Әлем
Қорғаныс министрлігі Бас редакторлар клубымен меморандумға қол қойды 18.12.2025
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Іс-шараға бұқаралық ақпараттық құралдарының жетекшілері, Қорғаныс министрлігі департаменттерінің бастықтары қатысып, өңірлік ақпарат құралдарының бас редакторлары Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты.Құжатқа Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев және "Бас редакторлар клубы" қоғамдық бірлестігінің президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қол қойды.Кездесу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев Қарулы күштер туралы теріс стереотиптердің сақталып отырғанын атап өтті. Алайда, елде әскери тақырыпта позитивті, мазмұнды және сұранысқа ие контент жасау үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Осы орайда министрдің орынбасары әскери қызмет, погон таққан адамдар және армияның міндеттері туралы объективті, жауапты әрі құнды ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.– Қазіргі уақытта ар-ұждан, міндет, патриотизм сияқты негізгі ұғымдарды елемеу байқалады. Бұл – үлкен қауіп төндіретін мәселе. Біз осыған қарсы бірігіп әрекет етуіміз қажет. Әңгіме нақты жағдайларды әдемілеп көрсету туралы емес, Қарулы күштер қызметінің, негізгі құндылықтардың және Отан қорғаушының асыл миссиясын әділ, ұқыпты және кәсіби түрде көрсету туралы, – деп атап өтті вице-адмирал С. Борамбаев.Өз кезегінде сенатор Бибігүл Жексенбай меморандумның мақсаты бақылау немесе қысым көрсету емес, өзара сенім, кәсіби диалог және азаматтарға мемлекеттік шешімдер мен реформалар туралы сапалы ақпарат беру екенін айтты.– Мемлекет үшін бұл ашық, дәлелді әрі уақтылы диалог жүргізуге дайындықты білдіреді, ал медиа қауымдастық үшін – қоғамдық маңызы бар бастамаларды талқылауға қатысуға, қоғамның ұстанымын жеткізуге және сараптаманың сапасын арттыруға мүмкіндік, – деп ынтымақтастықтың негізгі қырларын атап өтті Б. Жексенбай.Бас редакторлар клубының президенті атап өткендей, меморандумға қол қойылуы бытыраңқы коммуникациялардан жүйелі жұмысқа көшуді, оқиға болғаннан кейін ғана әрекет етуден – алдын ала, озық диалогқа өтуді білдіреді.– Біздің ынтымақтастығымыз қоғамдық сенімді нығайтуға, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруға және кемел, жауапты ақпараттық кеңістік қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін, – деп түйіндеді ол.Меморандум Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі өкілдері үшін оқу бағдарламаларын жүзеге асыруды, семинарлар, мастер-класстар, тағылымдамалар мен баспасөз-турларын ұйымдастыруды қарастырады. Сонымен қатар, әскери тақырыптарды БАҚ-та көрсету деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, Бас редакторлар клубының осы бағыттағы сараптамалық кеңесін құру және «Әскер медиа» байқауына қатысу көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1127751?lang=kk
Қостанай облысындағы тұрғын үй құрылысы: орнықты өсім және аумақтардың дамуы 18.12.2025
Қостанай облысында халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда өңірде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл тұрғын үй құрылысының тұрақты қарқынын және халық тарапынан жоғары сұранысты көрсетеді. Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 435,6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 502 пәтер пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,3 пайызды құрады. Жыл соңына дейін облыс бойынша 500,0 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 6 500 пәтерді салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысы қалалармен қатар ауылдық елді мекендерде де дамуда. Соңғы үш жылда ауылдық мекендерде 194 мың шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 905 жеке тұрғын үйі салынды. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және елді мекендердің кешенді дамуына ықпал етеді. Тұрғын үй құрылысы саласындағы ірі жобалардың бірі — Қостанай қаласының агломерациясында заманауи «Астана» шағын ауданын салу. Жоба аясында барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 150-ден астам көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Бүгінгі таңда 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өткен айда 450 заманауи пәтер пайдалануға берілді. Аталған пәтерлер жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарына ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта қосымша 13 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы кезеңде 9 және 17 қабатты 16 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үй қорын едәуір ұлғайтуға және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қала мен ауыл инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1127760?lang=kk
