Enbekshi QazaQ

Мәдениет

Бішкекте ШЫҰ Даму банкін құру мен қаржылық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды 30.06.2026
Таяуда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының іс-шаралары өтті, оның шеңберінде ШЫҰ Даму баннкін құру, мүше мемлекеттердің қаржылық өзара іс-қимылын кеңейту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бұл басқосуға Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысты. Қатысушылар болашақ қаржы институтын қалыптастыру, сондай-ақ қаржы саласын қаржыландыру мен цифрландырудың заманауи құралдарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.Атап айтқанда, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған үшінші консультативті кездесу өтіп, оның барысында Дәурен Маратұлы тәуелді қаржыландыру, жергілікті валюталар мен балама құралдарды пайдалану арқылы жарғылық капиталды қалыптастыру, сондай-ақ штаб-пәтерді орналастыру бағытында талаптарды айқындаудың маңыздылығын атап өтті.Өз кезегінде қатысушылар ШЫҰ Даму банкін құрудың мән-маңыздылығы мен көпжақты консультациялық процесті ілгерілетуге бейіл екендерін тағы да растады. Бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуі де өткенін айта кетейік. Оның барысында қаржылық өзара іс-қимылды кеңейту мен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Сонымен бірге басқосуда заманауи халықаралық қаржы жүйесінің, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны цифрландырудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды.Осы орайда Д.Кеңбеил технологиялық тұрғыда дербес әрі инновациялық мемлекет моделіне көшуге бет Қазақстанның қаржы жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарын таныстырды. Әсіресе мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен тұңғыш рет Қытай қор нарығына панда-облигацияларының сәтті шығарылымына ерекше назар аударылды.Кездесудің қорытындысына сәйкес ұйымға кіретін мемлекеттердің өкілдері серіктестікті одан әрі дамытып, өзара тиімді мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1231052?lang=ru
Атырау облысында 12 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр 30.06.2026
Жаңа мәдениет үйлері Құрманғазы ауданындағы Көптоғай, Бірлік, Азғыр, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Миялы, Жангелдин, Мұқыр, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай, Қосшағыл және Исатай ауданындағы Нарын ауылдарында салынып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Соңғы жылдары өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылдан бері облыста 14 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, 54 мекеме күрделі және орташа жөндеуден өтті.Өңірдегі ірі жобалардың қатарында Атырау қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орындық концерт залы мен жаңа тарихи музей ғимараты бар. Сондай-ақ бұрынғы «Неке сарайы» ғимараты қайта жаңғыртылып, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің иелігіне беріледі.Қазір облыста 242 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Салада 3 мыңнан астам маман еңбек етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231143?lang=ru
Аймақ басшысы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарымен кездесті 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашевамен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің өнеркәсіп саласын дамыту, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы қормен бірлескен жобаларды жалғастырудың маңызын атап өтті.Өз кезегінде Жанар Шатырханқызы қор алдағы уақытта да кәсіпорындарды жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы қолдай беретінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын іске қосу және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жандандыру жайы да қарастырылды. Әріптестік байланысты одан әрі нығайтудың, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.Айта кетейік, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен және қаржыландыруымен өңірде бірқатар ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ayna Glass» ЖШС айна шығару зауыты, «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, сол жағалаудағы «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС екі шағын өнеркәсіптік аймағы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы инвестициялық жобалар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231212?lang=ru
Құрылыс барысы тұрақты бақылауда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылыс алаңдарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен сол жағалауда салынып жатқан, құрылысына 14 млрд 780 млн теңге бөлінген, тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емханаға барды. Көпсалалы медициналық мекеме 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған.Бұдан кейін облыс әкімі Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады.Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231297?lang=ru
Балаларға базарлық: Қызылордада Ботаникалық бақ пайдалануға берілді 30.06.2026
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақтың ашылу рәсіміне қатысты.Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген Ботаникалық бақ Президент саябағы аумағында орналасқан. Бас мердігер - «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген, нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын.Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын.Бүгін Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Балаларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйледі. Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ботаникалық бақ – экологиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған заманауи көпфункционалды кешен. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағынан 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады.Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.Ботаникалық бақ өсімдіктердің бірегей түрлері өсетін орын ғана емес, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналады.Мұнда студенттер, мектеп оқушыларының, табиғат жанашырларының танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ботаникалық бақтың ерекше атмосферасы келушілерге жайлылық сыйлайды. Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Сыр өңірінде кейінгі төрт жылда 46 заманауи білім беру нысаны табысталды.«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» жас жеткіншектердің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етуде. Жақында ғана жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231666?lang=ru
