Мәдениет
Жаңақорған ауданының екі ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды 06.01.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданының Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты жиындарға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.«Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын! Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр" деп бұл саланың айрықша маңызға ие екенін айтты. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында өңіріміздің барлық ауданында 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, 3 дәрігерлік амбулатория Жаңақорған ауданында бой көтерді. Тәуелсіздік күні "Төменарық" ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.Осы игі істердің жалғасы ретінде бүгін Әбдіғаппар, "Бесарық" ауылдарындағы амбулаторияларды пайдалануға береміз. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деген. Бүгін іске қосылған жаңа нысандар бастапқы медициналық қызмет көрсетуге маманданған үздік мекемеге айналып, ақ халатты абзал жандар халық алғысына бөлене берсін!»,-деді Нұрлыбек Машбекұлы.Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиналған жұртшылықты құттықтады,ел ағасы Бақыт Нұртазаев бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Айта кету керек, аймақтың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған"Қан орталығы" салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Арал ауданы "Сексеуіл" кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік табысталды.Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңге қаржы бағыттады.Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен еліміздің 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912976
Шиелі ауданында ұлттық жоба аясында екі дәрігерлік амбулатория ашылды 06.01.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының "Бестам", Ә.Тәжібаев ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық мекемелер "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасымен салынған. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс саласындағы жетістіктерге тоқталды.«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналды. Өткен жылдың қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Облысымыздың бюджеті 750 млрд. теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады.Бұл ауқымды қаражат тұрғындар көтерген ең өзекті мәселелерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек" деп атап өтіп, бірқатар маңызды міндет жүктеді. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, "Бұланбай бауы" ауылдарында бой көтерді.Тәуелсіздік күні дәрігерлік амбулаториялар "Тартоғай" және "Алмалы" елді мекендерінде ел игілігіне табысталса, бүгін "Ортақшыл", Әбділда Тәжібаев, "Бестам" ауылдарында пайдалануға береміз. Жаңа ғимаратта ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы бастапқы медициналық қызмет алады деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.Іске қосылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысын "Бақ-Береке" ЖШС сапалы әрі сәулетті етіп салған.Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады. Қызылорда облысының Құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен ауылға сән берген әсем ғимараттарды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912990
Үйлестіру кеңесінің отырысында ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды 06.01.2025
Астанада ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.Отырыста азаматтық бастамаларды қолдау мәселелері және 2025 жылға арналған Үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспары талқыланды.ҮЕҰ басшыларының есебі тыңдалды.Елде барлығы 22 227 ҮЕҰ тіркелген. Биыл аталмыш ұйымдардың қатысуымен 2 мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.Үйлестіру кеңесінің 4-ші отырысы аясында 50-ден астам ұсыныс қаралды, оның шамамен 40-ы орындалды. Осы кезеңде 11 әкімдіктің есептері тыңдалып, нәтижелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910250
Euronews-тің Астанадағы кеңсесі және Қазақстандағы медиасауаттылықты дамыту: ақпарат саласындағы айтулы оқиғалар 06.01.2025
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жылға қорытынды шығаруды жалғастыруда. Бұл жолы назарларыңызға ақпарат саласындағы маңызды оқиғаларды ұсынамыз.
Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағының медиа кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – Астанада Euronews кеңсесінің ашылуы. Бұл команда халықаралық аудиторияға Қазақстанның мәдениеті, экономикасы және мұрасымен таныстыратын болады. Кеңсе мәдениеттер арасындағы диалог алаңы және жаңа идеялар мен креативті шешімдерді насихаттау орталығы ретінде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі уақытта 20 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мәдениет, өнер мен өмір салты туралы «Modern Nomads» шоуы, бизнес пен экономикаға арналған өңірлік шоу – «East-West Connect», сондай-ақ өңірлік тұлғалармен сұхбаттар – «Voices from Central Asia» жобалары бар.
Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Euronews academy жобасын жүзеге асыру. Оның аясында отандық журналистерге шетелдік спикерлердің қатысуымен офлайн тренингтер мен мастер-класстар ұйымдастырылатын болады. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсібилігіне оң әсерін тигізері анық.
Биыл цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға арналған 580 радиотелевизиялық станция іске қосылды. Қазіргі уақытта ел халқының 95%-дан астамы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылған.
Қазақстан радиохабар тарату және телевидение саласында халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуде.
Қытай Халық Республикасының Радиохабар тарату және телевидение істері жөніндегі бас мемлекеттік басқармасымен, Қытайдың «China Media Group» медиакорпорациясымен, сондай-ақ Тәжікстан Республикасы Үкіметінің Телевидение және радио комитетімен меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер контент алмасуды кеңейту және бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені құрамындағы Silk Way телеарнасы және «24kz» телеарнасы Әзербайжанның кабельдік желілеріне қосылды. Сонымен қатар, Қырғызстан және Өзбекстанмен ынтымақтастық нығайып келеді.