Ақсу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында ашық есік күні өтті 18.12.2025
17.12.2025 жылы Ақсу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы жеке кәсіпкерлер мен салық төлеушілерге арналған «Жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру» тақырыбында «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты — 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінің басты нормалары мен өзгерістерін жан-жақты түсіндіру болды.Кездесу барысында басқарма мамандары салық заңнамасындағы жаңашылдықтар туралы кеңінен ақпарат беріп, қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС) және жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша енгізілетін өзгерістерге ерекше тоқталды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты салық салу ерекшеліктері, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету тетіктері және кәсіпкерлер үшін бюрократиялық рәсімдерді қысқарту шаралары туралы толық мәлімет ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1127821?lang=kk
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жұмыс сапары 18.12.2025
2025 жылғы 10-12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшіммбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жұмыс сапары өтті.Сапардың басты оқиғасы Рим Папасы Лев XIV-тің қабылдауы болды. Қабылдау барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Понтификке Қазақстанға қолайлы уақытта апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын табыс етті.Сапар аясында «Қазақстанның конфессияаралық бастамалары және Қасиетті Тақтың рухани көшбасшылығы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Хатшылығы, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы бірлесіп ұйымдастырды. Талқылау барысында Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы қарым-қатынастардың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгені және оң даму траекториясымен дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл жоғары деңгейдегі байланыстардың, сондай-ақ 2003 жылы құрылған сәттен бастап Қасиетті Тақтың тұрақты әрі белсенді қатысуымен жүзеге асырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде мүмкін болды.Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.Жұмыс сапары барысында Ватиканның «Bambino Gesù» педиатриялық госпиталі жанындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығына бару ұйымдастырылды. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев госпиталь басшылығымен кездесіп, молекулалық генетика зертханасын аралады.Сондай-ақ Сенат Төрағасы Санта-Мария-Маджоре базиликасына барып, Рим Папасы Францисктің қабіріне гүл шоқтарын қойды.Жұмыс сапары бағдарламасының жеке тармағы Егеменді Мальта Орденінің штаб-пәтеріне бару болды. Орденнің Ұлы Магистрі Фра Джон Т. Данлаппен және Ұлы Канцлері Риккардо Патерно ди Монтекупомен кездесулер өтті. Тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер клидерлері Съезі аясындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ гуманитарлық саладағы, атап айтқанда медицина және Орталық Азиядағы бірлескен гуманитарлық бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Егеменді Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың Ватиканға және Егеменді Мальта Орденіне жасаған сапары дәстүрлі достық қарым-қатынастарды растады және өзара тиімді негізде көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосымша серпін берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1127497?lang=kk
Лондонда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени іс-шара өтті 18.12.2025
2025 жылғы 16 желтоқсан, Лондон – Ұлыбритания астанасында ұлы қазақ ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған мәдени кеш ұйымдастырылды.Іс-шараны Орталық Азияның классикалық және заманауи авторларын аудару мен насихаттауға жиырма жылға жуық уақыт бойы маманданып келе жатқан британдық Hertfordshire Press баспасы өткізді. Мерекелік кешке Ұлыбритания, Шотландия, Австралия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей секілді елдерден 80-нен астам қонақ қатысты. Бұл Қазақстанның бай мәдени мұрасына деген халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін айқын көрсетті.