Enbekshi QazaQ

Спорт

Каспий теңізіне "Баку - Грозный"рейсінің ұшақ апатының құрбандары туралы естелік - гүл шоқтары түсті 27.12.2024
Ақтау, Құрық және Баутино порттарындағы Каспий суларына 2024 жылғы 25 желтоқсанда ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алу және қайғыру белгісі ретінде аза тұту гүл шоқтары түсті.Теңізшілер бұл жалпы трагедия, барлығына ортақ ауырсыну екендігімен ынтымақтасты.- Бұл қимыл-осы қорқынышты ұшақ апатынан қаза тапқандардың барлығына құрмет пен қайғы. Бұл соңғы жылдардағы ең қайғылы оқиғалардың бірі, ондаған адам қайтыс болды, олардың арасында балалар да бар. Қайтыс болғандардың жақындарының сезімдері түсінікті, біз сіздермен біргеміз. Біз сіздің қайғыңызды бөлісеміз және сізбен бірге қайғырамыз, - деп атап өтті акция қатысушылары.Рәсімдердің бірі Әзірбайжан Республикасының Құрық портындағы "Zarifa Aliyeva" паромында өтті, онда кәсіпорын қызметкерлері, аудан әкімдігі және БАҚ өкілдері жиналды. "Құрық Порт" ЖШС директоры Серік Ахметов ұшақ апатын бүкіл өңірге әсер еткен қайғылы оқиға деп атады. Ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға шыдамдылық тіледі.Осындай іс-шара Баутино портында өтті, онда ондаған адам жиналды. Олар бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алып, аймақ тұрғындары, оның ішінде теңізшілер де зардап шеккендерге кез келген уақытта барлық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.Хабарланғандай, 25 желтоқсан күні таңертең Бакуден Грозныйға рейс жасаған Әзірбайжан авиакомпаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта экипажды қосқанда 67 адам болды. Олардың 29-ы аман қалды. Сол күні ақтауға премьер - Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия ұшып кетті. Ұшақтың апатқа ұшырау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/910396
Ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы ақпарат 27.12.2024
Ақтауда орын алған апаттық жағдайға байланысты облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды. Зардап шеккендерге қажетті жағдай жасалуда. Дәрі -дәрмек жеткілкті.Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы 30 хирургиялық және травматологиялық төсекті, сондай-ақ 10 реанимациялық төсекті дайындады. Облыстық балалар ауруханасы 20 төсекті және 10 реанимациялық төсекті әзірледі. Бұдан бөлек, жеке клиникаларда қосымша төсектер дайын.Барлығы 60 хирургиялық, травматологиялық және соматикалық төсек және 26 реанимациялық төсек дайындалды.Жалпы 29 адам зардап шеккен. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам жеткізілді. Қабылдау бөлімінде сұрыптау жүргізілуде. 27 зардап шеккендердің 11-і ауыр жағдайда, олар реанимацияға жатқызылды. Ал екі бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.Оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы 4 адамның қайтыс болғанын растады. Қалған жолаушылар бойынша апат орнында іздестіру жұмыстары жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/909336
Ақтауға Әзербайжан республикасынан комиссия келді 27.12.2024
25 желтоқсан күні Ақтау маңында орын алған ұшақ апатына байланысты Маңғыстау облысына Әзербайжан республикасынан арнайы құрылған комиссия келді. Делегацияны Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі бастап келді.Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Әзербайжан үкіметінің өкілдері құтқару операциясы аясында жасалатын тиісті шараларды пысықтады. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккен азаматтарға қажетті көмектердің көрсетіліп жатқанын айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/909363
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті 27.12.2024
2024 жылғы 20 желтоқсанда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабековтың Маңғыстау облысы тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.Кездесу барысында Мәлік Серікұлы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электрондық форматта ұсынылады, оның 90,8%-ы eGov Mobile платформасында қолжетімді.Қазақстан онлайн қызметтерді дамыту бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына енді. Сандық құжаттарды танымал ету қағаз құжаттарды пайдалануды азайтып, азаматтардың өмірін жеңілдетуде. Қазірдің өзінде 34 сандық құжат қолжетімді.«Invisible Government» тұжырымдамасы аясында бюрократиялық процестер айтарлықтай қысқартылды: рәсімдер саны 605-тен 175-ке, ал мемлекеттік органдарға бару саны 119-дан 21-ге дейін азайды.