Экономика
Қостанай маңындағы елді мекеннің 48 тұрғыны баспаналы болды 15.04.2025
Қала маңындағы Заречный кентінің 48 тұрғыны Конституция күнін жаңа баспаналарында қарсы алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспаналардың кілттерін бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыс етті. Жергілікті атқарушы органдар соңғы үйлерді тапсыру арқылы аталмыш кенттің «Солтүстік» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің құрылысын толығымен аяқтады. «Біз төртқабатты 11 үй тұрғыздық. Олардың үшеуі - жалға беріледі, 8 - несиелік. Бүгін 48 пәтерлі соңғы үйді тапсырамыз. Олар жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға арналған. Бүгін 10 жетім бала жаңа үйлерінің табалдырығын аттады. Пәтер иелерінің қалғандары - әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Шағын ауданның құрылысына шамамен 2,2 млрд теңге жұмсалды», - деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Омарбек Қасымов. Жаңа баспана иелерін қоныстойларымен құттықтау үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те келді.«Республика үшін аса маңызды мемлекеттік мейрам - Конституция күні қарсаңында, сондай-ақ елорданың 20 жылдығына орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа үй пайдалануға беріліп отыр. Ең бастысы, облыста жыл сайын жаңа пәтерлер көптеп салынуда. Биылғы жылы ғана 300 мың шаршы метрден астам аумақты пайдалануға беретін боламыз. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, орташа есеппен 10 пайызға жоғары», - деді өңір басшысы. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/10797?lang=kk
Altynsarin University – өңіріміздегі жоғары білімнің жаңа кезеңі 15.04.2025
Қостанай облысындағы жоғары білім жаңа деңгейге көтерілуде! Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Енді оқу орны Altynsarin University атауын иеленеді, бұл оның өңір мен елге білікті мамандар даярлаудағы маңызды рөлін айшықтайды.Студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерЖаңа мәртебенің берілуі университетке үлкен перспективалар ашады. Енді болашақ мамандар тек педагогикалық бағыттарда ғана емес, сонымен қатар ақпараттық технологиялар, журналистика, экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім ала алады. Сондай-ақ, университетте магистратура бағдарламалары жүзеге асырылып, болашақта докторантура ашу мүмкіндігі пайда болады.Бұл Қостанай облысы мен еліміздің басқа өңірлерінің жастарына сапалы білім алу үшін үлкен мүмкіндік береді. Білім беру бағдарламаларының кеңеюі сұранысқа ие мамандарды даярлауға және өңірдің дамуына үлес қосуға септігін тигізеді.Ғылыми әлеуетті нығайтуУниверситет мәртебесінің берілуі Altynsarin University үшін ғылыми қызметтің жаңа көкжиектерін ашады. Оқу орнында өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған зерттеу жобалары дамытылатын болады. Инновациялық технологияларды енгізуге, заманауи оқыту әдістерін дамытуға және экономиканың басым бағыттарына кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.Халықаралық ынтымақтастықТағы бір маңызды қадам – шетелдік жоғары оқу орындарымен белсенді серіктестік орнату. Бұл студенттер мен оқытушыларға халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысуға, жетекші білім ордаларында тағылымдамадан өтуге және озық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді. Академиялық ұтқырлық, жаңа білім беру әдістері және халықаралық байланыстар Altynsarin University-дің қуатты ғылыми-білім беру орталығына айналуына ықпал етеді.Өңір үшін маңызыАрқалықта толыққанды университеттің құрылуы – Қостанай облысы үшін маңызды оқиға. Жаңа мәртебе өңіріміздегі жоғары білім, ғылым және экономика салаларының дамуына тың серпін береді. Университеттің заманауи білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулері және халықаралық байланыстары әртүрлі салаларда қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.Оқытушыларды, студенттерді және бүкіл Қостанай облысының тұрғындарын жоғары білім саласындағы осы маңызды қадаммен құттықтаймыз! Altynsarin University білім, инновация және болашақ мамандарды даярлау орталығына айналып, өңір мен елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдіміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/960369?lang=kk
Еңбекмині мен ХКҰ 2025 жылы өзара іс қимыл мәселелерін талқылады 15.04.2025
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Еуропа және Орталық Азия бойынша Халықаралық көші-қон ұйымының (бұдан әрі – ХКҰ) өңірлік директоры Артур Эркенмен кездесті. Кездесу барысында тараптар көші-қон және шетелдегі қазақстандық жұмыскерлерді қорғау саласындағы стратегиялық әріптестік мәселелерін талқылады.Асқарбек Ертаев Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) қазақстандық мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.«Атап айтқанда, қазақстандық азаматтардың едәуір санын тартатын межелі елдермен екіжақты келісімдер, қазақстандық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін, оның ішінде еңбек мигранттарының еңбек құқықтарын қамтамасыз ету туралы меморандумдар жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы келісімдерге қол жеткізілген немесе тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан елдердің қатарында Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Германия, Қатар бар», – деді вице-министр.Ол ХКҰ осындай келісімдерге қол қоюға жәрдемдесуде, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеуде шешуші рөл атқара алатынын атап өтті.Өз кезегінде Артур Эркен Қазақстан мен ХКҰ арасындағы ұзақ мерзімді жемісті ынтымақтастықтығына тоқтала отырып, ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті тұрақты үйлестірушісі болып табылатын «Алматы процесінің» Еуропалық және Орталық Азия өңірлері үшін маңызды да шешуші рөлін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы уағдаластықтар шеңберінде көпжылдық ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/960352?lang=kk
Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим туралы 15.04.2025
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі отандастарымыздың саяхаты үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шетелдік серіктестермен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмысты жүргізуде.Осы ретте, 2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы Визалық талаптардан өзара босату туралы келісім өз күшіне енеді.Осы келісім екі ел азаматтары – ұлттық паспорт иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды қарастырады. Осылайша, олар әрбір 6 ай ішінде (ел аумағына кіру күнінен бастап есептелетін) басқа тарап мемлекетінің аумағында визасыз 30 күнге дейін бола алады.Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Сонымен қатар Черногория билігі Қазақстан Республикасының азаматтары үшін визасыз режимді 2025 жылғы 1 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.Бұл шара Черногорияға туристік және іскерлік сапарларды жоспарлайтын қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.Бұған қоса Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимнің ұзартылғанын жариялады. Енді ҚР азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады, ал бұрын бұл мерзім 14 күнді құрады.Алайда, визасыз режим еңбек қызметі, білім алу және тұрақты тұру үшін қолданылмайтынын ескеру қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/960055?lang=kk
Қазақстан СІМ-де Пәкістанмен ынтымақтастық перспективалары талқыланды 14.04.2025
Астана, 2025 жылғы 11 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Науман Башир Бхаттимен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Пәкістан серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Басты назар ағымдағы жылға жоспарланған түрлі деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралардың кестесіне аударылды. Бұл ретте жоғары деңгейде байланыстардың оң динамикасы аталып өтті.Осы тұрғыда екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыттарына ықпал ететін Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысының маңыздылығына назар аударылды.Тараптар энергетика, сауда-экономикалық және транзиттік-көліктік салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/975554?lang=kk
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы талқылады 14.04.2025
Астана, 2025 жылғы 11 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде 2024 жылға арналған Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасының нәтижелері талқыланды.Сонымен қатар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ Тұрақты даму орталығының ашылуын ескере отырып, 2026-2030 жылдарға арналған жаңа ынтымақтастық бағдарламасының негізгі параметрлері ұсынылды.Бағдарламада адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және күшті институттар, тұрақты және инклюзивті экономика, тұрақты қоршаған орта, әлеуметтік бірлікті нығайту сияқты негізгі бағыттарға ерекше назар аударылады.Талқылауға БҰҰ елдік тобы, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/975544?lang=kk
Алматы облысында қазақ тілін үйренуге арналған Telegram-бот іске қосылды – 3 мыңнан астам адам тіркелді 14.04.2025
Алматы облысында мемлекеттік тілді қашықтан үйренуге мүмкіндік беретін "TilOquBot" атты инновациялық Telegram-бот іске қосылды. Жаңа цифрлық құрал Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленіп, бүгінде өңір тұрғындары арасында кеңінен қолданылуда. Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, чат-бот құрамында қазақ тілін меңгерудің төрт деңгейін қамтитын 100 сағаттық оқу бағдарламасы мен іс жүргізу курстары бар. Қазіргі уақытта жүйеге 3 146 адам тіркелген, олардың 58 пайызы облыстың шалғай аудандарында тұрады. – Басты мақсатымыз – қазақ тілін үйренуді әр азаматқа, оның тұрғылықты жеріне қарамастан, қолжетімді ету."TilOquBot" өзінің тиімділігін дәлелдеді: енді ең шалғай ауыл тұрғындарының өзі ыңғайлы форматта білім ала алады. Бұл – цифрлық трансформация жағдайында ерекше маңызды, – деді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Данияр Ахметов. Оның айтуынша, чат-бот мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолындағы кешенді жұмыстың бір бөлігіне айналды. Цифрлық жобалармен қатар, облыста тілдер фестиваліне дайындық басталған.Аталған шара аясында түрлі байқаулар, үздік оқытушылар мен белсенділерді марапаттау, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған креативті жобаларды қолдау жоспарланып отыр. – Біз әрбір азаматтың қазақ тілін дамыту ісіне үлес қосып жатқанын сезінуіне жағдай жасауға тырысамыз. Бүгінде тіл – тек дәстүр мен мәдениеттің көрінісі ғана емес, сонымен қатар технология, жаңа форматтар мен жастардың әлемі. "TilOquBot" – осы заман талабына сай келетін, құндылықтар мен тілді ұштастыратын тамаша мысал, – деп түйіндеді Ахметов. Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, қыркүйек айында Ұйғыр ауданында тіл фестивалінің қорытынды шарасы өтеді. Алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға 300 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар табысталмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/975369?lang=kk