Кештің басты оқиғасы — Voices of Friends: Poetry & Art 2025 бірегей альманахының төртінші томының таныстырылымы болды. Халықаралық мәдени диалог рухында жасалған бұл басылым шетелдік ақындар мен суретшілердің шығармаларын біріктіреді. Жаңа томда 9 елден 35 автордың еңбектері ұсынылып, жобаның жаһандық ауқымын және әртүрлі дәуірлер, тілдер мен ұлттық дәстүрлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын айқындай түсті.Альманахтың төртінші томында Абай Құнанбайұлының шығармашылығына ерекше орын берілген. Ұлы ойшылдың өлеңдері қазақ тіліндегі түпнұсқада және қазақстандық дипломат Роман Василенко мен аудармашы Елден Сарыбай жасаған жаңа заманауи ағылшын тіліндегі аудармаларда жарияланды. Елден Сарыбай кешке арнайы қатысып, өз еңбегін халықаралық қауымдастыққа таныстырды. Поэтикалық сөзге деген нәзік әрі ұқыпты көзқарас Абай поэзиясының әуезділігін, философиялық тереңдігі мен рухани қуатын сақтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ альманахқа қазақстандық ақын Вероника Павлованың өлеңдері мен Нұрым Тайбек аударған рухани поэзияның орыс тіліндегі тәржімалары енді.Жаңа басылымның редакторы — танымал британдық драматург Дэвид Перри. Оның кәсіби редакторлық шеберлігі мен тілге деген талғампаз көзқарасы альманахқа көркем тұтастық пен айрықша мәнер берді. Альманахтың таныстырылымын Hertfordshire Press баспасының жетекшісі Марат Ахмеджанов жүргізді.2020 жылы Лондонда орналасқан Eurasian Creative Guild бастамасымен өмірге келген Voices of Friends: Poetry & Art альманахы — еуразиялық поэзияның алғашқы ағылшын тіліндегі басылымы болып табылады және сонымен қатар ұлттық тілдерде де жарық көреді. Жобаның басты миссиясы — поэзия мен өнер арқылы мәдениеттерді тоғыстыру, халықаралық диалог алаңын қалыптастыру, еуразиялық рухани мұраны сақтау және кеңінен насихаттау. Альманах тілдік және ұлттық шекараларды еңсеріп, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен рухани жақындасуға ықпал етеді.Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертпен қорытындыланды. Жанды музыка, кітап таныстырылымдары және жылы, достық атмосфера кешке ерекше сән берді. Бұл мәдени басқосу Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы әлемдік мәдени кеңістікте әлі де терең үн қатып тұрғанын, ал заманауи Қазақстанның халықаралық мәдени және гуманитарлық диалогта лайықты орын алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1127504?lang=kk
Қазақстан Елшісі Молдова Парламентінің Спикерімен кездесті 18.12.2025
Кишинев, 2025 жылғы 16 желтоқсан – ҚР Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков МР Парламентінің Төрағасы Игорь Гросумен кездесті.Кездесу барысында Елші И.Гросуды МР Парламентінің Төрағасы қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтап, парламентаралық диалогтың одан әрі жүйелі дамуына және екіжақты ынтымақтастықтың нығаюына сенім білдірді.Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ Астана мен Кишинев арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.А.Айдарбеков елде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік қайта құрулар, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы ақпарат берді. Парламенттік реформалар мен институционалдық дамуға, оның ішінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрылуына назар аударылды.Елші сұхбаттасын Мемлекет басшысының сыртқы саяси бастамаларымен, оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысуы, ҚХР, АҚШ, РФ және Өзбекстанға жасаған сапарларымен таныстырды.Сондай-ақ қазақстандық дипломат ҚР Президентінің Түрікменстанда өткен Халықаралық бейтараптық күніне арналған форумда сөйлеген сөзінің негізгі тезистері туралы хабардар етті. Бейбітшілікті, өзара сенімді және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауда Қазақстанның дәйекті ұстанымы атап өтілді.Сонымен қатар Елші Еуропалық Кеңес Президенті А.Коштаның Астанаға жасаған ресми сапары және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мақсатында байланыстарды жалғастыру жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтар туралы ақпарат берді.Өз кезегінде И.Гросу Қазақстанның сыртқы саяси белсенділігін және оның халықаралық бастамаларын жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің парламентаралық достық топтарының өзара іс-қимылдың орнықты тетігі ретіндегі рөлін оң бағалады.Парламент Төрағасы Астанада Молдова Елшілігінің ашылуы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға үлес қосатынын атап өтті.Кездесу соңында тараптар қазақстан-молдова ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады, тұрақты саяси диалогты қолдаудың және парламентаралық байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kishinev/press/news/details/1127511?lang=kk