Биыл Қазақстанда «Масс-медиа туралы» Заң қабылданды. Жаңа Заңға сәйкес, БАҚ материалдарына талап қою мерзімі – 1 жыл, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі – 5 күн, гранттық қаржыландыру, мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі – 60% деп белгіленді. Сонымен қатар, журналистерді аккредитациялаудың Үлгілік қағидалары бекітілді.
Халық пен медиа саласы мамандарының медиасауаттылығын арттыру – министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі. Министрлік саланың кадрлық әлеуетінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Жыл сайын медицина, экология, дін, қаржы-экономика, құқық, әскери іс, ұлтаралық қатынастар, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, мұнай-газ салаларында журналистер мен медиа мамандығы студенттері оқыту курстарынан өтеді.
Биыл салалық журналистерді даярлау мақсатында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен 4 меморандумға қол қойылды.
Қыркүйекте елордада «Astana Media Week 2024» медиа және цифрлық коммуникациялар саласындағы жыл сайынғы іс-шара табысты өтті. Биылғы шарада құқықтық трансформация, көпплатформалы экожүйелерді дамыту, өңірлік, спорттық және салалық журналистика, балалар контенті, сондай-ақ әлеуметтік шиеленісті басқарудағы ахуалдық орталықтардың рөліне ерекше назар аударылды.
Сапалы қазақстандық телевидениені ілгерілету мен дамытуға бағытталған «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығы сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл «Төтенше жағдайлардағы үздік репортаж» деген жаңа номинация қосылды. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап баспа, радио және интернет журналистика саласындағы жетістіктері үшін берілетін «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы өткізіліп келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910352
Алматыда «Бибігүл Төлегенова – қазақ бұлбұлы» атты мерекелік концерт өтті 06.01.2025
Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Бибігүл Төлегенова – қазақ бұлбұлы» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың қорытындысы болды.Концертте консерватория студенттері, магистранттары мен оқытушылары өнер көрсетті.Концерт бағдарламасына Бибігүл Төлегенованың репертуарынан алынған шығармалар енгізіліп, оның ұлттық вокал мектебін дамытудағы орасан зор үлесі айшықталды.Жас орындаушылар ұлы әншінің үлгісінен шабыт алып, өз шығармашылығын көрсете отырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтты. Бұл кеш өнер мерекесіне айналып, қонақтардың жүрегінде қазақ музыкалық мәдениетіне деген мақтаныш сезімі мен жарқын эмоцияларға толы әсер қалдырды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910381
Қазақстанда ҮЕҰ қызметінде оң динамика байқалады 06.01.2025
2008 жылдан бастап Қазақстандағы тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны 2,5 есе артты – 8 502-ден 22 227-ге жетті. Олардың 17 964-і белсенді жұмыс істеуде.
Қазақстанның 19 өңірінде мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнату, ҮЕҰ дамуына жағдай жасау және оларды қоғамның маңызды мәселелерін шешуге тарту мақсатында құрылған ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «АДАЛ АЗАМАТ – БЕЛСЕНДІ ҚОҒАМ» жобасы аясында стратегиялық серіктестік құрып, оны 20 өңірде жүзеге асырды. Сондай-ақ, азаматтық қоғаммен елдің маңызды мәселелерін талқылау мақсатында «Ұстаным» пікірталас клубы құрылды.
Жоба шеңберінде Қазақстанның 20 өңірінде консультациялық орталықтар ашылды. Тамыз айынан бері заңгерлер, нотариустар мен адвокаттар 2 069 азаматқа кеңес берді.
Әкімшілік әділет, кәсіпкерлік қызметте адам құқықтарын сақтау, бала құқықтарын қорғау және басқа да заң жобалары бойынша 138 сарапшы қатысқан пул құрылды.
ҮЕҰ-ның кәсіби дағдыларын арттыру мақсатында «ҮЕҰ академиясы» жобасы жүзеге асырылды. 2022 жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінен 3 400-ден астам ҮЕҰ өкілдері оқытудан өтті. Көшбасшылық бағдарлама бойынша 300-ден астам ҮЕҰ басшылары дайындалып, ҮЕҰ дамуы саласында 90 жаттықтырушы оқытылды. Сонымен қатар, 500 әлеуметтік кәсіпкердің біліктілігі артытрылды.