Вице-министр цифрландырудың азаматтарға ыңғайлы болуын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік бастамаларды ерекше атап өтті:800 мыңнан астам әлеуметтік маңызды қызмет цифрландырудың көмегімен көрсетілді;«Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілуде. Қазіргі уақытта пилоттық режимде екі қызмет іске қосылды: тегін дәрі-дәрмек пен мектеп оқушыларына тегін тамақтану;Азаматтардың медициналық деректері енді e-Densaulyq сервисі арқылы қолжетімді.Сонымен бірге, 2024 жылы іске асырылған цифрлық сервистерге тоқталып, IT саласына шолужасады. Маңғыстау облысы бойынша байланыс сапасына тоқталып, алдағы жылдардың жоспарымен бөлісті.Министрліктің маңызды бағыттарының бірі – өңірлерді цифрландыру. Ақтау қаласында азаматтармен жедел байланыс орнату үшін 109 Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, жыл басынан бері орталыққа 40 мыңнан астам өтініш түскен. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде: облыс аумағында 46 мың камера орнатылған.Сонымен қатар, вице-министр өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Маңғыстау облысы үшін өзекті мәселелердің бірі – сапалы байланыс пен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету және байланыс саласы бойынша сұрақтар қойылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/909103
Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасы өтті 27.12.2024
Бүгін Өскеменде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты президенттік шырша ұйымдастырылды. Жарқын да көңілді шараға облыстың 13 аудан, қалаларынан 250-ден астам бала қатысты.Оларға арнап қызықты сайыстар, интерактивті ойындар және сүйікті ертегі кейіпкерлерімен кездесу өтті. Ертеңгілікте балалар көңілді сайыстарға белсене қатысып, би билеп, ән айтты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев балақайларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.- Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылып отыр. Мұндай жаңажылдық ертеңгіліктер бүгін Қазақстанның барлық қалаларында өтіп жатыр. Бірақ біздегі мереке бәрінен ерекше деуге болады. Ел Президентінің әрқайсыңыз үшін арнайы дайындаған сыйлығы да бүгін табысталады, – деді аймақ басшысы.Балаларға таяуда ғана облыста өткен «Аяз Ата, Ақшақар - 2024» фестивалі туралы айтылды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 150-ден астам ертегі кейіпкері келген еді. Мереке барысында қатысушылар бір-бірімен танысып, тез тіл табысып кетті. Биыл облыста 9-13 жас аралығындағы 450-ден астам балаға жаңажылдық шырша өткізіліп жатыр. Оның ішінде жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше білім алуды қажет ететін оқушылар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жоғары жетістіктерге жетіп жүрген балалар бар. Бұдан бөлек, президенттік шыршаға қатысушыларға 150 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат, жұмсақ ойыншық пен тәтті сыйлық табысталды.- Мен Черемшанка ауылынан келдім. Бүгінгі мереке үшін көп рахмет! Маған барлығы да ұнады. Президентімізге берілген сыйлықтар үшін алғыс айтамын, - деді Черемшанка мектебінің 6 сынып оқушысы Алена Чернова.Мерекелік бағдарлама екі күнге жоспарланған. Бұған дейін балалар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрына барып, «Алтын балапан» атты қойылымды тамашалап қайтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/908911
Ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында «Халық арасында діни экстремизм көріністеріне қарсы тұру бойынша мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 27.12.2024
Дөңгелек үстелге ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Мекеева Жанат Жұмағазықызы, құқық қорғау органдарының басшылары мен орынбасарлары, ШҚО жергілікті діни бірлестіктерінің жетекшілері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары қатысты.Дөңгелек үстел барысында ШҚО бас имамы Мұхатай Ермек Қасболатұлының «Қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы ҚМДБ-ның рөлі», философия ғылымдарының кандидаты, теология Phd докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы, республикалық деңгейдегі теолог Тышхан Кеңшіліктін «Діни фундаменталистік түсініктер діни-саяси экстермизмнің бастауы ретінде», «Родни» Евангелдік христиан баптистерінің шіркеуінің басшысы Вольф Владимир Филипповичтын «Халық арасында радикализмнің алдын алу мен оған қарсы тұрудағы конфессияаралық қатынастардың рөлі», ШҚО әкімі аппаратының терроризмге қарсы комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Туткушев Қуанышбек Токтағұлының «Діни экстремизмнің алдын алу бойынша діни бірлестіктермен бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру шаралары туралы», «Хасеки» жоғары дінтану академиясының түлегі, Казань қаласының Ислам институтінің теология магистрі, республикалық деңгейдегі теолог Қанапиянов Ернұр Болатбекұлының «Деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту мәселелерінде жергілікті атқарушы органдар мен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасы және өзара іс-қимылы» атты баяндамалары тындалды.