Enbekshi QazaQ

Саясат

Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті 02.11.2025
Бүгін Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Nomad International School» мектебінде және Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылында ағаш отырғызу мен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.Шараның басты мақсаты — өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және жастарды табиғатты қорғауға баулу.«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы қос шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.Акция барысында аудан бойынша 130 түп терек және 60 түп бельгиялық шырша ағашы отырғызылды. Сонымен қатар, көшелер мен қоғамдық орындарда кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.Жалпы, экологиялық шараларға 400-ден астам адам қатысып, ауданның көркейіп, экологиялық ахуалының жақсаруына өз үлесін қосты. Ауылдарымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы дәл осындай бірлескен еңбектен көрініс табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097390?lang=kk
Қонаев қаласында еліміздегі ең ірі қант зауытының құрылысы басталады 31.10.2025
Жуырда Қонаев қаласында Қазақстандағы ең ірі қант өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынады. Алматы облысының шаруалары шамамен 100 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егуге дайын екендерін растады. Бұл болашақ зауыттың шикізаттық базасын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Al Khaleej Sugar компаниясының президенті Аль Гурэйр Джамальмен кездесу өткізіп, жоба бойынша дайындық барысын және алдағы кезеңдердің жүзеге асырылуын талқылады.Зауыттың құрылысына арналған 1000 гектар жер учаскесі Қонаев қаласында бөлініп, «Alatau» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілді. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым – газ және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар, шикізат қорын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде 65 мың гектар жерге қант қызылшасын отырғызу жоспарланып, кейіннен егіс алқабы кеңейтіледі. Суармалы жерлерді дайындау және су инфрақұрылымын дамыту үшін халықаралық қаржы тарту көзделген.Өңір шаруалары қант қызылшасын егуді бастауға толық дайын екендерін жеткізді. Бұл болашақ кәсіпорынның тұрақты дамуына негіз болады.Кездесу барысында тараптар жобаны тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта үйлестіру мен жедел шешім қабылдау үшін жұмыс тобы құру ұсынылды.Араб тарапы EPC-келісімшартқа қол қоюға дайын екенін мәлімдеп, бұл құрылыс жұмыстарының басталуын жеделдетуге мүмкіндік береді.Инвестициялық жобаны «QazaqArab Sugar» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 500 мың тонна дайын өнім, жалпы инвестиция көлемі – 313,6 млрд теңге. Құрылыстың жүзеге асу мерзімі – 2025–2028 жылдар. Жоба іске қосылғаннан кейін 450 тұрақты жұмыс орны ашылады.Бұл бастама елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және қант импортына тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097260?lang=kk
«САБАН FEST – 2025»: Райымбек ауданында еңбек адамдарына арналған мереке өтті 31.10.2025
Алматы облысының Райымбек ауданында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «САБАН FEST – 2025» атты еңбек мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Фестиваль ауыл еңбеккерлерін ынталандырып, ауыл шаруашылығы саласында жетістікке жеткен үздіктердің еңбегін дәріптеуге арналды.Іс-шара аясында асылтұқымды мал мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, аудан шаруаларының еңбегінің нәтижесі көпшілікке паш етілді. Сонымен қатар, үздік еңбеккерлер түрлі аталымдар бойынша марапатталды. «Үздік механизатор», «Үздік малшы», «Егін және мал шаруашылығының үздігі» номинациялары бойынша жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.Күздің соңғы күнінде өткен фестивальдің өткізу орны ретінде Райымбек ауданының таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі бұл өңір мал және егін шаруашылығын қатар дамытып отырған аграрлы аймақтың бірі. Биыл аудан шаруалары 2300 гектар алқапқа картоп егіп, әр гектардан орта есеппен 250–300 центнерден өнім жинаған. Бүгінде ауданда 270 мыңға жуық ұсақ мал, 70 мың ірі қара және 40 мың жылқы бар, соның ішінде 23 пайызы асылтұқымды.Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев өз сөзінде: «Бұл шара – жыл бойы атқарылған еңбектің қорытындысы. Біз ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдап, марапаттап, олардың еңбегін бағалау арқылы келешекке жаңа серпін беруді мақсат еттік».Ал марапат иелерінің бірі, шаруашылық басшысы Олжас Қанапияев өз қуанышын былай білдірді: «Бүгін чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, ұжымымның еңбегі. Он шақты адамнан тұратын коллективіме үлкен алғыс айтамын. Мұндай шаралар бізге үлкен мотивация береді», – деді ол.Фестиваль соңында жергілікті өнерпаздар мерекелік концерт ұйымдастырып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, балуандар белдесіп, жастар арасында қошқар көтеру мен арқан тарту сайыстары өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, «САБАН FEST» алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады. Бұл бастама – еңбек адамын ұлықтау, ауыл шаруашылығы саласына деген құрметті арттыру және жастарды еңбекқорлыққа баулудың жарқын үлгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097070?lang=kk
Іле өзенінің сағасында орналасқан Шағырай көлдер жүйесіне балық жіберілді 31.10.2025
