Экономика
Алматы облысының оқушылары мектеп аулаларына 1000-нан аса құс ұясын орнатты 18.03.2025
Аталған шара “Халықаралық құстар күніне” орай, Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің базасында ұйымдастырылды.Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Орман шаруашылықтарының қолдауымен колледж студенттері өз қолдарымен 1000 торғай ұясын жасап, оларды мектеп оқушыларына табыстап, ал мектеп оқушылары болса өздерінің білім беру мекемелерінің аумағына орналастырды.Бұл құстарға жаңа әрі қауіпсіз ұя салатын орындар қалыптастыруға мүмкіндік берумен ғана қоймай, өңірдің экожүйесін сақтауға да жастардың зор үлесін қосуы деп танысақ қателеспейміз.Ұйымдастырушылардың пікірінше, табиғатты қорғау балалық шақтан қалыптасады, ал табиғатқа қамқорлық – болашаққа жасалған инвестиция.Бұл эко-акция облыстың барлық аудандарында да өз жалғасын табатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/959903?lang=kk
Жапон бизнесі Қазақстанға инвестиция салуға шақырылды 18.03.2025
Токио, 2025 жылғы 18 наурыз – Жапонияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жапон іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді.Министр Қазақстанда жапон компанияларының өнеркәсіп, цифрландыру, декарбонизация, көлік және логистика саласындағы жобаларын іске асыру барысымен танысты. Қазақстан экономикасына 8 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған Жапония еліміздегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді.Ол сондай-ақ жапон компанияларын Қазақстандағы экономиканың жаңа секторларына инвестиция салуға шақыра отырып, қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған еліміздегі реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.«Marubeni» вице-президенті Акира Теракавамен кездесуде компанияның Қазақстандағы қызметі талқыланды, сондай-ақ компанияның ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвестициялар жөніндегі кеңестің мүшесі және Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы ретіндегі рөлін ескере отырып, экономиканың инвестициялық тартымдылығын жетілдіру жөнінде пікір алмасу өтті.«Toyota Tsusho» компаниясының басқарма төрағасы Нобухико Муракамимен талқылау цифрлық инфрақұрылымды дамыту және энергия үнемдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру арқылы жапон капиталы мен инновациялық технологияларды тартуға бағытталды. Атап айтқанда, электр желілерін тұрақтандыру саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды енгізу үшін әлеуетті тауашалар сияқты перспективалық бағыттар қаралды.«Komaihaltec Inc.» атқарушы директоры Эми Комаи «JCM» (Joint Crediting Mechanism) бірлескен кредиттік тетігі шеңберінде Қазақстанда жасыл энергетика саласындағы компания әзірлеп жатқан жобалар туралы хабардар етті. Компания өкілдері жақын арада жел генераторлары негізінде автономды электрмен жабдықтау жүйесін пысықтау және құру үшін Түркістан облысына барады.«Nissin» компаниясының президенті Масахиро Цуцуимен Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКМ, Орта дәліз) арқылы Жапониядан Еуропаға жүктерді тасымалдау мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. М.Цуцуи Орта дәліз шеңберінде көлік-логистикалық қызметті жүзеге асыруға жоғары қызығушылық білдіріп, осы бағыт арқылы жүктерді тасымалдау кезеңін қысқартуды қамтамасыз ету үшін мүмкін болатын шешімдер туралы пікірімен бөлісті.Іскер топтармен кездесулер барысында Қазақстанда инвестициялық қызметті жүзеге асыруда жапон бизнесіне қажетті көмек көрсетуге дайындық расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/959435
Қазақстан мен Румыния: стратегиялық серіктестік жолындағы жаңа серпін 18.03.2025
Бухарест, 2025 жылғы 17 наурыз – Қазақстан мен Румыния арасындағы стратегиялық серіктестікті орнату перспективалары бүгін Бухарестте өткен саяси консультациялардың 8-ші раундының күн тәртібінің негізгі тақырыбына айналды. Қазақ тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, румын тарапын Сыртқы істер министрлігінің Стратегиялық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Ана Тинка басқарды.Дипломаттар саяси диалогты тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Қазақ дипломаты Румыния еліміздің Оңтүстік Шығыс Еуропадағы және жалпы Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. «Бүгін біз Қазақстан-Румыния қатынастарының жан-жақты әлеуетін оларды стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару перспективасымен ашу жөніндегі бірлескен қадамдарды талқыладық», – деп атап өтті Р.Василенко.Атап айтқанда, Қазақстан мен Румыния президенттерінің БҰҰ Бас Ассамблеясы (2023 ж. қыркүйек) алаңындағы келіссөздерінің қорытындысы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Бухарестке алғашқы ресми сапардың (2023 ж. желтоқсан) нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыруға ерекше назар аударылды.Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық келіссөздердің маңызды тақырыбына айналды, оған себеп Румынияның Қазақстанның тауар айналымының көлемі бойынша әлемде 10-шы орында ие болғаны. «Елдеріміздің ынтымақтастығы тек энергетикадағы әріптестікпен ғана шектелмеуі тиіс, Global Gateway бастамасы шеңберіндегі көлік-логистика саласында да айтарлықтай даму әлеуеті бар», – деді Р.Василенко.Өз кезегінде А.Тинка Румыния Қазақстанмен әріптестікті жоғары бағалайтынын және елімізді Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық одақтас ретінде қарастыратынын атап өтті. «Бухарест биік және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды, өңірлік қауіпсіздікті, сауда дәліздерін дамытуды, сондай-ақ энергетика, қорғаныс және ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты және халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі», – деп мәлімдеді румын дипломаты.