Технология
Серік Жұманғарин Кабулда Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумын ашты 06.07.2026
Бүгін Кабулда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хаджы Нуриддин Азизи жыл сайынғы Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумын ашты. Бұл жолы форум Кабулда өтті. Форумға агроөнеркәсіп кешені, технология, машина жасау, химия өнеркәсібі мен IT саласындағы 50-ден аса компания, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысуда.2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $541,8 млн-ды құрады. Сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында сауда айналымын қысқа мерзімде $3 мkрд-қа жеткізу міндеті тұр.Қазақстан Ауғанстанды стратегиялық әріптес және оңтүстік және Орталық Азия өңірінің негізгі логистикалық хабы ретінде қарастырады. Ағымдағы ынтымақтастық шеңберінде жеткізілімдердің тауар номенклатураларын кеңейту, инвестициялар үшін жағдайлар жасау, логистикалық және сертификаттық кедергілерді жою, бизнес пен электрондық сауда алаңдары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту жоспарлануда.«Біздің тарапымыздан біз ауғандық әріптестерімізге астық, ұн, майлы дақыл, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, өнеркәсіптік жабдық және басқа да сұранысқа ие тауар жеткізудің бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл ретте Қазақстан экспортқа ғана емес, сонымен қатар Ауғанстан аумағында, әсіресе тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тоқыма сияқты салаларда бірлескен өндірістерді іске асыруға мүдделі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.Бизнес өкілдері мұндай бизнес-форумдар айтарлықтай маркетингтік әсер ететінін атап өтті. Олардың айтуынша, компаниялардың ресми делегациялардың сапарларына қатысуы шетелдік әріптестер тарапынан сенім деңгейін арттырып, іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.«Біз алғаш рет 2023 жылы осы алаңда өткен бизнес-форумға қатыстық. Осы сәттен бастап күнбағыс майын жеткізу көбейе бастады. Егер 2022-2023 жылдардағы маусымдарды салыстыратын болсақ, жеткізілім көлемі 17 мың тонна. Ағымдағы маусымда 75 мың тоннаға жетті. Үш маусымда біз жеткізілім көлемін төрт еседен аса арттырдық. Келесі маусымдағы біздің келесі міндетіміз-күнбағыс майын жеткізуді 110-120 мың тоннаға жеткізу», — деп атап өтті Қазақстанның май саласы қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.Қазақстан-ауған бизнес-форумы барысында Серік Жұманғарин Ауған тарапына «BARK Technology» қазақстандық компаниясының бірегей инновациялық әзірлемесін - «BARK VibroLUNG» өкпе виброакустикалық терапиясының медициналық аппаратын сыйға тартты.Аппарат виброакустикалық әсер ету арқылы тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартуға және тыныс алу жолдарын тазартуға арналған. Технология медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал ете отырып, тыныс алу органдарының сырқаты бар пациенттерді кешенді терапия мен оңалтуда тиімді қолданыла алады.Сондай-ақ, форум алаңында «Konsung Technology» ЖШС қазақстандық компаниясы өндіретін HES-7 жүйесімен жабдықталған мобильді диагностикалық кешен таныстырылды. ЖИ көмегімен HES-7 жүйесі ЭКГ және функционалды диагностика жүргізуге, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, бауырдың, бүйректің, қан мен өкпенің ауруларын анықтауға, қант диабетін диагностикалауға, зертханалық экспресс-талдаулар жүргізуге және емдеуді жедел тағайындауға мүмкіндік береді. Бизнес-форумның қорытындысы бойынша Ауғанстанға $45 млн сомасына осы мобильді жабдықтың 4500 бірлігін жеткізу келісіміне қол қойылмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1244678?lang=ru
2026 жылы ШҚО-да кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған 06.07.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, өңірдегі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты, сондай-ақ кәсіпкерлермен бизнесті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.Сапар барысында вице-министр DEMEY оңалту және түзету орталығында, «Молочный Экспресс» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіру кәсіпорнында және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізудің маңызды инфрақұрылымдық нысанына айналатын салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығында болды.Сапардың негізгі іс-шарасы бизнес қауымдастығының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу болды. Ерлан Сағынаев кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері туралы баяндады.Кездесуге қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді, сауданы, туризмді, логистиканы және өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.«Іскер аймақ» субсидиялау бағдарламасы аясында 297,4 млн теңге сомасына 3 жобаға қолдау көрсетілді. Қазіргі уақытта жалпы құны 1,48 млрд теңгені құрайтын 13 жобаның мақұлдануы күтілуде.Кепілдендіру құралы бойынша жыл басынан бері Кепілдік қоры аясында жалпы несие сомасы 16,4 млрд теңгені құрайтын 38 жобаға қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 6,4 млрд теңгені құрады.Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау бағдарламасы шеңберінде жалпы несие сомасы 14,3 млрд теңгені құрайтын 46 жобаға қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 12,1 млрд теңгені құрады.Кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыру және кәсіпкерлік қызметті жүргізу барысында туындайтын мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген барлық мәселелер одан әрі пысықтауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1244643?lang=ru