Алматы облысының Балқаш ауданында Іле өзенінің сағасында орналасқан Шағырай көлдер жүйесіне ауқымды көлемде балық жіберу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара 2025 жылғы 30 қазанда Алматы облысы балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспары аясында жүзеге асырылды.Акцияның бастамашысы – «Табиғат» ЖШС, шара Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Балқаш-Алакөл аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік басқармасының қатысуымен өтті.Іс-шараның мақсаты – балық ресурстарын қалпына келтіру және көбейту, су айдындарының балық өнімділігін арттыру және өңірдегі балық шаруашылығын дамыту.Бірінші кезең аясында су айдындарына 100 мың дана ақ амур мен сазан шабақтары жіберілді.«Табиғат» ЖШС өкілдерінің айтуынша, балық жіберу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады, және қараша айының соңына дейін жалпы жіберілетін шабақтардың саны 1 миллион данаға жетеді.Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, балық шаруашылығы мамандары және жұртшылық өкілдері қатысты.Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай табиғатты қорғау бастамалары экожүйені және биологиялық алуантүрлілікті қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізіп, балық шаруашылығының тұрақты дамуына және жергілікті халықтың салаға тартылуына мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1096684?lang=kk
Бизнес пен билік арасындағы ашық диалог: Алматы облысында кәсіпкерлермен кездесу өтті 30.10.2025
Алматы облысында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері мен аймақтық бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.Кездесудің басты мақсаты — бизнес пен билік арасында тікелей диалог орнату. Мұндай формат Президенттің бизнес құқығын қорғауды күшейту және іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларына сай жүзеге асырылуда.Талқылау барысында жер телімдерін беру, инвестициялық жобаларды іске асыру, жекеменшік білім беру саласын реттеу, экологиялық талаптарды сақтау және құқық қорғау органдарының кәсіпорын қызметіне араласуы сынды өзекті мәселелер көтерілді. Әр бағыт бойынша тиісті мемлекеттік органдар түсініктеме беріп, нақты шешу жолдарын ұсынды.Аймақта бүгінде 56 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 15 мың бала білім алады. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап олардың 39-ы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей бастады. Бұл қадам өңірдегі мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары Қарасай және Іле аудандарында жалпы сыйымдылығы 3,5 мың оқушыға арналған екі заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге оң әсер етті.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.«Бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында облыс экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индекс 110,2%-ды құрады. Ең жоғары өсім құрылыс, өнеркәсіп, сауда және инвестиция тарту салаларында байқалады. Кәсіпкерлікті қолдау – басым бағыттардың бірі. Бұл мақсатқа 27,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 156 мыңнан асты, ал сектордағы жұмыспен қамту 10,5%-ға өсті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз өңірдің тұрақты дамуын және халықтың өмір сапасын арттыра аламыз», — деді өңір басшысы.Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі болжамды болу қажеттігін атап өтті.«Мен кездесу нәтижесіне өте ризамын. Барлық мәселе сол жерде талқыланып, нақты жауаптар берілді. Ал республикалық деңгейдегі сұрақтарды жеке бақылауыма алдым», — деді Қанат Нұров.Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыру және бизнес мәселелері бойынша тұрақты пікір алмасу жөнінде уағдаласты. Мұндай өзара әрекеттестік кәсіпкерлікті дамытуға кедергілерді жедел жоюға және бизнес ортасын жақсартуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1095662?lang=kk
Балқаш ауданында күріш жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр 29.10.2025
Балқаш ауданында «Бауыржан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарында күріш жинау науқаны қарқынды түрде жалғасуда. Жұмысқа барлық қажетті ауыл шаруашылығы техникасы толық жұмылдырылған: комбайндар піскен егіс алқаптарымен жүйелі түрде жүріп өтіп, орақ науқанының уақытылы және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуде. Шаруашылық басшысы Талғат Сұлтанов науқан барысын тұрақты бақылауда ұстап, мамандардың жұмысын үйлестіру және өндірістік процестің тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етуде.Шаруашылықтың суармалы жерлерінің жалпы көлемі 730 гектарды құрайды, оның 247 гектары – күріш, 205 гектары – бидай, 278 гектары – көпжылдық шөптер. Егін жинауға екі комбайн, бір КамАЗ жүк көлігі, сондай-ақ МТЗ-80 және МТЗ-1221 тракторлары тартылған. Бүгінгі күні 110 гектар күріш орылып, орташа өнімділік гектарына шамамен 40 центнерді құрап отыр.Биылғы жылы аудандағы суармалы егістік жерлердің жалпы көлемі 27 мың гектардан асты. Оның ішінде 7 мың гектардан астам жерге күріш егілген, 5 мың гектардан астамы – бидай мен арпа егістері. Қалған алқаптар көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарға бөлінген.Жазғы шөп дайындау науқаны аясында 160 мың тоннадан астам пішен, 40 мың тоннадан аса сүрлем-шөп (сенаж), шамамен 33 мың тонна сабан және 85 мың тонна сүрлем дайындалған. Дәнді дақылдардан жиналған өнім көлемі 9 мың тоннадан асып, орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрады. Қазіргі уақытта 6 мың гектардан астам күріш алқабы орылып, орташа өнімділік гектарына 42 центнерге жуық.Күз мезгілі дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысын шығаратын уақыт болып табылады. Балқаш ауданының береке мен молшылықтың символына айналған күріш өнімі диқандардың тынымсыз еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Егіншілердің еңбегі өңірдің аграрлық саласын тұрақты дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1095427?lang=kk