Румыния Премьер-министрі кеңсесінің Экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі Флорин Спатарумен кездесу барысында атом саласындағы жобаларды, сондай-ақ көлік-логистикалық және энергетикалық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі нақты қадамдарды іске асыруды жалғастыру уағдаластығына қол жеткізілді.Румыния Энергетика министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Павел Ницулескумен өткен кездесуде Р.Василенко Қазақстан әлемдегі мұнай мен газды жетекші экспорттаушылардың бірі бола отырып, Бухарестті энергия тасымалдаушыларды жеткізу және «жасыл» экономика қағидаттарын іске асыруға бағытталған бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Еуропадағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. П.Ницулеску Румынияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.Румыния Қаржы министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Радуем Калманмен келіссөздер барысында банк және қаржы секторындағы ынтымақтастық перспективалары мәселелері талқыланды, сондай-ақ «KazMunayGas International» компаниясының салық салу мәселелеріндегі мүдделерді қорғау жеке тақырыпқа айналды.Румыния Парламенті Сенатының Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Титус Корлецянмен келіссөздер барысында тараптар халықаралық істер комитеттері мен достық топтары деңгейінде парламентаралық диалогты жандандыруға келісті. Екі елдің заң шығарушы органдары саяси диалогты ғана емес, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.Тұтастай алғанда, Бухаресттегі келіссөздер екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растап, екі елдің тұрақты экономикалық өсуі мен халықаралық ұстанымдарын нығайту үшін жаңа тауашалар ашатын стратегиялық серіктестік орнату жолында бірлескен бастамалардың негізін қалады.Анықтама: Румыния – Орталық және Оңтүстік Шығыс Еуропа өңіріндегі Қазақстанның №1 сауда және инвестициялық серіктесі, Еуропада 5-ші және барлық сауда серіктестері арасында әлемде 10-шы орынға ие. Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 2,92 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 2,78 млрд долл., импорт – 138 млн долл.), бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға артық (2,87 млрд долл.). Румыниядан ҚР экономикасына инвестициялардың жалпы ағыны – 1,57 млрд доллар (2005 жылдан бастап 2023 жылғы 3 тоқсанға дейін). Қазақстанда Румынияның қатысуымен 40-қа жуық компания, ал Румынияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 35 заңды тұлға бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/959193
Қазақстан СІМ басшысы Жапонияға ресми сапармен барды 17.03.2025
Токио, 2025 жылғы 17 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияға ресми сапармен барды.Сапар аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Жапония Премьер-министрі Шигеру Ишибамен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-жапон кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық құрылымдар желісі бойынша бірлескен жұмысты талқылады.М.Нұртілеу Премьер-министрге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектерін жеткізді. Ол Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға берік бейілділігін растады.«Жапония – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі. Біз Токиомен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға бел будық», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.Өз кезегінде Ш.Ишиба Жапония Үкіметінің Қазақстанмен көпжоспарлы өзара іс-қимылды нығайтуға деген берік ниеті туралы сендірді.«Орталық Азия + Жапония» Диалогы шеңберінде кооперацияны дамытуға және алғашқы саммитті өткізу бойынша мәселелерге, сондай-ақ биік деңгейде тұрақты байланыстарды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге өзара ұмтылыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/958829
Қазақстан мен Жапония кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті 17.03.2025
Токио, 2025 жылғы 17 наурыз – Жапонияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Иваямен кездесу өткізді.Тараптар биік және жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандырудың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды тереңдетудің негізгі мәселелерін талқылады.Министрлер қысқа тарихи кезеңде Қазақстан мен Жапония кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне қол жеткізгенін атап өтті.«Осы ширек ғасыр ішінде біз сапалы саяси диалог пен өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты орнатып, сондай-ақ берік мәдени-гуманитарлық байланыстарды қалыптастыра алдық», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.Экономикалық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Жапония Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіреді, 1993 жылдан бері инвестициялардың жалпы көлемі 8 млрд АҚШ долларын құрады. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 2 млрд АҚШ долларына жетті, ал Қазақстанда «Sumitomo», «Marubeni», «Toshiba», «Mitsui» және басқаларын қоса алғанда 60-қа жуық жапондық компания табысты жұмыс істеуде.Осыған байланысты қазақ тарапы жапондық компанияларды өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.Кездесу барысында бейбіт атомды пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері жеке қарастырылды. Тараптар ядролық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ядролық энергетикада білікті кадрлар даярлау саласында өзара іс-қимыл жасау уағдаластығына қол жеткізді.