Атырауда «Алмалы» заманауи оңалту орталығы ашылды 30.06.2026
Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы зор нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмасы негізінде пайдалануға берілді.Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар өкілдері, ардагерлер мен өңір тұрғындары қатысты.Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдай алатын мекеме балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде өңірде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артпақ. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар азамат оңалту көмегін алса, енді олардың саны 2300 адамға дейін көбейеді.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, – деді Серік Шәпкенов.Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқулары бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.Ересектерге, оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.«Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту жұмыстары.– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушыға жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандарды қоса алғанда, 189 қызметкер еңбек етеді, – деді Анар Қаюпова.Қазіргі таңда Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. «Алмалы» орталығының ашылуы — әлеуметтік саладағы елеулі жаңалық және ерекше қажеттілігі бар жандарға жайлы орта құру бағытындағы кезекті бір маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231802?lang=ru
Атырауда алғаш рет таңдай жырығы бар балаға күрделі пластикалық ота жасалды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Атырау облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы Medical Park орталығынан жоғары санатты бет-жақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов арнайы шақырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.Маманның қатысуымен өңір дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларға күрделі операциялар жасау тәсілдері көрсетілді.Алғашқы операция бүгін 1 жас 9 айлық балаға жасалды. Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтып, мұндай тәжірибе алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.-Қазір облыста бет-жақ сүйектерінде түрлі ауытқуы бар 300-ге жуық бала есепте тұр. Соның ішінде таңдай жырығы диагнозы қойылған балаларға дер кезінде ота жасау олардың дұрыс тамақтануы мен сөйлеу қабілетінің қалыптасуына оң әсер етеді.28-30 мамыр аралығында өтетін шеберлік сабағы аясында жалпы саны 12 операция жасау жоспарланған. Күніне төрт ота жасалады. Сонымен қатар, 28-29 мамыр күндері профессор Серік Нұрмағанов пациенттерді қабылдап, кеңес береді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.Айта кетейік, бұл бастама Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында былтыр басталып, дәстүрлі жобаға айналуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231859?lang=ru
ҚР Қаржы министрлігі Astana International Exchange биржасында алғашқы тәуелсіз панда-облигациялардың листинг рәсімін өткізді 30.06.2026
Бүгін AIX биржасында Қазақстан Республикасының тәуелсіз панда-облигацияларының дебюттік шығарылымының салтанатты листинг рәсімі өтті.1,9% кірістілікпен 3,4 млрд юань көлемінде панда-облигациялардың дебюттік шығарылымын жүзеге асыра отырып, Қазақстан облигацияларды Қытай қор нарығында BBB рейтингі бар елдер арасында және АА рейтингі бар елдер деңгейінде ең төмен мөлшерлеме бойынша орналастыру арқылы рекорд орнатты. Қазақстан үшін халықаралық инвесторлардың Қытай облигацияларының ішкі банкаралық нарығына (China Interbank Bond Market, CIBM) қолжетімділігін қамтамасыз ететін Bond Connect инфрақұрылымын маңызды пайдалануды атап өту қажет. Осы инфрақұрылымға қосылу Қытай капиталын тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, қазақстандық инвесторлардың әлемдегі ең ірі борыштық нарықтардың біріне қолжетімділігін кеңейтеді және Қазақстан мен Қытайдың қаржы нарықтарының одан әрі интеграциялануына ықпал етеді.Қазақстан Республикасының панда-облигацияларды табысты орналастыруы одан әрі ынтымақтастық үшін берік негіз болды және Қазақстан мен Қытайарасындағы өзара іс-қимылдың және ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.Рәсімге Қаржы министрлігінің басшылығы атынан вице-министр Д.М. Кеңбейіл, AIX биржасының басшылығы, China International Capital Corporation, Industrial and Commercial Bank of China, China Construction Bank Astana, «Teniz Capital Investment Banking» AҚ сондай-ақ Қытайдың Lianhe несиелік рейтинг агенттігін қоса алғанда, мәміленің жетекші андеррайтерлері мен серіктестерінің өкілдері қатысты.    Рәсімнің өткізілуі Astana International Exchange алаңында сауда-саттықтың басталуының белгісі болды.    Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1232133?lang=ru
