Enbekshi QazaQ

Мәдениет

Қазақстандық волонтерлер Ташкенттегі халықаралық форумға қатысып жатыр 24.12.2024
Қазақстандық делегация Өзбекстан астанасында өтіп жатқан халықаралық волонтерлер форумына қатысуда. Биыл ТМД-ның жастар астанасы болған Ташкент өз жұмысын осы іс-шарамен қорытындылады.Іс-шараға еріктілер қозғалысының көшбасшылары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ ТМД елдерінің тәлімгерлері қатысты. Форум волонтерлік мәдениетті дамытуға және өңірдегі, әлемдегі волонтерлер күшін біріктіруге бағытталған.Форум аясында ТМД елдеріндегі волонтерлік қызметке арналған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ БҰҰ-ның Орталық Азиядағы волонтерлік қызметке алғашқы шолуы жасалды.Сонымен қатар, форумға қатысушылар 2024 жылды қорытындылап, алдағы ынтымақтастықты талқылады.Айта кетейік, 2025 жылғы ТМД-ның жастар астанасы ретінде Әзірбайжанның ең көне қалаларының бірі – Габала таңдалды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/908714
Президент шыршасы: Атырауда 300 бала шырша тойына қатысты 24.12.2024
Салтанат сарайында ұйымдастырылған «Қош келдің, Жаңа жыл» атты дәстүрлі шараға қала және аудандардан келген ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық, спорттық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларда ерлік көрсеткен барлығы 300 бала қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Аймақ басшысы Серік Шәпкенов жаңа жылдық шыршаға арнайы шақыртумен келген балаларға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хат, арнайы сертификат пен тәттілер табыс етті.- Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін! Әрдайым жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиылың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!-делінген құттықтау хатта.Президент шыршасына қатысқандардың арасында республикалық олимпиаданың жүлдегері №3 Білім-инновация лицейінің 8 сынып оқушысы Гаухар Нұрлан да бар.- Бүгін осындай кең көлемде ұйымдастырылған әдемі кештің арнайы қонағы ретінде қатысып отырмын. Ерекше атмосферада шат-шадыман көңіл-күйде тойлап жатырмыз. Енді халықаралық білім бәйгелерінде Қазақстанымның атын асқақтатып, абыройын оздырып, еліне адал қызмет етер ұланы болғым келеді. Сол мақсатқа жетеріме сенемін,-деді Г.Нұрлан.Кеште балаларға арналған түрлі-түсті шоу-қойылым, мультфильм кейіпкерлері және супер қаһармандардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, концерт қойылды. Бұдан бөлек, Жаңа жыл қарсаңында атыраулық балалар үшін бірқатар шырша тойы өткізіледі.Бұдан бөлек, қала маңындағы және шалғай елді мекендердегі мектептердің директорларына балаларды тасымалдау үшін 21 автобустың кілті табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/908709
Барлық мәселе ұдайы бақылауда болуы тиіс 24.12.2024
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесінің жұмысы талқыланған Үкімет отырысы өтті.Үкімет отырысынан кейін онда көтерілген мәселелерге орай жиын өткізіліп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.Жиында «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне ең көп әсер ететін факторларды анықтайтын модульді жүзеге асыру тапсырылды.Айта кетейік, бүгінде «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесінде барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық басқармаларға 160 есептік жазба ашылып, ішіндегі кейстер мен дэшбордтарды күнделікті жұмыста пайдалануда. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде Қызылорда облысының 224 187 отбасы немесе 852 944 адам тіркелген. Азаматтарға белсенді қызмет көрсету бағытында әл-ауқат деңгейі, экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық сақтау, білім саласы бойынша тиісті мемлекеттік органдар адрестік жұмыс жүргізуде.Мәжілісте бюджеттің толық игерілуі, мереке күндері коммуналдық қызметтердің тұрақты әрі қалыпты режимде жұмыс істеуі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін болдырмау, өрт және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын, бейберекет саудаға жол берілмеуін қамтамасыз ету қатаң тапсырылды.Айта кету керек, коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде үздіксіз қызмет көрсетуін, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын бақылауда ұстау үшін облыс аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.Қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары алдағы жоспарларды іске асыруға әзірлікті пысықтауы тиіс. Атап айтқанда, бюджеттің игерілуі, аймақтағы қоғамдық-саяси ахуал және өзге де маңызды мәселелер ұдайы бақылауда болуы керек.​Сонымен қатар, мәжілісте ауа райының суытуына байланысты «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы сенбілік жұмыстары уақытша тоқтатылып, коммуналдық тазалық мекемелері штатық режимде жұмыс жасау керектігі атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/908609
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғындарымен кездеседі 24.12.2024
Сағат 10:00 – Еркінқала мәдениет үйінде қала тұрғындарымен кездеседі.Сағат 12:00 — азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау.Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Атырау қаласы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі.Қосымша ақпарат үшін байланыс нөмірі: 8 (7122)-27-10-30Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/908476