Алматы облысында алғашқы жекеменшік футбол мектебі ашылады 14.04.2025
Болашақ футболшылар үшін жағымды жаңалық.Алматы облысында жас спортшылар үшін тың мүмкіндік туды. Райымбек ауылдық округіне қарасты Құмтоған ауылында еліміздегі алғашқы жеке меншік мамандандырылған футбол мектебі бой көтеруде. «Jeyran» футбол клубының бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаның келер жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Мектеп бір мезетте мыңға жуық шәкіртті қабылдай алады.Аталмыш оқу ордасын 2016 жылдан бері Алматы қаласында жұмыс істеп келе жатқан «Jeyran» футбол клубының құрылтайшылары қолға алған. Қазіргі таңда клуб құрамында 1800-ге жуық жас спортшы жаттығуда. Енді бұл тәжірибе облыс деңгейіне көшіріліп, футболға құмар ауыл балаларына да мүмкіндік берілмек.— Бұл базада бастапқыда мың шақты баламен бастаймыз. Олар 4 пен 18 жас аралығында болады. Жаттығу жасап, түрлі жарыстарға қатысады. Онлайн мектепте оқып, жатақханада тұрады. Құрылысын былтыр бастадық, келесі жылы аяқтаймыз, — дейді жобаның құрылтайшысы Асхат Машанов.Мектептің қаржылық жоспары да ауқымды. Жоба құны шамамен 1 миллиард теңгені құрап отыр. Қаржы директоры Абай Қанатаевтың айтуынша, кешен тек ойыншылар ғана емес, кәсіби жаттықтырушыларды да дайындайтын орталыққа айналмақ. Озық технологиялар, еуропалық стандартқа сай жасалған алаңдар, заманауи инфрақұрылым – бәрі де оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.— Біздің басты мақсатымыз – кәсіби футболшыларды тәрбиелеу. Бүгінде клубтан үш бала ұлттық құраманың сапына енсе, бірнешеуі кәсіби командаларда өнер көрсетуде, — дейді ол.Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын кешенде төрт блоктан тұратын ғимараттар бой көтеріп, құрылыс көлемі 5 мың шаршы метрге жуықтайды. Жасыл алаңдар мен 3 мың адамдық көрермен орындығы да қарастырылған.Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбектің айтуынша, бұл бастама өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.— Бұл – облыс үшін үлкен жаңалық. Біріншіден, балаларды спортқа баулимыз. Екіншіден, әлеуметтік осал топтардағы жеткіншектерге де мүмкіндік туады. Алдағы уақытта мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы әріптестік аясында қолдау көрсету бағытында жұмыс жасаймыз, — дейді ол.Бүгінде құрылыс жұмыстарының 20 пайызы аяқталған. Жобалаушылардың айтуынша, келесі жылдың жазында мектеп толық жұмысын бастайды. Бұл – Қарасай ауданындағы спортқа құштар балалар үшін үлкен серпін, ал футбол арманға айналған жас өрендер үшін – нақты мүмкіндікАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/975006?lang=kk
Қазақстан Елшісі Эфиопия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды 14.04.2025
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопия Президенті Тайе Атске-Селассиеге сенім грамоталарын тапсырды.Салтанатты рәсім барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебіздерін жеткізіп, Қазақстанның Эфиопиямен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтті.Өз кезегінде, Эфиопия Президенті Қазақстан мен Эфиопия арасындағы достық байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, Елшінің дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1086771?lang=kk
Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті 17-отырысы өткізілді 14.04.2025
2019 жылғы 18 қарашада ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті 17-отырысы өткізілді.Комиссия отырысының күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық және басқа да сыртқы саяси бастамаларын іске асыру, елдің ядролық және биологиялық қауіпсіздігін нығайту, сондай-ақ экспорттық бақылау желісі мен халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелерін күшейту тақырыптары болды.Сонымен қатар, Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкін ашу және тиісті мамандарды дайындау мәселелері Комиссия қызметінің бақылауында.Комиссия отырысына қатысқан министрліктер мен ведомстволардың басшылары бұдан бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы хабарлады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35761?lang=kk
Алматыда Орталық Азия өңірі үшін Орнықты даму саласындағы гендерлік мақсаттарды (ТДМ) ұлттандыру және оқшаулау жөніндегі шараларды ілгерілету бойынша өңірлік сараптамалық кездесу өткізілді 14.04.2025
2019 жылғы 13-14 қарашада Алматы қаласында Орталық Азия өңірі үшін Орнықты даму саласындағы гендерлік мақсаттарды (ОДМ) ұлттандыру және оқшаулау жөніндегі шараларды ілгерлету бойынша өңірлік сараптамалық кездесу өткізілді.ҚР Сыртқы істер министрлігінің «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесе ұйымдастырылғын кездесу 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі шеңберінде қабылданған гендерлік теңдік саласындағы міндеттемелерді орындау үшін қолда бар барлық ресурстарды жұмылдыру мақсатында үкіметтердің, БҰҰ жүйесінің, азаматтық қоғамның, жеке сектордың және басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өз баяндамасында 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған гендерлік мақсаттар мен күн тәртібінің көрсеткіштерін іске асыру жөніндегі ұлттық күш-жігерді қолдау мақсатында «Орталық Азия елдеріндегі орнықты дамудың гендерлік мақсаттарын ұлттандыруға жәрдемдесу» атты үш жылдық жобаны іске асырылғанын атап өтті.