Сыртқы істер министрлері өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру ниеттерін растады.М.Нұртілеу ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң ретінде «Орталық Азия + Жапония» диалогын одан әрі ілгерілетудің өзектілігін атап өтті.Сондай-ақ Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы Қазақстан қарарын қолдағаны және тең авторы болғаны үшін жапон тарапына алғысын білдірді.Сонымен қатар сұхбаттастар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға серпін беруге деген өзара ниетін растады.Министр Жапония тарапына Осакада ЭКСПО-2025 көрмесін сәтті өткізуді тілеп, Қазақстан ауқымды іс-шараға жоғары деңгейде белсенді қатысуды жоспарлап отырғанын атап өтті.Министр Т.Ивая жапон тарапының Токионың маңызды стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетін білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын айқындайтын Қазақстан мен Жапонияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарына қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/958933
Қазақстан Сыртқы істер министрі Жапонияға ресми сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді 17.03.2025
Токио, 2025 жылғы 17 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияға ресми сапары барысында Жапония Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Ёшимаса Хаяши, Экономика, сауда және индустрия министрі Йоджи Муто, сондай-ақ Қазақстанмен достық жөніндегі Жапония парламенттік лигасының төрағасы Тошиаки Эндомен кездесулер өткізді.Ё.Хаяшимен өткен келіссөздер барысында екіжақты саяси және экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Көлік және логистика, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.«Жапония – уақыт сынынан өткен сенімді досымыз әрі стратегиялық серіктесіміз. Қазақстан Жапониямен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейілді, бұл екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді», – деп атап өтті Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы.Й.Мутомен өткен келіссөздер Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына арналды. М.Нұртілеу инвестициялық және ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.Тараптар сирек кездесетін металдар, көлік және логистика, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту салаларындағы өзара ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытты. Осы тұрғыда Қазақстан мен Жапонияның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық және жеке секторлар арасындағы бірлескен комиссиясының үйлестіруші рөлінің маңыздылығы аталып өтіп, оның кезекті отырысын биыл Астанада өткізу ұсынылды.Т.Эндомен және Қазақстанмен достық жөніндегі Жапония парламенттік лигасының мүшелерімен кездесу барысында екіжақты парламентаралық өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, заң шығару органдарының сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық жобаларды дамытуға жәрдемдесуі мәселелері қарастырылды.Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы екі ел арасындағы сенімді диалог деңгейінің жоғары деңгейін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті нығайтуға белсенді қолдау көрсеткені үшін жапон тарапына алғысын білдірді.Тараптар цифрландыру, жасанды интеллект, жасыл экономика және басқа да инновациялық бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ортақ ұмтылыстарын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/958950
Түркі интеграциясының алдағы даму жоспарлары Ыстанбұлда талқыланды 15.03.2025
Ыстанбұл, 2025 жылғы 12 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының үйлестіру комитетінің 5-ші отырысына қатысты.Аталған отырысқа Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары және түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, атап айтқанда, Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры басшылары да қатысты.Ұйымдардың басшылары атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.Отырыс барысында Ә.Бақаев 2024 жылы Әзербайжан мен Қырғызстанда өткен саммиттердің қорытындылары бойынша мемлекет басшылары берген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалу маңыздылығын, сондай-ақ ұйымдардың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.Сонымен қатар ТМҰ Хатшылығы ғимараты алдында делегация басшыларының қатысуымен 2024 жылғы 6 қарашада өткен 11-ші ТМҰ Саммитінде қабылданған Ұйымның жаңа туын көтеру рәсімі өтті.Бұдан бөлек ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары түрік әріптесі Айше Беррис Экинджимен екіжақты кездесу өткізіп, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастарының өзекті мәселелері мен алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін талқылады.Іс-шаралардың нәтижелері түркі интеграция ұйымдарының бағыт-бағдарын айқындап, тараптардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/957638
Үкіметте 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және халық ең тығыз қоныстанған өңірлердің инвестициялық өсімі қаралды 14.03.2025