«DALA DAUYSY» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды 24.12.2024
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «DALA DAUYSY» республикалық конкурсының жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі және гала-концерт өтті.Конкурс мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері жанрында жаңа туындылардың авторларын қолдау.Конкурста 5 номинация бойынша 15 сыйлық тағайындалды: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», эстрада жанрындағы «Республика әні» және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2 арнайы жүлдесі.Биыл конкурсқа қатысу үшін 1 сәуір мен 1 қараша күндері аралығында 154 өтінім келіп түсті.Конкурсқа соңғы екі жылда жазылып, көпшілік алдында жарияланбаған қазақстандық композиторлар мен жазушылардың шығармалары қабылданды.«Үздік фольклорлық музыка» номинациясына авторлық вокалдық-аспаптық шығарма «Бебеу дүние» әні үшін Каликберген Абилжанов, аспаптық авторлық туынды «Ақкөркем» күйі үшін Әділбек Тәшімов, аспаптық шығарма «Сағыныш» күйі үшін Эльмира Жаңаберген, халық аспаптар оркестріне арналған «Бабалар толғауы» күйі үшін Айтқали Жайымов лайық деп танылды.«Үздік классикалық музыка» номинациясымен ансамбльдерге арналған «Ішекті квартет» шығармасы үшін Қуат Шілдебаев, флейта және симфониялық оркестріне арналған «Шабыт» туындысы үшін Әділжан Толықпаев марапатталды.«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» номинациясы бойынша «Ақбөбек» операсы үшін композитор Арман Жайым, либретто авторы Айтқали Жайымов, «Ер Төстік» балеті үшін композитор Бейбіт Дәлденбай, либретто авторы Дүйсенбек Накипов, «Мұқағали» мюзиклі үшін композитор Әліби Әбдінұров, либретто авторы Сейфолла Оспанов марапатталды.Эстрада жанрындағы «Республика әні» номинациясымен «Ел үміті» әні үшін композитор Иса Ауғантай, мәтін авторы – Саят Рахымжан марапатталды.«Үздік драматургиялық туынды» номинациясын драмалық театрларға арналған тарихи пьеса «Шемен» шығармасы үшін Нартай Сауданбекұлы, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған «Қондыгер» пьесасы үшін Азамат Әбілқайыр алды.Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2 арнайы жүлдесінің иегерлері: Азамат Бақия «Рухты ел» күйі, Анаргул Наурызхан «Отан ана» патриоттық әні. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/908618
«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңы 24.12.2024
Бұл заң азаматтардың қарыз жүктемесін шешуге бағытталған. Заңда соттан тыс банкроттық рәсімдерді (мемлекеттік кірістер органдары қолданады), сот банкроттығы мен төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімдерін (сот қолданады) қолдану жолдары қарастырылған. Аталған заң арқылы шамамен 16 мыңға жуық азамат банкрот деп танылып, 50 млрд теңге көлеміндегі берешек есептен шығарылды. Олардың басым бөлігі қаржы ұйымдарынан алынған займдар.Бұл орайда МКК банкрот рәсімдерін қолдану мен төлем қабілетін қалпына келтіруге құқығы бар адамдар тобын кеңейту бойынша жұмысты жүргізгенін айта кетейік.Осы заңға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш беруді жеңілдету бойынша өзгерістер енгізілді (борышкер өтінішпен бірге қандай да бір құжаттарды қоса беру мен кредиторлардың атауы мен борыш сомасын ұсыну міндетінен босатылады), сондай-ақ оларға қатысты аталған процедураны қолдануға болатын кредиторлар тізбесін кеңейту; төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану негіздерін қайта қарау (процедураны міндеттемелер бойынша мерзімі өткен және мүлік болмаған кезде де қолдануға болады, бірақ та тұрақты табысы болуға тиіс).Заңға енгізілген бұл өзгерістер қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/908316
«Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды 24.12.2024
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, тиісті салалық басқарма басшылары қатысқан жиын өтіп, «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды.Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанындағы құрамында құқық қорғау органдары бар жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс жасайтын өнім берушілерді тексеруде.Бүгінде жұмысшы топ 19 субъектінің жұмысын саралап, 127,2 млн.теңге қаражатты заңсыз иемдену фактілерін анықтаған. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн. теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн.теңгесі спорт саласына тиесілі.Тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелгендер арасынан ата-аналары 5740 баланың шын мәнінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр.Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталған.Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов осы бағыттағы жұмысты тиісті мамандарды жұмылдырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.Айта кету керек, мәдениет және спорт басқармалары зерделеу қорытындысы шыққан соң, 125 кәсіпкермен келісім-шартты біржақты бұзған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазір 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатын өз еркімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүруде.Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы облыс әкімдігінде апта сайын тұрақты қаралатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/908041
Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тағайындалды 24.12.2024
Облыс әкімінің өкімімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымына Полымбет Хасанов тағайындалды. Ол бұған дейін кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында басшы болды,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Полымбет Хасанов 1980 жылы Индер ауданында дүниеге келген. Қазіргі заманғы гуманитарлық университетінде «Заңгер» мамандығын тәмәмдаған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика және басқарудағы бизнес-аналитика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.Еңбек жолы:2002-2005 жылдар аралығында облыстық Ішкі істер департаменті жүйесінде жұмыс істеген.2005-2006 жылдар аралығында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде бас маман;2006-2010 жылдар аралығында облыс әкімі аппаратында бас маман, облыс әкімінің бас инспекторы;2010-2014 жылдар аралығында Мақат ауданы әкімдігінде аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында болған.2014 жылы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары;2014-2019 жылдар аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейіннен Атырау қаласы әкімінің орынбасары;2019 - 2021 жылдар аралығында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары;2021 - 2023 жылдар аралығында Исатай ауданы әкімі;2023 жылдан тағайындалғанға дейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/907790
Астанада «Астана сазы» қазақ фольклорлық ансамблінің жеке концерті өтті 24.12.2024
«Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Астанада үлкен табыспен жеке концертін өткізді.Концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында өтті.«Астана сазы» – ұлттық музыка мен дәстүрлерді насихаттап, халық шығармашылығының даралығын сақтап жүрген Қазақстанның жетекші фольклорлық ұжымдарының бірі.Концерт бағдарламасы ұлттық музыка өнерінің үздік туындыларын, күй, ән, би және олардың заманауи интерпретацияларын қамтыды. Әрбір орындау көрерменге ұмытылмас музыкалық әсер сыйлады.Көрермен үшін ерекше сый — кеште Музыкалық-драмалық жас көрермендер театры өнер көрсетіп, ең танымал музыкалық нөмірлерін ұсынды.Концертке мәдениет саласының көрнекті қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары және «BIRLIK» би ансамблі қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907530
Ұлытау облысында креативті хаб ашылды 24.12.2024
Жезқазғанда ULYTAU CREATIVE HUB креативті хабының салтанатты ашылуы өтті.Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, жергілікті креативті экономика өкілдерін қолдауға бағытталған.Мұнда оларға барлық қажетті цифрлық және шығармашылық жағдай жасалған. Ауданы 400 шаршы метр болатын ғимарат тақырыптық зертханаларға бөлінген. Атап айтқанда, 3D модельдеу, зергерлік өнер, ұлттық киім, кескіндеме залы, домбыра мен қобыз жасау шеберханалары секілді 13 аймақтан тұрады.Қазіргі уақытта хабта 30 шебер жұмыс істейді. Бұл алаңның мүмкіндіктерін кез келген адам пайдалана алады.Ұлытау облысының креативті орталығы бірыңғай инфрақұрылымы, қолдау және көмек құралдары бар республикалық экожүйенің бір бөлігіне айналады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907720
Қазақ мәдениетін шетелде таныту: табыстар мен жетістіктер 24.12.2024
Биыл Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет пен өнер саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жыл ел үшін маңызды кезең болып, қазақтың бай мәдени мұрасы мен алуан түрлілігін айқындайтын көптеген ауқымды іс-шаралармен есте қалды. Ұйымдастырылған көрмелер, фестивальдер мен гастрольдер ішкі мәдени байланыстарды нығайтумен қатар, қазақ мәдениетін шетелде белсенді түрде насихаттауға да ықпал етті. Министрлік 2024 жылғы жұмысын қорытындылады.Жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Бейжің қаласында, Қытай Халық Республикасының Астана қаласындағы мәдени орталықтарының ашылуын атап өтуге болады. Іс-шараға екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қатысты. Бұл орталықтар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру үшін тиімді алаңға айналды.Биыл қазақ өнері әлемге әйгілі алаңдарда: Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде алғаш рет ұсынылды. Бұл көрмелерді шамамен екі жүз мың адам тамашалады.Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының шетелдегі гастрольдері сәтті өтіп, Франция, Вьетнам, Түркия, АҚШ сияқты 14 елді қамтыды. Бұл іс-шаралар халықаралық байланыстарды нығайтып, қазақ мәдениетін шетелде танытуға ықпал етті. Жаңа шығармашылық ұжымдар – «Бірлік» көпұлтты ән-би ансамлі мен Мемлекеттік квинтет құрылды.Сонымен қатар, мәдениет бағыты бойынша білім алған 255 студент Қытай, Италия, Ұлыбритания, Австрия, АҚШ, Түркия, Чехия, Испания және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды.Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері атап өтілді. Бұған қоса, биыл Қазақстанда Саха Республикасы (Якутия), Түрікменстан, Әзербайжан және Арменияның мәдениет күндері өтті. Бұл мемлекеттер арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықтың белсенділігін көрсетеді.2024 жылы қазақ қайраткерлерінің есімдері де ұлықталды. Құрманғазы, Абай сынды тұлғалардың ескерткіштері Түрікменстан, Тәжікстан және Татарстанда орнатылды.Айтулы оқиғалардың бірі – 17 мыңнан астам көрермен жинаған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты. Ойындардың жабылу рәсімінде әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің керемет концерті ұйымдастырылды.Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты картинасының көрмесі өтті. Бұл көрмені 37 мыңнан астам көрермен тамашалады.Жыл ішінде өткен гастрольдерден «Астана Опера» ұжымының Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында «Абай» операсын сахналағанын ерекше атап өтуге болады. Қойылым көрермен қошеметіне ие болып, ресейлік көрермендердің қазақ өнеріне деген шынайы қызығушылығын көрсетті.Ал «Астана Опера» ұжымының биылғы шетелдегі соңғы гастрольдік сапары Дубайда өтіп, онда «Щелкунчик» балетін 12 мың көрермен тамашалады.Санкт-Петербургтегі әйгілі «Балтийский дом» театр-фестивалінің сахнасында Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті.Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсын Түркияда 4 мыңнан астам көрермен тамашалады.Айта кететін жетістіктердің бірі – «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасының іске қосылуы. Бұл платформа сегіз тілде, соның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, қазақ және түрік тілдерінде ақпарат таратады. Аталған бастама Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге танытуға бағытталған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907877
Архив, кітап ісі салаларындағы жетістіктер 24.12.2024
22 желтоқсан Қазақстанда Мұрағатшылар күні ретінде аталып өтеді. 1998 жылы дәл осы күні Ұлттық мұрағат қоры туралы заң қабылданды.2024 жыл Қазақстан үшін мұрағат ісін, кітап шығару мен әдебиетті дамытуда айтулы жыл болды. Мұрағаттардың нәтижелі жұмысы, заңнамалық өзгерістер, халықаралық бастамалар мен ірі мәдени іс-шаралар ұлттық мәдени мұраның нығаюына және еліміздің рухани дамуына ықпал етті.Биылғы жылы мемлекеттік мұрағаттардың қатары 2 облыстық мұрағатпен толықты: Марқакөл облыстық мұрағаты және Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай аудандық мұрағаты. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде тарихи ақпараттың маңызды көзі болып табылатын 231 мемлекеттік мұрағат жұмыс істейді.Заңды және жеке тұлғалардан 219 862 сақтау бірлігі қабылданып, Ұлттық мұрағат қорының көлемін 74,7 мың бірлікке дейін ұлғайтты. Жалпы Қазақстан бойынша мұрағат қорының көлемі 27,5 млн сақтау бірлігін құрайды. Қоғамның мұрағат құжаттарына деген қызығушылығы артып келеді: 2024 жылдың 9 айында 12 187 ғылыми қызметкерге 73 704 сақтау бірлігі берілді.Мұрағат материалдарын насихаттау мақсатында 5 021 іс-шара өткізілді, оның ішінде фотоқұжаттық көрмелер, дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар және мұрағат құжаттары жинақтарының тұсаукесері.Маңызды жетістік мұрағат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру болды. Соңғы үш жылда мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың 498 қызметкері оқу курсын аяқтады.2024 жылы халықаралық ынтымақтастық аясында жұмыс жалғасты. Петропавлда Түрікменстан Республикасымен келісімге қол қойылып, мұрағат саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының V отырысы өтті.Сонымен қатар Халықаралық архивтер күніне орай «Архив күндері Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы» атты көрме ұйымдастырылып, екі мемлекеттің мұрағат қорларына арналған 5 көрменің тұсаукесері өтті.Кітап шығару және әдебиет саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Соның бірі – Қазақстанның Франкфурт кітап көрмесіне қатысуы. Бұл қазақстандық авторлар мен басылымдардың халықаралық деңгейде ілгерілеуіне ықпал етті.23 сәуірде атап өтілетін жаңа мереке – Ұлттық кітап күнін бекіту маңызды оқиға болды. Бұл бастама Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық Құрылтай сессиясында кітап оқуды насихаттау және қоғамда кітап оқудың жоғары мәдениетін нығайтуға бағытталған тапсырмасына байланысты жүзеге асырылды.Сонымен қатар, 2025 жылы «Ұлттық кітап» түрлі номинациялар бойынша үздік кітаптарды анықтайтын және авторларды, аудармашылар мен баспаларды қолдайтын байқау өткізіледі.Министрлік жанынан жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас авторлар Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы мен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби турға қатысты.Үшінші рет өткізіліп отырған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. , да орын алды. Биылғы жылы сыйлыққа 7 номинация бойынша 176 өтінім берілген.Министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Стратегиялық әріптестік» аясында 3 жаңа жобаны жүзеге асырды. Олар – «Жазушылар әдеби шеберлігі мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-ағартушылық панорамасы» және «ТМД елдері мұрағатындағы қазақ жазушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары».Сонымен қатар бірқатар жазушылардың мерейтойлары өтті. Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Секен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Әбішаның 85 жылдығы сияқты кең көлемде аталып өтілді. Кекілбаева, 85 жаста Фариза Оңғарсынова және 80 жаста Герольд Бельгер.Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай дарынды авторларды қолдауға және қоғамдағы жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын ашуға бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» жас қаламгерлер байқауы жарияланды.Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Кітапхана қоры көркем, ғылыми және сирек әдебиеттерді қоса алғанда, 78 149 құжатқа дейін кеңейді. Бұл нәтижелер ҚазҰЭК-тің халықаралық аренадағы танымалдылығының артып келе жатқанын және оның жаһандық ақпараттық кеңістікке қосқан елеулі үлесін көрсетеді.Осылайша, 2024 жыл Қазақстан үшін мұрағат ісі, кітап шығару және әдебиет саласындағы елеулі жетістіктер жылы болды. Іске асырылып жатқан бастамалар ұлттық мәдени мұраны нығайтып, әдебиеттің дамуына жәрдемдеседі және азаматтардың маңызды тарихи-мәдени ресурстарға қолжетімділігін арттырады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907122
Мерейтойдың шарықтау шегі: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығының салтанатты финалы 24.12.2024
20 желтоқсанда Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың гранд-финалы өтті.Кеште музыка өнерінің палитрасы мен жоғары орындаушылық шеберлік көрсеткен консерваторияның ең үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Симфониялық оркестр, этно-фольклорлық және камералық ансамбльдер, хор және консерваторияның дарынды солистері қазақ композиторларының шығармаларын, әлемдік классика шедеврлерін және біргей ұлттық туындыларды орындады. Мерейтойлық марафон аясында 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өнерсүйер қауымға 35-тен астам іс-шара ұсынылды. Атап айтқанда, концерттер, шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференциялар мен көрмелер өтті. Оған Қазақстанның және шетелдің жетекші музыканттары, сонымен бірге Қазақстанның халық артисі Айман Мұсаходжаева, ресейлік скрипкашы Назар Кожухарь, дирижерлер Алан Бөрібаев және Абзал Мухитдинов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайлов және басқалар қатысты. 3 желтоқсан күні өткен Гала-концертте Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері мен түлектері қазіргі заманғы қазақстандық композиторлардың премьералары мен сирек кездесетін классикалық туындыларын ұсынды. Бірегей іс-шараларды 10 мыңнан астам адам тамашалады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907090
«Терме – тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтті 24.12.2024
Бүгін Қызылордада «Руханият жылы» аясында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің өнегелі өмір жолына, «Шаһнаманың» жарық көргеніне 90 жыл, «Терме» жинағының жарық көргеніне 100 жыл толуына арналған «Терме – тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтті.Байқауға Астана, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан қалаларынан және аудандардан жыршылар қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып, жыршыларға сәттілік тіледі.«Темірбек Жүргенов есімі қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына құрметті, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданды. Алматыдағы бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетін, Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды.Ол қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетті. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев секілді қайраткерлердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады. Тұрмағамбет шайырды Алматыға арнайы алдырып, Фердоусидің «Шахнамасын» қазақ тіліне аудартты.Темірбек Қараұлы – өзіне өлмес, тозбас ескерткіш соғып кеткен тұғырлы тұлға. Біздің міндетіміз – оның есімін халық жадында жаңғыртып, өскелең ұрпаққа насихаттау. Халқымыздың дара перзенттерінің мұрасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар сөз маржанын жарқырата жырлап, жеңіс иесі болыңыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін!», – деді Ш.Байманов.Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова, қоғам қайраткері, «Т.Жүргенов атындағы қордың» төрағасы Сәби Аңсат төрелік етті.Қазылар алқасы жыршылардың орындаушылық шеберлігіне, мақам-саз үндестігіне, шығарманың мазмұнын көрерменге жеткізе білумен қатар, сахна мәдениетіне баса мән берді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/906569
2024 жыл қорытындылары: этносаралық қатынастарды дамыту 24.12.2024