Азаматтық қоғамның жағдайын зерттеу және оны дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында министрлік әлеуметтік зерттеулер ұйымдастырды. 6 өңірде 500-ден астам ҮЕҰ мен сарапшылардың қатысуымен қоғамдық талқылаулар өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша ҮЕҰ-ға деген сенім деңгейі 56,3%-ды құрайды. Сонымен бірге респонденттердің 65,1%-ы азаматтық қоғамның даму деңгейін жоғары бағалап, оны әлеуметтік және саяси өмірге белсенді қатысумен, азаматтық бастамаларды қолдаумен және мемлекеттік саясатты оң қабылдаумен байланыстырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910571
Алғаш рет Қазақстанда әртістерге арналған оңалту орталығы ашылды 06.01.2025
«Астана Опера» театр саласында жаңа стандарттарды енгізуді жалғастыруда. Алғаш рет Қазақстанда театр жанынан әртістер мен техникалық ұжымның белсенді физикалық қозғалыстан және жарақаттардан кейін қалпына келуі үшін мамандандырылған көмек алатын оңалту кабинеті пайда болды. Игі бастаманың іске асуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры қолдау көрсетті.Театр – әртістің жан-тәнімен берілуін талап ететін өнер. Әрбір спектакльді сахналау үшін бірнеше ай бойы дайындықтар қажет. Кейде олар белсенді физикалық жұмыстан кәсіби жарақаттар да алады. Осы уақытқа дейін Қазақстандық әртістер денсаулығына өзбетінше қарап немесе жалпы бейіндік емханаларға жүгінетін.Енді оңалту кабинеті ашылған соң, кәсіби көмек қолжетімді бола түспек. Кабинет бұлшықетті қалпына келтіруге, ауырсынуды басуға және түрлі ем-шаралар жасауға арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде әртістердің қалыпты жұмысына тезірек оралуы үшін оларға қалай көмектесуді білетін реабилитолог маманның кеңесін алуға болады.Оңалту кабинетінің ашылуы – театр өміріндегі жаңа кезеңнің белгісі. Сахнада кәсіби өнерімен халықтың ықыласына бөленіп, сәтті өнер көрсетіп жүрген «Астана Опера» инновациялық бастама жасады. Мұндай қадам сахнадағы барлық өнерпаздың еңбегіне деген құрметті көрсетеді. Сондай-ақ сахнада әсерлі өнер көрсеткен әр әртістің артында қажырлы еңбек, денсаулық пен жанкештілік тұрғанын еске салады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910777
Қазақстандағы музейлер мен театрлардың дамуы: мәдениет саласындағы негізгі оқиғалар 06.01.2025
Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл қорытындысын театр және музей саласындағы маңызды оқиғалармен түйіндейді. Театрлар мен музейлер мәдени мұраны сақтау және насихаттауда маңызды рөл атқарады. Биыл мәдениет саласын дамытуға бағытталған көптеген маңызды іс-шаралар мен бастамалар жүзеге асырылды. Енді негізгі оқиғалар мен жетістіктерге тоқталып өтейік.
Бүгінде Қазақстанда 57 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Биыл Атырау қаласында тағы бір жаңа мемлекеттік театр — «Жастар» театры ашылды.
Еліміздің театрларында 9 мыңға жуық маман қызмет етеді, оның ішінде 4 200-і шығармашылық ұжым мүшелері бар.
Биыл Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым сахналады, оның 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде жасалған. Жыл бойы театрлар халықаралық фестивальдерге белсенді қатысты.
Министрлік тарихи театрларды жаңарту және қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары, Абай атындағы опера және балет театрында ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар жеті ғимарат жаңартылды. Наталия Сац атындағы орыс театрының жөндеу жобасы сараптамадан өтіп жатыр, сондай-ақ неміс драма театрын жөндеу және газдандыру жұмыстары қарастырылуда. 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратына сараптама жүргізу жоспарланды.
2024 жыл қазақстандық музейлерді дамытуда маңызды кезең болды.
Қазақстанда 275 музей, соның ішінде республикалық және өңірлік музейлер, сондай-ақ 12 республикалық музей-қорық жұмыс істейді. Бұл музейлердің қорғауында 200-ден астам республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Музейлер инфрақұрылымды белсенді дамытып, заманауи визит-орталықтар ашты. Атап айтсақ, Отырар, Ұлытау, Тамғалы, Сарайшықта бой көтерді. Қазіргі кезде Есік, Ордабасы, Сауран, Гаухар-ана, Бозоқ музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. Музей-қорықтар аудиогид, сенсорлық экран секілді заманауи технологиялармен қамтамасыз етілді, ал кейбір орталықтарда жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.
Сонымен қатар, бұл мәртебені Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне беру жоспарда бар.
2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» атты бірыңғай порталын іске қосады. Бұл портал елдегі барлық музейлер туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мемлекеттік каталогқа енгізілген ұлттық мәдени мұра объектілерімен, сондай-ақ бірегей артефактілердің 3D үлгілерімен таныса алады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/910943
Халықаралық марапаттар, кинофестиваль және қазақстандық кинематографияның дамуы: 2024 жыл қорытындысы 06.01.2025
Мәдениет және ақпарат министрлігі киноиндустрия саласы бойынша 2024 жыл қорытындыларын назарларыңызға ұсынады.