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында ТКШ саласы мен халық ең тығыз қоныстанған Алматы және Түркістан облыстарының инвестициялық көрсеткіштері қаралды.Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңірлердің алдында елімізде кемінде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті тұр. Штаб отырысында 2025 жылдың алғашқы екі айында Қазақстанда 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені айтылды. Бұл 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 6,8%-ға төмен. Оның ішінде 1,2 млн шаршы метрі – көппәтерлі тұрғын үйлер, ал 713 мың шаршы метрі – жеке үйлер. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың айтуынша, құрылыс қарқынының төмендеуі маусымдық жағдайларға байланысты, дегенмен күн жылынысымен бұл көрсеткіштер қайта қалпына келеді. Алматы облысында 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 980 млрд теңгені (80% жеке, 20% бюджеттік) құраса, 2025 жылға қойылған KPI – 1,35 трлн теңге. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі $541 млн-ға жетеді, 2025 жылы KPI – $532 млн. Биылғы екі айда 89 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық. Инвестициялардың негізгі үлесі – бюджеттен тыс қаражат. Өңірде ең тартымды инвестициялық салалар – өнеркәсіп (32%), жылжымайтын мүлік (22%), көлік және қоймалау (16%), білім беру (17%).Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфелі 57 мың жұмыс орнын ашатын 6,3 трлн теңге сомасындағы 200 жобаны құрайды. 2025 жылы осы жобалардың 35-і іске қосылып, 303 млрд теңгеге 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Штаб отырысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестициялық жобалардың жүзеге асуын тежейтін бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың бірі – Алатау қаласының бас жоспарын түзетуге байланысты. Бес жоба іске асырудың белсенді кезеңіне өтсе де, 11 жоба жобалау және құрылыс жүргізуге қажетті рұқсат құжаттарын ала алмай отыр. Вице-премьер ӨҚМ-ге бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырды.Тағы бір жоба – балық шаруашылығы кешенінің құрылысы – инвестициялық субсидиялар бойынша лимиттердің қысқаруына байланысты өндірістік қуаттарды кеңейтудің одан әрі кезеңдерін тежеді. Қуаттылығы 1 мың тонна, ал құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 1-кезең іске қосылғаннан кейін, қалған 70 млрд теңгені құрайтын 9 кезең инвестицияларды мемлекет тарапынан әрі қарай өтеуге қатысты белгісіздікке байланысты тоқтатылды. Премьер-министрдің орынбасары АШМ-ге инвестор кешеннің құрылысын жалғастыра алуы үшін балық өнімдері жобасындағы лимиттерді қайта қарауды тапсырды.Сондай-ақ отырыста жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымды жүргізу, Алматы облысының бірқатар туристік нысандарына жол салу мәселелері қаралды. Түркістан облысы кластерлік үлгіде дамып келеді. Қазіргі уақытта өңірде үш ірі кластер құрылған: мақта-мата (5 жоба, 197 млрд теңге), жүгері (2030 жылға дейін жүгері өсіру көлемін 30%-ға арттыру және крахмал-потокасы зауытын іске қосу) және ет өндірісі (5 жоба, 43 млрд теңге). Жалпы, 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар портфелінің құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны қамтиды. Бұл жобалар аясында 20,3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге қосымша салық түсімі күтілуде. 2024 жылы 137 млрд теңгеге 57 жоба іске асырылып, 2,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы тағы 57 жоба 322 млрд теңгеге іске қосылып, 6,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Тек ауыл шаруашылығы саласында 68 жоба жүзеге асырылып, 423,7 млрд теңге инвестиция тартылады, нәтижесінде 9,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Штаб отырысының қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық өңірлерге жергілікті бюджеттен инвестициялық жобаларға қаржы бөлуді уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Ал республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттер белгіленген мерзімде бөлінетін болады.«Биыл Үкімет әлеуметтік-экономикалық өсу болжамдарымен салыстырғанда экономикалық өсу индикаторларын ұлғайту міндетін қойып отыр. Бұл үшін біз «Бәйтерек» холдингі арқылы ірі бизнес пен ШОБ-ты 8 трлн теңгеге несиелендіруге 1 трлн теңге бағыттаймыз. Ең басты назар – ЖҚҚ беретін қайта өңдеу жобаларына аударылады. Ұлттық экономика министрлігі әрбір өңір үшін экономикалық өсім индексінің салалық декомпозициясын жасады, ал ӨҚМ жақын арада тұрғын үй құрылысының 19 млн шаршы метр көлеміне қол жеткізу бойынша ұқсас схеманы ұсынады. Барлық қойылған индикаторлар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.primeminister.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/957014
Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді 14.03.2025
2025 жылғы 14 наурызда Қостанай облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың атынан ауызашар берілді, оған еңбек ардагерлері, үлкен әулетке ұйытқы болып отырған ақсақалдар мен көпбалалы аналар, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, дін және еңбек салалары мамандары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері шақырылды.Облыс әкімі Қ.І. Ақсақалов жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан беріліп отырған ауызашардың зор мәнін және туған елдің мәдениеті мен тарихын, ана тілі мен ата-баба дәстүрін құрметтейтін еліміздің нағыз патриот азаматтарын тәрбиелеуде ерекше орын алатынын, атап өтті.Биыл Наурыз мейрамы Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр. Наурызнама онкүндігі аясында бүгін облысымызда «Көрісу күні – Амал мерекесі» атап өтілді және осы күнде ниет етіп ораза ұстаған жандарға ауызашар өткізіліп отырғанын, сонымен қатар Рамазан айы - рухани жетілу, ел бірлігін нығайту, ынтымақ, ізгілік пен мейірімділік мерекесі екенін атап өтті!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/957533
