдың негізгі көшелерінің бірі – Ешнияз сал көшесіндегі әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар нысандардың санитарлық жағдайы қатаң тексерілді.Бақылау барысында көше тазалығы, қоқыс қалдықтары мен қоғамдық орындарды ретке келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды. Ермек Сәтбайұлы ауыл әкіміне көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бойынша тиісті тапсырмалар беріп өтті.Аудан көлемінде бұл тазалық науқаны аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, елді мекендердің санитарлық тазалығы қатаң бақылауда болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1220623?lang=kk
Құрылыс және коммуналдық сала мәселесі қаралды 15.05.2026
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен өткен мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндамасы тыңдалды.Жиында Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және сумен бұру жүйелерін реконструкциялау жобасының жүзеге асу барысы айтылды. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры мен 84,6 шақырым кәріз желілерін жаңарту жоспарланған.Сонымен қатар Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы талқыланды. Бүгінде нысандарда ішкі әрлеу, шатыр жабу, инженерлік желілерді орнату және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.Мәжілісте аудандық маңызы бар «Төретам–Ақай» айналма жолын күрделі жөндеу жұмыстары да қаралды. Биыл жолдың қалған 1,8 шақырымына жөндеу жүргізіліп, қазіргі таңда ескі жол қабатын бұзу және жер тегістеу жұмыстары атқарылуда.Сондай-ақ Иіркөл және Төребай би ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстарының барысы баяндалды. Төребай би ауылында газ тарту жұмыстары 80 пайызға жуық аяқталып, 90-нан аса тұрғын үйге газ нүктелері орнатылса, Иіркөл ауылында газ құбырларын жүргізу жұмыстары 60 пайыз деңгейінде жүзеге асып отыр.Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары да айтылды. Қазіргі таңда сенбілік жұмыстарына аудан бойынша барлық азаматтар мен арнайы техникалар жұмылдырылып, тазалық жұмыстары жүргізілуде.Жандос Еркінбек барлық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1220627?lang=kk
Көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланды 15.05.2026
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Күн тәртібінде көктемгі егіс жұмыстарының барысы қаралды.Жиында аудан бойынша 2026 жылғы егіс көлемін орналастыру, су жеткізу, жүгері егу жоспарының орындалуы, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қаралды.Аудан басшысы: «Біздің аудан үшін егін егу жұмыстарының маңыздылығы өте жоғары»,- деп көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы басты міндет екенін атап өтті.Биыл аудан бойынша 24 057 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде күріш көлемі 10 700 гектарды құрайды. Мәжілісте су тапшылығына байланысты күріш көлемін азайтып, суды аз қажет ететін дақылдар, әсіресе жүгері көлемін ұлғайту қажеттігі айтылды. Осы бағытта Жандос Еркінбек аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне бұл жұмыстың кемшіліксіз орындалуын тапсырды.Сонымен қатар тұрғындардың бақша өнімдерін егу жұмыстары қаралды. Осыған байланысты тұрғындарға жер дайындау, техника және су жеткізу жұмыстарын үйлестіру міндеттелді.Сондай-ақ егін шаруашылығындағы ең өзекті мәселенің бірі – аяқ су жеткізу. Жиында су арналарының жағдайы және биылғы су көлемі талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар берілді.Мәжіліс қорытындысында тиісті бөлімдер мен кент және ауылдық округтерге белгіленген жоспарға сәйкес жүгері егу жұмысының толық орындалуын қамтамасыз етуді, суды аз қажет ететін жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандыру және басқа да қажетті жұмыстарды сапалы атқару жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1220598?lang=kk
«Заң мен тәртіп» – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі 15.05.2026
Ауданымызда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Әсіресе жастардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне ерекше мән беріліп келеді.Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бүгін №250 мектеп-лицейінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен және аудандық прокуратурамен бірлескен «Заң мен тәртіп», «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында жиын өтті.Аудан басшысы: «Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Себебі тәртіп пен жауапкершілік бар жерде қауіпсіздік пен тұрақтылық болады. «Заң мен тәртіп» мемлекеттік саясаттың басты қағидаты». Сондықтан әр жас заңды құрметтеп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс»,- деп атап өтті.Күн тәртібіне сәйкес аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев сөз сөйлеп, құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.