2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022–2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын сәтті іске асырды. Осы жұмыстар аясында 9 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 700 мыңнан астам адам қамтылды.Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 25 сәуірде Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы. Бұл шараға 1500-ден астам адам, соның ішінде ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.Ақпараттық салада да маңызды жобалар жүзеге асырылып, 6 деректі фильм түсірілді. Мысалы, «Отандастар», «Бірлік бесігі», «Шаңырақ» бағдарламасы сияқты көп сериялы деректі фильмдер жарық көрді.Сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар қалаларында ҚХА Журналистер клубының отырыстары өтті. Онда этносаралық қақтығыстардың алдын алу, «араздық тілін» анықтау және алдын алу, этносаралық саладағы фактчекинг әдістері талқыланды.Білім беру саласында еліміздің төрт жоғары оқу орнында «Этносаяси сауаттылық» пәні енгізілді. «Этносаясаттану» және «Этножурналистика» бағыттары бойынша бағдарламалары бар жоғары оқу орындарының санын арттыру жұмыстары жүргізілуде.Еліміздің жастарына арналған «Бірлік» халықаралық жастар лагері және ҚХА-ның «Тіл мектебі» ұйымдастырылды.Сонымен қатар, «Бір ел» және «Бейбітшілік пен келісім жолымен» жобалары жүзеге асырылды.22 қарашада Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағарту жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жоба қазақстандық бірегейлікті дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған. Мақсаты – мектеп оқушылары мен түрлі этнос жастары арасында мемлекеттік тіл арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау.2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай, 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/906914
Астанада Отбасын қолдау орталықтары жұмысының қорытындысы бойынша жиын өтті 24.12.2024
Астанада Отбасын қолдау орталықтары мен қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильдік топтар қызметі бойынша 2024 жылдың қорытындысына арналған жиын өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.Айта кету керек, қазіргі уақытта елімізде 65 Отбасын қолдау орталығы (ОҚО) жұмыс істейді. Орталықтар қазақстандықтарға түрлі мәселелерді шешуге көмек көрсету үшін құрылған. ОҚО психологиялық, заңгерлік, ақпараттық кеңес береді, жұмысқа орналасуға және біліктілікті арттыруға жәрдемдеседі. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына бір айға дейін уақытша баспана ұсынады.2024 жылдың сәуір айында әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заңның қабылдануы отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызды қадам болды.Заңның жаңа редакциясы ОҚО қызметіне де өзгерістер енгізді – Отбасын қолдау орталықтарының бірыңғай желісі құрылып, отбасы мәселелерін шешуде кейс-менеджмент енгізілді.Орталықтар көмекке жүгінгендердің жағдайын кешенді түрде бағалап, әр отбасының жағдайына байланысты жеке жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыруда.Жаңа тәсілде алдын алу шараларына баса назар аударылды. Қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды ерте анықтау үшін Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің мамандарынан мобильдік жұмыс топтары құрылды.Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының жеделдігі мен ыңғайлылығы үшін әлеуметтік қызметтерді ұсынудың интеграцияланған моделі ретінде мобильді қосымша әзірленді. Қазіргі уақытта мобильді қосымша сынақтан өтуде.Заң күшіне енген сәттен бастап Орталықтардың саны 33-тен 65-ке дейін өсті. 2025-2027 жылдары олардың санын 208-ге жеткізу жоспарланып отыр.Жыл басынан бері орталық мамандары 400 мыңнан астам кеңес берді.Орталықтардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ мобильдік топтардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерде көшпелі оқыту семинар-тренингтері өткізілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/906931
Дубайда «Астана Опера» спектаклін 12 мың көрермен тамашалады 24.12.2024
«Астана Опера» балет труппасы Дубайда хореограф Юрий Григорович қойған П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін сахналады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен бұл гастрольдер елордалық театрдың биылғы шетелдік турларының қорытындысы болды.Қойылымның хореографиясы бастапқыдай қалуы үшін «Астана Опера» труппасымен гастроль алдында Юрий Николаевич Григоровичтің ассистенттері Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая жұмыс істеді.Спектакльді театрдың симфониялық оркестрі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен сүйемелдеді.Айта кету керек, спектакльдің былтырғы жетістігінен кейін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова бастаған қазақстандық труппаны Дубай театры қайта шақырды.«Астана Опера» труппасының «Дубай Операда» «Щелкунчик» балетімен келіп, қайта өнер көрсетіп жатқанына қуаныштымыз. Былтыр табысқа толы жыл болды. Сол кездегі труппаның керемет өнерінен кейін, біз оларды тағы да шақырдық. Таңғажайып қойылым, талантты әртістердің өнерін тамашалағанымызға өте қуаныштымыз», – деді «Дубай Опера» директоры Паоло Петрочелли.«Керемет қойылым! Спектакльдің көркемдігіне тәнті болдым. Мехикодан Дубайға арнайы «Щелкунчикті» көру үшін ұшып келдім. Осынау керемет опера театры залында барлық костюмдерді, декорацияларды және жарқын түстерді көру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл труппаның жоғары деңгейдегі өнерін тамашалауға керемет мүмкіндік болды», – деді Артуро Перес Ривера.