Биыл 15 отандық фильм кең прокатқа шықты: «Алма мен адам», «Жел тоқтаған жер», «Алматы, я люблю тебя», «Жизнь после», «Соңғы үкім», «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Баурына салу», «Операция «Набат», «Shulamah», «Носорог» («Дала қасқыры»), «Братья», «Солдат любви» («Стоп, ночь»), «Талақ», «Мама, я живая!», «Қажымұқан». Бұл фильмдердің барлығы мемлекет қаржысы есебінен түсірілген.
Жеті фильм халықаралық деңгейде 34 марапатқа ие болды, ал «Баурына салу» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда Қазақстан киносы күндері өтті. Бұл шаралар қазақстандық кино өнерін белсенді түрде насихаттауға ықпал етті.
Еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі. Бұл шараға көптеген қонақтар, соның ішінде өнер және кино саласындағы танымал тұлғалар қатысты.
«Қазақфильм» киностудия мұрасын сақтау жұмыстары жалғасуда. Ресей Федерациясының мемлекеттік кинофильмдер қорында сақталған және қазақстандық киноның алтын қорына кіретін 11 фильм цифрландырылуда. Ал, Кеңес Одағы кезінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген 7 фильм реставрациялану үстінде.
Халықаралық ынтымақтастық аясында «Победителей видно на старте» фильмінің түсірілімдері басталды. Бұл жоба Қазақстан, Франция, Нидерланды және Литва елдерінің бірлескен өнімі. Сондай-ақ, Қазақстан Канн кинофестивалінің Marché du Film кинонарығына қатысты.
Биыл «Ойжұмбақ 2» («Головоломка 2») голливудтық блокбастері, «Гадкий я 4» және «Моана 2» анимациялық фильмдері қазақ тілінде көрсетілді.
Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау талаптарын жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленіп, Парламентке ұсынылды. Министрлік мемлекеттік тілдегі фильмдердің үлесін арттыру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Сенатта «Кинематография туралы» Заңға түзетулер қаралуда. Бұл түзетулер «Қазақфильмге» мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін қамтиды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/911189
Елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Гауһартас» музыкалық драмасы 250-ші рет қойылды 06.01.2025
Дулат Исабековтың шығармасы негізінде сахналанған музыкалық драма Қазақстанның театр рекордын жаңартты.Бір жыл он ай ішінде спектакль 250 рет қойылып, жалпы көрермен саны 100 мыңнан асты.Қойылым тек елордада ғана емес, Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен сияқты қалаларда да көрсетілді.Сонымен қатар, «Гауһартас» Астана қаласының Мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнері мектебі» театрында қойылды.Музыкалық драманың авторы – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков.Қойылым ұлттық «UMAI-2023» сыйлығының «Театр өнері» номинациясында «Үздік спектакль» атағын жеңіп алды. Салтанат рөлін сомдаған Инабат Ризабекова «Сыншылар сыйлығы – 2023» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» болып танылды. Сондай-ақ, спектакль «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» байқауында мемлекеттік театрлар арасынан халық дауыс беруі арқылы «2024 жылдың үздік қойылымы» иеленді. Спектакльдегі «Құдаша» биі мен халық әні әлеуметтік желілерде нағыз трендке айналып, миллиондаған қаралым жинады. Би бейнероликтері Қазақстанмен қатар Қытай, Түркия және Ресей елдерінде де таралды.Дулат Исабековтың 1967 жылы жазылған «Гауһартас» повесі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған тақырыптарды қозғайды. Шығармада отбасы құндылықтарының маңызы мен әйелге деген құрмет мәселесі терең ашылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/912063
Мемлекет басшысы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы өкімге қол қойды 06.01.2025
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы өкімге қол қойды.
«Мемлекет басшысы 2024 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы өкімге қол қойды», – делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
2024 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия берілген адамдардың дербес құрамымен сілтеме арқылы танысуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/912495
«ҮЕҰ Дерекқорына» мәліметтерді тапсыру науқаны 06.01.2025
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, өткен 2024 жыл бойынша үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы мәліметтерді «ҮЕҰ Дерекқорына» ұсынудың кезекті мерзімі басталғанын еске салады.
«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес мәліметтер жыл сайын 31 наурызға дейін ұсынылады.
«ҮЕҰ Дерекқорында» болу Қазақстандағы отандық және шетелдік ҮЕҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтарға, түрлі ұйымдарға (донорларға) және мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдардың қызықты және табысты жобаларымен танысуға мүмкіндік береді.
«ҮЕҰ Дерекқорына» мәлімет ұсыну мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде әлеуметтік бағдарламаларды және (немесе) әлеуметтік жобаларды іске асыруға, сондай-ақ ҮЕҰ үшін сыйлық алуға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт.