Мұнан соң аудандық прокуратураның прокуроры Әділет Сәдудің «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудандық прокуратура тарапынан 2026 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, бұл бағыттағы шараларды толық таныстырды.Жиында аудандық полиция бөлімінің орынбасары Оспан Есжанов 2026 жылдың алғашқы 4 айындағы құқық бұзушылық профилактикасы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жай-күйін айтып өтсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков «Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы» хабарлама жасап, білім беру ұйымдарындағы шараларды баяндады.Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев балалардың қауіпсіздігі, жазғы демалыс кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде баяндама жасады.Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Осы бағытта ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев және білім саласының ардагерлері Зарипа Тасымова мен Болат Жұмабаев пікір білдіріп, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп және қоғамның бірлескен жауапкершілігіне тоқталды.Жиын қорытындысында Жандос Еркінбек құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, түнгі рейдтік шараларды тұрақты ұйымдастыруды, жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін бақылауда ұстауды және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізуді жауапты бөлімдерге қатаң тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1220601?lang=kk
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!!! МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ 15.05.2026
Соңғы уақытта Корея Республикасында Қазақстан Республикасы азаматтарының ұсталу жағдайлары, сондай-ақ оларды алаяқтық схемаларға қатысы бар немесе қылмыстық әрекеттерге жәрдемдесті деген айыптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілері жиілеп отыр.Азаматтарды мұндай әрекеттерге тартудың кең таралған тәсілдерінің бірі – онлайн жұмыс ұсыну, оның ішінде мессенджерлердегі анонимді топтар мен телефон байланысы арқылы «жеңіл» әрі тез табыс табу туралы ұсыныстар жасау болып табылады. Әдетте белгілі бір тапсырмалар мен әрекеттерді орындағаны үшін оңай ақша табу ұсынылады.Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ерекше атап өткен жөн. Тікелей қасақана ниеттің бар-жоғына қарамастан, Корея Республикасының заңнамасына қайшы келетін белгілі бір әрекеттер құқық бұзушылық немесе қылмыстық іс-әрекет ретінде бағаланып, тиісті құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін.Алаяқтық схемаларға қатысу, оның ішінде арнайы телекоммуникациялық жабдықтарды, байланыс құралдарын және операторлардың SIM-карталарын заңсыз пайдалану, сондай-ақ халықты алдап, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған дауыстық және автоматтандырылған (роботтандырылған) телефон алаяқтығын жүзеге асыру Корея Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр қылмыс болып саналады және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.⚠️ Ерекше назар аударамыз: SIM-карталарды, ұялы телефондарды, банк карталарын, байланыс жабдықтарын беру, үшінші тұлғалардың өтініші бойынша ақша қаражатын алу немесе аудару, сондай-ақ жеке деректеріңізді немесе банктік реквизиттеріңізді ұсыну секілді алғашында «қарапайым тапсырма» болып көрінетін бір реттік әрекеттердің өзі Корея Республикасының құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз әрекетке жәрдемдесу ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.⚠️ Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасы азаматтарын Корея Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға, барынша қырағылық, сақтық және жеке жауапкершілік танытуға, ұсынылатын кез келген қызметтің заңдылығын мұқият тексеруге, сондай-ақ күмәнді және заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартуға шақырады. Ешқандай жағдайда ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін «жеңіл табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға келіспеу қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-busan/press/news/details/1220557?lang=kk
300-ден астам жауынгерлік ұшу: 15 мамыр — тұңғыш қазақ әйел-ұшқышы Хиуаз Доспанованың туған күні 15.05.2026