Дөңгелек үстел барысында халық арасында діни экстремизмге қарсы тұруға қатысты маңызды және өзекті мәселелер көтерілді. Талқылауға осы саладағы ынтымақтастықты жақсарту бойынша мәселелер мен бастамалар көтерілді.Шара барысында айтылған барлық ұсыныстар алдағы бірлескен жұмыста ескерілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/908917
Ербол Мырзабосынов спорт саласындағы жыл үздіктерін марапаттады 25.12.2024
Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Үздік-2024» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жыл отандық спорт үшін ерекше жыл болғанын атап өтті. Қазақстандық спортшылар биыл халықаралық ірі жарыстарда табысты нәтиже көрсетсе, елімізде ірі жарыстар ұйымдастырылды.«Биылғы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада болғаны анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль. Гимнастикадан алғаш рет Олимпиада медалін жеңіп алдық. Ол жүлде Нариман Құрбановқа бұйырды. Давид Дегтярев пара-пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара-дзюдошы Ақмарал Науатбек Олимпиада шыңын бағындырды», – деді министр.Сонымен қатар биыл Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылды. Көшпенділер додасына 89 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен спорт саласында оң өзгерістер басталды. Келесі жылы отандық спортшыларды бірнеше байрақты бәсеке күтіп тұр. 2025 жылдың ақпан айында спортшыларымыз Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысып, қысқы Олимпиада лицензиясы үшін сынға түседі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жылы спортшыларымыз жаман нәтиже көрсеткен жоқ, жаңа жылдан одан да үлкен жеңістер күтеміз», – деді Ербол Мырзабосынов.Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:🔹 Елдос Сметов, Давид Дегтярев – «Жылдың үздік спортшысы»;🔹 Ғалымжан Жылгелдиев, Юрий Колесников – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;🔹 Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;🔹Қуанышбек Есекеев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;🔹Еркебұлан Ілиясов, «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті – «Үздік спорт меценаты»;🔹Kaz Minerals - «Үздік спорт меценаты»;🔹Ғизат Түсіпаев – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;🔹Ерлан Тасболатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;🔹Дархан Шариғатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;🔹Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;🔹Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;🔹Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Үздік спорттық өңір»;🔹Илья Мизерных – «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»;🔹Сергей Сергеев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;🔹Надежда Ким – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;🔹Ақмарал Науатбек – «Спортта үздік серпін»;🔹Жандос Айтбайұлы («Хабар» телеарнасы), Қуаныш Нұрданбекұлы («Егемен Қазақстан» газеті), Назерке Сұлтанбек («Sport+» сайты) – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаттары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/908749
Маңғыстауда төрт «Жайлы мектеп» пайдалануға дайын 24.12.2024
Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 4 жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, толықтай пайдалануға дайын тұр.Бүгін 24 желтоқсанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының 33 шағын ауданында бой көтерген мектептің бүгінгі жағдайымен танысты. 1200 орындық білім беру нысаны заманауи талаптарға сай жабдықталған және оқушыларға сапалы білім алу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Білім ордасы 3-ші оқу тоқсанында балаларды қабылдауға толық дайын.Бұдан бөлек Ұлттық жоба аясында жаңа мектептер Ақтау қаласының 19, 17 шағынаудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы «Хазар» шағынауданында орналасқан. Аталған мектептердің жұмысы 2025 жылдың қаңтар айында, яғни оқу жылының үшінші тоқсанынан басталады. Қазіргі уақытта оқу процесін ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа мектептердің құрылысы мен жабдықталу сапасына оң бағасын беріп, білім беру деңгейін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/908573
ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті 24.12.2024
ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында IX қысқы Азия ойындарына дайындық және Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысы туралы айтылды.Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Харбинде Қазақстан құрамасының спортшылары 64 медаль жиынтығы сарапқа салынатын 11 спорт түрінен сынға түседі. Сары құрлық додасында отандық 139 спортшы өнер көрсетеді.Биылғы Азиада бағдарламасына шаңғы-альпинизм спорты енгізілген. Қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен ең соңғы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары жалпы саны 32 медаль жеңіп алған болатын.Отырыста Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысына ерекше назар аударылды. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, туризм жылы аясында бизнес-форумдар, туристік көрмелер, этноауылдар, фестивальдар мен автошерулер сияқты 35-ке жуық іс-шара өткізілгенін атап өтті.Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының негізгі жетістіктері ретінде екіжақты ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ ынтымақтастық туралы 25 меморандумға қол қойылды. Бұл туристік салада жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болмақ. Одан бөлек, Weibo және WeChat сияқты Қытайдың танымал әлеуметтік желілерінде Қазақстанның танымалдылығын арттыру бағытталған ауқымды онлайн-науқан өткізіліп, 13,5 миллионнан астам пайдаланушы қамтылды.Сонымен қатар «Жібек жолы» бағыты және Peking-Paris Motor Challenge автораллиі сияқты автошерулер мен халықаралық мото-турнирлер өткізілді. Бұл бастамалар Қазақстанның көлік және мәдени әлеуетін көрсетіп, халықаралық аренадағы орнын нығайтты. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде Қытайдан келген туристер саны бір жылда 500 мыңнан асса, Қазақстан Қытай саяхатшылары үшін танымал бағыттар арасында 29-орынға көтерілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/908568
Маңғыстау облысы 2024 жылды оң нәтижемен қорытындылады 24.12.2024
2024 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық байқалып, негізгі макрокөрсеткіштер оң нәтиже көрсетті.Өңір дамуының негізгі бағыттары - өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, сондай-ақ агроөнеркәсіп салалары. Аталған бағыттардың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірге инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Соңғы бес жылда аймаққа 4 трлн. теңге инвестиция тартылған. Жалпы өңірге 2024-2026 жылдар ішінде экономиканың түрлі салаларында инвестициялық құны 666 млрд. теңге болатын 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде биыл 11 айда жалпы сомасы 36 млрд .теңгеге 14 жоба іске қосылды, нәтижесінде 435 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.Өңдеу өнеркәсібінде де тұрақты өсу қарқыны сақталып отыр. Саланың жалпы өнімдік үлесі 5 жыл бұрын 2,8% болса, қазіргі уақытта оның үлесі 6,2% құрап, 9,0% өсім байқалып отыр.Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы да қарқын алып келе жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 24,5% өсіммен 34,5млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31,2%-ға көбейді. 4 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді.2025 жылы құны 3,5 млрд.теңге болатын жұмыртқа, құс еті өндіру және жылыжай кешенін салу жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар Қарақия ауданында пилоттық жоба ретінде 3300 түп зәйтүн ағашы егілді. Күткен нәтижеге қол жеткізілсе, бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Ендігі мақсат осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 215 шақырымды қамтитын жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарында 2 құрылыс және 10 реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.Жыл басынан бері Ақтау, Құрық және Солтүстік терминал порттары арқылы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 6,8 млн.тоннаны құрап, 3,4%-ға өскен. Фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 52,3 мың контейнерлік бірлікке жетіп, өсім 2,5 есені құрады.Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2026 жылдары 44 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңғырту жоспарланған. Биыл жобаның 1-ші кезеңі бойынша тозығы жеткен 11,5 ш/қ жылу құбыры толық ауыстырылды.