Мәліметтер Үкіметтік емес ұйымдарымен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру Қағидаларына сәйкес ұсынылады (Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 402 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 қыркүйекте № 29765 болып тіркелді).
Сіз өз ұйымыңыздың қызметі туралы мәліметтерді «ҮЕҰ Дерекқорының» https://infonpo.gov.kz/ интернет-порталы арқылы (есептілік infonpo.gov.kz сайтынан автоматты түрдегі қайта бағыттау арқылы жаңа esep.govtec.kz платформасында жүзеге асырылатын болады) жібере аласыз.
«ҮЕҰ Дерекқорына» мәліметтерді ұсынбауды, уақтылы ұсынбауды және анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
«ҮЕҰ Дерекқорының» https://infonpo.gov.kz/ интернет-порталына кірген кезде Сіз порталда өз қызметі туралы мәліметтерді толтыру бойыншақадамдық алгоритм берілген бейне нұсқаулықпен таныса аласыз - https://esep.govtec.kz/video.mp4.
Сұрақтар пайда болған жағдайда, өңірдің ішкі саясат бөлімдерінің, сондай-ақ ҚР МАМ және «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК-ның қызметкерлерімен келесі мәліметтер арқылы байланыса аласыз:
«ҮЕҰ Дерекқоры» ҚР МАМ – Олжабаева Шырын Аманбекқызы, 74-04-28, sh.olzhabaeva@mki.gov.kz.
Техникалық қолдау «ЦҮҚО» ШЖҚ РМК - center@govtec.kz.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/912567
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда қаласы Ақжарма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі 02.01.2025
31 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма ауылының тұрғындарымен кездеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/911523
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзі 01.01.2025
Қымбатты отандастар!Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді.Ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды. «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті.Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды.Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді.Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті.Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді. Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті. Оқушыларымыз түрлі білім сайыстарынан жүлделі оралды. Басқа да көптеген табыс бар.Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын.Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.Мемлекет білім беру және денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға баса мән береді.Біз жаңа мектептер мен ауруханалар салып, педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің мәртебесін көтере береміз. Жастарға да міндетті түрде қолдау көрсетеміз.Келесі жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болады. Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек.Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз. Дәл қазір мерекеге қарамастан мыңдаған отандасымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында шекарашылар, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, өндіріс басындағы мамандар және басқа да азаматтар бар. Мұны өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі деуге болады. Мен бүкіл халқымыздың атынан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Шетелде білім алып жатқан немесе жұмыс істеп жүрген азаматтарымызға амандық тілеймін!Қадірлі ағайын!Осы мерекелік сәтте мен әр шаңыраққа шаттық тілеймін! Жаңа жыл әр азаматқа жақсылық әкелсін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Ардақты аналарымыз бен ардагерлеріміз аман болсын! Жас ұрпақтың жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жаңа жылда баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін!Әр үйде қуаныш көп болсын! Сіздерге мықты денсаулық тілеймін! Ырыс-несібелеріңіз арта берсін!Жаңа жыл құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/912706
Атырау қаласында білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Nazar» жобасы іске қосылды 30.12.2024
Жобаның ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.«Nazar» – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген білім беру сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба. Жоба аясында қаладағы 64 мектепке 2 426 бейнебақылау камерасы орнатылды. Жоба мұғалімдердің сабақ беру сапасын әділ бағалау және оларға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында жасалды.Білім беру процесіне мониторинг жүргізуді облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинеті жүзеге асырады. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, камералар арқылы негізгі критерийлер тіркеледі. Бағалау сабақтың мақсаты, оқыту әдістері, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы өзара әрекеттестік, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, сабақ құрылымы және уақытты тиімді пайдалану аспектісі арқылы жүзеге асырылады.Әдістемелік орталықтың қызметкерлері сабақтарды нақты уақыт режимінде қадағалап, талдау мүмкіндігіне ие. Мұғалімдерге кері байланыс пен әдістемелік қолдау «kundelik.kz» платформасы арқылы беріледі.Бұрын әдіскерлер жылына шамамен 1 500 сабақты бағалады, себебі әр кабинетке барып-қайту көп уақытты алды. «Nazar» жобасының іске қосылуымен бұл процесс тиімдірек болмақ. Яғни мамандар бір компьютермен барлық сабақты қашықтықтан талдай алады. Бұл жылына 5 100 сабаққа дейін бағалауға мүмкіндік беріп, мұғалімдердің жұмысын жан-жақты талдау мен қолдауға жағдай жасайды.Жаңа жүйе әдіскерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, кабинеттерді физикалық тұрғыда араламайды және жалпы білім беру мен оқыту сапасының артуына ықпал етеді.«Nazar» жобасын алдағы уақытта қала мектептерінен бөлек, аудандық білім орадаларында іске асыру жоспарланған, бұл облыс оқушыларының білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/911276
