Ғылым
Ақтөбе су айдындарында мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстарын жүргізу орындары анықталды 01.02.2025
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.Оған қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, гидрометеорологиялық қызмет пен коммуналдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде ауа-райының болжамына сәйкес көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық және өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жағдайы талқыланды.Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин әкімге облыста өзендердің жағалаулары мен арналарын нығайту, бөгеттер салу және жөндеу, сондай-ақ арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Жоспарланған 135 инженерлік іс-шараның 115-і орындалды, тағы 12-сі жүріп жатыр.Сондай-ақ, Қахарман Оразалин Елек, Ырғыз, Сағыз, Темір, Ойыл, Кенжалы, Үлкен Қобда, Ор өзендері және Шалқар көлінде мұз кептелістерінің алдын алу бойынша жарылыс жұмыстарына арналған 15 учаске анықталғанын хабарлады. Су тасқынына ден қою үшін облыстың азаматтық қорғау қызметінің құралдарынан 2 454 адамнан, 866 бірлік техникадан, 102 жүзу құралынан және 441 мотопомпадан тұратын топ құрылған.«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саймованың айтуынша, күзде жауын-шашынның аздығынан топырақ құрғақ күйінде қалған. Оның қату тереңдігі былтырғы жылмен салыстырғанда 8 см-ге артық.Үш айда қар аз жиналды, бірақ синоптиктер ақпан және наурыз айлары қар түрінде жауын-шашынды болатынын жоққа шығармайды. Ақпан айында күрт жылыну күтіліп отырған жоқ, ал күндіз облыстың негізгі бөлігінде максималды температура 0-5°C аяз, солтүстікте – 8-10°C дейін аяз болады.«Қазсушар» облыстық филиалының директоры Ринат Шауенов облыс орталығындағы үш су қоймасының жай-күйі және олардың алдағы су тасқынына дайындығы туралы айтып берді.Мекеме директоры баяндағандай, «Қазсушар» теңгерімінде 27 нысан бар, оның ішінде: Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары, Ойыл ауданында Тамдыкөл бас шлюзі-реттегіші, 6 аудандағы көлтабанды суару жүйелері, бөгеттер мен Ырғыз ауданындағы топтық су құбырлары бар.«Ақтөбе су қоймасын қауіпсіз пайдалану мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары мен облыс бойынша егіс алқаптарына су берудің авариялық жағдайлары мен үзілістерін болдырмау мақсатында Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасына жасалған қайта жаңарту жұмыстары (реконструкция) аяқталды. Қойманың жобалық көлемі 245 млн. м3 құрайды», - деп атап өтті Ринат Шауенов. Сонымен қоса, былтырғы су тасқынында Сазды су қоймасына су ағынының үлкен көлемі келіп, су төгілетін шөмішті қашыртқының (ковшовый водосброс) бұзылды. Бүгінде ақау жойылды, бұл нысан да күрделі жөндеуден өтті. Су қоймасындағы судың нақты көлемі 2,5 млн. м3, жобалық көлемі 7,5 млн. м3.Ал Қарғалы су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, биыл қоймада қайта жаңарту жұмыстары (реконструкциялау) жасалады. Бөлінген 140 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалынып жатыр. Бұл қойманың жобалық көлемі 280 млн. м3 құрайды. Үш су қоймасында да көктемгі су тасқынына дайындық үшін инертті материалдар мен жанар-жағармай әзірленген, дизельді резервтік электрогенераторлар қондырылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров мекеме басшысына бірқатар тапсырма берді. «Көктемгі су тасқыны кезеңінде су қоймаларының деңгейін үнемі бақылап, Төтенше жағдайлар департаментімен және «Қазгидромет» мекемесімен бірлесе отырып, суды қауіпсіз ағызу жұмыстарын ұйымдастыру қажет», - деді аймақ басшысы. Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мамырғали Аққағазов 174 гидротехникалық құрылыстың жай-күйі туралы хабарлады.Қазір 19 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 15 ақпанға дейін Ойыл мен Ырғыз ауылдарындағы бөгеттердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, бірнеше аудандағы бөгеттердің жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілді. Су деңгейін және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін үнемі бақылау жүзеге асырылады, мұз кептелістерін жоюға дайындық жүргізіледі.Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін, облыс әкімі азаматтық қорғау қызметтеріне су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дайындықты қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен жұмысты үйлестіруді тапсырды.