Маңғыстау облысын ауыз сумен қамту мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылды. Бүгінгі күні Каспийден балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алу жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделуде.2024 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер 1 трлн.теңгенің өнімін шығарды. Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 17,5 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, 411 жұмыс орны сақталды. Сондай-ақ, 373 жаңа жұмыс орыны ашылуда.Маңғыстауға шет мемлекеттер мен ел аймақтарынан 215 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі де 40% өсіп, 6,6 млрд.теңгені құрады.Білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл Маңғыстау облысында 4 800 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді, 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 13 мектептің құрылысы жүруде.Сондай-ақ, Ақтау қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Биыл Маңғыстауда лизингтік қаржыландыру арқылы метан отынымен жүретін 120 автобус сатып алу жоспарланды. Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/908337
Ақтауда Президент шыршасы өтті 24.12.2024
24 желтоқсанда, Ақтауда дәстүрлі Президенттік жаңажылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға 200 бала қатысты. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда, спортта және шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар бар.Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.- Балалар – біздің болашағымыз. Олардың әрқайсысы бақытты балалық шаққа лайық. Мемлекет басшысы әрдайым жас ұрпаққа қолдау көрсетіп, оларды барынша қамқорлыққа алады. Бүгінгі мерекелік шырша – соның жарқын үлгісі. Сіздердің сапалы білім алып, мықты маман атануларыңыз үшін өңірде жаңа мектептер ашылуда. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бақыт пен сәттілік тілеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.Шара аясында балалар үшін түрлі театрландырылған қойылымдар, ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Аяз Ата, Ақшақар және 2025 жылдың символы – жылан кейіпкерлері қатысқан бағдарлама балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге, аймақтың шығармашылық ұжымдарының музыкалық шоуы өтіп, балалар ән айтып, би билеп, мерекелік шыршаның шамдарын жағу рәсіміне қатысты.Сондай-ақ, мерекеге қатысушы балалар үшін Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына және Қабиболла Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханаға экскурсия ұйымдастырылады.Айта кетейік, 5–24 желтоқсан аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Ғажайыптар орнағанда» атты Жаңа жылдық карнавалға облыстан 12 дарынды оқушы жіберілді. Ал 25 желтоқсанда Астанада Президент атынан өтетін «Жаңа жыл республика төрінде» республикалық шыршаға Маңғыстау облысынан әлеуметтік қолдау санатындағы 5 бала барады.Шара соңында барлық балаларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы жаңажылдық сыйлықтар табысталды.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/908342
Хабарландыру 24.12.2024
Шығыс Қазақстан облысы «Ашық деректердің қосымша жинақтарына қажеттілікті анықтау үшін сұрау» тақырыбына сауалнама өткізу басталғаны жөнінде хабарлайды. https://dialog.egov.kz/surveycontroller/index#/view?id=5986 сілтемесі бойынша аталған сауалнама қолжетімді.Осы сауалнамаға қатысуларыңызды сұраймыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/907395
Астанада Қазақстан туризмінің болашағы талқыланды 24.12.2024
Астанада «Қазақстан туризмінің болашағы: стратегиялар, сын-қатерлер және шешімдер» атты стратегиялық сессия өтті. Қатысушылар саладағы негізгі сын-қатерлерді талқылап, 2024 жылдың жетістіктерін қорытындылады. Сондай-ақ саланың болашақтағы даму жоспарын айқындады.Сессияға ҚР Үкіметі Аппараты мен ҚР Сыртқы істер министрлігі секілді мемлекеттік құрылымның өкілдері, Kazakh Tourism және Kazakh Invest ұлттық компанияларының басшылары, сондай-ақ Қазақстан туристік индустриясының жетекші халықаралық сарапшылары мен өкілдері қатысты. Халықаралық спикерлер арасында Marriott International және Gratiya Advisory компанияларының өкілдері сөз сөйлеп, әлемдік тәжірибелерін ортаға салды.Іс-шара барысында саланың 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды. Мәселен, биыл шетелдік туристер ағыны 11,5 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Орналастыру орындарының табысы 27%-ға артып, 224 миллиард теңгеге жетті. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік туристік нарықтағы имиджін нығайтуға ықпал еткен «Қазақстан бойынша гид» атты ауқымды конкурс пен қазақстандық белгілі тұлғалар қатысқан халықаралық жарнамалық науқандар сынды жобалар іске асырылды.«Жыл басынан бастап жеке инвесторлар мен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға назар аудару қажет. Сонымен қатар туристік салаға тікелей шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Бұдан бөлек, курорттық аймақтардың инженерлік-инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін жақсарту үшін, соның ішінде жолдар, электрмен қамтамасыз ету және су құбыры жүйелері бойынша қажетті нормативтік құқықтық актілер мен заңнамаға өзгерістер енгізу маңызды», – деп атап өтті Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.Жиында мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіруге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Kazakh Tourism-нің стратегиялық рөліне ерекше назар аударылды.Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстандағы туризмді дамыту үшін нақты қадамдарды айқындап, Kazakh Tourism функцияларын жетілдіру, жаңа қаржыландыру тетіктерін енгізу және еліміздің халықаралық туристік алаңдағы орнын нығайту мәселелерін қарастырды.Туризм және спорт министрлігі Қазақстанның туристік саласының тұрақты өсуіне негіз болатын сындарлы диалог пен ынтымақтастық үшін барлық қатысушыларға алғыс білдіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/907952
Павлодар облысында 24 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады: Серік Жарасбаевтың халықпен кездесуі 24.12.2024
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Павлодар облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, спортшылар, жаттықтырушылар, БАҚ өкілдері және басқа да тұлғалар қатысты. Кездесу барысында министрдің орынбасары министрліктің туризм және спорт саласындағы негізгі бастамалары, сондай-ақ «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңартылған заң жобасы туралы баяндады. Серік Жарасбаев Мәжілісте бірінші оқылымда қабылданған жаңа заң жобасына балалар мен бұқаралық спортты дамытуға, қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және ұлттық спорт түрлерінің рөлін нығайтуға бағытталған маңызды өзгерістер енгізілгенін атап өтті. «Спорт саласында ресурстарды ашық және әділ бөлу – чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеуге және барлық ел азаматтарына қолайлы жағдай жасауға негіз болады», – деді ол. Кездесу барысында 2025 жылы спорт мектептерінде жан басына шаққанда қаржыландырудың пилоттық жобасын енгізу жоспарланып жатқаны айтылды. Жиынға қатысушылар облыстың спорт инфрақұрылымын дамытудағы жаңа тәсілдерге қызығушылық танытты. Серік Жарасбаев Павлодар облысында 24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейтінін, онда 24 356 оқушы жаттығатынын және министрлік Дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын (E-sport) іске асыруды жалғастырып жатқанын айтты. Аталған платформа саланы модернизациялауда маңызды қадам болмақ. «Әрбір аймақ, әрбір спорт мектебі балалар мен жастар үшін қызықты орталыққа айналуға тиіс. Біздің міндетіміз – спортты қолжетімді әрі тартымды ету, сондай-ақ әрбір адамның спорттық әлеуетін толық ашуға жағдай жасау», – деді Серік Жарасбаев. Министрдің орынбасары есеп беру кездесуінен кейін азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ өңірдегі бірқатар спорт нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/907954
Харбиндегі қысқы Азиадаға Шығыс Қазақстан облысынан 15 спортшы қатысады 24.12.2024
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірдегі бірқатар спорт нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты.Сапар барысында Министр Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне барды. 2013 жылы қолданысқа берілген спорт кешенінде жыл бойы жаттығу жасау үшін барлық жағдай жасалған, сондай-ақ мұнда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.Сонымен қатар ведомство басшысы Өскемендегі Үстел теннисі орталығын аралады. Орталық үстел теннисі бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв спорт мектебінің базасында құрылған. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ғимарат заманауи спорт құралдарымен жабдықталған. Орталықта спортшылардың жарыстан кейін немесе жарақат алған кезде физиотерапия ем-шараларын алып, қалыпқа келуіне мүмкіндік беретін дәрігерлік-денешынықтыру диспансері бар.