Үйлер, мектептер және өндіріс орындары: Алматы облысында инфрақұрылым қарқынды жаңарып жатыр 28.10.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандардың құрылысымен және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ол су жүйелерінен бастап тұрғын үйлер мен мектеп, сондай-ақ жануарларға арналған жем өндірісіне дейінгі жобаларды аралап көрді. Әр нысанда мерзім, сапа және нақты нәтижелер талқыланды.Талғардағы магистральды су құбыры – өңірдің маңызды жобасыСапардың алғашқы нысаны – Талғар қаласындағы селден қорғау бөгетінен №2 учаскеге дейін тартылып жатқан магистральды су құбыры болды. Оның ұзындығы – 22,5 шақырым, жалпы құны – 4,6 млрд теңге, бүгінде шамамен 1,3 млрд теңге игерілген.Қазір магистральдық құбырларды монтаждау және резервуарларды гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда соңғы кезеңді толық бітіру үшін қосымша қаржы қажет. Тексеру барысында ішкі инженерлік желілерді қосу және зертханалық жабдықтар жеткізу мәселесі талқыланды.“Су – өмірдің негізі. Бұл жобаны дер кезінде және сапалы аяқтау өте маңызды”, – деді Марат Сұлтанғазиев.Жаңа тұрғын үйлер – Талғарлықтар үшін көптен күткен баспанаКелесі нысан – Талғар қаласында бой көтерген жаңа тоғыз қабатты тұрғын үйлер. Үш үйдің құрылысы толық аяқталған, пәтерлер қоныстануға дайын: әр үйде ішкі әрлеу, сантехника мен жылыту жүйелері орнатылған. Тағы екі үйдің құрылысы соңғы сатыда жүріп жатыр.Бұл жоба көптеген тұрғындар үшін өз баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін бермек.Еңбекшіқазақ ауданындағы өндіріс: отандық жем өндірісі дамып келедіСапар барысында облыс әкімі Еңбекшіқазақ ауданының Қойшыбек ауылындағы Asia Pets зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын Mascot брендімен үй жануарларына арналған жем өндіреді. Зауытта 25 адам еңбек етуде.Өндіріс неміс технологиясы негізінде ет қалдықтарын өңдеуге және кептіруге бағытталған, бұл дайын өнімнің пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.“Біз әдетте кәдеге жарамайтын шикізатқа екінші өмір береміз. Ал біздің өнім мыңдаған үй жануарының денсаулығына пайдасын тигізеді. Болашақта қызметтік иттерге арналған жем шығаруды да жоспарлап отырмыз”, – деді зауыт директоры Руслан Іргебаев.Есік қаласында жаңа тұрғын үй кешені салынып жатырКелесі нысан – Есік қаласындағы жаңа тұрғын үй кешені. Мұнда үш 60 пәтерлі және бір 40 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге, оның екіден үш бөлігі игерілген. Құрылыс 2026 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.⸻Абылай хан атындағы мектепке – жаңа тынысСапардың соңғы нүктесі – Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектеп болды. 1938 жылы салынған бұл тарихи ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90%-ы аяқталған, ал кешігу тек рұқсат құжаттарының рәсімделуіне байланысты болған.Мектепті жыл соңына дейін толық ашу жоспарланып отыр. Әкім оқу сыныптары мен спорт залын аралап, аула аумағында қосымша волейбол және баскетбол алаңдарын салуды ұсынды.Нәтиже мен жоспарӘр нысанда қаржыландыру көздері, субсидия қажеттілігі және келісімшарттарды жеделдету мәселелері қаралды.“Басты назар – нақты жұмыс пен нәтиже. Әр тиынның қайда жұмсалып жатқанын көріп, нысандардың дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалау қажет”, – деп түйіндеді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.Сапар қорытындысы бойынша нақты міндеттер белгіленді:• тұрғын үйлердегі әрлеу жұмыстарын аяқтау;• мектеп пен су құбырына арналған жабдықтарды уақытылы жеткізу;• барлық нысандардың іске қосылу кестесін нақтылау.Алматы облысында жүзеге асып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1094334?lang=kk
Алматы облысында ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жүріп жатыр. Аймақта жаңа мектептер, тұрғын үйлер мен өндіріс орындары салынып, мыңдаған жұмыс орны ашылуда 28.10.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле және Қарасай аудандарындағы құрылыс нысандарын аралап, өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы жаңа мектептердің, тұрғын үйлердің және өндіріс алаңдарының құрылысын тексерді.Іле ауданында жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақынАлғашқы нысан – Іле ауданы Н.Тлендиев ауылында 900 орындық жаңа мектеп. Білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекованың айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін облыстағы үш ауысымды мектептер саны 53-тен 23-ке дейін азаяды.– Іле ауданында бүгінде 18 үш ауысымды мектеп бар. Н.Тлендиев ауылындағы мектеп 600 балаға арналғанымен, онда 1800-ден астам оқушы оқиды. Жаңа мектеп ашылған соң бұл мәселе шешіледі. Ғимарат заманауи стандарттарға сай салынып жатыр: кең сыныптар, зертханалар, акт және спорт залдары, 250 орындық асхана қарастырылған, – деді ол.Құрылыс учаскесінің бастығы Жалын Ынтықбаевтың мәліметінше, нысанның жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыста 140 адам еңбек етуде. Мектептің құрылысы 2023 жылғы қыркүйекте басталып, биыл қараша айының соңында аяқталады деп жоспарланған.Әкім Марат Сұлтанғазиев құрылыс барысын тексеріп, «Самұрық-Қазына» қоры мен мердігер компания Qazaq Stroy-мен сапа және мерзім мәселесін талқылау бойынша кеңес өткізуді тапсырды.Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер салынып жатырКелесі нысан – Қараой ауылында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған екі пәтерлі үйлердің құрылысы. Жоба жеке инвестор есебінен жүзеге асуда. Маусым айында басталған құрылыс аясында барлығы 114 үй бой көтереді. Әр үйде екі- төрт бөлмелі пәтер болады, әрқайсысының жер телімі – 4 сотықтан.Жеке инвестор Ұлан Сұлтанбековтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, инженерлік желілер жүргізілген, фасадтық және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған. Үйлер жылу мен дыбыс оқшаулауы жоғары сапалы материалдардан салынуда.Аудан әкімдігі өкілдері қазіргі таңда 30 үйдің 50%-ы төленгенін, жобаны жалғастыру үшін келер жылы қосымша қаржыландыру қажет болатынын айтты. Инвестор әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмаған – жергілікті мешітке автокөлік сыйлап, балалар алаңын өз қаражаты есебінен салуды жоспарлап отыр.Қарасай ауданында жаңа өндірістік аймақ қалыптасудаЕлтай ауылдық округінде индустриялық-логистикалық аймақ пен үш зауыттың құрылысы басталды. Мұнда сэндвич-панельдер, алюминий бұйымдары және кабель-өткізгіш өнімдері өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ ірі көтерме-тарату орталығы салынады.Жобаның жалпы құны – 50 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2025–2027 жылдар. Іске қосылған соң мұнда 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өндірістік кластер өңірдің логистикасы мен өнеркәсібін дамытып, ішкі нарыққа және ТМД мен Қытай бағытындағы саудаға серпін бермек.Тағы бір жаңа мектеп – Қарасай ауданындаСапар соңында облыс әкімі Қарасай ауданындағы Бұлақ ауылында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл да «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында іске асуда.Нысанда 110 адам екі ауысыммен еңбек етуде. Құрылыстың негізгі бөлігі аяқталған, тек электр желісіне қосылу мәселесі қалды. Бұл трансформаторлық подстанцияны көшіруге байланысты.– Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Марат Сұлтанғазиев. Ол жауапты қызметтерге электрмен жабдықтау мәселесін жедел шешуді тапсырды.Аймақ дамуы – жүйелі жоспардың нәтижесіЖұмыс сапары Алматы облысында инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Жаңа мектептер, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп нысандары бой көтеріп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуеті артып келеді.«Келешек мектептері» ұлттық жобасы білім беру жүйесін жаңғыртудың басты тетігіне айналса, жаңа нысандар – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындарға тең мүмкіндік жасаудың кепілі болып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1094264?lang=kk
Қазақстанда балаларды еңбекке баулу балабақшадан басталады 28.10.2025
2025–2026 оқу жылында елімізде «Балаларды ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» атты пилоттық жоба бастау алады. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе балалардың ұқыптылық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін ерте қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде енгізілмек.Жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды. Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленуде. Кішкентай тәрбиеленушілер күнделікті ойын және тәжірибелік сабақтар арқылы түрлі мамандықтармен танысып, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді.Алматы облысы бойынша бұл пилоттық жобаға 5 балабақша қатысады.Олардың қатарында:* Еңбекшіқазақ ауданындағы «Келешек» балабақшасы (мемлекеттік),* Қонаев қаласындағы «Ақдидар» балабақшасы (мемлекеттік),* Іле ауданындағы «Әдемі» балабақшасы (мемлекеттік),* Талғар ауданындағы «Еркем-Ай Алматы» (жекеменшік) және «Жақсылық» (жекеменшік) балабақшалары бар.Жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі — еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйрету.Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1094169?lang=kk
Қонаев аспанында Қазақстанның Әнұраны шырқалды 25.10.2025
Алматы облысында Республика күні ерекше форматта аталып өтті — дрон-шоу, 15 мың көрерменнің қатысуымен Әнұранның бірегей орындалуы және мерекелік концерт ұйымдастырылды.Қонаев қаласында Республика күніне орай алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Бұл — мерекелік іс-шаралардың шарықтау шегі болды. Орталық алаңға жиналған 15 мыңға жуық тұрғын мен қонақтар Қазақстан аспанын жарық пен әуенге толтырған ерекше көріністі тамашалады.Кешкі аспанға көтерілген 550 дрон ел тарихын, бірлігін және рухын айшықтаған әсерлі көрініс ұсынды. Шоудың ең шарықтау сәті — дрондар арқылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының сөздері аспанда жарқырап жазылуы болды:«Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін.Жырың болып төгілемін, елім!Туған жерім менің – Қазақстаным!»Бұл сәтте бүкіл алаңдағы көрермен мен өнерпаздар Әнұранды бірге шырқады. Мыңдаған дауыс бірігіп, қуатты үнге айналды. Бұл әсерлі орындау мерекенің рухын сездіріп, елге деген мақтаныш пен сүйіспеншіліктің нышанына айналды.Дрон-шоу барысында аспанда еліміздің басты рәміздері мен бейнелері бірінен соң бірі пайда болды: Қазақстан картасы, мемлекеттік ту, домбыра мен нота, «Алтын адам», барыс, алма және «25 қазан – Республика күні» деген жазу. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп — Закон и порядок» деген композиция әділетті әрі мықты мемлекеттің идеясын айқындады.Шоудың соңында дрондар «жүрек пішінін жасаған қолдар» мен «Қонаев қаласы» деген жазуды бейнеледі. Бұл көрініс қала тұрғындарының сүйіспеншілігі мен бірлігін білдірді.Мерекелік кеш концертпен жалғасты. Сахнада Хансұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Асылбек Енсепов, Esko, Ray, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Il Canto квартеті және өңірдің басқа да танымал әртістері өнер көрсетті. Кештің жүргізушілері – Руслан Арманұлы мен Мұрат Мұтырғанов болды.Қонаев аспанын жарыққа бөлеген дрон-шоу мен әсерлі концерт Республика күні мерекесінің басты сәні мен рухани көрінісіне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының есінде ұзақ сақталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093486?lang=kk