Жоба гендерлік теңдік пен әйелдер құқықтарын ілгерлетуге, өңірлік диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ОДМ-ның гендерлік теңдікті ілгерлетудегі іске асырылуын мониторингілеу үшін Орталық Азия елдеріндегі азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аудара отырып, ОДМ ұлттандыруға және оқшаулауға тұтас көзқарасты қалыптастыру жөніндегі ұлттық әріптестердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.Іс-шараға Орталық Азия елдерінің мүдделі мемлекеттік органдарының, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.Конференция шеңберінде Е.Ашықбаев БҰҰ-Әйелдер Құрылымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директорының орынбасары Блерта Челамен кездесу өткізіп, «БҰҰ-Әйелдер»-мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, гендерлік саясат саласындағы келешек жобаларды талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35693?lang=kk
Мәскеу қаласында Қазақстан-Ресей консулдық консультациялары өтті 14.04.2025
2019 жылғы 14-15 қарашада Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі арасында екі мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен консулдық консультациялардың кезекті раунды өтті.Кездесу барысында тараптар қос мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өзара әрекеттесудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ консулдық-құқықтық саладағы екіжатқы және көпжақты келісім-шарттар мен конвенциялардың орындалу мәселелерін талқылады.Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар консулдық мәселелер бойынша екіжақты қарым-қатынастарды тұрақты негізде жалғастыруға ниеттерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35690?lang=kk
Қазақстан мен Италия стратегиялық әріптестік рухында жемісті ынтымақтастықты нығайтуда 14.04.2025
НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 14 қараша – Қазақстан мен Италия 2009 жылғы 5 қарашада Римде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы екіжақты шарттың 10 жылдығын атап өтуде. Қазақстандық-итальяндық қатынастар үшін осы іргелі құжатты сәтті іске асыру мәселесін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Нұр-Сұлтанға жұмыс сапарымен келген Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефано талқылады.Тараптар екіжақты саяси ынтымақтастықтың жағдайы мен нығайту перспективаларын талқылап, халықаралық аренада өзара ықпалдастық бойынша ортақ ұстанымдарын растады.Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуеті, Қытайдың «Белдеу және Жол» бастамасын іске асыру тұрғысында Қазақстан, Қытай және Италия арасында өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып өтілді.Италия Сенатының Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялауы жағымды қабылданды.Сапар барысында итальян дипломаты «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовпен, Қаржы, Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізді.Сонымен қатар, М.Ди Стефано «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірге ұйымдастырылған Қазақстан-Италия бизнес-форумында сөз сөйледі.Анықтама: Италия Қазақстанның бүкіл әлемнің сауда серіктестері арасында екінші және ЕО елдері арасында бірінші орын алады. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 6,9 млрд АҚШ долларын құрады (оның ішінде экспорт - 5,9 млрд АҚШ доллар, импорт - 1 млрд. АҚШ доллар). Сонымен бірге, 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының экономикасына итальяндық тікелей инвестициялардың көлемі 5,8 млрд. АҚШ долларға жетті. Қазақстан Республикасында итальяндық қатысуымен 164 кәсіпорындары тіркелген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35687?lang=kk
KAZAKH INVEST: Қазақстан экономикасына салынған итальяндық инвестиция көлемі 6,6 млрд. АҚШ долларын құрады 14.04.2025
2019 жылы 13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Италия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Манлио Ди Стефаноның Қазақстанға жұмыс сапары аясында алғашқы Қазақстан-итальян бизнес-форумы өтті.Италия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Манлио Ди Стефаноның Қазақстанға жұмыс сапары аясында ұйымдастырылған іс-шараға екі елдің іскер топтары, ұлттық компаниялары мен мемлекеттік органдарының 200-ден астам өкілдері қатысты.Форум барысында энергетика, ЖЭК, мұнай-химия, өңдеу өнеркәсібі және АӨК саласындағы жобаларды дамыту перспективалары талқыланды. Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын итальяндық бизнесмендер біздің еліміздегі қызметтен алған әсерлерімен бөлісіп, инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды ескере отырып, Италияның іскерлік қауымдастығының өкілдеріне Қазақстан Республикасындағы іскерлік мүмкіндіктерді зерделеуді ұсынды.Өз сөзінде Италияның сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Манлио Ди Стефано Тәуелсіздік және нарықтық экономикаға өту жылдары Қазақстан экономиканың тұрақты дамуы мен қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ете отырып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін, Қазақстан мен Италия арасындағы табысты және тиімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізгенін атап өтті. «Бүгінгі бизнес-форум екі ел арасындағы экономикалар мен іскерлік байланыстарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін. Бізде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен мүмкіндіктер бар», - деді М. Ди Стефано мырза.