Жасанды интеллект, көлік және агроөнеркәсіптік кешен – грек бизнесінің қызығушылық аясында 18.12.2025
Афина, 2025 жылғы 17 желтоқсан – Грекиядағы Қазақстанның Елшілігінде Қазақстанмен жоғары технологиялық экономика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға және ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытқан жетекші грек инновациялық компаниялары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.Іс-шараға TheThoms, IONOS Industrial Agridrones & Smart Farming Solutions, CUBEiE компанияларының, сондай-ақ CERTH зерттеу орталығының (Грекияның Көлік институты) өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасында инновациялық шешімдерді енгізу және жергіліктендірудің практикалық аспектілері, оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі цифрлық технологиялар, интеллектуалды көлік жүйелері, дәлме-дәл егіншілікке арналған дрондарды қолдану, сондай-ақ декарбонизациялау және энергия тиімділігін арттыру технологиялары талқыланды.Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин грек тарапын Қазақстанның цифрландыру, орнықты даму, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Қазақстанның озық технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған мемлекеттік саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқаны, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар мен инновациялық кластерлер шеңберінде ұсынылатын қолайлы инвестициялық ахуал, салықтық және әкімшілік преференциялар атап өтілді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар пилоттық жобаларды іске қосу, ғылыми-техникалық алмасуды кеңейту, аграрлық секторға инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ «жасыл» және орнықты технологиялар трансферін қоса алғанда, практикалық өзара іс-қимылды дамытуға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1127512?lang=kk
Орталық кітапханада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған интеллектуалды ойын өтті 18.12.2025
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бүгін Үлкен Нарын ауданының орталық кітапханасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған интеллектуалды ойыны өтті.Атаулы іс-шараға ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер және аудандық өрт сөндіру бөлімі мамандары қатысып, заңнамада белгіленген білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды.Ойын соңында қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulken-naryn/press/news/details/1127519?lang=kk
Үлкен Нарын ауданының Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының V пленумы өтті. 18.12.2025
Үлкен Нарын ауданының Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының V пленумы өтті. Іс-шара ашық диалог алаңы ретінде өтіп, ардагерлер қозғалысының жұмысын қорытындылап, алдағы уақыттағы басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.Пленум барысында аудандық ардагерлер кеңесінің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер белгіленді. Сондай-ақ 2022 жылғы 2 шілдедегі «Аудандық ардагерлер кеңесінің құрамын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.Пленум соңында марапаттау рәсімі өтті. Азаматтық белсенділігі, қоғамдық жұмысы және ардагерлер қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, гүл шоқтары берілді. Олардың еңбегі — қоғамға жанашырлықтың, жауапкершілік пен адалдықтың жарқын үлгісі.Пленум өзара түсіністік, бірлік және сындарлы диалог жағдайында өтіп, ардагерлер ұйымдарының қоғамдық келісімді нығайту мен ұрпақтар сабақтастығындағы маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulken-naryn/press/news/details/1127525?lang=kk
«Қазақша сөйлейік» 18.12.2025
«Үлкен Нарын ауданының Қоғамдық келісім орталығы – Достық үйі» КМҚК жанындағы «Қазақша сөйлейік» клубында қазақ тілін үйренудің жаңа бетін ашқан ерекше әрі шабыттандыратын сабақ өтті. Сабақ лексиканы кез келген уақытта ойын түрінде меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жаңартылған форматта ұйымдастырылды.Қатысушылар қызығушылықпен интерактивті үрдіске енді: тапсырмаларды орындап, жаңа сөздерді жаттап, оларды бірден күнделікті өмірлік жағдайларда қолдануға тырысты. Мұндай тәсіл сабақты пайдалы ғана емес, шын мәнінде тартымды етіп, мемлекеттік тілді әрі қарай үйренуге деген мотивацияны арттырды.Жаңа формат білім алудың жеңіл, заманауи және шабыттандыратын бола алатынын дәлелдеді, ал «Қазақша сөйлейік» клубы тілдік дағдыларды дамытуға және этномәдени келісімді нығайтуға қолайлы жағдай жасап, адамдарды біріктіруді жалғастыруда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulken-naryn/press/news/details/1127526?lang=kk