Арқалықтың дамуы: жаңа жобалар мен перспективалар 14.03.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Арқалыққа барып, құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан негізгі нысандарды аралап, сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысының өңірлердің теңгерімді дамуы жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Арқалықта экономика, инфрақұрылым, медицина, білім беру, спорт және мәдениет салаларын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бизнес пен өнеркәсіпті қолдау Қостанай облысының оңтүстік аудандары үшін «Бизнес-Көмек» өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді, оның аясында кәсіпкерлер 1 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 574 миллион теңгеге 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде екі жаңа асфальт-бетон зауытының (жалпы саны үшке жетеді) және екі жаңа қиыршық тас зауытының (жалпы саны төртке жетеді) құрылысы бар. Бұл кәсіпорындар жол жабыны мен құрылыс материалдарының сапасын арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашады. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту Көлік желілерін дамыту қаланың экономикалық өсуінде маңызды рөл атқарады. 2023 жылы Арқалықтан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 38 шақырым жол жөнделді. 2024 жылы Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 87 шақырым жолды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Жалпы, 125 шақырым жол жаңартылады. Арқалық әуежайы 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемеді. Оны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында терминалды, ұшу-қону жолағын және перронды жаңарту жоспарланған. Әуежайдың қайта ашылуы қаланың көлік қолжетімділігін жақсартып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасайды. Медицинаны дамыту Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында перзентхана мен ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Денсаулық сақтау мекемелері заманауи МРТ аппаратымен және ангиографпен жабдықталады, бұл диагностика мен емдеу деңгейін едәуір арттырады. Болашақта бұл Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарының шамамен 77 мың тұрғынын медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді. Жаңа спорт нысандары Қаладағы заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Арқалықта бес жаңа спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр, олардың ішінде:•ауылдық жерлерден шыққан дарынды балаларға арналған спорт интернаты•екі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені•күрес залы•бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының ғимаратын спорт кешені ретінде қалпына келтіру Бұл жобалар жастарды спортпен шұғылдануға көптеп тартуға және болашақ чемпиондарды дайындауға мүмкіндік береді. Ғылым және мәдениет Бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты педагогикалық институттың жаңа корпусына айналдыру үшін қайта жөндеуден өтуде. Жыл соңына дейін 15 жыл бойы жұмыс істемеген «Горняк» мәдениет сарайын және Ашутас ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл өзгерістер қала мен облыс тұрғындары үшін заманауи білім беру және мәдени орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Су тасқынына дайындық Көктемгі су тасқыны қаупін азайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Солтүстік ауылында 600 метрлік топырақ үйіндісі салынды, үш су өткізу құбыры орнатылды, ұзындығы 3,1 шақырым болатын арналар қазылды, жолдар нығайтылып, нөсерлі кәріздер тазартылды. Дачный ауылында Амангелді көшесінің 1,8 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Аулаларды қардан тазарту және шығару жұмыстары жалғасуда. Арқалық дамып келеді Арқалықты кешенді дамыту оны өмір сүруге, жұмыс істеуге және демалуға қолайлы қалаға айналдыруда. Жаңа жобаларды енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту экономикалық өсуді ынталандырып, өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, алда – жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/957225
Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі 14.03.2025
Қазақстан Республикасы Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайды.Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз.Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/956993
Қазақстан мен Словакия екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті 14.03.2025
Астана, 2025 жылғы 14 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстандағы Словакия Республикасының Елшісі Роберт Кирнагпен екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар бойынша кездесу өткізді.Кездесу барысында дипломаттар Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ энергетика саласындағы серіктестікті нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мұнай мен газ жеткізу саласындағы ынтымақтастық талқыланды және Словакияның саладағы бай тәжірибесін ескере отырып, атом энергетикасын дамыту бойынша өзара іс-қимыл перспективалы бағыт ретінде қарастырылуда. Бұдан бөлек әскери-техникалық, ауыл шаруашылығы және IT салаларындағы өзара тиімді ықпалдастықтың әлеуеті дәстүрлі түрде жоғары екені аталып өтті.2024 жылы Астанада өткен Қазақстан-Словакия экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды (ҮАК тең төрағалары: қазақ тарапынан – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев, словак тарапынан – Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Владимир Шимоняк).Тараптар биылғы жылы биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарларды жандандыру арқылы серіктестікке қосымша серпін берудің маңыздылығын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты қатынастардың толық әлеуетін іске асыру үшін тараптар жұмыс байланыстарын қолдауға дайын екенін растады.Анықтама: отандық статистика бойынша Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара сауда көлемі 2024 жылы 140,3 млн АҚШ долларын құрады (+1,3%), соның ішінде экспорт – 2,9 млн долл., импорт – 137,4 млн долл. көлемінде. 2005 жылдан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанға Словакиядан 22 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция салынды. Қазақстанда словак капиталының қатысуымен 34 кәсіпорын қызмет етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/957304