Білім беру саласындағы айтулы оқиғалар 28.12.2024
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жыл қорытындысын шығаруда. Айта кету керек, мәдениет пен өнер саласындағы кадрларды дамытуға бағытталған жүйелі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 1637 орын бөлінді.Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына студенттерді сапалы қабылдау мақсатында, кейбір қолданыстағы білім беру бағдарламалары топтары бөлініп, нәтижесінде 12 жаңа топ құрылды (аспаптық орындаушылық, вокалдық өнер, дәстүрлі музыкалық өнер, эстрадалық өнер, кино және теледидар режиссурасы, сахналық өнер мен цирк режиссурасы, анимация режиссурасы, операторлық және фотоөнер, медиаөнер және цифрлық технологиялар, сценография, сәндік өнер, сондай-ақ сән дизайны).Биыл білім беру саласында ауқымды іс-шаралар мен маңызды оқиғалар өтті.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітова есімі берілді. Бұл шешім қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан ерекше тұлғаны мойындау ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты нығайтудағы маңызды қадам болды.Еліміздің музыкалық өнері үшін ерекше маңызды оқиға – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өзінің 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Сексен жыл ішінде консерватория мәдени орталыққа айналып, Қазақстанды әлемдік аренада танытқан көптеген өнер қайраткерлерін тәрбиеледі. Оның түлектері арасында Қазақстанның халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер және көрнекті музыканттар бар.Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты да мерейтойын тойлады. Мерейтойлық іс-шара мерекелік концертпен атап өтілді.Жыл бойы білім беру процесінің маңызды бөлігі түрлі байқаулар мен фестивальдер болды. Олар жас таланттарға платформа ұсынып, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етті.Айтулы іс-шаралардың бірі — Күләш Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында өткен Қазақстан жас орындаушыларының XII Республикалық конкурсы. Оған 187 жас талант қатысып, олардың 162-сі лауреат атанды.Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесінің 90 жылдығына арналған «ӨРЛЕУ» VI Халықаралық фестивалінің өткізілуі хореография өнеріне көпшілік назарын аударды. Фестивальге тоғыз елден өнерпаздар қатысты.Жас таланттарды қолдауға және дамытуға бағытталған байқаулар да үлкен маңызға ие болды. Атап айтқанда, колледждер арасындағы Республикалық байқау, жас шығармашыл жастарға арналған «Шабыт» Халықаралық байқауы, Ахмет Жұбанов атындағы орындаушылардың Халықаралық байқауы және «Astana Merey» ХХ Халықаралық байқауы өткізілді.Айрықша атап өтуге лайық іс-шаралардың бірі — жас пианистерге арналған II Республикалық «Astana Piano Passion» байқауы. Бұл шара жас дарындарға өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның мәдени кеңістігін жаңа есімдермен байытты.Жыл бойы мәдениет саласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары шетелде өткен халықаралық байқауларда, соның ішінде Австрия, Қытай, Италия, АҚШ, Чехия және Ресейде бірнеше рет жеңіске жетіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/909148
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы 27.12.2024
Халықтың шамадан тыс несиеленуі мәселесін шешу құралдарының бірі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы болып табылады.Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төраға орынбасары Сеилжан Ахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.Заңда, қарыз түрі және қарыз сомасына байланысты 3 рәсім қарастырылған.Олардың ішіндегі ең сұранысы көп - соттан тыс банкроттық рәсімі, оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Азаматтар бұл рәсімге өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады.Осы мақсатта «Қолдау» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.Өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алатындығына назар аударғым келеді. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы.Сонымен қатар, Qoldau жүйесінде кез келген адам нақты уақыт режимінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы статистикалық деректерді көре алады.Екінші рәсім: сот банкроттығы, азаматтар 1600 АЕК – тен астам және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.Алайда, Сіздердің назарыңызды аударғым келеді, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығаруға жатпайтынына.Үшінші рәсім, бұл сотта қарыздарды бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.