БЖЗҚ шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуын жалғастыруда 18.12.2025
2025 жылғы 9–10 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мамандары Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Бюджеттен тыс зейнетақы қорының қызметкерлері үшін онлайн-семинар өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстанның зейнетақы жүйесімен және оның даму бағыттарымен таныстыру болды.Онлайн-семинар барысында БЖЗҚ өкілдері Қордың қызметі туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізудің алғышарттары мен оның қазіргі жағдайына, Қордың актуарлық қызметіне, зейнетақы қызметтерін көрсету форматтарына және зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту мәселелеріне арналған презентациялар жасады. Сонымен қатар жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің түрлері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы Келісім аясындағы төлемдер, зейнетақы жинақтарын инвестициялау, негізгі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, деректерді басқару тәсілдері мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі цифрлық қызметтерді енгізу мәселелері қарастырылды.Өзбекстандық мамандар өз еліндегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, соның ішінде процестерді цифрландыру жұмыстары мен аумақтық бөлімшелерді кезең-кезеңімен қысқарту жоспарлары туралы баяндап өтті. Сондай-ақ олар қазақстандық әріптестерінен алған білімнің практикалық маңыздылығын атап өтіп, бұл тәжірибе алдағы уақытта қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ықпал ететінін және ұлттық зейнетақы моделін одан әрі жетілдіру барысында қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.Тәжірибе алмасу әлеуметтік қорғау жүйесін анағұрлым тиімді әрі орнықты ету жолындағы маңызды қадам екені атап өтілді. Зейнетақы жүйесін реформалау саласындағы бірлескен жұмыстар екі елге де азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/1132173?lang=kk
Құрлық әскерлерінің әскери институтында Бауыржан Момышұлы атындағы оқу сыныбы ашылды 18.12.2025
Қазақ халқының көрнекті перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы қарсаңында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында ғылыми-практикалық конференция өтті.Іс-шараға ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев қатысты. Ол болашақ офицерлерді тәрбиелеуде даңқты қолбасшы тұлғасының маңызын атап өтті.Конференция барысында әскери институттың оқытушылары мен курсанттары Бауыржан Момышұлының әскери өнері, көшбасшылық қасиеттері және тарихи мұрасы тақырыптарында баяндамалар жасады.– Мұндай конференцияға қатысу біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бауыржан Момышұлының жауынгерлік жолын зерделей отырып, нағыз офицер қандай болуы керектігін тереңірек түсінеміз, – деді курсант Дидар Сәдуақасов.Атаулы датаға арналған іс-шаралар аясында институтта Бауыржан Момышұлы атындағы оқу сыныбының ашылуы да өтті.– Бұл сыныпта оқу курсанттарға Бауыржан Момышұлының тактикалық әскери өнерді дамытуға қосқан үлесін тереңірек танып-білуге, оның стратегиялық дарыны, ерлігі мен турашылдығы туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ұрыс алаңында ұтымды шешімдер қабылдаған атақты қолбасшының бірегей тәжірибесі бүгінгі күні де өзекті. Осы аудиториядағы білім беру болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыратынына сенімдімін, – деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.Жаңа сыныпта Б. Момышұлы қатысқан негізгі шайқастардың сызбалары, тактикалық материалдар мен тарихи құжаттар ұсынылған. Олардың ішінде «Момышұлы спиралі» деп аталатын қоршаудан шығудың авторлық стратегиясының көрсетілімі ерекше орын алады. Бұл тактикалық тәсіл бүгінгі таңда да өзекті болып, әлемнің түрлі елдеріндегі әскери академияларда оқытылады.Мұндай іс-шараларды өткізу жеке құрамды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1127542?lang=kk
Вьетнамның Хошимин қаласы Қазақстанмен ынтымақтастығын жандандыруға ниетті 18.12.2025