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары туралы тарихи жадыны сақтауға ерекше мән береді. Солардың ішінде ерлігі, қайсарлығы және Отанға адал қызмет етудің символына айналған қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың есімі ерекше орын алады.Аты аңызға айналған Хиуаз Доспанованың есімі елдің қаһармандық шежіресімен тығыз байланысты.Ол 1922 жылғы 15 мамырда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген. Жастайынан Хиуаз аспанды арман еткен. Ол Орал қаласындағы №1 орта мектепті үздік тәмамдап, жергілікті аэроклубтан запастағы ұшқыш куәлігін қатар алып шыққан өжет қыз. Осылайша оның арманына бастар алғашқы қадамы жасалды.Ұшқыш болуды мақсат еткен Хиуаз Доспанова Мәскеудегі Н. Е. Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына түсуге талпынды. Алайда тағдыр оны Бірінші Мәскеу медицина институтына алып келеді. Ол оқуға үздік түлектердің бірі ретінде емтихансыз қабылданды.Екінші дүниежүзілік соғысы басталғаннан кейін Хиуаз Доспанова 588-ші түнгі бомбалаушы әуе полкының штурманы болып қабылданды. Ол Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Закавказьеде, Украина мен Беларусь аумағында жауынгерлік тапсырмалар орындады. Соғыс жылдарында батыр ұшқыш үш жүзден астам жауынгерлік ұшу жасады. Екі рет ауыр жараланғанына қарамастан, қайтадан сапқа оралып отырды. Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алды.Оның ерлігі мен батылдығы Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. 2004 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.Соғыстан кейін Хиуаз Қайырқызы қоғамдық қызметін белсенді жалғастырып, азаматтық авиацияны дамытуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосты. Ол қайсар ерік-жігер мен борышқа адалдықтың символына айналды.Хиуаз Қайырқызы 2008 жылғы 20 мамырда дүниеден өтіп, Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Оның өмір жолы ұлттық тарихи жадының бір бөлігіне айналып, Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандық әйелдердің жанқиярлығының жарқын үлгісі болып сақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1220576?lang=kk
Астана мен Әбу-Даби консулдық саладағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады 15.05.2026
Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасында кезекті консулдық консультациялар өтті. Аталған іс-шараға екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдері қатысты.Қазақ делегациясын ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, ал Әмірліктер делегациясын БАӘ СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Рашид Рахма басқарды.Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы консулдық саладағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өзара сенім, стратегиялық серіктестік және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады. Сондай-ақ, ҚР мем БАӘ азаматтарының визасыз жүріп-тұруы туралы келісімнің сауда-экономикалық, инвестициялық және іскерлік байланыстарды дамытудағы маңызды рөлі ерекше атады.Консультациялар аясында көші-қон, консулдық заңдастыру, құжаттарды өзара тану және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерімен қатар, консулдық қызметтерді цифрландыру, ЖИ элементтерін енгізу және смарт-сервистерді дамыту тақырыптарына ерекше назар аударылды.Осы тұрғыда тараптар мемлекеттік қызметтерді заманауи технологиялар арқылы жетілдіру, азаматтарға көрсетілетін консулдық көмектің жеделдігі мен тиімділігін арттыру және де цифрлық шешімдер арқылы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, Астана мен Әбу-Даби цифрлық трансформация және интеллектуалды мемлекеттік сервистерді дамыту бағытындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік танытты.Консультациялар қорытындысы бойынша делегация басшылары келіссөздердің сындарлы әрі мазмұнды өткенін атап өтіп, тұрақты ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.Тараптар келесі консулдық консультацияларды өзара келісілген мерзімде Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізу ниеттерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1220496?lang=kk
Қазақстан мен Кения екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті 15.05.2026
Найроби, 2026 жылғы 14 мамыр – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі Б.Садықов Кенияның Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Ли Киньянжуимен кездесті.Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жоспарларын, әртүрлі деңгейдегі алдағы екіжақты сапарларды және екіжақты құқықтық базаны кеңейту мәселелерін талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша, соның ішінде сауда, транзиттік және көлік бағыттарын дамыту, Момбаса портын пайдалану, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ бизнес өкілдерінің сапарларын ұйымдастыру және іскерлік кеңес құру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.Тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша, соның ішінде Сауда және инвестиция жөніндегі жұмыс тобының шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1220508?lang=kk
Қазақстан мен ДЗМҰ жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 15.05.2026