Қазақстандық дәрігерлер тобы және 319 тонна гуманитарлық көмек: Қазақстан делегациясы Ауғанстанға ауқымды миссиямен барды 06.07.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды. Қазақстан Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық көмектің кезекті партиясын, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобын жіберді.Делегация құрамына Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман кірді. Ауғанстандағы қазақстандық медицина күндері шеңберінде олар бір апта бойы кеңес беріп, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, ауған әріптестері үшін шеберлік сыныптарын өткізеді.Серік Жұманғарин гуманитарлық көмек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Ауғанстан халқын қолдаудағы дәйекті саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.Гуманитарлық жүктің жалпы салмағы – 318,8 тонна. Оның құрамына 1,867 тонна дәрілік препараттар (вирусқа қарсы, гипогликемиялық, гастроэнтерологиялық, жүрек-қан тамырлары, бронходилататорлар және басқа да препараттар) және медициналық бұйымдар, 300 тонна қант, 100 орындық жазғы шатырлар, төсек-орын жабдықтарын және басқа да қажетті заттар кіреді. Жүктің негізгі бөлігі, 8 вагон, Балх провинциясындағы Хайратон стансасына теміржол арқылы, кейбір дәрі-дәрмектер делегациямен бірге әуе көлігімен жеткізілді. Гуманитарлық көмек жеткізуді KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырды. «Біз Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы басты стратегиялық маңызды әріптесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Тұрақты және гүлденген Ауғанстан бүкіл аймақтың бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор екеніне сенімдіміз. Еліміз жіберген гуманитарлық көмектің кезекті легі тек қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық, құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгін бізбен бірге қазақстандық медициналық ұйымдардан жетекші тоғыз маман – педиатрлар, гастроэнтерологтер, хирургтар, травматологтер және басқа да маман дәрігерлер келді. Олар жергілікті тұрғындарға қажетті көмек көрсетіп, ауған мамандары үшін шеберлік сыныптарын өткізеді. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауда дәрігерлер үшін нақты шекара жоқ. Осылайша біз өткен жылы басталған медициналық миссияны жалғастырудамыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Аймақтық орталығы халықаралық және аймақтық өзара іс-қимылды үйлестіру үшін платформа болады. 2026 жылғы 17 маусымда Қазақстан Президенті Алматыда Орталық құру туралы заңға қол қойды. Аймақтық орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту, тұрақты дамудың 17 мақсатын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық және өңірлік күш-жігерді үйлестіру, сауда-экономикалық байланысты дамыту және инвестиция тарту. Жалпы, Алматыдағы БҰҰ Орталығы ауғандықтардың қатысуымен Ауғанстанның тұрақты дамуының ұзақмерзімді стратегиясын қалыптастыру үшін халықаралық алаң бола алады.Анықтама:БҰҰ дерегі бойынша, бүгінде ауғандықтардың 45 млн тұрғынынан 30 млн-ға жуығы гуманитарлық көмекке мұқтаж. 5 жасқа дейінгі 1,3 млн–ға жуық бала дұрыс тамақтанбау салдарынан емге зәру.Қазақстан – Орталық Азия елдері арасындағы Ауғанстанға гуманитарлық көмектің ірі жеткізушісі. Біздің еліміз жиырма жылдан астам уақыт бойы Ауғанстанға 2021 жылдан бастап тұрақты негізде гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Кейінгі бес жылда елге ондаған мың тонна ұн мен азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, шатырлар, тұрмыстық заттар, жылы киімдер және басқа да қажетті тауарлар жіберілді.Қазақстанның Ауғанстандағы алғашқы гуманитарлық миссиясы 2025 жылғы қарашада өтті. Сол кезде 13 қазақстандық дәрігер он күн ішінде 44 ота жасап, жүзден астам пациентке медициналық көмек көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1244637?lang=ru
Fitch Ratings Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам - «Тұрақты» 06.07.2026
Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның BBB деңгейіндегі тәуелсіз кредиттік рейтингін растады, болжам – «Тұрақты».Агенттіктің бағалауы бойынша Қазақстанның рейтингі елдің мықты сыртқы ұстанымымен, таза шетелдік активтердің едәуір көлемімен, сондай-ақ үкіметтік борыштың төмен деңгейімен қолдау табады.Fitch 2026 жылы мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстанның сыртқы позициясын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Ұлттық қордың валюталық активтері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда арта отырып, 2026 жылғы мамыр айының соңындағы жағдай бойынша 66,4 миллиард АҚШ долларына жетті. Агенттіктің болжамы бойынша таза шетелдік активтер бойынша Қазақстанның ұстанымы рейтингі сәйкесетін елдердің арасында ең мықты болып қалуда.Сыртқы орнықтылыққа қосымша қолдауды елдің халықаралық резервтері көрсетеді, олардың көлемі 2026 жылғы мамырда 67,6 млрд АҚШ долларына жетті. Әлемдік нарықтарда алтын құнының жоғары болуы резервтердің өсуіне елеулі әсер етеді.Агенттік үкіметтік борыштың төмен деңгейі 2026-2027 жылдары – ЖІӨ-нің шамамен 23% сақталуын болжайды.Сарапшылар Қазақстан экономикасы 2025 жылы 6,5% деңгейінде өскенін, бұл ретте өсу сипаты кең болғанын және көлік секторы көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуімен қатар жүргенін атап өтті. Fitch көлік, шикізаттық өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер салаларын қоса алғанда, орта мерзімді перспективада экономикалық белсенділікті жалғастырады деп күтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1244510?lang=ru