Қазақстанның Вьетнамдағы Елші Қ.Тумыш ү.ж. 15 желтоқсанда Хошимин қаласы Халық комитетінің төрағасы (Әкімі) Нгуен Ван Дыокпен кездесті.Сұхбаттасушылар, Хошимин қаласы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың барлық салаларында өзара тиімді іс-қимылдарды нығайтуға бейілділігін растап, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Елші Қ.Тумыш, Қазақстан мен Вьетнам 2026 жылы екіжақты тауар айналымын 2 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздеуде екенін тілге тиек етті. Кейін әңгіме, Хошимин қаласы (2025 ж. 1 шілдеден бастап Бинь Зыонг және Бариа–Вунгтау провинциялары Хошимнге қосылғаннан кейін) қазір Вьетнамның ЖІӨ-нің шамамен 30%-ын құрайтынын ескеріп, іскерлік серіктестікті нығайтуға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған Хошимин қаласы мен Қазақстанның бизнес қауымдастықтарының кездесуін ұйымдастырудың қажеттілігі төңірегінде өрбиді. Нгуен Ван Дыок, бұл қадамды дер кезінде жүзеге асыру керектігін атап өтті.Қазақ Елшісі таяуда Алматы қаласының мәслихатының қаланың көшесіне Вьтенам халықының көшбасшысы Хо Ши Миннің құрметіне атын беру туралы шешім қабылдағандығын хабарлады. Вьетнамдық тарап, бұл бастамаға өз қуаныш әрі қолдауын білдіріп, оны аса ризашылықпен қабылдады.Хошимин қ. Халық комитетінің төрағасы, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен байланыс орнатып, бауырластық қатынастар орнатуға ниетті екенін білдіріп, вьетнамдық тарап аталған әкімдіктердің басшылығын 2026 жылы Хошиминге сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде, келесі жылғы жазда Қазақстанға сапармен баруға дайындығын жеткізді.Төрағасы Нгуен Ван Дыок, Хошимин Халықаралық қаржы орталығы жақын арада ашылатынын мәлімдеді. Қала басшысы, Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Хошимин қаласына тәжірибе алмасудағы, оқытуды ұйымдастырудағы, кәсіби қолдау көрсетудегі және қаржы орталығын құру процесінде сүйемелдеудегі рөлін жоғары бағалап, АХҚО-дан алдағы уақытта да тығыз қолдауға мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенетінін білдірді.Елші Қ.Тумыш, Мемлекет басшысының тиісті шешіміне сәйкес, қазақ тарапы Хошимин қ. Бас консулдықты ашуды жоспарлауда екенін хабарлап, аталған мәселе бойынша Вьетнам тарапының жауабын мүмкіндігінше жақын арада алуға қолғабыс көрсетуді сұрады.Төрағасы Нгуен Ван Дыок бұл бастаманы қолдайтынын және тиісті қолғабыс көрсететінін жеткізді.Сонымен қатар тараптар, Алматы мен Хошимин арасында әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесіне тоқталды. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туризм және мәдени ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға оң ықпал ететінін атап өтіп, осымәселе келесі жылдың соңына қарай оң шешімін табатынына сенім білдірді.Кездесудің соңында сұхбаттастар, екіжақты ынтымақтастықты жандандыру аясында барлық өзекті мәселе бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hanoi/press/news/details/1127545?lang=kk
Мерзімді әскери қызметші Ұлттық ұлан қатарында өзінің өмірлік жолын тапты 18.12.2025
Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге келіп, өмірлік жолын әскери қызметпен байланыстыруды шешкен Балғын Айдынның тағдыры дәл осылай қалыптасты. Ол үшін мерзімді әскери қызмет бір жылдан ғана тұрмай, кәсіби және тұлғалық өсудің, саналы таңдаудың бастауы болды.Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындаумен қатар, жас мамандардың өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруына нақты мүмкіндіктер жасап келеді.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімінде қызмет атқаратын ұландықтың өмір жолы – сөзіміздің айқын дәлелі.Әскерге Талдықорған қаласынан шақыртылған 25 жастағы Балғын Айдын Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне бірден кәсіби дайындықпен келді. Себебі ол — Семей медициналық университетінде алған жеті жылдық білімі мен дәрігер-терапевт дипломы бар маман еді.Алғашқы алты айда Балғын Тараз қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, патрульдік қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде әскери ортада өз білімінің қажет екенін түсініп, Балғын Айдын Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт негізінде қызмет етуге шешім қабылдады.Әскери бөлім басшылығы жас маманның таңдауы мен кәсіби дайындығын ескеріп, оның жауапкершілігі мен ынтасын жоғары бағалады. Бүгінде Балғын Айдын әскери бөлімнің медициналық пунктінің бастығы лауазымын атқарады.Оның негізгі міндеті — жеке құрамның денсаулығын қадағалау, әскери қызметшілердің сауығып, қатарға тез оралуына жағдай жасау. Ол бұл міндеттерді дәрігерлік дәлдік пен әскери тәртіпті сақтай отырып, абыроймен орындап келеді.Жақын арада Балғын Айдын өзінің ең алғашқы офицерлік әскери шенін — лейтенант алады.Бұл оқиға — бір реттік мысал емес, ҚР ІІМ Ұлттық ұланында жолға қойылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мұнда мерзімді әскери қызмет кәсіби дамудың бастауы болып, түрлі мамандықтар әскердің әлеуетін нығайтатын маңызды ресурсқа айналады.Ұлттық ұлан — білім мен тәжірибесі ұштасып, әскери қызметті келісім шарт бойынша жалғастыру саналы шешімге ұласатын орта. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1127609?lang=kk