«Биыл ерте су тасқыны болуы мүмкін. Сондықтан біз кез келген күтпеген жағдайларға дайын болуымыз керек. Барлық күш-жігер қажетті ресурстар мен жабдықтарды барынша жедел дайындауға бағытталуы тиіс. Бірінші наурызға дейінгі мерзімде арықтарды, су бұру арналарын, өзен арналарын, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді қардан, қоқыстан және қамыстан тазарту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін техника мен жабдықтарды дайындауды ұйымдастыру қажет. Су басу қаупі бар учаскелер үшін жеткілікті мөлшерде инертті материалдар мен қапшықтарды дайындаңыздар. Эвакуацияланатын халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру үшін орындар ұйымдастыру, сондай-ақ жанармайдың, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің, әсіресе көлік қатынасы үзілуі мүмкін елді мекендерде қажетті қорларды қалыптастыру қажет. Барлық қолда бар малды аудандардың жалпы базасына енгізу керек. Сондай-ақ, елді мекендердің аумағынан, соның ішінде әлеуметтік нысандардың айналасынан қар шығару жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл іс-шаралар су тасқыны кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Барлығы үйлесімді және жедел жұмыс істеуі керек», - деп тапсырды әкім.Әкімнің тапсырмасы бойынша жақын арада командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтеді, оған барлық азаматтық қорғау қызметтері, оның ішінде құтқарушылар, әскери қызметшілер, полицейлер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады. Оқу-жаттығу барысында су тасқыны қаупіне дайындық және барлық сценарийлер пысықталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/928102
Тұтынушылық тауарларға қатысты жаңа техникалық регламенттер қабылданды 01.02.2025
Елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Бүгінгі таңда ЕАЭО шеңберінде айналымдағы өнімнің 85%-дан астамын қамтитын 47 техникалық регламент қабылданды. Айналымдағы өнімнің шамамен 15%-ы ұлттық деңгейде реттеледі. ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова ОКҚ алаңында техникалық реттеу саласындағы жаңашылдықтар жайында баяндады.Оның хабарлауынша, техникалық реттеудің басты міндеттеріне тұтынушыны азаматтардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіретін өнімдерден қорғау, қазақстандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын арттыру тетіктері жатады. Ішкі нарықта тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыру мыналар арқылы жүзеге асырылады: техникалық регламенттерде өнімнің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды белгілеу, өнімнің сапасына және стандарттардағы сынақ әдістеріне қойылатын талаптар.Бұл ретте тауарларды сынау және сертификаттау зертханаларда жүзеге асырылады.«2024 жылы нарықта өнімнің жаңа түрлерін қамту үшін 7 техникалық регламентке өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке «хош иісті ойыншық», «жұмсақ ойыншық», «сылдырмақ» сынды терминдер қосылды. Сонымен қатар 3 жасқа дейінгі балалар ойыншығына табиғи жүн, табиғи былғары қолдануға жол берілмейді», – деді спикер.Парфюмерлік-косметикалық өнімдерге арналған техникалық регламентте бұрын болмаған талаптар белгіленген. Мысалы, 14 жасқа дейінгі балаларға арналған косметиканы пайдалануға қатысты міндетті жіктеу енгізілді. Сондай-ақ тауардың тұтынушылық қасиеттерін сақтау мақсатында косметикалық өнімдерге арналған «қайталама қаптама» деген ұғым енгізілді. Балалардың жарақаттануына жол бермеу үшін Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спорт жабдықтарына арналған техникалық регламентті әзірлеу басталды. Техрегламент футболға, мини-футболға, гандболға, хоккейге арналған қақпаларға қойылатын талаптарды белгілейді.Сондай-ақ көмірге қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламентті әзірлеу аяқталуда. Техрегламент көмірдің сапалық сипаттамалары мен сұрыптарына арналған нормаларды қамтиды. Сонымен қатар сапасы төмен отынды сатып алу кезінде халықтың құқықтарын қорғау үшін құқықтық негіздер белгіленді.Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1738230346 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/927967
Кедергісіз орта және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту: бірқатар стандарт қабылданды 01.02.2025
Стандарттар өнім сапасын арттыруда үлкен рөл атқарады. Қазіргі уақытта нормативтік құжаттардың бірыңғай қорында 75 мыңнан астам құжат бар. ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекованың айтуынша, 2024 жылы 137 стандарт бекітілген, оның 34-і бизнес өкілдерінің бастамасымен әзірленген.Стандарттар сатып алынатын тауарлардың сапасын және рәсімдердің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік сатып алуларда кеңінен қолданылады. Қазақстандық өндірушілер үшін өткізу нарықтарын кеңейту үшін экспорттық елдердің талаптарымен стандарттарды бейімдеу жөнінде шаралар қабылданып жатыр. «Мысалы, 2025 жылы 8 ақпан күні Қытайдың құрғақ бие сүтін өндіруге арналған әзірленген стандарты күшіне енеді. Өздеріңіз білетіндей, ҚХР нарығына әкелінетін өнімдер жергілікті стандарттарға сәйкес келуі керек, алайда бүгінге дейін мұндай стандарт болмаған. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және кедергісіз орта құруға бағытталған бірқатар стандарт қабылданды. Мысалы, «Халыққа және мүмкіндігі шектеулі топтарға жататын ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған туристік қызметтер. Жалпы талаптар» ұлттық стандарты бекітілді. Стандарт туристік инфрақұрылымға кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді», – деп атап өтті спикер ОКҚ алаңында. Мұражайлар, саябақтар, қонақ үйлер, мейрамханалар мен көлік тораптарында пандустар, лифттер және тактильді қондырғылар орнатылады. Туристік сала қызметкерлерін даярлауға ерекше назар аударылады: гидтер, әкімшілер мен жүргізушілер ым тілі дағдыларын игеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетуді және мобильділігі төмен топтарды сүйемелдеуді үйренеді.Әуежайлар, көлік және қоғамдық кеңістіктер сынды адам көп жиналатын объектілердегі коммуникацияларды арттыру үшін бірыңғай графикалық белгілерді пайдалануды реттейтін стандарт қабылданды. Стандарт келушілермен қарым-қатынастың анықтығы мен әмбебаптығын қамтамасыз ету үшін адам саны көп жерлерде жайлы жағдай жасауға бағытталған.Экономиканың барлық саласы стандарттармен қамтылған. 2025 жылға бекітілген Ұлттық стандарттау жоспарына өзекті тақырыптар енгізілді: жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік, экология, автоматтандыру, түсті металлургия, инклюзия және т. б.Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1738233340 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/927976
Техникалық реттеу талаптарын бұзған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды 01.02.2025
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау тұтынушылар үшін маңызды тетіктердің бірі болып табылады. 2024 жылы жергілікті департаменттер 8 мыңнан астам бақылау іс-шарасын жүргізді. 6152 жағдайда бұзушылықтар анықталды, бұл тексерулердің жалпы санының 74%-н пайызын құрайды. Бұл туралы ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.Оның хабарлауынша, бақылаудың 64%-ы профилактикалық сипатта жүргізілді. Бұл ретте бақылау субъектісіне барудың қажеті болмады. Тексеру қорытындысы бойынша 411 млн теңгеден астам сомаға 790 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.«2024 жылы барлық облыстарда прокуратура органдарымен бірлесе отырып, құзырымызға кіретін 2528 субъектіге қатысты тексеру шаралары жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша өлшеу құралдарын салыстырып, тексеру мерзімдерін сақтамау фактілері анықталды. Тексерілмеген құралдардың жалпы саны 13 595 бірлікті құрайды. Денсаулықтың маңызды көрсеткіштерін өлшеудің дұрыс емес нәтижелері қате диагнозға әкелуі мүмкін. Нәтижесінде 68 тексеру субъектілері жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 275 млн теңгені құрады», – деді спикер.2024 жылы делдалдардың тауарларға сертификаттар алу сайттарына ауқымды тексеру жүргізілді. Сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік декларациясы тауардың қауіпсіздігін және оның сынақтардан сәтті өтуін растайтын ресми құжаттар болып табылады. Сәйкестікті бағалауға құқығы жоқ аккредиттелмеген тұлғалардың «жылдам» сертификаттар жарнамасын таратуы тұтынушыларды жаңылыстырады, заңнаманы бұзады және бұл жағдайлар, көбіне, «сұр сертификаттар» деп аталатын құжаттарды берумен байланысты болып шықты. Осылайша, сұр сертификаттарды аккредиттеусіз сатуды насихаттайтын 76 платформа анықталды. Оның ішінде Satu.kz және OLX сайттарына сәйкестікті бағалау құжаттарын сату бойынша жарнамаларды бұғаттау және жою қажеттілігі туралы ескертілді.Сонымен қатар департаменттер сатылатын өнімнің бірқатар үлгісін бақылау үшін сатып алды, олардың 90%-ына қатысты бұзушылықтар анықталды.Мемлекеттік бақылау нәтижесінде барлығы 55 жедел ден қою шарасы қолданылды, оның ішінде 48 тауарды сатуға тыйым салынды және 5 млн теңгеден астам сомаға 7 өнім тәркіленді. Мысалы, Ақтөбе қаласында 3,4 мың метр электр кабелі өнімдерін алуға тыйым салуға қаулы берілді. Заңды бұзғандарға айыппұл салынды.Дерекөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1738233865 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/927984
Сапаны бақылау: заңнаманы бұзып берілген сәйкестікті бағалау туралы 1 мың құжаттың күші жойылды 01.02.2025
Кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту үшін процестерді цифрландыру жұмыстары басталды. Бұл құжаттарды беру мерзімін қысқартуға және процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда техникалық реттеу және метрология саласындағы 100-ден астам дербес үдеріс цифрландырылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова мәлімдеді.