Туризм және спорт министрі Үстел теннисі орталығында олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша облыстың аға жаттықтырушыларымен кездесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында Министр аймақ спортын дамыту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және спортшылардың дайындық деңгейін көтеру қажеттілігін атап өтті.Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жабық футбол стадионы мен теннис академиясын салу жобасын таныстырды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының өңірге жасаған сапары кезінде тапсырылған болатын.«Шығыс Қазақстан облысы – елімізді әлемге танытып, көк байрағымызды желбіреткен талантты спортшыларды дүниеге әкелген өңір. Бұл аймақта даңқты хоккейші Борис Александров, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, фристайлдан қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева сияқты дарынды спортшыларымыз дүниеге келген. Жалпы, ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың негізгі орталығы саналады.Сол себепті дайындық барысында қолда бар әлеует пен ресурстарды тиімді пайдалану қажет. Келесі жылы Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары өтетіні белгілі. Қазақстан құрамасынан 6 спорт түрінен 139 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан биатлон, тау шаңғысы, шорт-трек және шайбалы хоккей сияқты спорт түрлерінен 15 спортшы бақ сынайды», – деді Ербол Мырзабосынов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/906996
Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланды 24.12.2024
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан футбол федерациясының ХХVІI кезектен тыс конференция отырысы өтті. Іс-шара барысында федерацияның жаңа президенті сайланды.Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне кандидаттар ретінде «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Алтай Даумов, «Ақмола облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Ербол Қайыров және «Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ атынан Марат Омаров үміткер атанды.ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжанов жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Одан кейін президенттікке үміткерлерге сөз берілді. Отырыстың ресми бөлігі аяқталған соң облыстық футбол қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің, футбол ұйымдарының және футбол мектептерінің өкілдері жаңа президентті сайлау үшін дауыс берді. Нәтижесінде қатысушылар М.Омаровтың кандидатурасын қолдады.Министр Ербол Мырзабосынов Марат Омаровты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.«Қазақстан футбол федерациясының жұмысында үлкен өзгерістер болып жатыр. Бүгін құрылымның жаңа президенті тағайындалды. Басшылыққа Марат Омаров келіп отыр. Футбол әлемдегі ең қызықты әрі танымал спорт түрі. Қазақстан үшін де дәл солай. Жаңа президенттің басшылымен ұлттық құрама жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін. Марат Талғатұлы салаға жаңаша серпін әкеліп, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибесін отандық футболдың дамуына жұмсайды деген ойдамын. Ел азаматтары футболға ерекше қызығушылықпен қарайды. Сондықтан футболды жаңаша дамытуымыз керек. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты арттыру қажет. Футболшылардың, әлемдік деңгейдегі бапкерлер мен төрешілердің дайындығына, резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу маңызды», – деді Ербол Мырзабосынов.Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл спорт түрімен 1 миллионнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде ауылдық жерлерде 537 мың адам шұғылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/906997
Маңғыстау облысында ауыз су мәселесін шешу бағытында 10 жоба іске асып жатыр 24.12.2024