Алматы облысында Мемлекеттік наградалар табысталды 25.10.2025
Республика күні қарсаңында Алматы облысында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел дамуына сүбелі үлес қосқан өңір азаматтарына мемлекеттік және қоғамдық наградаларды табыс етті.Аким атап өткендей, бұл марапаттар – әр салада адал еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосқан жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.«Еліміздің дамуы – сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің нәтижесі. Республика күні қарсаңында табыс етілген бұл марапаттар – мемлекет тарапынан еңбектеріңізге білдірілген құрмет пен алғыс», – деді Марат Сұлтанғазиев.Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы №1053 Жарлығына сәйкес бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды.ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Кеген ауданындағы «Ақтоғай» ГЭС бас директоры Тоқтарбек Баймолдаевқа табыс етілді.«Құрмет» орденімен Қанымжан Сұлтанқұлова, Роза Абилова, Қуат Байғоджаев, Зинаш Күштекова, Бақыт Онланбекұлы, Қали Сатпаев, Динмухамед Кузиев марапатталды.III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені Кеген ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы Болат Аумолдаевқа берілді.Сонымен қатар өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер, мәдениет пен әлеуметтік сала қызметкерлері бар.Қазақстан халқы Ассамблеясының наградалары да салтанатты түрде тапсырылды. Ел бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін Гамзе Гейдаров пен Гулипа Гайипова «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен, ал Нурмахамет Арипов, Мақсат Сейдалиев, Исмаил Байрамов Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды.Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан он екі азаматқа «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.Іс-шара соңында облыс әкімі марапат иелеріне денсаулық, жаңа табыстар мен ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093418?lang=kk
Қонаев аспанында желбіреген Ту, марапаттар, жастар және шабыт: Алматы облысында Республика күні қалай аталып өтті? 25.10.2025
Республика күні Алматы облысында биыл да кең ауқымда, ерекше салтанатпен аталып өтті. Өңірдің барлық аудан-қалаларында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғындар Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің символы астында бірікті.Басты мерекелік жиын облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Әскери оркестрдің әуенімен және Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев тебірене орындаған Мемлекеттік Гимн кезінде алаң үстінде Мемлекеттік штандарт көкке көтеріліп, мерекелік рух асқақтады.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Республика күні – жай ғана күн емес, елдің егемендік тарихындағы ең маңызды белестердің бірі екенін айтты.«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Дәл осы күннен бастап Тәуелсіздікке бастар жол басталды. Бұл күн барша қазақстандықтарды біріктіріп, мемлекеттіліктің және егемендіктің символына айналды. Еліміз дами берсін, ал тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Соңғы үш жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі екі есеге жуық өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге жетті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 10 пайыздан асты. Өңірге 9,6 триллион теңге инвестиция тартылып, 720 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда облыста 1700-ге жуық өнеркәсіп нысаны мен 156 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде Алматы облысы республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бұл – өңір тұрғындарының бірлігі мен еңбегінің нақты жемісі», – деді аймақ басшысы.Биыл осы тарихи құжатқа 35 жыл толып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Республика күні қайтадан ұлттық мереке мәртебесін иеленді.Салтанатты жиында елдің дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері және этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл азаматтар – бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеген тұлғалар, олардың еңбегі – өңірдің мақтанышы.Мереке күні жастарға да ерекше назар аударылды. Президент бастамасымен енгізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» аймақтық гранттары табысталып, бұл сәт мерекенің ең әсерлі кезеңдерінің біріне айналды.Ғылым, мәдениет, бизнес, IT және медиа салаларында өз жобаларын жүзеге асырып жүрген он талантты жас қазақстандық 1 миллион теңгеден грант иеленді. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту құрылғыларының авторлары, домбыраны цифрлық үйрету жүйесін әзірлеушілер, экологиялық стартаптар мен білім мен медицина саласына арналған жасанды интеллект жобалары бар. Бұл бастамалар – тәуелсіз Қазақстан жастарының креативтілігі мен жасампаз қуатының нақты көрінісі.