Шымкент қаласында қауіпсіздік деңгейі жаңа белеске көтеріледі! 18.12.2025
Ағымдағы жылы қала аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша 4425 дана бейнебақылау камерасы орнатылды.Оның ішінде:🔸 Жалпы бейнебақылау – 3725 дана;🔸 Жылдамдық өлшегіш құрылғылары – 250 орынға;🔸 Жол қиылыстарында – 50 көше қиылысына.🌆 Бұл бастама — қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудің маңызды қадамы.Бейнебақылау камералары қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтардың алдын алады және жол-көлік оқиғаларының санын азайтып ғана қоймай, жүргізушілердің тәртібін жақсартады.Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетіп, оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді және қала тұрғындарының өздерін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасайтынына сенімдіміз.🔹 Қауіпсіз қала — бәріміздің ортақ мақсатымыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-sandyk/press/news/details/1127610?lang=kk
Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы FPV дрондарды игеруде 18.12.2025
ҚР ІІМ Басқару академиясында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері екі апта бойы FPV дрондарды басқаруға арналған кешенді курстан өтті. Оқыту бағдарламасын «Ashyq Aspan Foundation» Ғылыми білім қоғамдық қорының мамандары ұйымдастырып, тыңдаушыларға теориялық және практикалық сабақтар өткізді.Курс үш негізгі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде жауынгерлер симуляторларда жаттығып, оқу-дрондарын басқаруды меңгерді. Екінші кезеңде қатысушылар дрондардың құрылымын зерттеп, ақауларын жөндеуді үйренді. Ал соңғы кезеңде арнайы дайындалған топ FPV дрондарын күрделі операцияларда қолдану әдістерін, маневр жасау тактикасын және антидрон жүйелерімен өзара әрекет ету тәсілдерін зерттеді.Оқуға қатысқан «Барыс» лақап атты жауынгер тәжірибенің маңызын ерекше атап өтті:— Біз бұл жолы шағын әрі аса жылдам FPV дрондарын қолдануды үйрендік. Мұндай ұшу аппараттары тапсырманы орындауға қолайлы. Әсіресе, нысан ішін барлау, тінту және тексеру кезінде таптырмас құрал, — деді ол.Арнайы курстың соңғы күндері қатысушылар арасында FPV tinywoop сайысы өткізілді. Осы арқылы олар оқып-үйренгендерін көрсетті. Үздік шыққандары мадақтамалармен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушылар курстан өткені туралы сертификат иеленді.Алдағы уақытта курсты жалғастыру жоспарланып отыр. Келесі жолы жауынгерлер FPV дрондарды толығымен өздері құрастыруды және техникалық жөндеуді тереңірек меңгеретін болады.Айта кетейік, биылдан бастап ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде дрон операторларын даярлау курсы іске қосылды. Бұл сарбаздарға заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеріп, сұранысқа ие мамандықты игеруге мүмкіндік береді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1127613?lang=kk
Батыр ауылдық округінің әкімі Сауыт Нұрғалиұлы сұхбат берді. 18.12.2025
Батыр ауылдық округінің әкімі Сауыт Нұрғалиұлауыл аумағында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар, соның ішінде жаяу жүргіншілер жолдарын салу және асфальт жабындысын төсеу мәселелері талқыланды.Ағымдағы жылы ауылда жалпы ұзындығы 17 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 23,5 шақырым автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-batyr/press/news/details/1127635?lang=kk
Дүкенге шағымды қалай дұрыс жазу керек 18.12.2025