Маңғыстау облысында ауыз сумен қамту әлі де өзекті. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде:Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты іске қосылды. Нәтижесінде «Астрахан - Маңғыстау» су құбырынан босаған 15 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылуда.«Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл жыл аяғына дейін бұл жұмыстарды толықтай аяқтау көзделіп отыр.Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен қуаттылығы тәулігіне 7 000 текше метр су тұщыту зауытын салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда зауыт тәулігіне 5 мың текше метр ауыз су беріп отыр.Сайын Шапағатов ауылында жеке инвестор тарапынан қуаттылығы тәулінгіне 6500 текше метр су тұщыту қондырғысы орнатылды. Бүгінгі күні қондырғы 4000 мшекше метр ауыз су өндіріп, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылдарын ауыз сумен қастамасыз етіп отыр.Қондырғының қуаты алдағы уақытта арттырылатын болады.«Биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, «МАЭК» аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталды. Зауыт құрылысы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда және аталған жобаларды 2025 жылға дейін аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз»,- деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.Су ресурстарының баламалы көздерінің бірі – Ақтау қаласынан 43 шақырымда орналасқан «Құйылыс» кен орны. Бүгінде құбыр толығымен ескірген. Сондықтан осы кен орнының суын игеру үшін «Каспий» су тұщыту зауытына дейін су құбыры жаңартылуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жіті бақылауында тұр.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906399
Маңғыстау облысында «Кендірлі» курортты қаласы салынады 24.12.2024
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстауға шет мемлекеттер мен ел аймақтарынан 215 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі де 40% өсіп, 6,6 млрд.теңгені құрады. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында «Жылы жағажай» ауданында орналасқан инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырған болатын. Осы тапсырма шеңберінде 2027 жылға дейін өңірде инвестициялық құны 100 млрд.теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыруды жоспарланды. Биыл 8,5 млрд.теңгеге 3 жоба іске қосылды.«Президент тапсырмасына сәйкес, «Кендерлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленді. Бұл аймақта жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды. Жоба іске асқан кезде Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып, негізгі жүктеменің төмендеуіне әсер етеді»,- деді Нұрдәулет Қилыбай.Сондай-ақ, келер жылы Маңғыстау өңіріндегі «Жыланды» мүйісі туристік орын ретінде абаттандырылып, Бекет Ата жолының бойынан саяхаттаушылар үшін визит-орталығы салынады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906423
Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға жаңартылады 24.12.2024
Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.Былтыр Маңғыстауда лизингтік қаржыландыру арқылы метан отынымен жүретін барлығы 120 автобус сатып алынды. Оның 70 данасы Ақтау қалаішілік маршруттарға, қалған 50 данасы ауданаралық қоғамдық көлік маршруттарына берілді.Биыл да өңірде қалыптасқан механизм арқылы 120 автобус сатып алу жоспарланды. Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде.Қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары «Каспий» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасына сәйкес жүргізілуде.Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға жаңартылады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906426
Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығы қайта жандануда 24.12.2024
Биыл Маңғыстау облысында балықпен айналысатын 3 кәсіпорын 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді. Ал, 2025 жылы өңірде 286 тонна балық өсіру жоспарлануда. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтып берді.Биыл Түпқараған ауданында бекіре балығы мен уылдырық өндіретін ферма салу үшін 56 гектар жер учаскесі берілді. Ферма құрылысы 2025 жылдың басында басталады деп күтілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Маселен Швейцарияның әйгілі балық фермасы бассейнде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және ас уылдырығын өндіру жобасын іске асырады. Жоба құны құны 4,2 млрд теңге. Ал, Қарақия ауданында шаян тәрізділер мен балық өсіру жобасы іске асырылады.Жалпы 2025-2027 жылдары құны 12 млрд.теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде ең ірісі – «Organic fish» серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна, инвестициялық құны 7,4 млрд теңге.Аталған жобалар іске қосылған жағдайда «Қазақстанда жасалған» деген отандық бренд қалыптасып, ел нарығын жергілікті өніммен қамту жоспарланып отыр.Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылды. Бүгінгі күні Каспийден балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алу жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделуде.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906431