Қызылордалықтар – «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясының иегері 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарымен және олардың жетекші ұстаздарымен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының білім мен ғылымға ұмтылысты қолдауының арқасында өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді»,– деген болатын.Дана халқымыз «Білім – таусылмайтын кен» деп бекер айтпаған. Қай заманда болсын, елдің еңсесін тіктеп, болашағын баянды ететін күш – білімді ұрпақ. Сыр өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мерейін үстем етіп жүрген Өздеріңіздей талапты да талантты жастармен кездесудің мәні зор», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Биыл 29 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанса, 143 оқушы республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларында үздік нәтиже көрсетті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, екі оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.Салтанатты жиында 30 жетекші ұстаз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, шипажайға жолдама алды. Халықаралық және республикалық білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен 36 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен планшет табысталды. Оқушылар мен ұстаздар ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.Айта кетейік, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласында 46 жаңа нысан іске қосылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.«Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» іске қосылды. Жақында жаңа балалар тынығу лагері пайдалануға беріліп, алғашқы демалушыларды қабылдады. Бүгін Президент саябағындағы Ботаникалық білім беру орталығы ел игілігіне табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232137?lang=ru
Нашақорлықтың алдын алу және интернеттегі есірткі насихатына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды 30.06.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Ведомствоаралық жиында нашақорлықтың, есірткі қылмысының және интернет кеңістігіндегі есірткі насихатының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы мониторингті күшейту, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардағы заңсыз контентке жедел әрекет ету керек. Сондай-ақ есірткі таратудың жаңа арналарын анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық шараларды жандандыру міндеттелді.Отырыста жастар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тәуекел топтарымен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы шаралар Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің тұрақты бақылауында.Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де қарастырылды. Есірткіні, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолдану, масаң күйде көлік басқару мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде танылады. Ал жұмыс орнына масаң күйде келу, медициналық куәландырудан бас тарту қызметтен босатуға негіз болады.Жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілмек. Талапқа сай емес нысандардың қызметін шектеу, жол-көлік қауіпсіздігін күшейту және жазатайым оқиғалардың алдын алуда түсіндірме жұмысын жүргізу тапсырылды.Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қадағалау үшін рейдтік іс-шаралар өткізу, қоғамдық қауіпсіздік назардан тыс қалмауы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232300?lang=ru
Тынығу лагерьлерінің маусымы ресми түрде ашылды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Президент паркі аумағында жаңадан ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығында жазғы тынығу лагерлерінің маусымы салтанатты түрде ашылды.Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жас өрендерді мерекемен және маусымның ресми ашылуымен құттықтады.«Бала – отбасының бақыты, мемлекеттің – болашағы. Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың дені сау, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.Президентіміз балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, сапалы білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.Кейінгі жылдары біздің аймағымызда білім беру, мәдениет, спорт және қосымша білім беру ұйымдарының саны артты. Алда сіздерді қызықты кездесулерге, танымдық іс-шараларға, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға толы жарқын жаз күтіп тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, көтеріңкі көңіл-күй мен толайым жетістіктер тілеймін!» – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.Бүгін облыстағы тоғыз лагерь бір мезетте өз жұмысын бастап, мыңдаған баланы қабылдады.Мемлекет басшысының қолдауымен салынған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру лагері материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері жағынан елімізде баламасы жоқ, бірегей орталықтың қатарында. Мұнда робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, инженерлік жобалау, IT-технологиялар және басқа да инновациялық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың болашақ мамандықтарына қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232311?lang=ru
Зейнет демалысына шығарып салды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Марат Құрманбаевты әріптестері құрметпен зейнет демалысына шығарып салды.Аймақ басшысы Марат Ердәулетұлының мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбек жолына тоқталып, өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.«Аймағымыздағы әскери бөлімдердің инфрақұрылымы жаңартылып, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жүйеленді. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырудағы Марат Ердәулетұлының өзіндік қолтаңбасын ерекше атап өтуіміз қажет», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Құрманбаев Марат Ердәулетұлы еңбек жолын өндіріс саласында бастап, кейін қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарды. 2013-2024 жылдары Қызылорда және Жамбыл облыстары бойынша экология департаментін, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды. 2024 жылдан бері облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметінде болды.