Өз кезегінде, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаиров екі елдің бизнесмендерін іскерлік байланыстарды белсенді жолға қоюға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақыра отырып, Қазақстан мен Италия инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. «Біздің елдеріміз арасында экономикалық салада, әсіресе баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты үш басым секторларда екіжақты әріптестікті кеңейту мен тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар. Біздің елімізде «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы жұмыс істейді, ол ағымдағы және әлеуетті шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, инвестициялық жобаларды идеядан оны іске асыруға дейін сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Жалпы, шетелдік және ұлттық инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімді білдіремін», - деді спикер.Форум барысында машина жасау және тамақ өнімдері жобаларын жүзеге асырудағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, қазақстандық тарап форум алаңында өздерінің мүмкіндіктерін таныстырумен қатар, B2B форматында итальяндық серіктестермен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.Мысалы, «Павлодар «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өкілдері «Naba Carni» компаниясының басшылығымен Павлодар өңірі аумағында жылқы етін қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, Павлодар ӘКК делегациясы мен «Rota Guido» компаниясы арасында агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы инвестициялық жобаны қарау туралы келісімге қол жеткізілді.Бірінші қазақстандық-итальяндық бизнес форумды Қазақстан Республикасындағы Италия Республикасының Елшілігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ және «ITA italian trade agency» компаниясы. ұйымдастырды.Естеріңізге сала кетейік, Италия Еуропа Одағы елдері арасында Қазақстанның ірі сауда әріптесі және еліміздің экономикасына жетекші инвесторлардың бірі болып табылады.Бүгінде Қазақстан экономикасына құйылған итальяндық инвестициялардың көлемі 6,6 млрд. АҚШ долларын құрады.Қазақстанның Италиямен сыртқы сауда айналымы 2019 жылдың 8 айында 6,7 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, Қазақстанда итальяндық капиталдың қатысуымен 270-ке жуық компания жұмыс істейді.Форум барысында тараптар қол жеткізілген келісімдер мен қабылданған шешімдер екіжақты экономикалық ынтымақтастықты жандандыру үшін серпін бергенін, сондай-ақ екі мемлекеттің іскер топтарының әріптестігінің жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын белгілегенін атап өтті. «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады. KAZAKH INVEST ел Үкіметінің атынан «бірыңғай келіссөз жүргізуші» рөлінде сөз сөйлей отырып, Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті іске асыру үшін қажетті түрлі рұқсаттар мен келісулерді, тіркеуді алуды қоса алғанда, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі қызметтердің толық спектрін қамтамасыз етеді.Қазақстан экспорты отын-шикізат бағытын (шикі мұнай мен газ конденсаты, битуминозды минералдардан алынған мұнай өнімдері, мазут, сондай-ақ бидай. Маңыздылығы бойынша екінші топ металдар мен олардан жасалған бұйымдар (мырыш, алтын, мыс және ферроқорытпа) қамтиды.Италиядан импортталатын негізгі тауар топтары халық тұтынатын тауарлар болып табылады, сондай-ақ машиналар мен жабдықтар басым.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35684?lang=kk
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алуда 14.04.2025
БРЮССЕЛЬ, 2019 жылғы 13 қараша – Қазақстанның басшылығы Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Бұл ынтымақтастық Еуропалық комиссияның жаңа құрамы өкілеттік алып, сондай-ақ ҚР мен ЕО арасындағы кең ауқымды келісімінің толық күшіне енуімен жаңа елеулі серпін алады. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельдегі Euractiv медиа агенттігінің алаңында 13 қарашада өткен «Қазақстанның жаңа басшылығы: ҚР мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарға қандай әсер болады?» атты дөңгелек үстел барысында баяндады. Қазақстандық дипломатпен бірге іс-шара барысында спикерлер ретінде Еуропа Парламентінің депутаты Андрис Америкс, Орталық Азия елдерімен қатынастар бойынша Еуропарламент делегациясы басшысының орынбасары, «Еуропалық көршілік саясаты жөніндегі кеңесі» ғылыми-зерттеу орталығының басқарушы директоры Самуэль Вестербай, Еуропалық сыртқы іс-әрекеттер қызметінің Орталық Азия бойынша басқармасы басшысының орынбасары Филипп ван Амерсфорт, сондай-ақ Еуропалық сауда жөніндегі комиссияның бас директоратының Қазақстан бойынша үйлестірушісі Жоселин Гиттон сөз сойледі. «Дөңгелек үстелге» Еурокомиссия қызметкерлері, Брюссельдегі Еуроодаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, еуропалық сарапшылар қоғамдастығының және БАҚ өкілдері қатысты.Р. Василенко аудиторияны Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы қызметінің алғашқы қорытындыларымен, сондай-ақ оның Қазақстан халқына алғашқы Жолдауының негізгі ережелерімен және Президенттің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарымен таныстырды. Ол 2019 жыл Орталық Азия бойынша жаңа стратегияны қабылдау және 2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімінің (КӘЫК) ратификациялау процедурасының аяқталуы аясында екіжақты қарым-қатынастар тарихында маңызды болғанын атап өтті. Қазақстан басшылығының Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтыласын растай отырып, қазақстандық дипломат Еуропалық Комиссияның жаңа құрамы қызметіне кірісуі мен КӘЫК-тің толық күшіне енуі ЕО-ның Қазақстанмен қарым-қатынастарына айтарлықтай жаңа серпін беретініне сенім білдірді.