Сондай-ақ профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін қалыптастыру процесі толық автоматтандырылған, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.2024 жылдан бастап зертханалардың цифрлық көшірмелеріне көшу басталды, олардың әрекеттерінің толық цифрлық ізі сұр сертификаттаумен күресуге көмектеседі. Аккредиттеу субъектілерінің бір бөлігі сынақтың цифрлық хаттамасына көшті, 2025 жылы оған барлық субъект ауыстырылады деген жоспар бар. «Негізгі мақсаттар ашықтық, кәсіпкерлік субъектілерінің уақыт шығындарын қысқарту және аккредиттеу субъектілерінің цифрлық ізін сақтау болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда зертханалар мен сертификаттау орталықтарының кең аккредиттелген желісі бар. 1,7 мыңнан астам субъект жұмыс істейді, оның ішінде 1 054 сынақ зертханасы және өнімдер мен қызметтер бойынша 70 сертификаттау орталығы бар. Бұл ретте қазақстандық өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығына шығуын кеңейту мақсатында 2024 жылы Бірыңғай тізілімге ҚР 30 сынақ зертханасы енгізілді», – деді спикер. Ішкі нарықты қорғау мәселелерін жедел шешу үшін СИМ жанындағы бақылаушы органдар мен «Атамекен» ҰКП қатысатын ахуалдық штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бірлескен алгоритм бойынша түрлі іс-шара жүргізілетін өнімнің сынамалары алынады: шекаралық бақылау және үлгілерді іріктеу және сөрелердегі өнімді сынауға бақылау.2024 жылдың қараша айынан бастап көлік құралдарының жүк бөліктеріндегі технологиялық өткелдер бойынша міндетті талаптар енгізілді. Ақпарат мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушыларға жеткізілді және шекаралық және ветеринариялық бақылау органдарының бірлескен күш-жігерімен іске асырылады. «Осы жұмыс аясында 546 көлік құралы қайтарылды, 310 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері тексерілді. Заңнаманы бұзып берілген сәйкестікті бағалау туралы 1 мың құжаттың күші жойылды», – деп түйіндеді ведомство өкілі.Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1738234398 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/927991
Әсет Нүсіпов ҚР сауда және интеграция вице-министрі болып тағайындалды 01.02.2025
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әсет Ілиясұлы Нүсіпов сауда және интеграция вице-министрі қызметіне тағайындалды. 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Иллинойс технологиялық институтын (АҚШ) бітірген.Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ менеджері болып бастаған.2006 жылдан 2008 жылға дейін «Flagship Ventures» венчурлық капитал фирмасының Венчурлық жобаларды қаржыландыру департаментінде (АҚШ), Вашингтон қ. (АҚШ) «Small Enterprise Assistance Funds» халықаралық инвестициялық фирмасында тағылымдамадан өтті.2008 жылдан 2010 жылға дейін «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ жобалық менеджері, Дүниежүзілік банкіндегі Орталық Азиядағы өкілдігінің консультанты, Қазақстан Республикасындағы Азия даму банкі өкілдігінің консультанты, «Әлемдік экономиканы зерттеу орталығы» ЖМ директорының орынбасары болып жұмыс істеді.2010–2015 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының инспекторы, сектор меңгерушісі, Астана қ.2015–2021 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жалпы қауіпсіздік мәселелері бөлімінің сектор меңгерушісі, Астана қ.2021–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жалпы қауіпсіздік мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Астана қ.2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің өзекті қауіпсіздік мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Астана қ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/928087
ҚАТЕРЛІ ІСІК ҮКІМ ЕМЕС: КӨБІРЕК БІЛІҢІЗ! 01.02.2025
Жыл сайын 4 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні — бұл ауру туралы хабардарлықты арттыруға, науқастарды қолдауға және алдын алу шараларын ілгерілетуге бағытталған жаһандық бастама. Бұл күн әлемдегі өлім-жітімнің ең көп таралған себептерінің бірімен күресу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруде шешуші рөл атқарады.ДДҰ мәліметтері бойынша, қатерлі ісік жыл сайын миллиондаған адамның өмірін қиып, өлімнің жетекші себептерінің бірі болып қала береді. Алайда, сарапшылардың бағалауы бойынша, жағдайлардың жартысына жуығын уақтылы алдын-алу, ерте диагностикалау және тиімді емдеу арқылы болдырмауға болады.Осыған байланысты, Ұлттық ғылыми онкология орталығы БАҚ және олардың отбасылары үшін ұйымдастырылған 8 ақпанда Ашық есік күніне шақырады, онда сіз және сіздің ересек отбасы мүшелеріңіз тегін кеңес алып, біздің мамандарымыздың – онкомаммологтар, онкохирургтер, гепатологтар, гастроэнтерологтар, диагностикалық дәрігерлер және т. б., тексеруден өте алады.Сол күні БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіледі, онда дәрігерлер, жетекші сарапшылар және ДДҰ өкілдері келесі сұрақтарға жауап бере алады:- Қазақстандағы онкологиялық көмек көрсету бойынша ағымдағы жағдай, қатерлі патологиялардан сырқаттанушылық пен өлім-жітім құрылымы туралы статистикалық деректер;- алдын алу, бақыланатын және бақыланбайтын қауіп факторлары;- онкопатологияны ерте анықтаудың маңыздылығы, дамыған жағдайларда пациенттердің өтініштерінің себебі;- қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері, соның ішінде ҰҒОО-да қол жетімді;- ҰҒОО-ның жетістіктері мен жаңа технологиялары.Бұл іс - шараның басты мақсаты - қатерлі ісік емделмейтін ауру деген қате түсінікті жою. Қазіргі заманғы медициналық технологиялар ерте анықталған кезде онымен сәтті күресуге мүмкіндік береді. Алдын алу аурумен күресте күшті қару екенін қоғамға жеткізу маңызды.Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні әрқайсымыз бұл аурумен күресуге үлес қоса алатынымызды еске салады. Медициналық қоғамдастық пен БАҚ-тың күш-жігерін біріктіру қатерлі ісікке қарсы күресті барынша тиімді және барлығына қолжетімді етуге мүмкіндік береді, осылайша әрбір қазақстандықтың денсаулығын сақтауға баға жетпес үлес қосады.Сіздерді осы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз!Толығырақ білу үшін келесі бетке өтіңізАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/927789