Еске сала кетейік, алғашқы қойылым 19 желтоқсанда сәтті өтті. Алда әлі үш гастрольдік күн бар – 20, 21 және 22 желтоқсан. Бұл күндері жетекші солистер көрерменді ертегінің сиқырлы әлеміне жетелейді. Айта кету керек, труппа 6 спектакль ұсынады, олардың әрқайсысы аншлагпен өтеді деп күтілуде. Қойылым күндері көрермен ғажайып атмосфераны сезінуге мүмкіндік алады. Хореограф дайындаған жеке нөмірлер, атап айтсақ мүлгіген қысқы табиғаттың таңғажайып бейнесін көз алдыңа әкелетін ақ ұлпа қар бүршіктерінің биі ересектерге де, балаларға да зор әсер қалдырады. Классикалық хореография, символизм, қиял-ғажайып бейнелер мен Симон Вирсаладзенің көркемдік безендіруі бұл балетті шынымен ұмытылмастай етеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/906458
Аймақ басшысы бірқатар азаматқа мемлекеттік награда табыс етті 24.12.2024
Серік Шәпкенов мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды қабылдады.Оларға жиында 2024 жылғы 16 қазандағы №675 және 13 желтоқсандағы №733 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығымен наградаларды табыс етті.«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК директоры Әбілсейіт Мұқтар «Құрмет» орденімен, ал «Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр желілері диспетчерлік қызметінің диспетчері Серік Рыспаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталды.«Казкомсервис» ЖШС директоры Бақытжан Күлтекенов, «ТехИнжСтроой» ЖШС басшысы Асқар Мұхамбеталиев, «Орлан» ЖШС директоры Кенжебек Мырзағалиев, «Павлодарский речной порт» АҚ аймақтық директоры Мақсат Сәдуақасов, «Атырау облысы Су Арнасы»КМК энергетика қызметінің инженер энергетигі Диас Аманов, «Атырау жылу орталығы» акционерлік қоғамы электр цехының электр техникалық зертхана бастығы Асылбек Қуанов, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы №3 Жылу жүйелерін пайдалану ауданының магистралды жылу желілеріне қызмет көрсету жөніндегі 5-разрядты слесары Роллан Күлекешов, «Qazaqgazaimak» АҚ өндірістік филиалының газ желісін пайдалану және жөндеу қызметінде 5-ші тарифті разрядпен жер асты газқұбырларын пайдалану және жөндеу шебері Анатолий Макеев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Сондай-ақ жиында Атырау облыстық мәслихатының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №111-VIII шешімімен білім саласының ардагері Мәжит Сағиев, прокуратура саласының ардагері Халидулла Дәуешов, Ішкі істер саласының ардагері Нұрым Оразбаев «Атырау облысының Құрметті азаматы» атанды.Бұдан бөлек, «Каспий нефть» АҚ қызметкері Бисенғали Салахиденов ҚР Энергетика министрлігі «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін иеленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/906299
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жылды қорытындылады 24.12.2024
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия биылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, 2025 жылға арналған міндеттерді айқындады.Жиынға Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, комиссия мүшелері, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.Аида Балаева биыл Ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жауапты ата-ана идеясын ілгерілету бойынша кең ауқымды өзекті мәселелерді қарастырғанын айтты. Сонымен бірге, төраға жоғары нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысты күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.Кездесу барысында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі гендерлік саясатты жүзеге асыру.Бұл бағытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әйелдердің кәсіби және көшбасшылық құзыреттерін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Биыл «Әйелдер көшбасшылығы», «Мансап пен отбасы: тепе-теңдікті қалай сақтау керек», «Әйелдер көшбасшылығы: мансап пен отбасы тепе-теңдігі» тақырыптарында жергілікті және шетелдік сарапшылардың қатысуымен семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып, 876 мемлекеттік қызметкер оқытылды.Комиссия төрағасы гендерлік оқытуға ерлер аудиториясын да тарту қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, аймақтарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты.Жиын барысында комиссия мүшелері Қазақстанда гендерлік сараптаманы заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігі туралы бірауыздан келісімге келді.Ұлттық комиссияның заң шығару жұмыстары бойынша сәтті нәтижелері бар. Биыл комиссия мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын әзірлеуге қатысты.Сондай-ақ, Парламент депутаттарымен бірлесіп, алимент төлеу мәселелері бойынша неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнаманың нормаларын қайта қарау жұмысы басталды.Биыл ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуді қамтамасыз ету жөніндегі 2024 – 2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. Әкімдердің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілер институты енгізілді.