Бұл процедураның артықшылығы - одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды. Заңда көзделген рәсімдерді қолданылған күннен бастап: - қарыздар бойынша өсімпұлдарды және сыйақыларды есептеу тоқтатылады; - кредиторларға борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуге тыйым салынады; - кредиторларға борышкердің банктік шоттарынан ақша өндіріп алуға тыйым салынады және басқа да салдарлар. 2023 жылдың 3 наурызынан бастап статистика: Соттан тыс банкроттық рәсіміне; - 131,3 мың өтініш түсті; - 6,6 мың өтініш мемлекеттік кірістер органдарында қаралуда; - 8,4 мың азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде; - 1,9 мың азаматқа қатысты рәсім тоқтатылды; - 215 өтініш берушімен қайтарылып алынды; - 17,9 мың азамат банкрот деп танылды, сомасы 40,9 млрд.теңге; – 96 мың өтініш бойынша бас тартылды. Банкроттық рәсімінің бас тарту себептері критерийлеріне сәйкес келмеу болып табылады, атап айтқанда: - 69 мың өтініш (немесе 77%) 12 айлық төлем қабілетсіздігі болмауына байланысты (бөліп төлеу төлемдер болды); - 42 мың өтініш (немесе 47%) – соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде кредиторлардың болмауы; - 39 мың өтініш (немесе 44%) мүліктің болуы; - 28 мың өтініш (немесе 32%) кредитормен реттеу рәсімін растайтын құжаттың болмауы; - 8,9 мың өтініш (немесе 10 %) 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетті. Көріп отырғанымыздай, азаматтар негізгі критерийлерді біле тұра, әлі де өтініш беріп, нәтижесінде бас тартулар алып жатады. Соттың банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 3,5 мыңнан астам азамат жүгінген. - 131 борышкерге қатысты банкрот рәсімі жүргізілуде (кредиторлар тізіміне енгізілген қарыз сомасы – 8 млрд.теңге) - Сот банкроттығы барысында 45 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 13,6 млрд.теңгеге жуық қарыз кешірілді. - 1 азамат 10 млн.теңге сомасымен төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуде, 2 азамат бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары әзірлену үстінде. Жалпы екі банкроттық рәсім бойынша 17,8 мың адам банкрот деп танылып, олар бойынша 54,5 млрд.тенге жуық қарыз кешірілді. Айта кету керек, Заңда ұсынылған рәсімдер өзекті, бірақ кейбір кедергілерге байланысты жеке борышкерлер оларды қолдана алмады. 19 маусым күні Президент «Кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды, оның аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілуде. Түзетулер келесіні қарастырған:Енді өтініш берген кезде азаматқа кредитормен борышты реттеу туралы құжатты қосымша ұсынудың қажеті жоқ. Барлық қаржы ұйымдары жүргізілген реттеу туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға жіберуге міндетті.Азамат өтінішті толтыру кезінде кредиторлар алдындағы борыштың нақты сомасын, сондай-ақ кредитордың атауын көрсетудің қажеті жоқ деген норма мақұлданды, бұл мәліметтер кредиттік бюролар базасынан алынады.Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға болатын қаржы ұйымдарының тізімі кеңейтілді. Жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымдарымен қатар барлық банк операцияларын жүргізуге, микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензияларынан айырылған, не микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің тізілімдерінен шығарылған, оның ішінде таратылған, тарату сатысындағы ұйымдар, сондай-ақ қарыз банктік шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі, қарыз шарттарына және жеке тұлғаларға микрокредит беру туралы шарттарға өзге де ұйымдар да кіретін норманы қабылдады.Енді, өтеу ретінде айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын сомадағы төлем болып есептеледі (ұсақ түсімдер есепке алынбайды), сондай-ақ өтеудің болмау мерзімі, егер коллекторлық агенттік төлемнің болмауының өзге мерзімін растамаған жағдайларды қоспағанда, коллекторлық агенттікке талапты бергенге дейін соңғы төлем жасалған күннен бастап есептелінетін болады.Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісі алынып тасталды, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден тыс жерге кетуіне тыйым алынып тасталды.Аталған өзгерістерден басқа, түзетулер:- қаржы басқарушыларының да қызметіне қатысты. Атап айтқанда, енді уәкілетті орган оны тағайындап қана қоймай, қызметте бұзушылықтар анықталған жағдайда шеттете алатын болады.- қаржы басқарушысының өз сыйақысын алудағы құқықтарын қорғайтын түзетулер көзделген (банкроттың тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелерінің тізбесі жаңа тармақпен толықтырылды: рәсімді жүргізген қаржы басқарушысының сыйақысы оның толық көлемде немесе оның бір бөлігінде төленбеген жағдай қосылды);- соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануүшін жұбайының келісімінің қажеттілігі орнатылды; - соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы кредиторды ескерту қажеттілігі алынып тасталды.Банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға назар аударыңыз: Сот және соттан тыс банкроттықты қолданатындар:банктерден және микроқаржы ұйымдарынан бес жыл бойы несие ала алмайды (ломбардтардан шағын несие алудан басқа);жеті жылдан кейін ғана банкроттық туралы қайта өтініш беру;олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жылдан кейін тексеріледі.Банкроттықтың салдары бар екенін әркім түсінуі керек!Төлем қабілеттілігі қалпына келтірілгенде мұндай салдарлар болмайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/883474