ЖЕТІСУЛЫҚ ДӘРІГЕР ҰШАҚТА ЖОЛАУШЫНЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ 01.02.2025
Сауд Арабиясындағы қажылықтан елге оралып келе жатқан ұшақта павлодарлық азаматтың денсаулығы күрт нашарлап, аллергиялық ауру пайда болған. Ол тұмауға қарсы препаратты қабылдап, ұйықтап кеткен. Араға бір сағат салып, бет-аузы ісіп оянған.Бортсерік қыз ұшақ ішіндегі жолаушыларға шұғыл дәрігер қажет екенін хабарлаған. Дәл сол уақытта ұшақта болған Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов науқасқа бірден алғашқы көмек көрсетуді бастап кеткен.Жолаушы Мұрат Иманғазиновтың айтуынша, бұл уақытта шамамен Қап тауларының үстінде ұшып келе жатқан.«Экипаж шұғыл жағдай болса, ұшақты жақын маңдағы әуежайдың біріне қондырамыз деген шешім қабылдаған. Бірақ Жаннұр Мәуленұлы өз ісінің кәсіби маманы екенін айтып, аман-есен жеткізді. Өміріме араша түскен абзал жанға шексіз ризашылығымды айтқым келеді», - дейді Мұрат Иманғазинов.Жаннұр Сырымов бүгінде Жетісу облысы, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Сол сапарында Меккеге мүгедек әкесін қажылыққа апарып, қайтып келе жатқан беті екен.«Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, жанымда дәрі-дәрмек қобдишасын ұстайтынмын. Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде «Квинке ісінуі» деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден «Аллергопресс» және «Преднизолон» препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім», - деді Жаннұр Сырымов.Жаннұр Мауленұлы медицина саласындағы алғашқы қызметін санитарлық фельдшер болып бастаған. Көксу ауданындағы қызметіне дейін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек трансплантологиясы, урология және экстракорпоралды детоксикация бөлімшесінің меңгерушісі, Талдықорған қаласында аурухана басшысының орынбасары болып еңбек еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/927803
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың тізілімі енгізілді 01.02.2025
Ұйымдарда көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда АӘҚ көрсететін мамандардың тізілімі (бұдан әрі – тізілім) енгізілді.Тізілім – бұл Әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген мамандардың электрондық тізімі, онда әлеуметтік қызметкер туралы толық ақпарат бар: жеке деректері, білімі, біліктілікті арттыру туралы мәліметтері, аттестаттаудан өту туралы мәліметтері, жұмыс тәжірибесі және т. б.Тізілім арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық мамандардың тізбесін тиімді қалыптастыруға, әлеуметтік қызметкерлер туралы ақпаратқа қолжетімділікті жақсартуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Қазақстанда 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1023 объекті бөлімшелерін ескере отырып, барлығы 502 мемлекеттік ұйым және 122 ҮЕҰ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олардың ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, күндізгі болу орталықтары, оңалту орталықтары мен үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері, уақытша болу орталықтары және дағдарыс орталықтары бар.Әлеуметтік қызметкерлер бүгінде 8 қызмет түрін көрсетеді, олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық қызмет.АӘҚ оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, олардың алушыларының жасын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ тұру жағдайларын ескере отырып тағайындалады.Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтыҚазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың тізілімі енгізілдіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/927565
Жетісу облысында жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбекпен ер атанған» мәдени көш керуені басталды 01.02.2025