А. Америкс Қазақстан ЕО-ның саяси және экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік тұрғысындағы Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.Өз кезегінде, Ф. ван Амерсфорт ҚР-дағы құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған реформалары мен жақында құрылған сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және әртараптандыруға бағытталған Қазақстанның Премьер-Министрі қатысатын Экономикалық және іскерлік мәселелер бойынша ҚР-ЕО диалогтық платформасының жұмысын қолдады.Ж. Гуиттон Қазақстан ЕО-ның Орталық Азия елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатынына назар аударды: ЕО мен аймақ арасындағы сауданың 86%-ы біздің елге тиесілі. Оның айтуынша, Азия мен Еуропа арасында орналасқанына байланысты, Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті елдің экономикалық өсуінің қуатты драйвері болуы мүмкін.2019 жылғы маусымда Қазақстандағы президенттік сайлау өткізілуінің байқауына қатысқан С. Вестербай азаматтық қоғамының елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту процессіне кеңінен қатысудың маңыздылығын атап өтті.Іс-шараға қатысушылар КӘЫК-тің тиімді іске асырылуы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтіп, сауда өсімінің, еуропалық технологиялар мен инвестицияларды тартудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың кепілі болады деген бірыңғай пікір білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35683?lang=kk
Брюссельде Ауған әйелдеріне арналған білім беру бағдарламасы таныстырылды 14.04.2025
БРЮССЕЛЬ, 2019 жылғы 12 қараша – «Берлемонт» ғимаратында – Еуропалық комиссияның орталық штаб-пәтерінде Қазақстан мен Өзбекстанда ауған әйелдерін оқыту бойынша Еуропалық Одақтың бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосу салтанатты рәсімі өтті.Іс-шараға Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Ауғанстанның ЕО жанындағы Елшісі Назифулла Саларзай, Еуропалық сыртқы іс-әрекеттер қызметінің басшылығы, Халықаралық даму және ынтымақтастық жөніндегі Еурокомиссияның Бас директоры, сондай-ақ БҰҰДБ мен БҰҰ-Әйелдер жоғары өкілдері қатысты. Р.Василенко өз сөзінде Ауғанстандағы тұрақтылыққа жәрдемдесу және Орталық Азиядағы аймақтық бейбітшілік аймағын қалыптастыру Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын тағы да растады. ЕО, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты білім беру бағдарламасы ауған әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді қолдау арқылы осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал етуі тиіс.Осы бастама аясында 2025 жылға дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында Ауғанстаннан келген 40 студентті оқыту жоспарлануда. Оқыту ауыл шаруашылығы, қолданбалы статистика және тау-кен ісі сияқты мамандықтар бойынша жүзеге асырылатын болады. Тағы 10 қыз Өзбекстанда ауыл шаруашылығын меңгеретін болады. Р.Василенко ЕО-ға осы бағдарламаны іске қосу жөніндегі қазақстандық ұсынысты қолдағаны үшін, атап айтқанда, оны қаржыландыруға 2 млн.еуро бөлгені үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ БҰҰДБ мен БҰҰ-Әйелдер ұйымына бағдарламаның практикалық имплементациясын өз мойнына алғаны үшін ризашылығын жеткізді.Оның айтуынша, «бағдарлама Орталық Азия елдері ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің жаңа көрінісі аясында өңірдің ортақ дамуы үшін тиімді шешімдерді бірлесіп ұсына алатын және жүзеге асыратын тамаша үлгі болып табылады». Сонымен қатар, бұл бастама Брюссель мен Орталық Азия астаналарының Орталық Азия бойынша Еуроодақтың жаңа Стратегиясын іс жүзінде іске асыру бойынша тиімді шешімдер ұсынуға дайындығын көрсетеді.Қазақстандық дипломат қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ БА-ның 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өз қызметімен Орталық Азияны да, сондай-ақ Ауғанстанды да қамтитын Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталық құруды ұсынды. Бүгінгі күні іске қосылған бағдарлама он жеті мақсаттың алтауын – сапалы білім (№4 мақсат), гендерлік теңдік (№5 Мақсат), лайықты жұмыс және экономикалық өсу (№8 мақсат), теңсіздікті азайту (№10 мақсат), бейбітшілік, әділ сот және тиімді институттар (№16 мақсат) және тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік (№17 мақсат) қамтиды.«Біз алдағы уақытта бұл бағдарлама өзінің құндылығы мен табыстылығын дәлелдейді деп үміттенеміз, бұл, бұрын жоспарланғандай, оны кеңейтуге бағытталған жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Ол Еуразиядағы, Орталық Азиядағы, Еуропалық Одақпен, әсіресе Ауғанстанмен ықпалдаса отырып оған қатысты ынтымақтастықтың жаңа тетіктердің прототипіне айналады деп сенеміз», - деп мәлімдеді министрдің орынбасары. А.Камилов та, Р.Василенко да өз баяндамаларында халықаралық қоғамдастықты Ауғанстанды проблема ретінде емес, жаңа мүмкіндіктер көзі ретінде қарастыруға шақырғанын атап өткен жөн.Іс-шара аясында Еуропалық сыртқы іс-әрекеттер қызметі, БҰҰДБ және басқа да құрылымдар атынан, сондай-ақ Ауғанстанның ЕО жанындағы Елшісі атынан сөйлеген сөздерінде осы бағдарламаның бастаушысы болып, іске асырғаны үшін Қазақстан мен Өзбекстан тарапына жоғары баға мен алғыс сөздер айтылды. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған кезінде, әсіресе 2018 жылғы қаңтарда ҚК-дегі төрағалығы шеңберінде Ауғанстанды тұрақтандыруға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.Салтанатты шара аясында БҰҰ Даму Бағдарламасы ауған қыздарының тарихын баяндайтын, сондай-ақ олардың Қазақстанда алатын білімінің алдағы уақытта үлкен мүмкіндіктер ашатыны туралы сұхбаттарын көрсететін бейне-ролик ұсынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35681?lang=kk