«Таза Қазақстан»: Атырауда «Экология – табиғат жүрегі» атты дөңгелек үстел өтті 27.12.2024
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шарада өңірдің экологиялық жағдайы талқыланып, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеруге қатысты түрлі ұсыныс айтылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Дөңгелек үстелге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экология кафедрасының меңгерушісі, профессор Мансия Есенаманова, облыстық полиция департаментінің қызметерлері, еріктілер мен студенттер қатысты.-Әр адам табиғатқа өзінің экологиялық ізін қалдырады. Сондықтан қоршаған ортаға зиян келтірмей, тұтынған заттарымызды қоқысты қайта өңдейтін мекемелерге тапсырып, айналамызға да пайдалы өмір сүруіміз керек. Біздің унисерситетіміз осы тақырыпқа сәйкес, қолданбалы экология, экоаналитика, қалдықтарды басқару бағытында білім береді. Студенттер түрлі ғылыми жобалармен айналысады. Атап айтсақ, күкірттен бетон жасау, темекі қалдығынан тас төстеніш және биопластиктен биотері жасау сынды жобалар бар. Мұның бәрі өз нәтижесін беруде, - деді М.Есенаманова.Жиынға қатысқан 30-ға жуық адам QR код арқылы тест орындап, өздерінің экологияға қанша пайыз зиян тигізетінін білді.-Ұжым болып сенбіліктерге жиі қатысамыз. Атыраудың экологиялық жағдайы барлығымыз үшін маңызды. Әр адам тазалықты сақтап, айналамыздың жақсаруына үлес қоса алады, - деді қала тұрғыны Айзат Ғабитқызы.Анықтама үшін: «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы бері Атырау облысында 27 сенбілік өтіп, оған 85973 адам мен 1522 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1763 тонна қоқыс шығарылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/908870
Облыс әкімі Атырау қаласының тұрғындарымен кездесті 27.12.2024
Өңір басшысы Серік Шапкенов Еркінқала мәдениет үйінде Атырау қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.Серік Шапкенов облыс орталығында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Атырау қаласының көп бөлігі кәріз жүйесіне қосылмаған. Бүгінгі күні қуаттылығы тәулігіне 31 мың текше метр өрім құрылысы жүріп жатыр. Бұл елді мекендерді қаланың оң жағалауына қосуға мүмкіндік береді."Квадрат" булану өрістерін қалпына келтіру жобасына өзгерістер енгізіледі. Құжаттар дайын болғаннан кейін жұмыс қайта басталады.Сонымен қатар, Атырау қаласында автожол салу мәселесі өткір тұр.- Қала маңындағы елді мекендер толығымен асфальтталған, тұрғындарға қолайлы жол қатынасы жолға қойылған. Қазір қалада асфальтталмаған 60 шақырым көше бар. Осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, келесі жылы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қалада кептелістерді болдырмау мақсатында қолданыстағы жолдарды кеңейту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 22,1 шақырым болатын жол төсемін кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, Азаттық, С. Датов, Т. Бигелдинов, Ю. Гагарин көшелерімен "Атырау-Индер" жолының учаскесі (0-10 км), Әбілқайыр хан даңғылынан Сарықамыс шағын ауданына және Жастар көшесіне дейінгі Жастар-Еркінқала жолының учаскесі. Көктемгі су тасқыны кезінде қаланы судан қорғау үшін барлық күш құрылымдары жұмылдырылды, сондықтан бүгінгі күнге дейін тек 8,7 шақырым ғана қалпына келтірілді. Бұл мәселені келесі жылы толығымен шешуді жоспарлап отырмыз, - деді С.Шапкенов.Кездесуде облыс әкімі қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді, атап айтқанда, кәріз желісін, әлеуметтік нысандарды салу, жол белгілерін орнату және т.б. мәселелерді тыңдады.Кейін өңір басшысы жауапты мамандармен бірге азаматтарды жеке қабылдап, оларды толғандыратын сұрақтарға жауап берді.Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде облыс әкімі Серік Шапкеновтің Атырау қаласының тұрғындарымен кездесуі тікелей эфирде көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/909430
Қазақстан мен Ресей Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті 24.12.2024
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова Жеңістің 80 жылдығына арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.Жоспарға театр фестивальдері, кино көрсетілімдері, конференциялар, көрмелер мен дөңгелек үстелдер сияқты түрлі мәдени іс-шаралар енгізілді.Сонымен қатар, келесі жылы Ресейде Қазақстан мәдениет күндері өтеді.«Жоспарға енгізілген мәдени іс-шаралар соғыс ардагерлері мен тыл еңбекшілерінің ерліктерін еске алуға бағытталған. Бірлескен бастамалар елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деді Аида Балаева.Кездесу барысында тараптар кинематография және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ музей ісі мен театр өнері бойынша шеберлік сабақтары мен біліктілікті арттыру курстарын өткізуге келісті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/908682