Жетісу облысында жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбекпен ер атанған» көш керуені мәдени шаралары басталды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған іс-шара аясында еңбектің құндылығын ұғындыратын кітаптар мен суреттер көрмесі, музей жәдігерлерінен көрмелер қойылып, концерттік бағдарламалар ұсынылуда. Бүгінге дейін осындай көш керуен Ескелді, Көксу аудандарында болып өтті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шара барысында Қарабұлақ және Балпық би ауылдарындағы мәдениет үйлерінде Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапхана «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» атты кітап көрмелерін ұйымдастырды. Онда Құттыбек Баяндиннің «Нұрмолда Алдабергенов», «Нар тұлға», Никита Головацкиидің өз тәжирбиесі жайлы сыр бөліскен «Человек на земле», «День, равный году», сол сияқты Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға арналған «Жетісудың жұлдызы», «Жер туралы жыр» кітаптары қойылды. Сол сияқты ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы, қызылша, жүгері, картоп, жеміс-жидектерді өсіру технологиясы, оны дамыту жолдары мен тиімділігі туралы кітаптармен қатар тракторшы, комбайншы, жүргізуші, дәнекерлеуші, санитарлық техник, аспаз т.б мамандықтар туралы анықтамалар мен кәсіби бағдар беретін баспалық дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ әдебиеттегі еңбек адамының бейнесін ашатын көркем шығармалар да аталған көрмеден табылды. Осы күндері Талдықорғандағы Көркемөнер галереясының көрмесі қойылып, оған кәсіпқой суретшілер Ж.Мүсәпір, Ж.Сейітхамит, Қ.Оразғалиев, М.Әбдреев, Н.Жошыбаев және т.б. суретшілердің жұмыстары апарылды. Сонымен қатар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан Социалистік еңбек ерлері З.Тамшыбаева, Д.Қонаев, Н.Алдабергенов, Н.Головацкий, Б.Татенова, А.Зайнаудинова, М.Әлімбаева, К.Айтжанова, Ж.Молдасановтың фотосуреттері, оған қоса өңірдегі музейлердің жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шаралар Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен түйінделді.Көш керуені мәдени жобасын ескелділік және көксулық ақсақалдар, ұстаздар, мектеп оқушылары, жалпы аудан тұрғындары тамашалады.- Биылғы жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат – қоғамның, жастардың назарын жұмысшы мамандықтарына аудару. Әрине, мамандарды бір-ақ жылдың ішінде жаппай даярлап, жұмысшы кадрлар жетіспеушілігін шешу мүмкін емес. Ең бастысы, үлкен істің басы басталды, жұмысшы мамандықтарының артықшылығын, қажеттілігін ұғындыру, еңбектің құндылығын ілгерілету ерекше екпінмен қарқын алып отыр. Бүгін еңбек ерлері туралы, маңдай тердің жемісі жайлы бірқатар шығармалармен танысып, тәнті болдық. Осындай шаралар әсіресе жастар үшін аса қажет, - деді Жетісу облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев.Атап өтсек, бұл рухани жоба бір айға жуық уақыт бойы, яғни 21 ақпанға дейін жалғасады. Іс-шара облыстың барлық аудан-қалаларын қамтиды. Көш керуенінің қорытындысында конференция ұйымдастырылып, еңбек адамдарына арналған журнал шығарылады деп жоспарланып отыр.Жалпы бұл жобаның мақсаты - еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, еңбек адамдарының өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы таныту, сол арқылы жастарды еңбекке, адалдыққа және жауапкершілікке тәрбилеу, аймақтың еңбек дәстүрлерін жаңғырту әрі сақтау, жұмысшы мамандықтарының тарихы мен заманауи мүмкіндіктерін таныстыру.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/927776
Ақтөбе қаласындағы №14 бағыттың автобустары жаңарады 01.02.2025
30 қаңтардан бастап 41 разъезд бен Теміржол вокзалы аралығында қызмет көрсететін №14 бағытқа 8 жаңа автобус шығады. Қоғамдық көліктің аралық жиілігі орташа есеппен 15 минутты құрайды.Бұдан бөлек, 31 қаңтарда №26 бағытқа қатынайтын жаңа 10 автобус жолға шығады. Оның аралық жиілігі - 10 минут.Жаңа автобустар - ыңғайлы әрі сыйымды. 80 адамға арналған. Кез-келген климаттық жағдайларға төзімді, кондиционер, пандусы бар, жайлы орындықтар және ақпараттық табломен жабдықталған.«Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов қала тұрғындарынан қоғамдық көліктерде тазалық сақтап, жол төлемдерін уақытылы төлеуді сұрайды.Естеріңізде болса, кәсіпорын қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында «Өнеркәсіпті қолдау қоры» арқылы «QazTehna» компаниясымен келісімшартқа отырып, былтырғы жылы 50 «Yutong» маркалы автобус сатып алды. Бір автобустың құны – 64 миллион теңге.Жалпы, «Автопарк» қала бойынша 18 бағытқа, сондай-ақ, маусымдық 2 бағытқа қызмет көрсетеді. Ал күн сайын желіге 153 автобус шығады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/927608
Шағал бассейнінде жаттығу басталды 01.02.2025
Жүзуден олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бассейнге техникалық есеп берілді. Бекітілген кестеге сәйкес балаларға арналған тренингтер басталды.Бассейнге 500-ге жуық бала қатысады. Оларды 13 білікті жаттықтырушы кәсіби деңгейде оқытады. Жаттықтырушылар барлығы дене шынықтыру саласының мамандары, олардың 11-і жоғары білімді, 2-уі жоғары санатты.Ақтөбедегі «Достық» спорт кешенінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер жұмыстарды 1 ақпанда аяқтап, нысанды тапсыруды жоспарлап отыр.Айта кетейік, өткен аптада облыс әкімі Асхат Шахаров екі нысанды да аралап, жауапты тұлғаларға тез арада пайдалануға беруді тапсырған болатын. Балалардың спортпен шұғылдануына кедергі жасамау, кесте жасап, осы аптадан бастап жаттығуларды бастау керек.«Достық» спорт кешенінде күрделі жөндеу жұмыстарын «Альтаир-СК 7» ЖШС жүргізді. Жұмыстың құны 388,12 млн теңгені құрады. «Шағала» бассейнін жөндеуге 287,05 миллион теңге бөлінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/927623