Қазақстан мен Ұлыбритания консулдық консультацияларды өткізді 13.03.2025
Астана, 2025 жылғы 12 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Ұлыбритания арасында консулдық консультациялар өтті.Кездесу барысында ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков және Ұлыбритания СІМ Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша жаңадан тағайындалған Өңірлік консулдық директоры Луиза Эллис екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, визалық және көші-қон рәсімдерін жетілдіруді қоса алғанда, кең ауқымды мәселелерді талқылады.Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінде уақытша жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.А. Аубеков британдық әріптесін Қазақстанға жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділерді тарту мақсатында жасалған шаралар туралы хабарландырды. Осы тұрғыда шетелдік азаматтар үшін Қазақстанда ұзақ мерзімді болу және жұмыс істеу үшін жаңа мүмкіндіктер беретін «Neo Nomad Visa» және «Digital Nomad Visa» туралы ақпарат берілді.Тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, әріптестікті одан әрі нығайтуға дайындығын білдірді. Консультациялар нәтижесінде күн тәртібіндегі ағымдағы және өзекті мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/956378
Өңірде 7,5 мыңнан астам қаңғыбас ит ұсталды: мәселе қалай шешілуде 13.03.2025
Жыл басынан бері өңірде 7 558 ит пен 29 мысық ұсталды. Алайда олардың ішінде тек 82 ит қана иелеріне қайтарылды, бұл жануарларды қараусыз ұстаудың кең таралғанын көрсетеді. Жануарларды ұстау ережелерін бұзғандарға 3,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды – әкімшілік шаралар 133 иеге қолданылды.Соңғы оқиғалардың бірі – Құмтоған ауылында болған жағдай. Мұнда қаңғыбас иттер үй жануарына шабуыл жасаған. Ветеринариялық қызметтер жедел жетіп, 9 итті ұстады. Жараланған жануарға көмек көрсетілді, ал бұл аумақ бақылауға алынды. Мұндай жоспарлы рейдтер өңірдің басқа елді мекендерінде де жалғасады.Мамандар тек айыппұлмен мәселені шешу мүмкін еместігін атап өтеді. Өңірде иттерді міндетті түрде чиптеу, стерилизациялау және үй жануарларын ұстау талаптарын қатаңдату шаралары қарастырылуда. Жануар иелерін жауапкершілікке шақырады, өйткені қаңғыбас иттер тек қауіп төндіріп қана қоймай, оларды ұстау мен жоюға миллиондаған қаржы жұмсалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/955983
Қазақстан мен ЕО практикалық серіктестікті әртараптандыруда 13.03.2025
Астана, 2025 жылғы 13 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеламен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында көлік және логистика, стратегиялық шикізат материалдары, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі, ғарыш және басқа да екіжақты әрі өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттарында нақты жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы 29 өзара іс-қимыл саласын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азияға қатысты стратегиясын іске асыруды қолдады.Келіссөздер ҚР СІМ басшысының төрағалығымен және Қазақстанның түрлі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының басшылығының қатысуымен Еуроодақтың «Global Gateway» бастамасы аясында өзара тиімді жобаларды талқылау үшін «дөңгелек үстел» форматында өтті. 300 миллиард еуро бюджеті бар бұл бастама орнықты даму мен өзара байланыстылық талаптарына сәйкес келетін инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге бағытталған.«Қазақстан Еуропалық одақпен серіктестікті одан әрі дамытуға бейілді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Астана мен Брюссель тығыз саяси диалог орнатты, атқарушы билік органдары арасында қарқынды ынтымақтастықты жолға қойды, ал біздің халықтарымыз мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуда», – деп атап өтті министр.Мемлекеттік органдардың өкілдері еуропалық делегацияның назарына екі тарап арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасыл экономиканы дамыту бастамаларын ілгерілетуге ықпал ететін әлеуетті салалар мен жобаларды ұсынды.Келіссөздер барысында Қазақстан, Орталық Азия және ЕО арасындағы өзара байланыстылықты күшейтуге арналған көлік дәліздерін жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту басым бағыт ретінде қарастырылды.«Қазақстанның стратегиялық серіктесіміз ретіндегі рөлі біз үшін өте маңызды. Біз екі өңір үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатын, тұрақты өсуді, экономикалық қауіпсіздікті және орнықты болашақты қамтамасыз ететін өзара тиімді нәтижелерге ұмтыламыз», – деп атап өтті Еурокомиссар.Тараптар инклюзивті әрі орнықты экономикалық өсуді, инновациялық дамуды нығайтуға және жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешуге ықпал ететін ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін білдірді.Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі екі құжатқа – Еуропалық инвестициялық банк тарапынан Қазақстан даму банкіне 200 млн еуро көлемінде несие кепілдіктерін беру туралы келісімге және Еуропалық одақ пен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы Қазақстан мен Орталық Азиядағы стратегиялық шикізат материалдары саласындағы жобаларды дамытуға 3 млн еуро бөлу туралы келісімге қол қойылуы болды.Сонымен қатар Й.Сикела іскерлік қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізіп, Еуропалық одақтың экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және инвестициялық серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады.Еуропалық одақ – Қазақстан Республикасының негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның экспорты – 38,6 млрд долл., импорты – 11,1 млрд долл. 2005 жылдан бастап 2024 жылдың 9 айына дейін ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200,7 млрд доллар құрады, бұл Қазақстанға тартылған барлық тікелей инвестициялардың 47,8%-ына тең (419,5 млрд долл.). 2024 жылдың 9 айында Қазақстанға тартылған ЕО елдерінің тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 6,4 млрд доллар немесе жалпы көрсеткіштің 50,4%-ын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/956104