«Бұл марапат – тек менің еңбегім емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Тәуелсіз елдің дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы. Еліміздің өркендеуіне қызмет ету – үлкен абырой», – деді «Құрмет» орденінің иегері Дінмұхаммед Күзиев.Мерекенің ең жылы сәттерінің бірі – Қазақстанның халық әртісі, «Ақжауын» оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбекке жаңа пәтер кілтін табыстау болды. Бұл сыйлық – оның ұлттық мәдениетті дамыту мен рухани дәстүрді сақтау жолындағы еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Пәтер кілтін «Элитстрой» компаниясының вице-президенті Лаура Рисмұхамедова табыстады.«Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Өнер – ұлттың рухы. Мемлекет мәдениетке осылай құрмет көрсету арқылы руханияттың мәңгілік екенін дәлелдеп отыр», – деді Секен Тұрысбек.Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнді бірлесе орындаумен және өңірдің үздік өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен аяқталды.Жарқыраған сахна, шаттыққа толы алаң мен елге деген ортақ мақтаныш – биылғы Республика күнінің басты лейтмотивіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093407?lang=kk
Алматы облысында Республика күніне орай үш жаңа нысан ашылды 25.10.2025
 Ұлттық мереке қарсаңында Алматы облысында өткізілген үш маңызды нысанның ашылу рәсімі өткізілді. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылында бой көтерген Мәдениет үйі, Талғар қаласында ашылған жаңа музыкалық мектеп, және Іле ауданындағы жоғары беріктікке ие ультражұқа жабыны бар демонстрациялық жол учаскесі бар.Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылында – жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді.Ауыл өмірінің жүрегіне айналып үлгерген мәдени ошақта алғашқы концерттер мен кездесулер өткізіліп те үлгерді.Талғар қаласында – заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа музыкалық мектеп дарынды балаларымызға өз есігін айқара ашты.Іле ауданында – елімізде алғашқы болып ультражұқа жабыны бар демонстрациялық жол ашылды.«Алматы – Шелек – Хоргос» бағытындағы бұл заманауи жол халықаралық «Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бөлігі.Жаңа PG100 технологиясының арқасында жол қабаты төселгеннен кейін небәрі 30 ішінде көлік қозғалысын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.Аталған үш нысан облысымыздың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093403?lang=kk
РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ 25.10.2025
Республика күні қарсаңында Алматы облысында жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары белгілі болды. Бұл күн – елдің тәуелсіздігі мен жаңа бастамалардың символына айналған мереке ғана емес, өз арманы мен идеясын жүзеге асыруға ұмтылған жастар үшін де ерекше сәт болды.Жоба биыл да өңір жастарының арманын жүзеге асырып, жаңа идеялардың қанаттануына мүмкіндік беріп отыр. Грант иегерлері түрлі бағыттар бойынша іріктеліп, өздерінің әлеуметтік, мәдени, ғылыми және инновациялық бастамаларын қорғады. Қатысушылардың жобалары қоғамның өзекті мәселелерін шешуге, жастарды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.Жеңімпаздардың қатарында:– Талғатқызы Айзере – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеке оңалту жабдықтары мен ойын кешендерін шығару жобасы;– Зікір Пернегүл Кемелханқызы – «SabiSPA» гидромассаж және босансу орталығы;– Яньбаева Айнұр Әлімбайқызы – «Өнерім–мұрам» атты ұлттық нақыштағы сурет жобасы;– Жұмағали Аружан Әбілбекқызы – қазақ музыкасын цифрлау және балаларға домбыра үйрету;– Төленева Жанерке Қайратқызы – Narestem AI жүкті әйелдердің жағдайын бақылауға арналған жасанды интеллект;– Хабылбек Абуxали – RobotTime ауыл балаларына робототехника үйрету жобасы;– Исадуллаева Алянура Мұптулламқызы мен Айдархан Жансая Нурданғалықызы – биогумус өндіру кәсібі;- Нарузова Наргиза - экологиялық бағыттағы «Жасыл болашақ» жобасы;– Иманмәди Мөлдір – «Журналист – жау емес» медиа жобасы;– Өнербекқызы Нұргүл – «Медиа сауат» бастамасы бар.Биылғы гранттың ерекшелігі – тек дарынды ғана емес, өмірлік қиындықтарға қарамастан өз арманынан бас тартпаған жастардың жеңісінде.Жеңімпаздардың бірі, Қонаев қаласындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Наргиза Нарузова өз әсерімен бөлісті:«Бұл грант мен үшін үлкен мүмкіндік. Менің “Жасыл болашақ” жобамның мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, балалар мен жастарға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде ел дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ал дәл Республика күнімен тұспа-тұс келуі – мен үшін ерекше мәртебе», – дейді жас жобалаушы.Салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев жас жеңімпаздарды мерекемен құттықтап, оларға сәттілік тіледі:«Республика күні – елдің еркіндігі мен жаңару рухының символы. Ал бүгінгі грант иегерлері – осы тәуелсіз елдің болашағы. Сіздердің идеяларыңыз қоғамға серпін беріп, жаңа Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін», – деді өңір басшысы.«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – жастардың жаңа бастамаларына серпін беріп, елдің ертеңіне үлес қосатын ұрпақ қалыптастыруды мақсат етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093404?lang=kk
Алматы облысы мен Оңтүстік Корея агросаладағы серіктестікті нығайтады 25.10.2025