Вашингтонда Қазақстанның Достар тобы құрылды 14.04.2025
ВАШИНГТОН, 2019 жылғы 12 қараша - АҚШ Конгрессінде Қазақстанның достары тобының (кокус) құрылуына орай ресми қабылдау өтті. Қазақстанның достары тобы екіпартиялық ұйым болып, оның тең-төрағалары болып конгрессмендер Стив Шабот, Грегори Микс және Роберт Адерхольт бекітілді. Осы топтың құрылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту әрі 2018 жылғы қаңтарындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы қыркүйегіндегі Нью-Йоркқа сапарының қорытындылары бойынша екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Америка Құрама Штаттарында кокустардың дәстүрі 18 ғасырдан басталады, ол кезеңде кокус болып біріңғай саяси мақсатқа жету үшін құрылған ұйымдар саналған. Қазіргі уақытта достар тобы АҚШ-тың заң билігінде таралған. Демократиялық және республикандық топтар бар. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35676?lang=kk
Линц қаласында өткен үкіметаралық комиссиясының отырысында Қазақстан мен Аустрия арасындағы экономикалық ынтымақтастығының кең спектрі талқыланды 14.04.2025
ЛИНЦ, 2019 жылғы 11 қараша – Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында Линц қаласында Экономикалық, ауыл шаруашылық, экологиялық, техникалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тоғызыншы отырысы өтті.Отырыста қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, аустриялық тараптан – Аустрияның Цифрландыру және экономика федералдық министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат және еуропалық интеграция жөніндегі бас директоры Флориан Фраушер сөз сөйледі. Сонымен қатар, отырысқа екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.Қазақстан мен Аустрия арасындағы қатынастарда аймақтық мәнмәтіні екі елдің дербес өңірлері арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңыздылыққа ие болуда. Осыған байланысты ҮАК-тың кезекті отырысы Аустрияның астанасы Венада емес, Жоғарғы Аустрия федералдық мемлекетінің орталығы – Линцте өтті.«Қазақстан-Аустриялық ҮАК отырыстары, әдеттегідей, тарихи мәнге ие. Мәселен, 2016 жылғы қазанда Венадағы соңғы кездесу Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдығы және Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуы қарсаңында өтті. Бүгінгі кездесу де маңызды, себебі ол тұңғыш рет елордада емес, аймақта өткізіліп отыр. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың аймақтық аспектісінің өсіп келе жатқан маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, біздің ҮАК шеңберіндегі кездесулеріміз биыл 10 жылға жетті», – деді өз сөзінде Р. Василенко.ҮАК күн тәртібіне сәйкес, тараптар Қазақстан мен Аустрияның қазіргі экономикалық жағдайы, екі елдің үкіметтері экономиканы дамыту бойынша асырып жатқан шаралар туралы пікірлер алмасты. Өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін растап, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру, коммуналдық шаруашылық және аймақтық ынтымақтастық саласындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.Қазақстанның тиісті ведомстволарының өкілдері аустриялық әріптестерін энергетика, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды жою, көлік және коммуникация саласындағы қазіргі жағдаймен таныстырды. Бірқатар салаларда ынтымақтастық құруға өзара мүдделілігін білдіре отырып, ҮАК қатысушылары бірлескен басым бизнес-жобалардың тізімін жаңартты және экономиканың нақты салаларында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға келісті.Қазақстанның «ашық аспан» режимін енгізуі аустриялық тарапты ерекше қызықтырды.Қазақстандық дипломат «2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің 11 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілді. Шетелдік компанияларға «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесі беріледі. Бұл режим 3 жылға дейін ұзартылу мүмкіндігімен іске асырылады», – деп атап өтіп, еліміздің Нұр-Сұлтан мен Вена арасында тікелей әуебағыт ашуға мүдделілігін растады.Өз кезегінде аустриялық тарап Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталды. Аустрияның бірқатар ірі компаниялары Қазақстан нарығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жеңіл өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешені саласында табысты қызмет атқаруда. Алайда, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті әлі толығынан асырылған жоқ, әрі тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қарқыны мен көлемін белсенді түрде арттыруды жалғастыруы қажет.«Қазақстан Аустрия үшін өте маңызды серіктес. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өкілдері бүгін Линцте өтіп жатқан Жоғарғы Аустрия Экспорттық күніне қатысқаны аса қуантады. Сондай-ақ, Қазақстанда 50-ге жуық аустриялық компания табысты жұмыс істеп жатқандығын ерекше қанағатпен атап өткім келеді. Мұның бәрі ҮАК-тың жұмысы оң қолданбалы әсерге ие екендігін білдіреді », – деді Аустрияның ҮАК тең төрағасы Ф. Фраушер.ҮАК отырысының соңында тараптар Қорытынды хаттамаға қол қойып, келесі 10-шы кездесуді Қазақстанда өткізуге келісті.Линцке сапары барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко Жоғарғы Аустрия жер үкіметінің экономика және инфрақұрылым бойынша министрлері Маркус Ахляйтнер және Гюнтер Штайнкельнермен келіссөздер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Аустрия облыстары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады. Бұл тұрғыда сұхбаттасушылар Павлодар облысы мен Жоғарғы Аустрия арасындағы, сондай-ақ Вельс пен Орал қалалары арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумның мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35636?lang=kk