Қордай ауданында жаңа саябақ ашылды 01.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысы Қордай ауданында демалыс орны ел игілігіне берілді. Аумағы 2,57 гектарды құрайтын аллеяның маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Сонымен бірге тұрғындарға демалатын арнайы орындықтар да бар. Мұнда қырық түп шырша және отыздан аса «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылған. Бұдан бөлек, айналасын көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмаған. Су қойманың жағажайына пирс жасалып, серуендеуге ерекше көңіл бөлінген. Кішкентай балақайларға арналып ойын алаңшасы да салынды. Саябақтың ашылуына қатысқан аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда саябақтың атқарар рөлі орасан зор екенін алға тартты. Ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар аудандық өнер мектептерінің суретші, шахматшы, әнші, күйшілердің өнерін тамашалап, алған әсерімен бөлісті. - Міне, бүгін ауыл тұрғындарының тілегі ескеріліп, Қордай ауылында ерекше мәні бар жаңа аллеяның ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Ауданымыз соңғы жылдары күннен-күнге көркейіп келеді. Біз өте қуаныштымыз. Бұл демалыс орнының қызығын ұрпағымыз көрсін! Баршаңызға тек жақсылық тілеймін,-деп Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Сүгірбай Төле өзінің қуанышын жеткізді. Айта кету керек, жобаға аудандық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/927299
ВИЦЕ-МИНИСТРМЕН ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ 01.02.2025
Шымкентте ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы Оспанмен жиын өтті. Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалық етті. Кездесуге Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 160-қа жуық жекеменшік мектеп басшылары қатыстыВице-министрмен өткен жиында жекеменшік мектептерді одан әрі дамыту және оларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.Жиынға қатысқандар оқу үдерісінің сапасын арттыру, қаржылық қолдау шараларын кеңейту және жекеменшік білім беру саласының даму перспективалары туралы сұрақтар қойды. Және министрлік өкілдерінен нақты жауаптар алды.Жиын соңында Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы жекеменшік мектептердің өкілдері мен министрлік өкілдері өзара ұсыныстар мен пікір алмасып, алдағы уақыттағы жұмыс бағыттарын анықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/927309
Қазақстан ЕАЭО шеңберінде банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімді ратификациялады 01.02.2025
2025 жылдың 24 қаңтарда Мемлекет басшысы «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Келісім банк кепілдіктерін өзара тануды белгілейді, бұл мүше мемлекеттердің өнім берушілерінің ЕАЭО-ның басқа елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.Қазақстандық кәсіпкерлер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тең шарттарда қазақстандық қаржы мекемелері берген банк кепілдіктерімен ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады.Бұл ұлттық кәсіпорындарға ЕАЭО-ның басқа елдерінде жаңа банк кепілдіктерін ресімдеу қажеттілігін қысқартады.Айта кету керек, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарығы 100 млрд.АҚШ құрайды. Қабылданған келісім ұлттық кәсіпорындар үшін шектеуді алып тастайды.Келісімді ратификациялау рәсімі ЕАЭО-ға барлық мүше мемлекеттерінде аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/926944
Қ.ТОҚАЕВ: ӘКІМДІК ЗАҢҒА СӘЙКЕС ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР 01.02.2025
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент қаласы әкімінің мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есебін тыңдады. Сондай-ақ заңсыз салынған құрылыстарды бұзу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бірақ қалада жер телімдеріне қатысты өткір мәселе тұрғанын атап өтті."Заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан былтырдан бастап заңсыз салынған нысандар сүріле бастады. Мемлекеттік органдардың мұндай әрекеті сынға ұшырап жатыр. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. Себебі әкімдік заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр” - деді. деді Қ.Тоқаев.Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықпен диалогты күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу қажеттігін айтты.«Қазір елімізде өзін қоғам белсендісі санайтын топтар пайда болды. Олар көп жағдайда әлеуметтік желіні пайдаланып, биліктің түпкі мәні дұрыс, бірақ бәріне бірдей ұнай бермейтін шешімдері туралы орынсыз дау көтеріп, елді дүрліктіреді. Сондықтан барлық шешімді халыққа жақсылап, мұқият түсіндіру маңызды. Бұл мәселе бүкіл аймаққа қатысты. Кез келген жұмыс барынша ашық әрі түсінікті болғаны жөн, - деді Мемлекет басшысы. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/927308