Алматы облысының әкімдігінде Оңтүстік Кореяның Санджу қаласынан келген делегациямен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық құрамын жаңарту мәселелерін талқылады.Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өз сөзінде өңірдің аграрлық әлеуеті зор екенін және ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, заманауи технологияларды енгізуге берік негіз бола алатынын атап өтті. Бүгінде облыста көпсалалы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді: бидай, арпа, күріш, қарабидай және сұлы сияқты астық дақылдарының 10-нан астам түрі, сондай-ақ күнбағыс, соя және сафлор сияқты үш майлы дақыл өсіріледі. Бұдан бөлек, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және жеміс-жидек өндірісіне де басымдық берілген. Биылғы жылы егістік алқабы 400 мың гектардан асты. Болжауға сәйкес, көкөніс пен жеміс-жидектің жалпы өнімі 35 мың тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 75 пайызға артық болады деп күтілуде.Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта жалпы аумағы шамамен 80 гектарды құрайтын 50-ге жуық кешен жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі өнеркәсіптік жылыжайлар да, шағын фермерлік парниктер де бар. Өткен жылы жылыжайлар шамамен 20 мың тонна өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаруашылықтар өз өнімдерін облыс пен Алматы қаласының нарықтарына шығарып, шетелдік серіктестердің заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алуда.Мемлекеттік қолдау да аграрлық саланың дамуына маңызды үлес қосуда. Шаруалар мен ірі қожалықтар тыңайтқыштар құнының 60 пайызына дейін, тұқым шаруашылығында 70 пайызына дейін субсидия алады. Сондай-ақ жабық топырақтағы басым дақылдар — қызанақ пен қиярдың элиталық тұқымдары мен бірінші буынды будандарының құнының 20 пайызына дейін өтеледі. Ал жылыжай салу мен кеңейтуге кеткен шығындардың 25 пайызына дейін өтемақы қарастырылған. 2025 жылы осы мақсаттарға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жобаларды кеңейту мен жаңа технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасалып отыр.Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды пайдалану және өнімділікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Корей тарапы күрделі климаттық жағдайларда тиімділігін дәлелдеген тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірдің аграрлық сектор мен жылыжай өндірісін одан әрі дамытуға барлық алғышарттар бар екенін атап өтіп, корейлік серіктестермен ынтымақтастық халықаралық нарыққа шығуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093238?lang=kk
Алматы облысы мен Оңтүстік Корея агросалада бірігеді! 24.10.2025
Бүгін облыс әкімдігінде өткен кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев пен Кореяның Санджу қаласының әкімі Кан Ен Сок ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы серіктестікті талқылады.Алматы облысы – агроөнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда 400 мың гектардан астам жерге түрлі дақыл егіледі, жылыжайлар көлемі 79 гектарға жеткенКорея делегациясы өз еліндегі «ақылды ферма» жобасын таныстырып, заманауи технологияларды біздің өңірде де енгізуге қызығушылық білдірдіКездесу нәтижесінде екі ел ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093233?lang=kk
Алматы облысында алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтеді 24.10.2025
25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Қонаев қаласының Орталық алаңында үлкен мерекелік шара ұйымдастырылады. Кешкі бағдарлама сағат 17:00-де басталып, танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Мерекелік кештің хедлайнерлері – Esko, Ray және Нұрсұлтан Нұрбердиев.Кештің басты сәні – Алматы облысында алғаш рет өткізілетін дрон-шоу болмақ. Кешкі аспанда жүздеген дрон көтеріліп, жарық арқылы түрлі бейнелер мен композициялар жасайды.Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл еліміз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуын атап өтуде. Бұл тарихи құжат – қазіргі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолының бастауы.«Республика күніне орай өңірде жүздеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың қатарында бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесулер, жастарға арналған экскурсиялар, форумдар мен конференциялар бар. Ал 25 қазанда Қонаев қаласының Орталық алаңында күндізгі және кешкі концерттер өтіп, мерекенің шарықтау шегі ретінде ерекше дрон-шоу ұсынылады. Бұл іс-шара демеушілердің қолдауымен өткізіліп, тұрғындар мен қонақтарға тамаша сый болмақ», – делінген әкімдік хабарламасында.Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын отбасымен бірге келіп, биылғы жылдың ең әсерлі сәттерінің біріне айналатын ерекше жарық шоуын тамашалауға шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093155?lang=kk
Алматы облысының ұстаздары «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауында топ жарды 23.10.2025
Биылғы «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Жыл сайын өткізілетін бұл беделді конкурс еліміздің ең үздік ұстаздарын анықтап, олардың кәсіби шеберлігін бағалауға бағытталған.Байқаудың облыстық кезеңінде 18 педагог іріктеуден өтіп, олардың ішінен 10 мұғалім республикалық кезеңге жолдама алды. Қазан айының 8-і күні Астана қаласында өткен республикалық додада қатысушылар елорданың түрлі мектептерінде ашық сабақ өткізіп, өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісті.Олар 24 қазан күні Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне қатысып, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 айлық есептік көрсеткішпен (МРП) көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталады.Байқау қорытындысы бойынша Алматы облысының екі педагогі жеңімпаз атанды:Әбеу Нұргелді – Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі;Бухарбаева Динара Ермырзақызы – Жамбыл ауданы Қарасу орта мектебінің физика пәні мұғалімі.Сонымен қатар, республикалық кезеңге қатысып, өз кәсіби деңгейін жоғары деңгейде көрсеткен облыстың басқа да ұстаздары атап өтілді. Олар:Даулешяр Бақытәлі Даулетярұлы – Жамбыл ауданы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі;Баймолданова Мейрамбала Байтановна – Еңбекшіқазақ ауданы Рахат №1 орта мектебінің математика пәні мұғалімі;Алимбаева Жайдары Даупасовна – Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі;Сонабаева Феризат Бековна – Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі;Аманжолова Назым Сергалиевна – Алатау қаласы №5 орта мектебінің биология пәні мұғалімі;Байжарикова Шарипа Абдешовна – Алатау қаласы №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі;Амреева Алия Хамиевна – Қонаев қаласы №2 орта мектебінің қазақ әдебиеті пәні мұғалімі;Смағұлова Алфия Болатовна – Қарғалы №2 мамандандырылған лицейінің информатика пәні мұғалімі.Алматы облысының әкімдігі мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалап, облыстық деңгейдегі «Үздік педагог» атағын иеленген ұстаздарға 300 МРП көлемінде ақшалай сыйлық 2026 жылдың бюджеті есебінен берілетінін мәлімдеді.Бұл байқау — педагог мәртебесін көтеріп, білім беру саласының беделін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жеңімпаздар мен қатысушылардың табысы – облыстың білім жүйесіндегі сапалы еңбектің және үздік тәжірибенің айғағы болып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1091744?lang=kk
Астанада «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті 23.10.2025
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үлгілі 20 отбасы қызыл кілеммен жүріп өтіп, құрмет төрінен орын алды.Жеңімпаздарды ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев салтанатты түрде марапаттады.Олардың қатарында Алматы облысының атынан қатысқан Қарасай ауданы, Қаскелең қаласының тұрғындары — Бекдайырлар әулеті де бар. Бұл өнегелі жанұя республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғады.Қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келе жатқан бұл отбасы – өнердің, еңбектің және берекенің жарқын үлгісі.Әулет басшысы Қоңыр Бекдайыр күміс әшекей жасау ісімен танылса, жұбайы Анаргүл ұлттық киім тігу өнерінде шеберлігімен ерекшеленеді.Балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.Бұл жеңіс – ұлттық мұраға құрметпен қарап, дәстүрді дәріптеген барша жанның ортақ қуанышы!Жерлестеріміз – Бекдайырлар әулетін шын жүректен құттықтаймыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1091376?lang=kk
Жұмысшы жылының басты оқиғасы «ENBEK FEST» – жұмысшы жастарының жаңа белесі 22.10.2025
Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Алматы облысында еңбек адамдары мен жас мамандарға арналған «ENBEK FEST» республикалық жастар слеті өтті.Ауқымды шараға еліміздің 7 өңірінен келген жұмысшы жастар қатысты. Слеттің басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттыру, жас мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік беру және өндіріс саласындағы жаңа идеялар мен тәжірибелерді ортаға салу.Форум аясында «Jas Talks» панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Онда арнайы шақырылған спикерлер — «Даулет Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Даулетов, «Шин Лайн» қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Горяной және «Alatau Hub» жетекшісі Бексұлтан Нұрақын жастармен өз тәжірибелерін бөлісіп, еңбек жолындағы жетістіктері туралы айтты.Слет қатысушылары үшін мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жастар Іле ауданындағы «Даулет Бекет» ЖШС түйе шаруашылығына және «Шин Лайн» ЖШС кәсіпорнына барып, өндіріс процесімен танысты. Сонымен қатар, Кеген ауданына қарасты «Қара» шатқалы мен әйгілі «Көлсай» көлдеріне экскурсия ұйымдастырылады.Фестиваль аясында көшбасшылық қабілетті арттыруға бағытталған дәрістер, зияткерлік ойындар мен мәдени бағдарламалар өткізіледі. Ал 22 қазан күні Кеген ауданындағы «Қара» шатқалында өтетін салтанатты жабылу рәсімінде белсенділік танытқан жұмысшы жастар марапатталады.«Бүгін өтіп жатқан республикалық жастар слеті – еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, жас мамандарды қолдауға бағытталған маңызды алаң деп есептеймін. Мұндай кездесулер арқылы жастар өндіріс саласындағы нақты мүмкіндіктермен танысып, өз бағыттарын анықтай алады. “ENBEK FEST” – өз ісін сүйетін жастардың тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен серіктестіктердің қалыптасуына мүмкіндік беретін тамаша бастама. Еңбек адамдарының еңбегін дәріптейтін мұндай шаралар жастарға үлкен мотивация береді», – деді «Фирма БЕНТ» ЖШС көпірлі кран машинисті Дильфуза Бақытжанова.Слеттің ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, жастардың ел дамуына қосар үлесін атап өтті:«Барлықтарыңызды осы форумда көргеніме қуаныштымын, құрметті қатысушылар! Тарих пен табиғат тоғысқан қасиетті өңір – Алматы облысына қош келдіңіздер. Бұл слет – кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды алаң. Құрметті жастар, сіздер еліміздің тірегі, экономикамыздың қозғаушы күші, ел ертеңінің иесісіздер. Қазақстанның жаңа дәуірі сіздердің қолдарыңызбен қалыптасады».«ENBEK FEST» республикалық жастар слеті – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жас мамандарды қолдауға бағытталған жыл сайынғы дәстүрлі шаралардың бірі ретінде еңбек мәдениетін дәріптеуге серпін берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1090558?lang=kk