Саясат
«JAS STARS» өнер байқауы – жас таланттардың жарқын сахнасы 11.11.2025
Алматы облысының Қарасай ауданында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған «JAS STARS» өнер байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – өнер саласындағы дарынды жастарды қолдау, олардың қабілеттерін дамыту және командалық бірлікті нығайту.Байқау екі кезеңнен тұрды: іріктеу және финал. Қатысушылар үш бағыт – вокал, би және музыкалық аспапта ойнау бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Байқау барысында жастар өз таланттарын танытып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа достар тапты.Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Шыңғыс Мұқашевтың айтуынша, шара жастардың өнерге деген ынтасын арттыруға және шығармашылыққа шабыт беруге бағытталған.«Алматы облысының әр өңірінен келген 11 команда өзара бақ сынады. Әрқайсысы ерекше дайындықпен келіп, сахнада шынайы талантын көрсетті», – деді ол.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды:І орын – Қарасай ауданы (350 000 теңге);ІІ орын – Қонаев қаласының «Өнер» мектебі (250 000 теңге);ІІІ орын – Балқаш ауданы (150 000 теңге).Кештің көркін эстрада жұлдыздары мен арнайы шақырылған музыкалық топ қыздырып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.«JAS STARS» өнер байқауы жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған дәстүрлі жобаға айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1103236?lang=kk
Облыс әкімі Еңбекшіқазақ ауданындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен танысты 11.11.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапары мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Өңір басшысы облыстық басқарма басшыларымен және аудан әкімімен бірге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нысандарды аралады.Сапардың алғашқы нысаны Балтабай ауылындағы «Baltabai Den» кәсіпорны болды. Мұнда жүгері дәндерін кептіру және консервілеу жүзеге асырылады. Өндірісте 30-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт астық кептіргіш орнатылған, ал қабылданған жүгері дәндерінің көлемі 20 мың тоннаға жеткен.Шелек өңірінде әкімдік өкілдері инженерлік желілердің құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндады. Шелек ауылында ұзындығы 124 шақырым болатын су құбыры желісін салу аяқталуға жақын. Жобаның құны — 5,1 млрд теңге. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 8 мың абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.Сонымен қатар ұзындығы 21 шақырым болатын кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстары да аяқталуға таяу. Ағынды суларды жинау қоймасы салынды, биологиялық тазарту станциясының жабдықтарының 95%-ы орнатылды. Ұзындығы 144 шақырым электр желілерін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалған, 1,7 млрд теңгеге қаржыландыруға өтінім берілді. Бұдан бөлек, құны 1,3 млрд теңге болатын сегіз блокты-модульді қазандық салу жобасы әзірленген.Сапар барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен де танысты. «QazEcoDan» компаниясының директоры Қазбек Қайралапин астық және майлы дақылдарды қабылдау, кептіру, сақтау, сондай-ақ құрама жем өндіру бойынша заманауи кешеннің құрылысын таныстырды. Жобаның инвестициялық көлемі шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Кешен Қазтай Ұлтарақұлы ауылы маңында, теміржол және автожол торабына жақын орналасқан, бұл тиімді логистиканы қамтамасыз етеді.«Басты мақсатымыз — өңдеу кәсіпорындарының, қоймалардың және астық қабылдау пункттерінің қуатын арттыру. Бұл егінді кептіру мен сақтауға жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашуға және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл жоба дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабын ұлғайту мен өнім көлемінің артуына серпін береді», — деді Қазбек Қайралапин.Өз өнімін «Qazaq Global Food JV» компаниясы да таныстырды. Компания басшысы Ержан Жұматаевтың айтуынша, көлемі 9 млрд теңгеден асатын жеміс-жидек пен көкөніс өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын жылына 6,2 мың тонна концентратталған шырын және 6,7 мың тонна пюре өндіретін болады.Зауыттың Еңбекшіқазақ ауданында салынуы — қолайлы орналасуымен және шикізат жеткізушілерге жақындығымен байланысты. Дайын өнімді экспорттау бойынша Түркияның Goknur Gida компаниясы стратегиялық серіктес болып табылады. Қазақстанның Даму банкімен несие желісін ашу туралы келісім жасалған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.Тағы бір жоба — жеке кәсіпкер «Тұржан Дәулетхан Мәжитұлы» жүзеге асырып жатқан 612 бас голштин тұқымды сиырға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысы. Жоба 85%-ға орындалған. Қондырғылардың басым бөлігі жеткізілген, алдағы уақытта сауу залы мен көң шығару жүйесін орнату басталады. Ферма 2026 жылдың көктемінде пайдалануға берілмек.Инвестжобалардың құрылтайшылары облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан кешенді қолдауды — жер телімдерін бөлу мен инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді атап өтті.