Ең алдымен дүкенге арыз жазу керек, ең бастысы дұрыс жазу керек!Кейде дүкеннен тауар алған кезде оның сапасыз болып шыққанын үйге келген соң ғана байқаймыз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең алдымен дүкенге арыз жазу керек, ең бастысы дұрыс жазу керек! Бұл мақалада біз сізге қалай дұрыс жазу керектігін және шағымға нені енгізу керектігін айтамыз. Шағым әрқашан кез келген нысанда жазылатынынан бастайық, бірақ соған қарамастан ол мынаны көрсетуі керек:сатып алу күні;өнім атауы;сериялық нөмірі;бренд;шағым жазылған күн және, әрине, стенограммамен сіздің қолыңыз.Шағымның өзінде сіз өзіңіздің өніміңіздің нақты ақаулығын көрсетіп, өз талаптарыңыз туралы жазуыңыз керек - өнімді айырбастағыңыз келе ме, әлде ол үшін төленген ақшаны қайтарасыз ба.Барлығын дұрыс жазғаныңызды тексергеннен кейін екінші көшірмені жазуды бастаңыз! Олардың біреуін өзіңізге қалдыратыныңызды және екіншісін дүкен әкімшісіне немесе уәкілетті қызметкерге беретініңізді ұмытпаңыз. Сіздің көшірмеңізде шағымның қабылданған күні және оны қабылдаған адамның қолы болуы керек екенін ескеріңіз!Егер дүкен сіздің шағымыңызды қабылдаудан бас тартса, сіз келесі әрекеттерді орындай аласыз: жақын жердегі пошта бөлімшесіне хабарласыңыз және дүкенге түгендеумен бірге шағымның бір данасын хатпен жіберіңіз, пошта жөнелтімі мен пошта түбіртегін сақтаңыз. Өйткені, егер бірдеңе болса, бұл құжаттар белгіленген мерзімде дүкенге шағым түсіргеніңіздің дәлелі болады.Сапасы төмен өнім немесе қызмет алсаңыз, үндемей қалмаңыз, әрқашан ол туралы сөйлесіңіз. Өз құқығыңды қорға, заң сен жағында!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1127677?lang=kk
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЖАПОНИЯҒА РЕСМИ САПАРМЕН БАРДЫ 18.12.2025
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапары аясында Токио қаласындағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасын аралап көрді. Мемлекет басшысы Жапонияның императорлық киелі орындарының бірі саналатын бұл кешенмен танысты.1920 жылы салынған Мейджи Джингу ғибадатханасы түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосқан император Мейджиге арналған. Кешен аумағында 120 мыңға жуық ағашы бар кең саябақ орналасқан.Ғибадатхананы аралап болған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.«Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» – деп жазды Мемлекет басшысы.Жапонияға алғашқы ресми сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Императоры Нарухитомен де кездесті. Мемлекет басшысы жылы қабылдауы мен көрсетілген қонақжайлық үшін Императорға алғысын білдірді.Кездесу барысында Президент Қазақстан халқы Жапонияның тәртібі мен табандылығын әрдайым үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрметке және түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қарым-қатынастар біріктіретінін жеткізді.Өз кезегінде Император Нарухито Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыстар тарихында елеулі оқиға ретінде қалатынын және екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін беретінін айтты. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІ АРТЫП КЕЛЕДІ 18.12.2025
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар саласындағы биыл он бір айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары баяндалды. Іс-шара барысында Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрияны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сұлтан Ысқақов қала туризмінің даму барысы, инвестициялық жобалар, сервистік қызметтер және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар жөнінде мәлімет берді.Оның айтуынша, биыл тоғыз айда Шымкент қаласына келген туристер саны 406 386 адамды құраған. Оның 376 825-і ішкі туризм аясында келгендер болса, 29 561 адам шетелден келген туристер үлесінде. Қалада қазір 159 орналастыру орны жұмыс істейді. Жалпы бөлмелер саны 4 132-ге жетіп, бір жолғы сыйымдылығы 8 716 төсек-орынды құраған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 20,8 пайызға артқан. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі тоғыз айда 10,3 млрд теңгеден асып, былтырмен салыстырғанда 24,5 пайыздық өсім көрсеткен.Туристік инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында қалада ауқымды жобалар іске асырылып келеді. 2024-2025 жылдар аралығында қалада 12 қонақ үйдің ашылуы жоспарланып, соның 7-еуі былтыр пайдалануға берілген. Былтыр екі қонақ үй ашылып, жыл соңына дейін тағы үш қонақ үйдің іске қосылуы көзделіп отырғаны құлағдар етілді. Сонымен қатар қалада халықаралық деңгейдегі “Hilton” қонақ үйінің құрылысы басталып, келер жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жобаның инвестициялық көлемі 35 млн АҚШ долларын құрап, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.Бадам су қоймасы аумағында Omir Shymkent глэмпинг жобасы қолға алынып, туристер мен қала тұрғындарына арналған жаңа демалыс және мәдени-сауықтыру кеңістігі қалыптасып келеді. Жоба аясында глэмпинг және капсулалық үйлер, мейрамхана, SPA-бассейн, спорт алаңдары мен амфитеатр салу көзделген.