Қызылордада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда 01.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, өңірдегі инвестициялық жобалар туралы айтты.Экономиканы әртараптандыруда 2024 жылы аймақта 37 млрд. теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылды.Негізгі капиталға 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары, ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылып, өсім 16,6 пайызға жеткен.2025-2029 жылдары аймақта құны 1 трлн. 900 млрд. теңге болатын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ел Президентінің тікелей қолдауының арқасында және Қатар мемлекетіне жасаған іссапары қорытындысымен өңірде 800 млрд. теңгенің, қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы қолға алынады. Қазіргі таңда жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде.Биыл «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту үшін құны 215 млрд. теңге болатын жаңа кен байыту комбинатының, 147 млрд. теңгеге жылына 300 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылысы басталады. Сондай-ақ, 62 млрд. теңгеге қуаттылығы 201 мегаваттық 5 күн және 1 жел электр станциясы іске қосылады.Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан – Германия, Қазақстан – Корея форумдарында қол қойылған меморандумдарға сәйкес, 31 млрд. теңгеге «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн. дана шыны бөтелке шығаратын, 19 млрд. теңгеге кореялық «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылысы басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/926503
Сыр елінің экономикасы қарқынды дамып келеді 01.02.2025
Қызылорда облысында жыл қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.«Аймақтың экономикалық өсімі 7 пайызды құрады (2023 жылы – 107,3%). Өзіңіздің, Үкіметтің қолдауымен облысымыздың бюджеті 750 млрд. теңгеден асты.Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының 15 жылдан астам уақыттан бергі төмендеу тенденциясын ескеріп, өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық саланы жедел дамытумен қатар, мұнай-газ өңдеу саласын да өркендетудеміз.Жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық зерттеулер жүргізіліп, мұнайдың төменгі қабаттары игерілуде. Кен орындарында 5 500 метр тереңдікке дейін (скважина) бұрғылау, дәстүрлі емес (қара тақтатас мұнай) көмірсутекті игеру басталды», – деді Н.Нәлібаев.Өңірде негізгі капиталға 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болды (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары, ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Өсім – 16,6 пайыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/926522
Облыс орталығы ыстық сумен қамтамасыз етіледі 01.02.2025
Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде 187 үй ыстық суға қосылды. Келесі жылу беру маусымына дейін облыс орталығының көпқабатты тұрғын үйлерінің барлығына ыстық су беріледі.Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.Мемлекет басшысының қолдауымен аймақта маңызды жобалар жүзеге асуда. Түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы қолға алған қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы құрылысының 70 пайызы аяқталды. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция облыс орталығын жылумен, аймақты электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы бастау алғаны белгілі. Республикалық маңызы бар жолдың облыс аумағындағы 216 шақырымының 151 шақырымы пайдалануға берілді. Жоба биыл толық аяқталады.Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды І санатқа ауыстыру осы жылы басталады. Қазіргі таңда, демеушілікпен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздемесі әзірленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/926706
Инфрақұрылымды жаңғырту жобалары халықтың өмір сапасын арттыруға оң ықпал етті 01.02.2025
Аймақта экономиканың өсімін қамтамасыз етумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше басымдық берілуде. Өңір тұрғындарының сапалы ауыз су пайдалану көрсеткіші – 98,6 пайыз. Биыл барлық елді мекенге сапалы ауыз су 100 пайыз жеткізіледі. Газбен қамту деңгейі 78 пайыз, алдағы меже – 83 пайызға дейін арттыру.Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.Жылумен қамту нысандары мен желілерін жаңғыртуға былтыр 12 млрд. теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары уақытылы жүргізілді. Соның арқасында жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде.Жол инфрақұрылымына қатысты да оң өзгерістер бар. Өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті, биыл тағы 329 шақырым жол жөнделіп, бұл көрсеткіш 95 пайыздан асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы салынып, іске қосылды. Сонымен қатар, заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға беріліп, теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Қоғамдық көлік мәселесі де толық шешілді, оған қоса 100 электромобиль тұрғындарға экотакси қызметін көрсетуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/926708