«Алматы облысы инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Инвесторлармен өзара іс-қимыл жүйесі нақты әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Мұндай жобаларды сүйемелдеу — біздің басым міндетіміз», — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.«Әрине, жобаларды іске асыру кезінде түрлі қиындықтар туындауы мүмкін, біз оларды шешуге көмектесеміз. Тәуекелдерді азайту мен бюрократиялық кедергілерді жою — инвестициялық климатқа тікелей әсер етеді. Ең маңыздысы — сіздердің бастамаларыңыз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне нақты пайда әкеледі. Олар өнімін тек өсіріп қана қоймай, өңдеуге мүмкіндік алады, бұл табыстылықты арттырып, шығынды азайтады», — деді облыс әкімі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1102480?lang=kk
Алматы облысында цифрлық даму қарқыны артып келеді 10.11.2025
Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында айтты. Шара барысында сала үздіктері мен байланыс операторларының озық мамандары марапатталды.Облыс басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының «Қазақстан алдағы үш жылда толыққанды цифрлық мемлекет болуы тиіс» деген тапсырмасына тоқталып, өңірдің бұл бағыттағы жетістіктерін атап өтті.«Цифрлық трансформация – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің даму деңгейін айқындайды. Сондықтан сапа мен тұрақты өсім – басты назарда», – деді Марат Сұлтанғазиев.Әкімнің айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс секторы 12 пайызға өсіп, өндіріс көлемі 13,7 млрд теңгеге жетті. Smart City индексі 70 баллды құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.Қазір облыстағы 368 елді мекеннің 349-ы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. 261 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 311 елді мекенде 4G желісі тұрақты жұмыс істеп тұр.Алатау қаласының Жетіген ықшам ауданында 5G форматындағы байланыс іске қосылды.«Алматы облысы әкімінің құрмет грамотасын алу – еңбегімізге берілген жоғары баға. Бұл марапат бізге салада жаңа жобаларды жүзеге асыруға зор ынталандыру береді», – деді Алатау қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Жәнібек Қаратаев.Сонымен қатар, «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасы аясында 33 елді мекеннің цифрлық картасы жасалып, 2000 шақырымнан астам инженерлік желі тартылған. Өңір аумағында 9 мыңнан астам интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылды. Ал облыс орталығы Қонаев қаласында жасанды интеллект технологиясына негізделген алғашқы Qonaev AI жүйесі іске қосылды.Цифрландыру саласындағы осындай бастамалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1102359?lang=kk
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риомен кездесті 10.11.2025
Министр Әділет министрлігінің қызметі туралы айтып, жүргізіліп жатқан құқықтық реформалармен және көрсетілетін қызметтерді цифрландыру саласындағы негізгі жетістіктермен таныстырды.Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасты және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.Сондай-ақ тараптар өзара жемісті іс-қимылды нығайту жолында өзара серіктестікті жалғасатыратын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1102317?lang=kk
Алматы облысында азық-түлік бағалары бақылауда тұр 10.11.2025
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда. Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі 100% құрап, республикалық көрсеткішке сәйкес келді.Облыста сәбіз (–3,2%), пияз (–1,7%), сиыр еті (–1%) және күнбағыс майы (–0,1%) арзандады. Ал картоп (+5,4%), қарақұмық (+1,5%) және сары май (+0,9%) бойынша аздаған қымбаттау байқалды.Баға тұрақтылығын сақтау және бақылау жұмыстарын облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың төрағалығымен құрылған ведомствоаралық комиссия жүзеге асыруда. Комиссия құрамына кәсіпкерлік басқармасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, монополияға қарсы орган және «Атамекен» өңірлік палатасы секілді 14 мемлекеттік орган кіреді.– Біз күн сайын мониторинг жүргізіп, белгіленген шектен тыс баға өсуіне жол бермейміз. Биылдың өзінде заң талаптарын бұзған 27 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы.Тексерулер электронды форматта жүргізілуде. Сауда орындарының тізімдері Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, электронды шот-фактуралар арқылы жеткізу тізбегі бақыланады. Бұл тәсіл негізсіз үстемеақыларды болдырмауға мүмкіндік береді.Нақты саудамен айналыспайтын компанияларға қатысты материалдар Экономикалық тергеулер департаментіне жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша 27 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 98 мың теңге айыппұл салынды.– Біздің мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Біз бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, азық-түлік бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш саламыз, – деп атап өтті Қуаныш Бақытұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1101696?lang=kk
«Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы 08.11.2025
8 қараша күні Алматы облысының тарихи және ірі аудандарының бірі – Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумға 340-қа жуық белсенді ауыл әйелі қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Ауыл» партиясының және Алматы облысы Әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.Форумның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін нығайту және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдың тұрақты дамуына бағытталған саясатының аясында іске асырылды.Форумның ашылуында Алматы облысының Әкімі жанындағы Комиссия төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева, «Ауыл» партиясы Төраға орынбасары Ғалымжан Құсманғали сөз сөйледі.«Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту: өңірлік даму саясатының негізі» тақырыбында өткен пленарлық отырыста ауылдық кәсіпкерліктің қаржылық және әлеуметтік-құқықтық мүмкіндіктері мен мәселелері жан-жақты талқыланды.Талқылаудың Негізгі Бағыттары Мемлекеттік Басқармалардың жұмысын айқындады:Алматы облысының Кәсіпкерлік басқармасы шағын және орта бизнесті дамытудағы мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген кредиттердің қолжетімділік шарттарымен таныстырды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы әйелдерге арналған әлеуметтік қолдау тетіктері мен қайтарымсыз жәрдемақы бағдарламаларының жүзеге асыру көрсеткіштерін жан-жақты баяндады. Ауылдық кәсіпкерлер экспортқа бағытталған бизнестерді дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл шаруашылығындағы кооперацияның маңыздылығын атап өтті. Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту кеңесінің өкілдері әйел кәсіпкерлігін экономикалық өсімнің негізгі факторы ретінде қарастыруға шақырды.Форум аясында ауыл әйелдерінің қолынан шыққан ауылшаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, олардың еңбек әлеуеті мен дәстүрді сақтауға қосқан үлесі көрсетілді.Қорытынды сөздерде, форумда айтылған барлық ұсыныстар мен өңірлік проблемалар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық-талдау жұмысының негізіне алынып, ауыл әйелдерінің мәселелерін заңнамалық және әкімшілік деңгейде шешу үшін Орталық мемлекеттік органдарға ұсынылатыны айтылды.Бұл форум – Қазақстанның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуындағы ауылдық әйелдердің рөлін нығайтуға бағытталған Президент саясатының айқын көрінісі және оны аймақтарда жүзеге асырудың нақты тетігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1101491?lang=kk
Алматы облысында сібір жарасы көмілімі табылған аумақта қауіп жоқ 08.11.2025
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында орналасқан сібір жарасы көміліміне қатысты жағдайға облыс әкімдігі түсініктеме берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, елді мекен тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.Көмілім Байсерке ауылдық округінің аумағында, «Транспетролеум» ЖШС-не тиесілі жер телімінде орналасқан. Архив деректеріне сай, мұнда 1958 жылы бір ірі қара, ал 1968 жылы екі жылқы көміліпті. Нысанның айналасында радиусы 1000 метр болатын санитарлық-қорғау аймағы белгіленген. Бұл аумақ Байсеркенің бір бөлігін және Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылындағы кейбір жерлерді қамтиды.Әкімдік мәліметінше, тұрғын үйлерді көшіру немесе ғимараттарды бұзу мәселесі қарастырылмайды. Қазіргі уақытта жергілікті халық үшін эпидемиологиялық қауіп жоқ.Мәселені зерттеу және қауіпсіздік шараларын анықтау мақсатында Іле ауданы әкімінің 2025 жылғы 6 қазандағы өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Оған аудан әкімінің орынбасары жетекшілік етеді. Топ құрамында ветеринариялық қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары бар.Қазір жұмыс тобы ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жүргізіп жатыр. Екі рет отырыс өткізіліп, көмілімнің нақты орнын айқындау мен санитарлық-қорғау аймағын нақтылау жөнінде ұсыныстар әзірленген.Архивтік материалдар мен жиналған деректер талданып жатыр. Алдағы бір ай ішінде жұмыс тобы қорытынды шешім қабылдап, қажетті шараларды бекітеді. Сонымен бірге, Іле ауданы әкімінің 2016 жылғы сібір жарасы көмілімдері туралы шешіміне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1101490?lang=kk
Алматы облысында ауыл шаруашылығын қаржыландыру және субсидиялау мәселелері талқыланды 07.11.2025
Бүгін облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кредиттік серіктестіктердің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр төрағалық етті.Басқосу барысында шаруа қожалықтарының негізгі мәселелері – агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін несиелеу кезіндегі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды лизинг арқылы алу мәселелері қаралды.Қазіргі уақытта көптеген шаруашылықтар несиелерін толық мөлшерлеме бойынша өтеп отыр. Бұл өз кезегінде өндірістік шығындардың артуына және шаруаларға қаржылық ауыртпалықтың түсуіне алып келуде.Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр атап өтті: «Қазіргі таңда аталған бағыттағы бағдарлама бойынша бюджеттік қаражат тапшылығы байқалады. Осыған байланысты субсидия төлемдері уақытша шектеліп отыр. Дегенмен, мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Шаруаларға қаржылық институттардың орталық аппараттарына — “Аграрлық несие корпорациясы” және “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамдарына тікелей жүгініп, қолдау алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады».Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастыратын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1100566?lang=kk
Алматы облысында халықаралық «Ғылым. Инновация. Болашақ. STEAM AI» форумы өтті 07.11.2025
Алматы облысында білім беру жүйесін инновациялық және технологиялық бағытта дамыту мақсатында «Ғылым. Инновация. Болашақ. STEAM AI» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті.Ауқымды шара Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы №27 «Келешек» мектебінде ұйымдастырылып, еліміздің және шетелдің жетекші педагогтері мен ғалымдарын, инновациялық білім беру саласының мамандарын біріктірді.Форум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған міндеттер мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау бастамасы аясында өтті.Форумның ашылуында Алматы облысы білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі инновациялық тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Бүгінде әлемде жасанды интеллект саласында жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан мұндай құзыреттілікті ерте жастан қалыптастыру аса маңызды. Бұл форум ұстаздардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және білім сапасын арттыруға бағытталған», – деді Арайлым Төлеубекова.Форум барысында қатысушылар заманауи технологиялар, робототехника, экологиялық жобалар және дрондар жарысы сияқты бағыттар бойынша ұйымдастырылған тәжірибелік алаңдар мен шеберлік сабақтарында өз жобаларын таныстырды.Тәжірибелік бағыттар қатарында:«Археология: Тамыры тереңнің – бұтағы биік»«Мамандықтар алаңы: Болашаққа дұрыс таңдау»«Eco ART шеберханасы»«SmartTech: Робототехника және Arduino»«Dragon Air Race: Дрондар жарысы» және басқа да бағыттар болды.Форум қатысушылары шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның тәжірибелік маңызын ерекше атап өтті. Педагогтер Үміт Мұқан, Айнұр Жабаева және мектеп директоры Данияр Тайжанұлының айтуынша, форум тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң болып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға және білім сапасын арттыруға зор үлес қосты.Форум қорытындысында қатысушылар STEAM және жасанды интеллект бағытында білім берудің әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім беру жүйесін инновациялық бағытқа көшіру – ел дамуының негізгі шарттарының бірі. Мұндай шаралар білім сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға айтарлықтай әсер етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1100572?lang=kk
Алматы облысы Беларусь Республикасымен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда 06.11.2025
Қазақстан мен Беларусь Алматы және Витебск облыстары деңгейінде өңіраралық әріптестікті нығайтуда. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Беларусь Республикасының Витебск облыстық атқару комитетінің төрағасы Александр Субботинмен кездесті.Кездесу барысында Алматы облысы әкімдігі мен Витебск облыстық атқару комитеті арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Құжаттың мақсаты – өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялармен алмасу және Қазақстан мен Беларусь арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейту.Кездесуге сондай-ақ Алматы облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі Беларусь бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Инвесторлар өнеркәсіп саласында ынтымақтасуға дайын екенін білдірді. Өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары, соның ішінде өндірістерді жергіліктендіру және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ технологияларды тарту, тәжірибе алмасу және өндірістік кооперацияны дамыту бағыттары бойынша қосымша консультациялар өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.Меморандумға қол қою және қол жеткізілген уағдаластықтар өңірлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің, тәжірибе алмасудың және өнеркәсіптік, аграрлық және әлеуметтік салалардағы бірлескен бастамаларды ілгерілетудің берік негізі болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1100205?lang=kk
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың Астанада қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Роговпен кездесуі өтті 06.11.2025
Кездесу барысында Министр Әділет министрлігі мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты, соның ішінде Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары аясында өткізілген іс-шаралардың табысты іске асырылуын атап өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылы БҰҰ алаңында өткен Әмбебап кезендік шолу мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт шеңберіндегі Ұлттық баяндамаларды ұсыну нәтижелері бойынша берілген ұсынымдарды іске асыру жөніндегі жоспарлар таныстырылды.Тараптар Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы жағдайды жақсартуға және берілген ұсынымдарды іске асыруға бағытталған бірқатар маңызды іс-шараларды бірлесіп өткізуге уағдаласты.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогтың нәтижелі өткенін атап өтіп, алдағы уақытта адам құқықтарын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды әрі қарай дамыту мен нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1099702?lang=kk
Диалог – өзара сенім мен келісімнің бастауы 05.11.2025
Алматы облысында медиация және этномедиация мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіби медиаторлар, педагогтар мен қоғам белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы диалог пен делдалдық тәсілдерінің түрлі этностар өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы, сондай-ақ келіспеушіліктердің алдын алудағы маңызын талқылау болды.Жиынды ашқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Қанат Есболатов этномедиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.«Этномедиация келіспеушіліктерді ерте анықтап, тараптар үшін құрмет пен сенімге негізделген ашық диалог алаңын қалыптастырады. Бұл – қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды тетігі», – деді Қанат Есболатов.Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақұпов медиация және этномедиация бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Биылғы жылдың он айында 70-тен астам іс-шара өткізіліп, үш мыңға жуық тұрғын қамтылған.«Көптеген даулар сотқа дейін шешімін тапты. Олардың арасында отбасылық, қаржылық және ұрпақаралық келіспеушіліктер бар. Сонымен қатар кәсіби медиаторлардың саны да артып келеді», – деп атап өтті Ерлан Жақұпов.Кездесу барысында мектеп медиациясының маңызына да назар аударылды. Грек этномәдени бірлестігі «Элефтерияның» төрайымы Наталья Тифанциди балаларда келісімге келу және өзара түсінісу дағдыларын ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айтты.«Мектеп – балалар диалог пен келісімге алғаш қадам жасайтын орта. Егер бала кішкентайынан өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын ұғынса, бұл болашақ бейбіт қоғамның негізін қалайды», – деді Наталья Тифанциди.Облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева «Ана медиациясы» жобасымен таныстырды. Бұл бастама отбасылық және ұрпақаралық дауларды шешуде әйелдерді бітімгер әрі кеңесші ретінде тартуға бағытталған.Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ронаи» күрд этномәдени орталығының жетекшісі Гамзе Гейдаров өңірдегі этностар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Мәселен, Іле ауданында барлық этностардың өкілдерін біріктіретін «Комитет-Курултай» құрылып, онда мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шаралар халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына ықпал етуде.Кездесу қорытындысында қатысушылар медиативтік тәжірибені кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, мектеп медиаторларының желісін дамыту, этномәдени бірлестіктерді ағартушылық жұмыстарға тарту және келісім мен өзара құрмет құндылықтарын насихаттайтын ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру көзделді.Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кәсіби медиаторлардың үйлесімді жұмысы қоғамдағы сенімді нығайтуға, диалог мәдениетін қалыптастыруға және әр азамат өзін естіген әрі қорғалған сезінетін тұрақты бейбіт қоғам құруға ықпал етуде.Медиация мен этномедиация – заманауи қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар өзара түсіністікке, ынтымаққа және татулықты сақтауға негізделген тұрақты даму мен бейбіт өмірдің кепілі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099510?lang=kk
«Әскери шақырылым – 2025»: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары 1500-ден астам жас сарбазбен толықты 05.11.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінде күзгі шақырылым науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан әскери бөлімдер мен құрамаларға 1500-ден астам жас сарбаз келіп қосылды.Қызметтің алғашқы күндерінен бастап жаңадан шақырылған сарбаздардың бейімделуіне бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Жас жауынгерлер ротасының оқу-жаттығу жиындары барысында олар әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене дайындығы бойынша білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін оқып үйренуде.61993 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Даурен Төленбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – жас сарбаздардың әскери ортаға жылдам бейімделуіне жәрдемдесу, әскердің дәстүрлерімен таныстыру және оларды Әскери ант қабылдауға дайындау. Оқыту үдерісі кешенді түрде жүргізіліп, оған дене, психологиялық және әскери-патриоттық дайындық бағыттары енгізілген.Бейімделу кезеңінде әскери психологтар маңызды рөл атқарады. Жас сарбаздармен диагностикалық тестілер, топтық жаттығулар және жеке кеңес беру іс-шаралары өткізіледі. Бұл жұмыстар жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға және бөлімдерде қолайлы ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.Жаттығу бағдарламасында жауынгерлік және атыс дайындығына ерекше назар аударылған. Оқу полигондарында сарбаздар Калашников автоматыннан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимылдарды пысықтап, бронетехникамен өзара іс-қимылдан өтті.– Алғашқы атыс кезінде сәл толқыдым, бірақ кейін сенімділік пайда болып, нысанаға дәл тигізе бастадым. Бұл ретте спорттық дайындықтың көмегі зор, – деді астаналық қатардағы жауынгер, Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship 2024 әлем чемпионатының жеңімпазы Татымбек Нөгербек. – Бронетехникамен жұмыс жасау – күш пен сенімділікті сезіндіретін ерекше тәжірибе.Бейімделу кезеңі аяқталған соң жас десантшыларды парашютпен секіру, дала жаттығулары және жауынгерлік дайындықтың жаңа кезеңдері күтіп тұр. Осылайша, олар біртіндеп ел қорғанысын қамтамасыз етуге дайын, ұйымшыл әрі кәсіби әскери ұжымның толыққанды мүшесіне айналуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099384?lang=kk
Білімге апарар қауіпсіз жол 05.11.2025
Оқушыларды мектепке жеткізу – білімнің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі, әсіресе ауылдық елді мекендер үшін аса маңызды. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындар үшін бұл мәселе ерекше мәнге ие, себебі ең жақын мектепке дейінгі қашықтық кейде бірнеше шақырымды құрайды.Бұрынғы жылдары балаларды мектепке жеткізу мәселесі өзекті болған. Көптеген оқушылар мектепке жаяу немесе кездейсоқ көліктермен, кейде ауа райының қолайсыз жағдайында баруға мәжбүр болды. Бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерді – мемлекет білім алуға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударып, мектепке тасымалдауды жүйелі және тұрақты түрде ұйымдастырып отыр.Жамбыл ауданында барлығы 65 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 51-і – орта, 6-ы – негізгі және 8-і – бастауыш мектеп. Аудан аумағының кеңдігі мен кейбір ауылдардың шалғай орналасуын ескере отырып, орта мектебі жоқ елді мекендердің оқушылары көрші ауылдарға жеткізіледі.Аудандық білім бөлімі бас маманы Светлана Сүлейменованың айтуынша, бүгінде оқушыларды тасымалдау 12 мектепте ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 13 автобус жұмылдырылған, олармен күн сайын 264 бала мектепке барып келеді.Мектеп автобустары оқушыларды тек ауылдық округтерден ғана емес, бау-бақша аумақтарынан да тасымалдайды. Мысалы, Үлкен ауылының мектебіне күн сайын «Энергетик» бау-бақша серіктестігінен 9 оқушы келеді, ал Қасымбек ауылындағы мектепке «Тұрар» аумағынан 25 бала қатынайды. Бұдан бөлек, өз ауылында мектеп жоқ балалар Күтпанбетұлы атындағы мектепке (21 оқушы), Қарасай негізгі мектебіне (30), Танбалытас (10) және Сұңқар (41) ауылдарының мектептеріне жеткізіледі. Үмбетәлі ауылындағы мектепке Шолаққарғалы ауылынан 22 оқушы келеді, онда тек негізгі мектеп жұмыс істейді.Оқушыларды тасымалдауға қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін заманауи Golden Dragon маркалы автобустар пайдаланылады. Барлық балалар тек отыратын орындарда жеткізіледі, жол қауіпсіздігі мен тәртіпті сынып жетекшілері бақылайды.Ата-аналар мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіруде. Шиен ауылының тұрғыны Айгерім Абдуахатова: «Балаларым үшін көңілім тыныш. Автобус таза, жылы, техникалық жағдайы жақсы, жүргізуші де тәжірибелі әрі мұқият», – дейді.Ал тағы бір ата-ана Айгерім Күлчинбаева: «Балаларды тасымалдау жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантады. Біз, ата-аналар, балаларымыздың заманауи автобустармен қауіпсіз жүріп-тұрғанын көріп отырмыз. Жүргізушілер де жол ережелерін қатаң сақтайды. Мемлекетке өсіп келе жатқан ұрпаққа деген қамқорлығы үшін алғыс айтамыз», – деп атап өтті.Қазіргі таңда мектепке тасымалдау жүйесі – сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Осындай шаралардың арқасында әр бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ел болашағына мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың айғағы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099326?lang=kk
Инженерлік инфрақұрылым кешенді түрде жаңартылуда 04.11.2025
Алматы облысында жылыту маусымы барлық аудан мен қалада басталды. Қысқы кезеңге дайындық жүйелі түрде жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның барлық бағытын қамтыды.Жөндеу және жаңарту жұмыстары аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, 18 орталық және 75 модульдік қазандық жөнделді. Сондай-ақ 148 қосалқы станция мен 1 626 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Оның ішінде 1 235 шақырымы — «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ есебінен атқарылды.Халықтың көмірге деген қажеттілігі 696 мың тонна көлемінде айқындалған, соның 275,9 мың тоннасы бүгінде жеткізілді.Елді мекендерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 14 ауылда газ тарту жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінде 9 ауылға газ берілді, тағы 10 елді мекен инвесторлар есебінен қосылуда. Жыл соңына дейін өңірдің газдандыру деңгейі 59,5 пайызға жетеді деп жоспарлануда.Таза ауыз сумен қамту бағытында да ауқымды іс атқарылып жатыр. 11 ауылда модульдік су тазарту кешендері орнатылуда. Жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының 99,6 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылмақ.Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы жобалар да серпін беруде. Бағдарлама бойынша 18 жоба іске асырылып, оның бесеуі толық аяқталды, қалғандары жоғары дайындық деңгейінде. Бұл жобалар өндірістік және логистикалық нысандарды газға, суға және электр энергиясына қосуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098835?lang=kk
Алматы облысында құрылыс сапасына бақылау күшейтілді 04.11.2025
Алматы облысында құрылыс сапасын арттыру мен заң талаптарын сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Басқарма тарапынан есептік кезенде 42 азамат жеке қабылдауда болып, өтініштеріне заңға сәйкес жауап берілді. Сондай-ақ, 238 нысаннан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарлама түскен.Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 70 нысанға хаттама толтырылып, заң бұзушылықтар анықталған. 21 іс ауданаралық соттарға жолданып, 49 құрылыс субъектісіне 28 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Атап айтқанда, тексерулер кезінде құрылыс нормаларының сақталмауы бірнеше аудандарда тіркелген.Олардың қатарында:Іле ауданы – Өтеген батыр ауылындағы 72 пәтерлі тұрғын үй мен Көкқайнар ауылындағы амбулатория құрылыстары;Балқаш ауданы – Жиделі ауылындағы саябақты абаттандыру жұмыстары;Кеген ауданы – Мойнақ су электр станциясының оқу кешені;Райымбек ауданы – Сүмбе өзеніндегі су алу және қайта жаңарту нысаны;Еңбекшіқазақ ауданы – Есік қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің абаттандыру жұмыстары.Мониторинг нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген 16 коммерциялық нысанның құрылысы анықталды. Бұл нысандарда мемлекеттік құрылыс нормалары мен бекітілген жобалардан ауытқулар тіркеліп, материалдар сот қарауына жіберілді. Басқарма құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және сапаны арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098657?lang=kk
Алматы облысында 2025 жылы 20 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі 04.11.2025
Білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Алматы облысында 2025 жылы 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жобаға жергілікті бюджеттен 21,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.2025 жылы Алматы облысында 20 мектепке, оның ішінде 19 білім ордасына реновация және Балқаш ауданындағы Миялы ауылындағы Қарағаш мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 21,458 млрд теңге қарастырылған.Жөндеу жұмыстарының 11-і облыстық құрылыс басқармасы, ал 9-ы білім басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.Білім басқармасы жүзеге асырып жатқан 9 мектептің 6-ы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында қамтылған, ал қалған 3 жоба — 2024 жылдан өтпелі нысандар. Бұл бағытқа жалпы 8 млрд 958 млн теңге бөлінген, алайда қаражат толық көлемде игерілмеген. Қосымша қаржы қажеттілігі 2 млрд 229,6 млн теңгені құрайды.2024 жылдан өтпелі 6 мектептің екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда аяқталды. Олар: Еңбекшіқазақ ауданындағы Қ.Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп, Қарасай ауданы, Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп.Ал қалған төрт нысанды (Еңбекшіқазақ ауданындағы Абылайхан және Қ.Сәтпаев атындағы мектептер, Талғар ауданындағы Нұра ауылындағы №12 және Белбұлақ ауылындағы №10 мектептер) 30 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.Сонымен қатар үш мектептің — Балқаш ауданындағы М.Сеңгірбаев атындағы, Жамбыл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы, және Талғар ауданы Қызылту ауылындағы №24 орта мектептердің — күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болып белгіленді.Бұл жұмыстар өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы оқу жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098626?lang=kk
Алматы облысында құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары қарқынды жүзеге асуда 04.11.2025
Алматы облысында құрылыс пен әлеуметтік инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар іске асырылуда. 2025 жылға жалпы құны 172,6 млрд теңге болатын 147 нысанның құрылысы жоспарланған.Биыл 87 медициналық нысанның құрылысына 20,3 млрд теңге бөлінді, оның 8,2 млрд теңгесі игерілді. Маусым айында Райымбек ауданының Көмірші ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 2025 жылы 18 денсаулық сақтау нысаны (5 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт) іске қосылды. Атап айтқанда, Жамбыл, Балқаш, Іле, Кеген және Ұйғыр аудандарында бірқатар нысандардың құрылысы толық аяқталды.Жыл соңына дейін Қарасай, Жамбыл және Райымбек аудандарында тағы 6 медициналық нысан, сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың 20 жобасы мен 38 МСЗ нысанының құрылысы жоспарланып отыр.Білім саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы 12 мектептің күрделі жөндеуіне 8,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы жобалардың құны 14,6 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін Балқаш ауданындағы Қарағаш ауылы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазтай Ұлтарақов атындағы ауылдағы мектептер пайдалануға берілмек. Қалған нысандар бойынша жұмыстар 2026 жылдың наурызында аяқталады.Бүгінде өңірде 187 инфрақұрылымдық іс-шара жүзеге асырылуда. Оның 25 жобасы бойынша сараптама қорытындысы алынған, ал 19 жобаға тиісті министрліктерге қаржы бөлу жөнінде бюджет өтінімдері жолданған.Аталған бастамалар облыстың әлеуметтік инфрақұрылымының сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру, оқу және медициналық қызмет алу жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098348?lang=kk
Алматы облысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуде 04.11.2025
2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Алматы облысындағы жылдық инфляция деңгейі 13,0 пайызды құрап, республика бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда 11-орынды иеленді. Жыл басынан бері өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 108,0 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл ретте республикалық орташа көрсеткіш 108,3 пайызды құрады.2025 жылғы жағдай бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры 10 094 тонна және 16,9 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптастырылған. Бағаны тұрақтандыру тетіктері аясында жыл сайын халықтың үш айлық тұтынуының 30 пайызы көлемінде тауарлық қор жасақталып, бұл шара азық-түлік себетінде үлесі жоғары өнімдерге, соның ішінде көкөніс өнімдерінің негізгі түрлеріне бағаның күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді.Қысқы-көктемгі кезеңде сиыр етін бекітілген бағамен сату өнімнің қымбаттауына жол бермей, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етті. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері Алматы облысында сиыр етінің қымбаттауы ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр — 26,4 пайыздық өсіммен облыс 9-орында.Сонымен қатар, күнбағыс майы бойынша тұрақтандыру қорының жеткілікті запасы өнімді төмендетілген бағамен — литріне 576 теңгеден сатуға мүмкіндік беруде. Бұл баға өндіруші-зауыттардың босату құнынан айтарлықтай төмен, сондықтан өңір тұрғындарына өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға және нарықтағы баға қысымын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.Қазіргі уақытта 2026 жылғы маусымаралық кезеңге қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызы көлемінде көкөніс өнімдерінің қорын қалыптастыру мақсатында өндірушілермен келісімшарттар жасалды. Атап айтқанда, картоп — 3815 тонна, сәбіз — 884 тонна, пияз — 625 тонна және қырыққабат — 930 тонна көлемінде дайындалуда.Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктері бойынша 18 түрлі тауардың қалдық қоры 7 430 тонна және 16 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптасып, олардың жалпы құны 4 733 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде көкөніс қоры қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызын, ал сиыр еті бойынша қорлар 70 пайызын қамтамасыз етеді.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және қарыз-шарттарды қайтару есебінен 1 076 миллион теңге бос қаражат жинақталды. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталған шарттардан түсетін қаражаттың болжамды қайтарымы 1 960 миллион теңгені құрайды. Осылайша, жинақталған қаражат есебінен өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша қажетті деңгейде келісімшарттар жүйелі түрде жасалып, өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098330?lang=kk
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды 03.11.2025
Алматы облысы әкімінің өкімімен Қанат Болатұлы Есболатов 2025 жылғы 3 қарашасынан бастап Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.Қанат Болатұлы 1982 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2002 «Досанов» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болып бастаған.Әр жылдары Алматы облысы қаржы басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша бір жолғы талондарды беру және есепке алу жөніндегі инспекторы, бас инспекторы, аға инспекторы, «Megaron & K» ЖШС-нің қаржы директоры, Ескелді ауданы Көкжазық ауылдық округінің әкімі, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Жетісу облысы Кербұлақ ауданының әкімі лауазымында қызмет етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097439?lang=kk