Облыстық экология департаментін басқарған кезеңде қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемақылар есебінен бюджетке жоспардан тыс 64 млрд теңгеден астам қаржы түсуіне ықпал етті.Құқық қорғау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде террористік тұрғыдан осал объектілердің аумақтық тізбесі жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жаңғыртылды.Соңғы жылдары Арал және Жалағаш аудандарындағы қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп, тұрғындарды төтенше жағдай туралы дер кезінде хабардар ету мақсатында 124 елді мекенде сиреналық қосылу құрылғылары орнатылды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары тіркелген елді мекендер залалсыздандырылды.Басқосуда Марат Ердәулетұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.Сондай-ақ аймақ басшысы 2024 жылдан бері «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры қызметін атқарған Зияш Қияқбаевқа басқа қызметке ауысуына байланысты алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының шешімімен «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры лауазымына тағайындалған Ерсейіт Жолмырзаұлы Қайыпов таныстырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232714?lang=ru
Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері қаралды 30.06.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ерегешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірісте жарақаттанудың алдын алу және қызметкерлер құқықтарын қорғаудың маңызына тоқталып, орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.Мемлекет басшысы биылғы сәуір айында қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қамтитын заңға қол қойған болатын. Алдағы уақытта еңбек заңнамасына түзетулер енгізіледі деп күтілуде. Бұл бастамалардың барлығы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға бағытталған.Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай нақты тапсырмалар берілді.Аймақ басшысы елді мекендерді газдандыру жобаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауды, құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін зерделеу, бір ай мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеу керек.Мәжілісте өндірістік және құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы, еңбеккерлер құқықтарының қорғалуы барлық деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі екені ескертілді.Санитарлық тазалық, атап айтқанда Белкөл кентіне жақын орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы жағдайды үш күн ішінде реттеу жауапты мекемелерге тапсырылды. Демалыс парктері, балалар ойын алаңдары, жол бойы мен көрнекі ақпараттың жай-күйін жақсарту, тазалықты тұрақты бақылау міндеттелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232952?lang=ru
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мүмкіндіктері сараланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «China State Construction Engineering Corporation» компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл – әлемдегі жетекші құрылыс және инфрақұрылымдық компаниялардың бірі.Кездесуде өңірдің инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Айта кетейік, өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Қазір экономикалық қызметтің 18 басым түрі айқындалған. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, электр жабдықтарын шығару, логистика және қоймалау, химия өнеркәсібі, автокөлік және авиациялық техника өндірісі сияқты бағыттар бар.Сонымен қатар Қызылорда облысында индустриялық инфрақұрылымды дамытуда нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыста жалпы көлемі 515 гектардан асатын 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді, оларда 112 млрд теңгенің 37 жобасы іске қосылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. «Өндіріс» индустриялық аймағында құрылыс материалдары, шыны өндірісі, керамика және өнеркәсіптік өнім шығару жобалары нәтижелі жүзеге асуда.Кездесуде тараптар индустриялық парктер салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өндірістік және логистикалық нысандарды жандандыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Өзара тиімді әріптестікті дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі жалғастыру жоспары нақтыланып, аталған компания өкілдері Сыр өңіріне іссапармен келуге ниет білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233360?lang=ru
Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда 30.06.2026
Бұл — өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі. Қазір Атырау облысында туризм саласын дамыту жұмыстары қарқын алып, өңірдің табиғи және мәдени нысандарын насихаттауға басымдық берілуде.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алима Рамазанова мен «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры Қайсар Махсутов мәлімдеді.Қазір облыста 272 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар, жол бойындағы сервис нысандары мен этноауылдар бар.Биыл «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығы «KITF Almaty» халықаралық көрмесіне қатысып, Атыраудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар Ақкерегешың – Иманқара бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедицияға 130-дан астам турист қатысқан.Бұдан бөлек, өңірде агротуризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп, ауыл туризмін дамытуға бағытталған жобалар қолға алынған. Ал «Саяхат дәмі бар кофе» жобасы аясында кофеханаларда облыстың көрікті жерлері бейнеленген QR-коды бар арнайы стақандар ұсынылуда.Былтыр өңірге 187 мыңнан астам турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Оның 166 мыңы – ішкі туристер, ал 21 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар биылғы алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.