Қостанай облысында су тасқынының алдын алу шаралары жүзеге асырылуда 13.03.2025
Қостанай облысының әкімі Кумар Аксақалов Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен республикалық штабтың су тасқынына қарсы іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі отырысында сөз сөйледі. Ол өңірде көктемгі су тасқынына белсенді дайындық жүргізіліп жатқанын және ықтимал тәуекелдерге әзірлік бар екенін мәлімдеді.«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 13-18 наурыз аралығында облыста жауын-шашын түсіп, ауа температурасы +7 °С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Су басу қаупі жоғары 92 елді мекенде қажетті жұмыстар атқарылды. 168 су өткізу құбыры салынды, 20 шақырым нөсерлі кәріз жүйесі жүргізілді, 860 млн теңгеге су сору құралдары мен су толтырылған бөгеттер сатып алынды. Су тасқынының алдын алу шараларына 7,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 27 гидротехникалық құрылысты жөндеуге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, шұғыл іс-шараларға қосымша 1,5 млрд теңге резервте сақталған.«Біз өткен жылғы жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін барлық ықтимал тәуекелдерді алдын ала ескердік. Барлық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, техника мен мамандар кез келген жағдайға дайын. Елді мекендерді қорғап қана қоймай, ауыл шаруашылығы алқаптары мен инфрақұрылымға келетін шығынды азайту маңызды», – деп атап өтті Кумар Аксақалов.Қажет болған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін 20 мың адамға арналған орындар әзірленді. Амангелді, Жангелдин аудандарында және Арқалық қаласында қорғаныс біліктері нығайтылып, жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. 15 наурыздан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймақтарға ұйымдасқан түрде көшіру басталады. Мал азығының қоры дайындалды, оның ішінде 644 мың тонна шөп, 217 мың тонна сабан, 84 мың тонна сүрлем және 243 мың тонна құрама жем бар.Өңірде өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейіне тұрақты бақылау жүргізілуде. Ірі су қоймаларындағы жалпы су көлемі 881 млн текше метрді құрайды, бұл олардың жалпы сыйымдылығының 61%-ына тең. Мұз кептелісінің алдын алу мақсатында 15 наурыздан бастап су айдындарында жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 193 млн теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.«Біз өзен арналарын тазарту, бөгеттер мен жағалауларды нығайту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, көршілес өңірлермен үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті қызметтер жұмылдырылған. Жағдай бақылауда, және біз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп атап өтті облыс әкімі.Су тасқынының салдарын жою үшін 3 мың маманнан тұратын арнайы күштер жасақталды. Сондай-ақ, 400-ге жуық техника, 120 жүзу құралы және 330 мотопомпа дайындыққа қойылған. Су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде, сонымен қатар көршілес өңірлермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен байланыс қамтамасыз етілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/955799
Қостанайда қаланың су тасқынына дайындығы тексерілді 12.03.2025
Қостанайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов, қала әкімі Марат Жүндібаев, профильді қызметтер, ТЖД, полиция және мердігерлік ұйымдардың қатысуымен жұмыс сапары өтті. Мақсат – қар тазалау жұмыстарының барысын және су тасқыны кезеңіне дайындықты бақылау.Маршрутқа Юбилейный шағын ауданы, Абай Құнанбаев атындағы мектеп, Екінші Қостанай ауданы, №122 мектеп, Аэропорт шағын ауданы, Дружба тұрғын алабындағы су бұру арнасы, Абай көшесі және Дөңгелек қатарлар ауданы кірді. Ерекше назар су өткізу құрылыстарының жай-күйі мен тұрғын алаптарындағы қарды тазарту жұмыстарына аударылды.Жұмыс қорытындысы бойынша Қостанай қаласының әкімдігіне, ТЖД, полицияға және мердігерлік ұйымдарға бірқатар тапсырмалар берілді:• Көше, аула аумақтары мен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жеделдету.• Басқарушы компаниялар мен МИБ-ті қар тазалау жұмыстарына тарту, жеке сектор тұрғындарын қар шығару қажеттілігі туралы ақпараттандыруды күшейту.• Қозғалысы шектеулі азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға мекенжайлық көмек көрсету – волонтерлік ұйымдарды тарту маңызды.Су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасады. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау жедел түрде жүзеге асырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/955529
Әзербайжан СІМ басшысы Астанаға ресми сапармен келді 11.03.2025