Қазақстан Орталық Азиядағы Еуропалық Одақтың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қатысады 14.04.2025
НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 11 қараша – ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясы шеңберінде Еуропалық даму бағдарламаларын іске асыруға Қазақстанның тиімді қатысуы біздің еліміздің және жалпы өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болуы мүмкін. Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Астана клубының 5-ші мерейтойлық отырысына қатысу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына сапармен келген ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Бурианмен өткен келіссөздерінің негізгі арқауы осындай.Сұхбат барысында экология, цифрлық даму, гуманитарлық алмасу және тұрақты өзара байланыс мәселелері секілді перспективалы бағыттар бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірдің күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы 2019 жыл Орталық Азия бойынша жаңа Стратегияның қабылдануына және 2015 жылғы 21 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда қол қойылған ҚР-ЕО кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау рәсімінің аяқталуы екіжақты қарым-қатынастар тарихында маңызды оқиға болғанын атап өтті. «Біз Қазақстан-Еуропа қатынастарын сапалы жаңа кезеңінің басталуын білдіретін осы стратегиялық құжаттарға үлкен үміт артамыз. Олардың табысты жүзеге асырылуы, бірінші кезекте, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға алып келетініне сенім білдіремін», - деді ол. Еуропалық дипломат Қазақстан Орталық Азия бойынша жаңа стратегияны іске асыру бойынша Еуропада маңызды серіктес ретінде қабылданатынын атап өтті. П.Буриан еліміздің Орталық Азия мен Ауғанстандағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып өтті. Осы орайда еуропалық тарап өңір үшін жалпы бюджеті 55,6 млн.еуроны құрайтын үш жаңа бағдарламаның іске қосылғаны туралы хабардар етті. Бұл жобалар Орталық Азиядағы инвестицияларды, бәсекеге қабілеттілікті және сауданы қолдауға бағытталған.Кездесу аясында жоғары деңгейдегі кездесулерді, ынтымақтастық кеңеске, конференциялар мен «дөңгелек үстелдерге» қатысуды қамтитын ҚР-ЕО және ҚР-ОА ынтымақтастық форматы бойынша 2020 жылға арналған іс-шаралардың перспективті күнтізбесіне ерекше назар аударылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша, тараптар Еуропалық Одақтың Қазақстанмен және өңірмен сындарлы ынтымақтастық әлеуетін іске асыру мақсатында тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.2019 ж. қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 23,8 млрд. АҚШ долл. (экспорт – 18,8 млрд. АҚШ долл., импорт – 5 млрд. АҚШ). 2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд. (экспорт – 31 млрд. АҚШ долл., импорт – 6,7 млрд. АҚШ долл.) құрады.2019 ж. І жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЕО елдерінен 5,4 млрд. АҚШ долл. тікелей инвестициялар тартылды. 2018 ж. Еуроодақтан жалпы ТШИ ағыны 11,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2017 ж. деңгейден 18,4% - ға жоғары (9,8 млрд. АҚШ доллары).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35635?lang=kk
«Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері туралы 14.04.2025
Алматы, 2019 жылғы 25 қазан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұрынғы сыртқы істер министрі, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты Өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші, тарих ғылымдарының докторы Акмарал Хайдарқызы Арыстанбековаға арналған «Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері өтті.«Өнегелі өмір» - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің түлектері болып табылатын көрнекті тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, оқытушыларға, Қазақстан Республикасының ғылым және білім саласындағы ұйымдастырушыларына арналған университет басып шығаратын кітаптар топтамасы. Бұл кітапта А.Арыстанбекованың әр-түрлі кезеңдегі өмірі мен қызметі, оның ғылыми мақалалары, өмірбаяндық және мұрағаттық материалдары, бірлескен қызметі жайлы әріптестерінің мақалалары ұсынылады. Ауқымды фотомұрағат, сонымен бірге Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі және халықаралық ұйымдағы қызметінің алғашқы кезеңі туралы ресми құжаттар назар аудартады.Салтанатты іс-шарада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, ЮНЕСКО-ның Қазақстан Республикасындағы Кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі Властимил Самек, ғалымдар М.Әбусейітова мен К.Байзақова, сонымен қатар ҚазҰУ студенттері сөз сөйледі.Кітап еліміздің жас буынына, дипломаттарға, халықаралық қатынастар саласындағы ғалымдар мен сарапшыларға, сондай-ақ бұқара өкілдеріне арналған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/34112?lang=kk