Бір жылда Ұлттық комиссия мемлекет, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңы мәртебесін растады. Ұлттық комиссияның бастамасымен жүзеге асырылған «One-Stop-Service» пилоттық жобасы өзінің тиімділігін көрсетті – 50-ге жуық қылмыстық іс қаралып, оның басым бөлігі балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты болды, 700-ден астам әйел мен бала жедел құқықтық, психологиялық және сараптамалық көмек алды.«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық акциясы аясында республика бойынша 7 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 430 мыңнан астам адам қамтылды.Ұлттық комиссияның сарапшы топтарының аймақтарға шығу тәжірибесі тиімді пайдаланылды. Жергілікті жерде мәселелерге кешенді талдау жүргізіліп, өңірлік ерекшеліктер ескерілді және шешімдер әзірленді.Комиссия мүшелері балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша бірқатар бастамалар әзірледі.Елдің шалғай аймақтарының тұрғындары арасында сұранысқа ие «Саламатты Қазақстан» пойызы биыл 100 мыңнан астам адамды медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмекпен қамтыды. Көпбалалы аналарға және мүгедек балалары бар, қиын өмірлік жағдайға тап болған әлеуметтік осал отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.Бұл жобаға әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аймақтық комиссиялардың әлеуеті белсенді түрде тартылып, халықты қамту және олардың маңызды мәселелерін қарастыру кеңейтілді.«IT-Aiel» жобасы аясында биыл IT саласында жұмыс істеуге ниетті 3 мыңнан астам жұмыссыз әйел фриланс және электрондық коммерция құралдары бойынша оқу бағдарламасынан өтті. Биыл өтінімдер саны екі есе өсіп, 5151-ге жетті.Ұлттық комиссия Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі позициясын қамтамасыз етіп келеді. Комиссия мүшелері БҰҰ-ның 68-сессиясында, Еуропа Кеңесінде және басқа да халықаралық алаңдарда Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясат саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауы туралы баяндамалар жасады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/906119
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті 24.12.2024
Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму бағыты талқыланды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Серік Шәпкенов Мақатта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ауданда апатты үйді сүру мәселесі өзекті. Мұны шешу үшін биыл салынған екі пәтерлік 28 үй (56 пәтер) сатып алынды. Оның 14-не (28 пәтер) тұрғындар желтоқсанда көшірілді, келер жылы ақпанда тағы 20 отбасы қоныс той тойламақ.Сондай-ақ аймақ басшысы білім беру саласында қолға алынған істерге тоқталды.- Облыста орталығында заманауи екі Binom мектебі ашылып, тағы екеуінің құрылысы басталды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Енді Құлсары және Мақат аудандарында осындай заманауи білім ордаларын салуды жоспарлап отырмыз. Балаларға сапалы білім беру үшін барлық жағдайды жасау керек. Бұл мектептер заманауи технологиялармен жабдықталған, қажетті мүмкіндіктің бәрі бар. Бұдан бөлек, «NCOC» компаниясының демеушілігімен Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектебіне жапсарлас 250 орындық ғимарат құрылысын бастауға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылысты келер жылы бастау күтіліп отыр,-деді С.Шәпкенов.Мақаттықтардың жиі көтеретін мәселесі - автобус аялдамаларын салу. Келер жылы 54 автобус аялдамасын салу жоспарланды.Ал Доссор кентіндегі вокзал перронын күрделі жөндеуден өткізу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттамаға өзгеріс енуінен, құрылыс жұмыстары келесі жылға шегерілді. Серік Шәпкенов аудан әкіміне бұл мәселені қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.Кейін мақаттықтар жұмыспен қамту, баспана беру, таза ауыз сумен қамту сынды өзге де мәселелерді көтерді.Аймақ басшысы жиында көтерілген сауалдар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін жұртшылықты жеке мәселесі бойынша қабылдап, сала мамандарымен бірге сұрақтарға жауап берді.Облыс әкімінің Мақат ауданы тұрғындарымен кездесуі аудан әкімдігінің facebook, instagram желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.Кездесуден кейін Серік Шәпкенов әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.Алдымен Мақат кентінде салынып жатқан үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйге барды. Қазір құрылыс 60%-ға аяқталған. Серік Шәпкенов жауапты басшыларға ЖСҚ-ға түзетулер енгізуді, инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.Кейін кенттегі күрделі жөндеуді қажет ететін аудандық қорғаныс бөлімінің ғимаратымен танысты. 1974 жылы салынған нысан әлі күнге дейін жөндеу көрмеген, жауын-шашын кезінде ескірген шатырдан су ағады. Жылыту қазандығы да ескірген. Серік Шәпкенов ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге немесе типтік үлгідегі жаңа ғимарат салуды айтты.Бұдан соң бос тұрған әкімшілік ғимаратына барды. Ғимарат ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді. Жергілікті әкімдік әлеуметтік қызмет көрсету орталығына айналдыруға ниетті. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аймақ басшысы конкурстық рәсімдерді жеделдетуді жүктеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/906055