Астана, 2025 жылғы 11 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен келіссөздер жүргізді.Әзербайжан министрінің сапары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығы (2005 жылғы 24 мамыр) аясында өтті, бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың берік және ұзақ мерзімді сипатын көрсетеді.Кездесу барысында саясат, сауда, экономика, энергетика, көлік, транзит, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымы талқыланды.Қазақстанның Сыртқы істер министрі екіжақты қарым-қатынастардың серпінді дамуын атап өтіп, мемлекет басшыларының стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі саяси ерік-жігерінің рөлін атап өтті.«Қазақстан мен Әзербайжан өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді, бұл біздің барлық салалардағы ынтымақтастығымызды дәйекті түрде дамытуға мүмкіндік береді. Біз өзара іс-қимылды, әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда одан әрі кеңейтуге бағытталғанбыз», – деді М.Нұртілеу.Тараптар соңғы бес жылда қабылданған шаралардың арқасында бес есеге ұлғайып, 2024 жылы 533,4 млн АҚШ долларына жеткен тауар айналымының айтарлықтай өскенін қанағаттанушылықпен атап өтті. Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізу ниетін растады.Келіссөздердің маңызды тақырыбы энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту болды. Министрлер Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық энергоресурстардың транзиті саласындағы табысты өзара іс-қимылды құптады. Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнайды тасымалдау көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн тоннаны құрады, ал орта мерзімді перспективада жылына 2,2 млн тонна деңгейіне жету күтілуде.«Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктес ретінде қарастырамыз. Бүгінгі келіссөздер көлік, инвестициялар, энергетика және білім беруді қоса алғанда, түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысты растады», – деп мәлімдеді Д.Байрамов.Тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік кооперация, ғарыш және телекоммуникация саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті. Ынтымақтастықты нығайтуға 2024 жылы құрылған Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестициялардың инвестициялық қоры ықпал етеді.Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа баса назар аударылды. Соңғы екі жылда елдерде Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет күндері өтті. 2025 жылғы наурызда Бакуде Қазақстанның 23 университетінің қатысуымен қазақстандық жоғары білім беру күндері өтті, оның қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 40 меморандумға қол қойылды.Министрлер сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады, БҰҰ, ТМҰ, АӨСШК, ТМД, ИЫҰ және Каспий саммиті шеңберінде одан әрі ынтымақтастыққа дайындығын растады.Келіссөздер қорытындысы бойынша 2025-2026 жылдарға арналған сімаралық өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды.Ресми сапар аясында Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Д.Байрамов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында да болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/954348
Қазақстандық делегация ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің шұғыл отырысына қатысты 08.03.2025
Джидда, 2025 жылғы 7 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің Палестина мен Сириядағы жағдайға арналған төтенше сессиясына қатысты.Іс-шараға қатысушылар қазіргі геосаяси жағдайды, ислам әлемі бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен қауіптерді талқылады, сондай-ақ Газа секторын тез арада қалпына келтіру және Сириядағы жағдайды тұрақтандыру қажеттігін атап өтті.ҚР СІМ басшысы өз сөзінде Қазақстан Сирия дағдарысына басынан-ақ жіті назар аударып, Астана процесі аясында келіссөздер алаңын қамтамасыз еткеніне назар аударды. «Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді Сирия халқының мүдделерін ескере отырып, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін белсенді қадамдар жасауға шақырамыз», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.Палестина мәселесіне қатысты ең өзекті мәселенің ХАМАС пен Израиль арасында тұрақты атысты тоқтатуды қамтамасыз ету екені баса айтылды. Қазақстан екінші кезең бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер бейбітшілікке, қауіпсіздікке, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларының негізінде Палестина мемлекетін құруға жол ашады деп үміттенеді.Іс-шара мұсылман елдерінің Палестина және Сирия халықтарымен ынтымақтастығын, сондай-ақ өңірдегі жағдайды тез арада реттеу үшін белсенді әрекетке ұмтылуын көрсетті.ИЫҰ СІМК отырысының нәтижесінде тиісті қарарлар қабылданып, Сирияның Ұйымға мүшелігі қалпына келтірілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/953595
Қазақстан СІМ басшысы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерімен бірқатар кездесулер өткізді 08.03.2025
Джидда, 2025 жылғы 7 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясы аясында Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен, Малайзияның Сыртқы істер министрі Мохамад Хаджи Хасанмен, Индонезияның Сыртқы істер министрі Сугиономен, Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мухаммад Исхак Дармен, Оманның Сыртқы істер министрі Бадр Әл-Бусаидимен, Иранның Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен және Бахрейннің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф Әл-Заянимен кездесулер өткізді.Кездесулер барысында саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған бірлескен іс-шаралар кестесі талқыланды.Транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.Сонымен қатар министрлер жаһандық күн тәртібін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы белсенді жұмысты жалғастыруға келісті.Кездесулердің нәтижелері тараптардың серіктестікті нығайтуға және өзекті мәселелер бойынша шешімдерді бірлесіп іздеуге өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/953596