Женева, 2026 жылғы 13 мамыр – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың ДЗМҰ Бас директорының орынбасары Хасан Клейбпен кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен ДЗМҰ арасындағы зияткерлік меншік, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.Тараптар жасанды интеллект пен зияткерлік меншік саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның ДЗМҰ-ның халықаралық бастамаларына қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.Кездесу барысында тараптар Қазақстанның «Жасанды интеллект негізінде өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жүргізуді цифрлық трансформациялау» жобасын одан әрі іске асыру мәселесін жеке талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша ДЗМҰ-ның бейінді бөлімшелерімен техникалық деңгейдегі келіссөздер мен консультацияларды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Бұдан бөлек, кездесу аясында ағымдағы жылдың қараша айында өтетін Зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі ДЗМҰ-ның жаһандық форумына дайындық мәселелері қаралды.Келіссөздердің жеке тақырыбы ретінде 2026 жылғы 7–15 шілде аралығында өтетін ДЗМҰ Бас Ассамблеясына дайындық мәселелері талқыланды. Аталған іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық көрмесінің ресми ашылуы жоспарланып отыр.ДЗМҰ өкілдері сондай-ақ Қазақстанның цифрландыру, мемлекеттік сервистерді дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу салаларындағы елеулі жетістіктерін атап өтіп, осы бағыттар бойынша серіктестікті одан әрі нығайтуға қызығушылық білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инновацияларды, жасанды интеллектіні ілгерілетуге және зияткерлік меншікті дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделіліктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1220521?lang=kk
Қазақстан армиясы заманауи қауіп-қатерлерге сай жауынгерлік даярлық жүйесін жаңғыртуда 15.05.2026
Алматы өңірлік гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің жетекшілігімен оқу-әдістемелік жиындар өтуде.Іс-шара барысында заманауи қарулы қақтығыстар жағдайына бейімделген жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілу үстінде. Жиынға Қарулы күштердің әртүрлі түрлерінің, Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері қатысып жатыр. Жұмыс орындалатын міндеттердің ерекшеліктеріне қарай бес бағыт бойынша ұйымдастырылған. «Бітімгер» оқу орталығында әскерлерді даярлаудың жаңартылған тәсілдері таныстырылып, бригаданың күнделікті қызметін жоспарлау тәртібі бойынша көрсетілім сабақтары өткізілді.Сержанттық құрамды дамытуға ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер үшін бөлімшелерді басқарудағы цифрлық шешімдерді қолдану бойынша практикалық сабақтар және қазіргі заманғы ұрыс жағдайындағы байланыс пен басқаруды ұйымдастыру мәселелеріне арналған дәрістер ұйымдастырылды.Жиын аясында Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер басшылық құрамының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар әуе шабуылына қарсы қорғаныс, тактикалық бөлімшелер мен зымыран әскерлерін қолдану, радиоэлектрондық күрес және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелерін талқылады.Сонымен қатар қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, әскерлерді инженерлік, техникалық және тылдық қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.Жиын қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қазіргі заманғы ұрыс қимылдары әскерлерді даярлау жүйесін үздіксіз жетілдіруді, жауынгерлік машық деңгейін арттыруды және жеке құрамның дене дайындығын жаңа жағдайларға бейімдеуді талап ететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1220542?lang=kk
Астанада әйгілі Леонардо да Винчиге арналған халықаралық көрме өтеді 14.05.2026
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 19 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында әйгілі Леонардо да Винчидің өмірі мен ғылыми ізденістеріне арналған Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Елордаға Рим және Флоренция музейлерінен Леонардо да Винчидің атақты Винчи кодекстеріндегі сызбалары мен жазбалары негізінде жасалған 40-тан астам толық көлемді механизм үлгілері жеткізілді. Экспонаттар қатарында ұшу аппараттары, инженерлік құрылымдар, әскери машиналар мен өз заманынан озық туған құрылғылар бар. Бұл өнертабыстар кейіннен заманауи технологиялардың бастауына айналды.Көрме шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Кеңістік ауа, су, жер және от тақырыптарына бөлінген. Бұл келушілерге Леонардоның табиғат күштерін, қозғалысты, адам анатомиясын және механика заңдылықтарын қалай зерттегенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жеке бөлім суретшінің ең танымал туындыларының репродукцияларына арналған. Көрме заманауи мультимедиалық форматта безендірілген. LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар Леонардо да Винчидің идеяларын визуалды түрде паш етіп, оның өнертабыстары қалай жұмыс істеуі мүмкін болғанын таныстырады.Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жобаны жүзеге асырушы – «Астана Концерт» компаниясы.Көрме күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Мекенжайы: Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайы.