Enbekshi QazaQ

Ғылым

СҚО-да қоюлатылған сүт цехі және ет өңдеу кешені іске қосылады 14.02.2025
Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов "Eurasian Milk" сүт зауытында болды, онда өндірісті жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Кәсіпорын ірімшік, сары май және қышқыл сүт өнімдерін шығаруды жолға қойған. Жақында қоюлатылған сүт өндіретін жаңа желі іске қосылмақ. 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 50 миллион долларды құрайды, ал болашақта бұл сома 70 миллион долларға дейін ұлғаяды.Кәсіпорында заманауи еуропалық қондырғы орнатылған. Қазір зауыт тәулігіне 150 тонна сүт өңдейді, ал биыл өндірістік қуаты екі есе өсіп, тәулігіне 300 тоннаға жетпек. Жылына 45 мың тонна дайын өнім шығару жоспарлануда.Бұдан бөлек, жақын арада Петропавлда толық циклді ет өңдеу кешені іске қосылады, онда 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұрынғы ет комбинаты ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған еді, "Proviant" серіктестігінің инвестициясы мен жаңғыртуының арқасында кәсіпорынға жаңа өмір берілді.Жоба жабдықтарды толық жаңартуды, заманауи ет өңдеу технологияларын енгізуді және сапалы шұжық өнімдерін шығаруды қарастырады. Кәсіпорында өзіндік сою цехы болады, сондай-ақ қалдықсыз өндіріс жолға қойылмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/933205
Автожол саласын дамыту мәселесі талқыланды 14.02.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде автожол саласын дамыту және салаға цифрлық технологияларды енгізу мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте мәселелер кеңінен талқыланып, қала, аудан әкімдері мен сала жетекшілеріне тапсырма жүктелді.«Биылғы меже – жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу. Өткен жылы жөндеуден өткен жолдардан анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріп, қаржының толық игерілуін қамтамасыз етіңіздер. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Жобалардың мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Айта кетейік, облыс аумағынан 3545 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарыы өтеді, оның 1024,5 шақырымы –республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965,5 шақырымы –аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға 44 млрд. 700 млн. теңге бөлініп, 300 шақырымнан асатын автомобиль жолдары, елді мекен көшелері мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Бұл арқылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 33 млрд. 500 млн. теңге бөлінді. Оған 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткіш 95 пайызға жеткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/931733
Еңбек ардагерлерін облыс әкімі құттықтады 14.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев адал еңбектің үлгісін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген ардақты ардагерлерді мерейтойларымен құттықтады. Осы жолғы басқосу құрылыс саласының ардагері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Жәнәбіл Нұрқыштың 90 жасқа, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Садық Әлиевтың 85 жасқа және Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Нәжмедин Мұсабаевтың 75 жасқа толған мерейтойларының құрметіне арналды.Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан құттықтау лебізін жеткізді.«Біз Сырдың қасиетті топырағында дүниеге келіп, елге қалтқысыз қызмет еткен аға буын өкілдерін ұлықтауды, олардың жүріп өткен жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуді дәстүрге айналдырдық.Үлкендеріміз ел іргесінің сөгілмеуін, өскелең ұрпақ жолының ашық болуын тілеп, тұтас қауымды бірлікке үндеп келеді. Ағаларымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.Сіздердің парасат-пайымдарыңыз, тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін құнды! Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.Жәнәбіл Нұрқыш еңбек жолын 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам аудандық су шаруашылығы басқармасында бастаған. Әр жылдары «Қызылорда құрылыс» тресінде, Тасбөгет кентіндегі темір-бетон зауытында, Қазалы ауданының ПМК мекемесінде, «Агропромстрой» тресінде басшылық қызметтер атқарған. Қазалы аудандық кеңесінің депутаты, партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланған. Қазалы ауданында қызмет еткен жылдары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің салынуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан.Садық Әлиевтің еңбек жолы 1961 жылы Қызылорда қаласындағы «Авто трактор деталь» зауытында басталған. Жалағаш аудандық кәсіптік-техникалық училищесінде, аудандық комсомол комитетінде, «Каз сельхоз техника» бірлестігінде, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық қызметтер атқарған. Жалағаш ауданында кеңес төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің бірінші орынбасары, «Қазақстан күріші» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін абыроймен атқарған. Жалағаш аудандық кеңесінің және облыстық кеңестің депутаты болып сайланған. Садық Әлиұлы зейнетке шықса да, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, бүгінде Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде елді бірлікке үндеп келеді.Нәжмедин Мұсабаевтың 1971 жылы ғылыми қызметкерліктен басталған еңбек жолы «Қызылорда жөндеу су құрылыс» тресінде жалғасты. Қазақстан Компартиясының Қазалы аудандық комитетінде, Қазалы аудандық Халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. Әр жылдары Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қазалы, Жаңақорған және Арал аудандарының әкімі, облыстық экономика басқармасының басшысы, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.Басқосуда Сыр өңірінің дамуына қосқан үлестері үшін мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай шапан жабылды.Жәнәбіл Нұрқышұлы «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат бұған дейін Садық Әлиұлы мен Нәжмедин Түрікбенұлына берілген болатын.Мерекелік жиында еңбек ардагері Жақай Бодықбаев, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов мерейтой иелерінің еңбек жолына тоқталып, құттықтау лебіздерін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/931911
Аймақ басшысы «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты 14.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты.Қыркүйек айында 60 орындық жаңа нысан ашылғанша шәкірттер бастауыш мектепке бейімделген ғимаратта оқып келген болатын. Енді ауыл балалары бастауыш сыныпты аяқтаған соң аудан орталығына бармай-ақ, өз үйлерінде, ата-аналарының қасында оқуын жалғастырады. Білім ордасы спорт, акт залдарымен, асхана, кітапханамен және жекелеген пәндік кабинеттермен жабдықталған.Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектептің құрылысы басталып, алғашқы 900 орындық мектеп өткен жылдың қазан айында облыс орталығында ашылды.Жыл басынан бері Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында, Арал қаласында 300 орындық, Жаңақорған кентінің «Саяжай» шағын ауданында, Қызылорда қаласында 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Жыл ішінде тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталады деп күтілуде.Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты наурыз айында аяқталмақ.Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.Мемлекет басшысы алдағы уақытта 1 300 мектепті жаңғыртуды тапсырғаны белгілі. Осы ретте 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектепке, биыл оның 9-ына күрделі жөндеу жасалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933323
Аймақ басшысы Арал ауданының тұрғындарын қабылдады 14.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде жұртшылықпен кездесіп, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтарға көтерген мәселелерінің шешіміне қатысты заң аясында тиісті түсіндірме берілді.«Оқушылар үйінде» өткен жеке қабылдауға 91 азамат келді. Олар тұрғын үй, жолды асфальттау, балабақша салу, салық, декларация тапсыру, жұмысқа орналасу, мектеп салу, сор көлдерді көму, тағы басқа мәселелерді көтерді.«Мергенсай» ауылының тұрғынын «Арал-Жалаңаш» автожолын асфальттау мәселесі толғандырады. Аймақ басшысы аталған автомобиль жолына қаржы бөлінгенін, жөндеу жұмыстары сәуір айында басталатынын айтты.Арал қаласының тұрғыны «Шаруашылыққа қажетті ұнтақтар шығару» жобасын таныстырып, кәсібіне қолдау сұрады. Облыс әкімі тың жобаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.Сонымен қатар, аймақ басшысы ауданда құрылыс салатын мердігер мекемелердің басшыларын қабылдап, нысандардың сапасына баса мән беруді, жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды.Қабылдауда тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларына өз сауалдарын қойып, заңдық тұрғыда кеңес алды. Көтерілген мәселелер заңда белгіленген тәртіппен, кезең-кезеңімен шешіледі. Аймақ басшысы осы орайда жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.Сондай-ақ,облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кейбір мәселелерді талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933336
Аймақ басшысы Қармақшы ауданының тұрғындарын қабылдады 14.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге «Руханият орталығының" жұмысымен танысты, тұрғындарды жеке қабылдады.Жеке қабылдауға келген 78 азамат электр желілерін жаңғырту,айналма жол салу, көшелерге жөндеу жүргізу, теміржол үстінен көпір салу, газ сапасын тексеру, жарық бағаналарын орнату, балалар ойын алаңын салу, тағы басқа мәселелерді көтерді.Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны клуб үйін жаңадан салып беруді сұрады. Аймақ басшысы бұл нысанға 6,9 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынғанын атап өтті.Кент тұрғыны аудан орталығының көшелерін асфальттау мәселесін көтерді.Жосалы кентінің 11 көшесін жөндеуге қаржы бөлінгені, жақын арада мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталатыны айтылды.Тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларынан өз сұрақтарының заң аясындағы шешімі туралы маман кеңесін алды. Жұртшылық сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Кейінгі жылдары дәстүрге айналған бұл бастама ел арасында үлкен қолдауға ие болды және алдын ала хабарланған жеке қабылдауға келушілер саны артып келеді.Сапар барысында облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың, ауданның даму бағыты, түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/933761
Ақтөбе облысында туризмді дамытуға басымдық беріледі 14.02.2025
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі туризмді дамыту мәселесі қаралды.Асхат Шахаров жол бойындағы сервисті дамытудың және саяхатшыларды тарту үшін жаңа туристік нысандарды құрудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, ол демалуды ғана емес, сауықтыру немесе табиғи көрікті жерлерді іздейтін туристер арасында агро және эко-туризм, медициналық туризм бағыттары танымал бола бастағанын алға тартты. Аймақ басшысы атап өткендей, бұл сала инфрақұрылымды дамытуға және осы бағытта жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндіктер ашады.Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың ақпараты бойынша, Ақтөбе облысында жол бойындағы сервистің 118 нысаны, 3 санаторий-профилактория, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның ішінде Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты жұмыс істейді. Облыста сонымен қатар республикалық және жергілікті маңызы бар 859 тарих және мәдениет ескерткіштері бар.Бүгінгі таңда ең тартымды туристік нысандардың бірі – Қасқыр сарқырамасы, «Көк жайлау» демалыс базасы, «Зәру» пантотерариясы. Алмас Салықбаевтың пікірінше, онда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болады. Алдымен бірқатар проблемалық мәселені шешкен жөн. Олар жолдарды жөндеуге, ұялы базалық станцияларды орнатуға және объектілерге іргелес аумақтарды абаттандыруға қатысты.«Бұл орындар туристік нысандар ғана емес, сонымен қатар туристердің үлкен ағынын тарта отырып, өңірдің курорттық аймақтарына айналуы мүмкін. Алайда инфрақұрылымның болмауы туристік нысандардың жұмысына шектеу келтіріп отыр. Кәсіпкерлер глэмпингтер салуға, қайықпен және жаяу серуендеуді ұйымдастыруға дайын. Инфрақұрылымды жақсарту өз кезегінде туристер үшін қолайлы жағдай туғызады және өңірдің туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады», - деп атап өтті Алмас Салықбаев.Ол сондай-ақ облыс бойынша үш жыл ішінде 21 кэмпинг салу жоспарланғанын мәлімдеді. Биыл Ақтөбеде «Hilton hotel» қонақ үй кешенін тапсыру жоспарлануда. Қазір Алтын Орда шағын ауданында 4-5 жұлдызды қонақ үй және Қарғалы су қоймасы аумағында Визит орталық салу қарастырылуда.«Біз туризмді дамытуды ынталандыру үшін субсидиялар бөлуді қарастырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Инфрақұрылымды дұрыс дамыту, жаңа туристік нысандарды құру және кәсіпкерлерді қолдау туристерді тартуға ғана емес, сонымен қатар өңірдегі экономикалық жағдайды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті тұрғындардың табысын арттырады және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етеді», - деді облыс әкімі.Сондай-ақ, өңір басшысы Қасқыр сарқырамасы аймағында жол салу және ұялы байланыс мұнарасын орнату жобасын әзірлеуді тапсырды.«Біз өңірдің туризмін дамытуға қолдау көрсетуіміз қажет. Ол үшін Қасқыр сарқырамасы аймағында жол салу және ұялы байланыс мұнарасын орнату маңызды. Мен қолжетімділік пен инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ туристер үшін қолайлы жағдай жасау үшін биыл жұмысты бастауды тапсырамын», - деп қорытындылады әкім.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/931954
Хромтауда 400 орындық мәдени-демалыс орталығы ашылды 14.02.2025
Ауданның 90 жылдығына орай хромтаулықтарға «Қазхром» ТҰК» АҚ компаниясы осындай сыйлық жасады.Өңір басшысы мәдени орталықтың ашылуында болды. Асхат Шахаров Хромтау ауданының тұрғындарын мерейтойымен құттықтап, жастардың шығармашылығы мен дамуы үшін маңызды орталыққа айналатын жобаны іске асыруға белсенді қатысқаны үшін ERG компаниясының басшылығына алғысын білдірді.«Мемлекет басшысы әрқашан ұлттың күші тек экономикалық әл-ауқатында ғана емес, оның рухани байлығында да екенін атап көрсетті. Мәдениет – халықтың жаны, оның жады және болашағы. Осы орталықты ашу арқылы біз әр адамға бай мәдени мұрамыз туралы жан-жақты оқып біліп, оның дамуына үлес қоса алатын кеңістік жасаймыз. Біз жұмысшы мамандықтар жылында өңіріміздің өркендеуіне еңбегі сіңген азаматтарды ерекше бағалаймыз. Осы мәдени-демалыс орталығы қала тұрғындарының сүйікті мекені, өнерді, шығармашылықты құрметтейтін, рухани дамуға ұмтылатындар үшін керемет орта болатынына сенімдіміз», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров.Сондай-ақ, өңір басшысы былтырғы жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, оның болашағына оң баға бергенін еске салды.«Бұл – ауданның келешегіне артылған зор сенім. Ендігі міндет – осы қолдауды ақтап, өңіріміздің қарқынды дамуын жалғастыру, жетістіктерді еселеп, жаңа белестерді бағындыру», - деп атап өтті әкім.Мәдениет нысаны Ақтөбе облысының әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум аясында бой көтерді. Оның құрылысына топтың құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлген. Ал жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге.Мәдени-демалыс орталығының ашылуына «Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов та қатысты. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын ERG басшылығымен кездесулердің бірінде Дөң КБК қызметкерлері Хромтауда заманауи кинозал ашу туралы тілек білдірген, хромтаулықтар кино көру үшін облыс орталығына қатынап жүрген. Компания басшылығы Хромтау қаласы халқының өсуін ескере отырып, мәдени-демалыс орталығын құру туралы шешім қабылдаған.«Біздің компания жайлы еңбек жағдайларына ғана емес, қызметкерлеріміздің өміріне де көңіл бөледі. Шахтерлер мен кеншілер қаласы өсіп, дамып келеді, сондықтан кинотеатрдың орнына түгелдей мәдени-демалыс орталығын салу туралы шешім қабылданды. Біз өз қызметкерлеріміз бен Хромтау тұрғындарының сауалдарына сүйене отырып жүзеге асыратын барлық әлеуметтік жобалар адамдардың өмірін жақсартады деп үміттенеміз», - деді Серік Шахажанов.Жаңа мәдени-демалыс орталығы – 400 орындық, цифрлық кино көрсету жүйесі, көрме кеңістігі және оқу сыныптары бар заманауи аудиториямен жабдықталған.Облыс әкімі орталықтың мүмкіндіктерімен танысып, сахнаны, көрермендер залы мен шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттерді тамашалады. Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов орталықтың қосымша жұмысы туралы айтып, мұнда вокал, хор, аспаптық өнер және актерлік шеберлік үйірмелері ашылатынын, бұл жас таланттар үшін үлкен мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.Ауданның 90 жылдығын мерекелеу аясында Хромтауда аудандық ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан хромтаулықтарға төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етті. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына байланысты жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне ерекше көңіл бөлінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/932544
Облыс әкімі ERG ғылыми-зерттеу инженерлік орталығының жаңа зертханасының жұмысымен танысты. 14.02.2025
Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров Хромтауда орналасқан ERG Ғылыми-зерттеу инжинирингтік орталығының жаңа зертханасына барды.Бұл заманауи ғылыми кешен қолданбалы зерттеулер жүргізуге және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді сынауға арналған.Әкім заманауи технологиялар мен жабдықтардың арқасында минералды шикізатты өңдеу әдістерін әзірлеуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін зертхананың жабдықталуымен танысты. Бұл зертхана – қазіргі технологиялық процестерді қолдап қана қоймай, сонымен қатар өндірістің тиімділігі мен тұрақтылығына тікелей әсер ететін инновациялық шешімдерді құрудың орталығы.Зертхана директоры Гүлнұр Әбікенова жобаның құны 928 млн теңгені құрағанын, қазір мұнда минералды шикізатты байыту саласында ғылыми зерттеулермен айналысатын 8 адам жұмыс істейтінін жеткізді.Асхат Шахаров өңірдегі ғылым мен техниканы дамыту үшін осындай бастамалардың маңызына тоқталып, компанияға Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға көмектесетін инновацияларға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/932828
Жасанды интеллект және инновация: өңірдегі алғашқы «Codi play» жобасы Хромтау гимназиясында іске қосылмақ 14.02.2025
Хромтау гимназиясында «Codi Play» инновациялық жобасының көмегімен оқушылар жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, болашақ технологиялар әлемінде жаңа көкжиектерін ашады.Хромтау қаласының №5 гимназиясында ERG компаниясының қолдауымен цифрлық білім беру тетіктері енгізілді. 2024 жылы компания оқу орнын жаңғыртуды қаржыландырып, заманауи жабдықтармен және инновациялық білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз еткен.Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров гимназияда болып, оқушылардың жетістіктерімен танысты.Білім ошағы ERG компаниясының 179,5 млн теңге көлеміндегі инвестицияларының арқасында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылды: оқу кабинеттерінде интерактивті панельдер орнатылды, асхана блогы толығымен жаңартылып, спорт және акт залдары үшін қажетті жабдықтар сатып алынды.Асхат Шахаров мұғалімдер мен оқушыларға арналған қолайлы жағдайларды бағамдап, бұл білім алушылардың тиімді оқуы мен дамуына ықпал ететін атап өтті.Гимназия оқушылары облыс әкіміне әлемнің 13 елінде енгізілген «Codi Play» инновациялық құрылғыларының жұмысын ұсынды. Бұл білім беру жүйесі балаларға инженерлік ойлау мен логикалық шешім қабылдауды дамыта отырып, Заттар интернетін (IoT) бағдарламалау мен технологияны ойын түрінде меңгеруге көмектеседі.ERG қолдауымен жабдықталған STEM және шығармашылық орындарға ерекше назар аударылды. Олардың ішінде, инновациялық құрылғылармен жұмыс істеуге және «Codi Play» робототехникасын зерттеуге арналған кабинет, қыздарға арналған «Creativity Studio» шығармашылық шеберханасы және ғылыми тәжірибеге арналған зертханасы бар химия кабинеті бар.Асхат Шахаров гимназияда заманауи білім беру технологияларын енгізудің маңызына тоқталып, сапалы білім беру мен болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың негізі екенін тілге тиек етті.«Ауылдағы мектеп біліміне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу – әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадам. Ел Президенті жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуді қамтамасыз ету міндетін қойды және біз оның Хромтауда шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Білім беруді цифрландыру біздің балаларымызға болашақта табысты болуға көмектесетін озық білім мен дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл білім беру сапасын жақсартып қана қоймай, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді облыс әкімі.Асхат Шахаров «Codi Play» жобасы сияқты бастамалар заманауи технологиялардың ауыл мектептерін дамыту және аймақтық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау құралы бола алатындығының тамаша үлгісі екендігіне назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/932833
Хромтауда жел электр станциясы салынып жатыр 14.02.2025
Хромтау ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған маңызды жоба іске асырылуда.Ауданға жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жел электр станциясының (ЖЭС) құрылыс барысымен танысып, өңір үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың артықшылықтарын бағалады.Жобаның құны 74,2 млрд теңге, белгіленген қуаты – 150 МВт. Құрылыстың толық аяқталуы биыға жоспарланған. Қазіргі уақытта қуаты 12,5 МВт құрайтын екі жел генераторы пайдалануға берілді, олар – Қазақстандағы ең қуатты жел қондырғыларының қатарында. Өндірілген алғашқы электр энергиясы Дөң тау-кен байыту комбинатының 35 кВ электр желісіне берілді.ЖЭС толық қуатқа шыққаннан кейін көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындыларының жылына 500 мың тоннадан астам төмендеуі күтілуде. Сонымен қатар, Хромтау ауданында жалпы құны 115 млрд теңгені құрайтын жел электр станцияларын салу бойынша тағы екі жоба іске асырылуда.Облыс әкімі бұл жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болатынын және энергияның неғұрлым экологиялық көздеріне көшуге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жел энергиясын пайдалану көміртегі қышқылын азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, сондай-ақ Қазақстанның «жасыл» энергетикасын дамытуға үлес қоса отырып, өңір экономикасын нығайтады.Айта кету керек, 2024 жылы ауданға тартылған инвестициялар көлемі 243 млрд теңгені құрады, бұл облыстағы инвестициялардың жалпы көлемінің 27%-ы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/933349
Ақтөбе облысында шаруа қожалығының басшысы өз қызметкерлеріне үй салып берді 14.02.2025
Хромтау ауданы Оңғар ауылында ең табысты және үлгілі шаруа қожалықтарының бірі – «Данияр» ШҚ орналасқан. Серік Оразымбетов басқаратын қожалық ауыл шаруашылығын тиімді дамытып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың ауылда өмір сүру жағдайларын жақсартуға қолғабыс етіп келеді.«Данияр» шаруа қожалығы аудан өміріне белсенді араласады және қарияларға, көпбалалы отбасыларға және жастарға көмек көрсете отырып, қайырымдылық қызмет көрсетумен айналысады.ШҚ басшысы өз бастамасымен былтыр мамыр айында өз қызметкерлеріне он үй салуды бастаған. 2025 жылдың қаңтарында алғашқы отбасылар осы үйлерге қоныстанды.«Әрқашан кез келген істің сәтті шығуы жаныңда жұмыс істейтін адамдарға байланысты деп ойлаймын. Менің жұмысшыларым - менің нағыз серіктестерім және отбасым. Оларға қамқорлық жасау – менің міндетім. Үй салу – бұл үлкен бизнестегі шағын қадам, бірақ бұл олардың өмірін жақсартуға көмектеседі және біздің ұжымда одан да күшті қарым-қатынас орнатады деп сенемін. Біз әрқашан ұжымның әрбір мүшесінің өздерін үйіндегідей сезінгенін қалаймыз және оларды қолдаймыз», - деді «Данияр» ШҚ басшысы Серік Оразымбетов.Жаңа үйге алғашқылардың бірі болып көпбалалы Төлемісовтердің отбасысы жаңа үйге көшті. Отағасы Бағдат Төлемісов шаруа қожалығында жұмыс істейді және егін жинау үшін комбайн басқарады. Өз қызметкерінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көрген Серік Оразымбетов оған жаңа үйдің кілтін табыстады.«Баспана – бұл жайлылық қана емес, болашаққа деген сенімділік. Біз бұл күнді ұзақ күттік, енді бізде бүкіл отбасымыз бақытты өмір сүретін жайлы орын бар. Басшымыз Серік Оразымбетовке бізді жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, жақсы өмір сүруге жағдай жасағаны үшін көп рахмет. Бұл отбасымызға маңызды көмек және өте жоғары бағалаймыз», - деп Бағдат Төлемісов жұмыс берушіге алғысын білдірді.Облыс әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында Серік Оразымбетовпен кездесіп, жаңа қоныс иелерін өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады.«Сіз – адамдарға қамқорлық пен ауыл тұрғындарын қолдаудың нағыз үлгісі болып отырсыз. Жұмысшыларға арналған тұрғын үй салу бастамаңыз, көпбалалы отбасыларға көмектесу және қайырымдылық – бұл басқа кәсіпкерлерге күш беретіндей әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Сіздің іс-әрекеттеріңіз аудандағы өмірді жақсартуға айтарлықтай әсер етеді және ең жоғары құрметке лайық», - деді әкім ШҚ басшысына.Жаңа қоныс иелерімен кездесу соңында Асхат Шахаров оларға денсаулық және бақ-береке тілеп, ұжымға қолдау мен көңіл бөлу кез келген бизнестің маңызды құрамдас бөлігі болуы тиіс екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/933358
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды 14.02.2025
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.t.me/aqorda_resmi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/933990
Өңірдің әлеуметтік маңызды жобаларын іске асыруға қосымша 38,1 млрд теңге бағытталды 14.02.2025
Облыстық мәслихаттың он сегізінші сессиясында депутаттар бюджетке 38,1 млрд теңге мөлшерінде нақтыланған түсімдерді бөлді. Бұл қаражат аймақтың маңызды мәселелерін шешуге бағытталды.Сессия жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.Сессия барысында облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева былтыр депутаттардың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың табысты іске асырылғанын атап өтті.Одан кейін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов облыстық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту және қала бюджетінен игерілмеген трансферттерді қайтару есебінен қамтамасыз етілген нақтылаулар мен қосымша түсімдер негізінде бюджет қаражатын қайта бөлу жөніндегі жобаны ұсынды.Жобаға сәйкес 38,1 млрд теңге облыстың бірқатар елді мекеннің газ және сумен жабдықталуы мәселелерін шешуге, жолдар бойынша 13 жобаны іске асыруға, қалада кәріз желілерін қайта жаңартуға, Мәртөк ауданы Достық ауылы мен Ырғыз ауданы Қалыбай ауылдарында екі мектеп, Шалқар мен Хромтаудағы спорт кешендерін салуға, Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде жабық бассейн, Алтын Орда шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені және Кеңқияқ ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға бағытталды. Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі Ақтөбеде 150 орындық оңалту орталығын салуға және басқа да міндеттерді жүзеге асыруға көзделді.«Айта кетейік, 38 миллиард теңге – бұл орасан зор қаражат және ол маңызды салаларға: білім беру, денсаулық сақтау, спорт және инфрақұрылымға бағытталған. Біз тұрғындармен кездескен кездегі көтерген мәселелерді шешеміз. Мен ай сайын барлық мәселені тікелей талқылау үшін азаматтарды қабылдап жүрмін. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді шешу үшін депутаттармен белсенді жұмыс істейміз. Облыстың әр тұрғыны нақты өзгерістерді сезініп, көз жеткізуіне тырысып бағамыз. Бүгінгі таңда бюджет қаражатын бөлгеннен кейін алдымызға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін көп мүмкіндік бар. Өңірімізді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтыламыз», - деп облыс әкімі алға қойған міндеттерге назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/934006
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылу мәселелері талқыланды 14.02.2025
«Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылу мәселелері» атты тақырыпта Қ. Жұбанов атындағы университеттің «Мәңгілік ел» залындағылыми-практикалық конференция өтті.Оған аймақ басшысы Асхат Шахаров пен Жоғарғы Сот судьясы Досжан Әмір қатысты.Конференция сот және құқыққорғауоргандарының өкілдерін, сондай-ақ университеттің заң пәндерінің оқытушылары мен студенттерін жинады.Іс-шараны ашқан Жоғарғы Сот судьясы Досжан Әмір Қазақстанның құқықтық жүйесін одан әрідамытудағы талқыланатын тақырыптыңмаңызын атап өтті.«Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану – бұл қажеттілік қана емес, еліміздің құқықтық негіздерін нығайтудағы маңызды қадам. Біз сот төрелігін қоса алғанда, өмірдің барлық саласында қазақ тілін сапалы пайдалану үшін жағдай жасауымыз керек», - деп атап өтті Жоғарғы Сот судьясы. Облыс әкімі сондай-ақ сот процестерінде мемлекеттік тілді қолдану жергілікті билікбасымдық беруі тиіс екеніне баса назар аударды.«Мемлекеттік тіл сот ісін жүргізуде маңызды рөл атқарады. Бұл салада мемлекеттік тіл саясатындамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралыМеморандумға қол қойылды. Осы құжат аясында тиісті іс-шаралар өткізіледі. Жалпы, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәселелері – жіті назарда. Тіл заңнамасының сақталуына мониторинг және бақылау жүргізіледі. Былтырғы жылдың қорытындысыбойынша облыстағы мемлекеттік органдардамемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі97,5% құрады. Мемлекеттік органдар мен сот инстанцияларының бірлескен күш-жігері мемлекеттік тілдің ұстанымын одан әрі нығайтуға және оны сот ісін жүргізуде толыққанды пайдалану үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді әкім.Айта кету керек, 2024 жылы облыстық соттарда48 мыңға жуық іс қаралды, оның 22 719-ы мемлекеттік тілде қаралған, бұл – 48%. Өңірхалқының 85,5% қазақтар екенін ескере отырып, істің 48% сот билігі мен өкілетті органдардың бірлескен күш-жігерін, сондай-ақ осы бағыттанақты шаралар қабылдауды талап етеді, - деп атап өтті спикерлер.Конференция сот актілері мен құжаттарында қазақ тілін қолдану проблемаларын, мемлекеттіктілді кәсіби деңгейде меңгерген мамандардыдаярлауды, сот жүйесінде қазақ тілін қолдану сапасын жақсартуға бағытталған құқықтық бастамаларды, заңгерлерді қазақ тілін белсенді қолдануға ынталандыру үшін қабылданатын шараларды қоса алғанда, көптеген мәселелердіқозғады.Судьялар мен прокурорлар сот процестерінде қазақ тілімен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, елеулі прогреске қарамастан, кадрлардың тілдік даярлығының деңгейін арттыру, қосымша білім беру курстарын әзірлеу және заң терминдерін аудару үшін жаңа технологияларды енгізу сияқты бірқатар міндеттерді шешу қажет екенін атап өтті.Құқық қорғаушылардың, судьялар мен адвокаттардың жұмысын жеңілдететін қазақ тілінде бірыңғай терминологиялық базаны әзірлеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.Конференция соңында қатысушылар сот жүйесінде тіл саясатын одан әрі дамытудыңмаңыздылығы туралы ортақ пікірге келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/934178
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «AMANAT» партиясының ғимаратында азаматтарды қабылдау өткізді. 14.02.2025
Өңір басшысымен кездесуге облыстың 14 тұрғыны келді. Олар жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үй беру мәселелерімен жүгінді.Темір ауданының тұрғыны Б.Өтемұратов аймақ басшысынан материалдық көмек көрсетуді өтінді. Оның тұрғын үйі апатты жағдайда. Ер адам 12-ші болып баспана кезегінде тұр. Әкім мәселені бақылауға алуды және қолданыстағы заңнамаға сәйкес көмектің ықтимал нұсқаларын қарауды тапсырды.Парасат тұрғыны тұрғын алапта көшені жарықтандыру мәселесін көтерді. Жауапты басқарма мәселені пысықтауы тиіс.Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау кезінде мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізу және қаланы одан әрі дамытуға қатысты мәселелер көтерілді. Әкім барлық өтініш заңнама аясында қаралатынына, ал қалалық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасатынына сендірді.Кейбір тұрғындар баспана алу туралы мәселелерін айтты. Асхат Шахаров кезектен тыс тұрғын үй беру жағдайы қарастырылмайтынын түсіндірді, өйткені тұрғын үй-жайларды бөлу кезек тәртібімен және коммуналдық тұрғын үйдің болуына байланысты қатаң түрде жүзеге асырылады.Қабылдау қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға әрбір өтінішке қатысты қажетті шараларды қолға алуды тапсырды. Мәселелердің шешімі оның жеке бақылауында болмақ.Тұрғындар облыс басшылығына тікелей жүгінуге, өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер мен көмек алуға мүмкіндік беретін азаматтарды қабылдау шарасының маңыздылығын атап өтті. t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/934208
Жұмысшы мамандықтары жылы: Жамбыл облысында колледждерде сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылады 14.02.2025
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспары қаралды.Өңірде Жұмысшы мамандықтары жылын тиісті деңгейде өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, 6 бағыт бойынша 123 түрлі шара қамтылды. Сондай-ақ жоспардың іске асырылуын қадағалайтын арнайы штаб құрылған.Жиында білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов биыл кәсіпкерлік бағыттағы 33 инвестициялық жоба бойынша 1 360 жұмыс орны, ауыл шаруашылығы бағытындағы 18 жоба бойынша 234 жұмыс орны құрылып, мамандар тартылатынын жеткізді. Сонымен қатар 110-нан астам бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.Жаңа кәсіптер атласында өңірге қажет негізгі 5 сала (агро, өнеркәсіп тау-кен, баламалы энергетика, туризм, көлік және логистика) бойынша жаңа, жойылатын және трансформацияланатын мамандықтар тізімі нақтыланды. Облыста колледждерде сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.«Enbek.kz» порталына студенттерді бос жұмыс орындарына орналасумен іздеу дағдыларын үйрету жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Кәсіпкерлер тарапынан колледж студенттеріне 2025 жылы 120 орын, 2026 жылы 100 орындық жатақхана салынады деп күтілуде.Жамбыл инновациялық жоғары колледжі базасында «1С» сертификаттау орталығы жақын арада жұмысын бастайды. Басқарма басшысы «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй бағдарламалары аясында «Әулиеата жастары» жұмысшы қызметкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну жұмыстары жүргізіліп жатқандығын да хабарлады. Ербол Қарашөкеев Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралардан шалғай елді мекендегі тұрғындар мен жастар тыс қалмауы керектігін ескертіп, мемлекет бөлген білім беру гранттары мамандық игеруге құштар жастарды қолдауға бағытталу керектігін айтты. Бұл жұмыстар бойынша аудан әкімдерімен бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды.Келесі кезекте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов өңірдегі жұмыссыз азаматтарды «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша 3 200 адамды тегін оқыту жоспарланып отқандығын жеткізді. Қазіргі таңда аталған портал арқылы 767 адам білім алып жатыр.Жиында ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембекова да баяндама жасады. Облыс әкімі жиын соңында жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттерді жүктеп, жоспарда көрсетілген шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/931902
Меркі ауданында денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді 14.02.2025
Меркі ауданының Тұрар Рысқұлов ауылында көптен күткен фельдшерлік-акушерлік пункт халық игілігіне берілді.Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.Шара барысында ауыл ақсақалы Советхан Әділбеков пен ардагер медбике Биғайша Еркебаева жаңа нысанның тұрғындар үшін маңыздылығын жеткізді.Медициналық нысан бір уақытта 15 келушіні қабылдай алады. Ғимаратта акушерлік, қаралу, екпе егу кабинеттері, стерилизациялық бөлме, физиотерапия және басқа да қажетті медициналық бөлмелер қарастырылған. Барлық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Нысан “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Жоба құны 246 млн. теңге.Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді. Жергілікті билік өкілдері ауылдық елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/931969
Байзақ ауданында 120 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді 14.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі баспана мәселесін шешуді басым бағыттардың бірі ретінде белгілеген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста жүйелі түрде жалғасын табуда.Осыған орай Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 120 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірқатар отбасы баспаналы болды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, жаңа пәтер иелерін құттықтап, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.– Өткен жылы 240 байзақтық жаңа пәтерге қол жеткізді. Биыл ауданда тағы 6 тұрғын үй салу жоспарланып, 7 миллиард теңгеге ұсыныс берілді. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.Бүгін тағы бірнеше отбасы баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.Тұрғын үйлердің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бір тұрғын үйдің жалпы аумағы 2 956 шаршы метрді құрайды. Пәтерлердің екі бөлмелісі – 33, ал үш бөлмелісі – 65,5 шаршы метр.Жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындардың бірі – 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Эльвира Әбибуллаева.– Алты баланың анасымын. Кеше ғана баспана алатынымды естіп, қуанышымда шек болмады. Отбасымызбен осы күнді ұзақ күттік. Балаларыммен бірге өз үйімде өмір сүретініме өте бақыттымын. Бізге осындай қолдау көрсеткен билік өкілдеріне, әкімдікке алғысым шексіз! – деді көпбалалы ана тебірене.Байзақ ауданы әкімдігінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейтін жалғызбасты ана Әсемгүл Ақтаева да көптен күткен қуанышына қол жеткізді.– Үй кезегінде тұрғаныма алты жыл болды. Бұған дейін Сарыкемер ауылында пәтер жалдап келдік. Енді міне екі баламмен бірге өз шаңырағымызға ие болдық. Ертең ұлымның туған күні. Бұл баспана – біз үшін ең үлкен сый болды.Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Міне, сол сөздің дәлелі ретінде қарапайым еңбек адамдары да баспаналы болып жатыр, – деді ол толқып.Жаңа қоныс иелері аудан басшыларымен бірге өз үйлерін аралап, қуаныштарын бөлісті. Ақжаулы аналар қоныстойдың көркін келтіріп, шашу шашты.Байзақ ауданында 2024 жылы 5 қабатты 4 тұрғын үй салынып, 240 адам баспаналы болды. «Асарлатып үй салу» жобасымен 8 отбасы тұрғын үймен қамтылған.Биыл он бес 2 пәтерлі үйлердің құрылысына427 млн. теңгеге қолдау тауып, құрылыс жұмыстары бастау алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/932974
Тараз қаласының автопаркі 13 жаңа автобуспен толықты 14.02.2025
Бүгін Тараз қаласында жаңа 13 автобус пайдалануға берілді.«Smart City Service» компаниясы тарапынан жеткізілген «Golden Dragon» маркалы автобустар төмен еденді, пандустармен, 360 градустағы бейне бақылау камераларымен, жолаушылар ағымын есепке алуға арналған есептеу құрылғыларымен қамтамасыз етілген.Қоғамдық көліктер аталмыш серіктестік қызмет көрсететін №8 және №56 маршруттарға қойылса, осы бағыттағы 2022 жылғы «Golden Dragon» маркалы автобустар тұрғындар сұранысына байланысты №41 маршрутқа беріледі. Ал, №41 маршруттағы «Isuzu SAZ LE60» маркалы автобустар 12 ақпаннан бастап №37 бағытты қайта іске қосады. Аталмыш №37 бағыт облыс орталығына екі ауданнан қосылған елді мекендерге байланысты «Түрксіб» алқабынан бастап, Абай, Байтұрсынов, Лукманов, Арыстан баб, Сыздықов, Д. Бедный, Самарканд, Балуан шолақ, Абай даңғылы, Қонаев, Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелері арқылы «Дорожник» және «Бектөбе» алқаптарына қатынайтын болады.Жалпы 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 3 жыл көлемінде 200 бірлік автобус алып, қосымша 15 маршрут ашу көзделген болатын. Нәтижесінде 2023 жылы 73, 2024 жылы 155, осылайша жалпы саны 228 автобус жеткізіліп, жоспарланған меже артығымен орындалды.Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Айталық, шаһар аумағына енген елді мекендерді ескере отырып, №42 және №6 бағыттарға екі-екіден жаңа автобустар қосылды. Сонымен қатар тұрғындар сұранысына орай «Талас» станциясы мен Талас елді мекендерін «Ауыл береке» базарымен байланыстыратын №62 маршрут қызмет көрсетуді бастады. Бұған қоса биыл тасымалдаушылар есебінен кемінде 60 автобус сатып алып, қосымша 5 маршрут ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, 75 аялдама орнату, қосымша маршруттарға дауыстық хабарлама жүйесін енгізу жұмыстары да жүзеге асады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/933774