Брифинг барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі де айтылды. Биыл Атырау қаласында жеті жағажай ашу жоспарланған. Олардың қатарында «Балықшы», «Геолог», «Жилгородок» аумақтары және ауылдық округтердегі демалыс орындары бар. Қазір жағажайларда абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық және қауіпсіздік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 1 шілдеге дейін іске қосу көзделген.Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмешіт қорымы мен Ақкерегешыңның борлы тауына баратын жолдар жөнделуде. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қарау алаңдары мен автотұрақтар салынған.Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта өңірде «Naryn Fest» экстрим фестивалі, «Lotus Fest 2026» және «Tour de Saraishyq» халықаралық велошеруі секілді ауқымды туристік жобаларды өткізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1233609?lang=ru
Өңірдің мұнай-газ саласындағы мәселелер талқыланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Қазгермұнай» БК» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдің мұнай-газ саласын дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы компанияның және оның еншілес ұйымдарының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзіндік орнын ерекше атап өтті.«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысында бірқатар ауқымды жұмысты жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да тиімді әріптестік негізінде маңызды жобаларды бірлесіп іске асырып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтамыз деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кездесуде компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарған жұмыстары жоғары бағаланды. Атап айтқанда, «Қазгермұнайдың» демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге салынған «Оқушылар сарайы» бүгінде балалар игілігіне қызмет етуде.Бұдан бөлек, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобалар жайы талқыланды. 2022 жылы өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен Энергетика министрлігі арасында «Қазгермұнай» компаниясының «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газ өңдеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Қазір «Казпетрол Груп» және «Тұзкөл Мұнайгаз Оперейтинг» серіктестіктері құбыр құрылысын аяқтап, газ жеткізуді бастаған. Бұл өңделетін газ көлемін арттырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233649?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233913?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233915?lang=ru
Атырау облысында 1500 орындық «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды 30.06.2026
Атырау облысында 1500 көрерменге арналған көпфункционалды «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Халықаралық талаптарға сай салынатын жаңа нысан “Нұрсая” шағынауданында 4,6 гектар аумақта бой көтермек.Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығы, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты.Облыс әкімі жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында салынып жатқанын атап өтті.– Бүгінде облыста тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өңірде спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр сегіз спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 22 нысанды ашу жоспарланған. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. «Атырау Аренада» 20 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады. Бұл кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.Кешен EPC келісімшарты негізінде салынады. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі толық жұмыс цикліне жауапты. Жобада әр спорт түрі бойынша халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгесін екі мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады.Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, құрылысқа 400-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады.– Құрылысты 2027 жылғы қарашада аяқтау көзделген. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, үстел теннисі, садақ ату, бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, семсерлесу, триатлон және өзге де спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды өрмелеу қабырғасы салынады, бұл елімізде санаулы кешенде ғана бар. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 5000 шаршы метрлік әмбебап спорт залы болады, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.Кешен базасында оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді болатын жаңа нысан Атырау облысындағы ең ірі спорт орталықтарының біріне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234296?lang=ru
Атырау облысында өндірістік жарақаттану деңгейі 20 пайызға төмендеді 30.06.2026
Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жиын өтіп, онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік мәселелері қаралды.Басқосуға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы еңбеккерлердің қауіпсіздігі әрбір жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс екенін атап өтті.Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, өңірде 2026 жылғы алғашқы төрт айда өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға аз.Жазатайым оқиғалардан 25 қызметкер зардап шеккен. Ал негізгі себептер ретінде жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі мен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы атап көрсетілді. Әр жағдай бойынша арнайы комиссиялар құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген.Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 33 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы көлемі 15,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.Жиын соңында Серік Шәпкенов өңір кәсіпорындарында еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234297?lang=ru