Пирамида тәсілі ауыл шаруашылығы өнімінен алынатын ҚҚС-ты алмастырады 05.07.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсесінің 18-ші отырысында құжаттағы ең көп талқыланатын нормалардың бірі – нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылған ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және кәсіпшілік балық аулау өнімдеріне қатысты ҚҚС бойынша жеңілдіктерді қолдану тәртібі қаралды.Бұл жерде әңгіме экспорт кезінде осындай өнім бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға азайтуды көздейтін Салық кодексінің 484-бабының нормасы туралы болып отыр. Салалық қауымдастықтармен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және экспорттаушылармен талқылау барысында экспорттық жеткізілімдер бойынша ҚҚС-ты толық өтеу мүмкіндігін сақтау отандық аграрийлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.Жобалық кеңсе отырысының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзету қолданылмайды деген шешім қабылданды. Яғни, Салық кодексінің 484-бабының осы нормасы жойылады. ҚҚС-ты қайтаруға қойылатын талаптардың негізділігі «пирамида әдісі» деп аталатын салықтық тексерумен расталады. Бұл тауар қозғалысының және салық төлеудің бүкіл тізбегін – ауыл шаруашылығы өндірушісінен экспорттаушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай тексерудің оң нәтижелері болған жағдайда экспорттаушы бұрын төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтара алады.Бұл ұсыныс Салық кодексіне түзетулердің жалпы пакетіне енгізіліп, Құрылтайдың қарауына жіберілетін болады. Ол қабылданған жағдайда аталған өзгерістер жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап ретроспективті түрде қолданылмақ.Есепке алу ҚҚС түзету жөніндегі норманы енгізу кезінде бір мезгілде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдік кеңейтілді: бюджетке төленуге жататын ҚҚС сомасын азайту мөлшері 70% - дан 80% - ға дейін ұлғайтылды. Экспорттық ҚҚС-ты қайтарудың бұрын қолданыста болған тетігін сақтау туралы шешім қабылданғандықтан, жеңілдіктің бұрынғы мөлшері - 70%-ды қалпына келтіру ұсынылады.Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп ҚҚС қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалану тетігін пысықтауда. Оны енгізу бойынша жұмысты биыл аяқтау жоспарлануда. Бұл құрал ең алдымен экспорттаушыларға бағытталған және ҚҚС қайтару мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте оны қолдану тек ерікті сипатқа ие: бизнес ҚҚС қайтарудың қолданыстағы тәртібі мен цифрлық теңгені пайдалану тетігі арасында таңдау жасай алады. Серік Жұманғарин атап өткендей, шешім қабылдау кезінде салалық қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен экспорттаушылардың ұсыныстары ескерілді. Таңдалған тәсіл аграрлық секторды қолдаудың қолданыстағы шараларын сақтауға, экспорттаушылар үшін тұрақты және болжамды жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін қолдауға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1243989?lang=ru
Серік Жұманғарин: Бизнестің мал шаруашылығын жүргізу тәсілі түбегейлі өзгеруі тиіс 05.07.2026
Абай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірдің фермерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Облыс экономикасы өсуінің негізгі бағыттарының бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешен мен мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылды.Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, ауыл шаруашылығы өңірлік экономиканың негізгі драйверінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі алғаш рет 583,8 млрд теңгеге жетіп, екі жылда 1,4 есеге ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің жартысынан астамы мал шаруашылығына тиесілі.Кездесуде саланы жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Серік Жұманғарин қазіргі заманғы мал шаруашылығы жаңа тәсілдерді, цифрландыруды және озық әлемдік технологияларды енгізуді талап ететінін атап өтті. Бүгінде мемлекет мал шаруашылығын дамытуға қомақты қаражат бөлуде, ол жылдық 6%-бен 220 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыру. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында биыл өңірге тауарлы сүт фермаларын салу жобасына 7 млрд теңге жеңілдікпен қаржыландыру бөлінді. Алайда, вице-премьер атап өткендей, бизнес тәсілдері түбегейлі өзгеруі тиіс.«Біз мың жыл бойы мал шаруашылығымен айналысқанымызды мақтан тұтамыз. Бірақ бүгін цифрландыру дәуірі келді. Жайылымдағы малды босатып, оның өзі салмақ қосуын күтетін кездер өтті, бұл тиімсіз. Мал өсірудің озық технологияларын, австралиялық, канадалық тәжірибені енгізу қажет», — деп атап өтті вице-премьер.Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы аясында Абай облысында 13,2 млрд теңгеге 176 фермер жеңілдетілген несие алғанын хабарлады. Бұл 125 мың гектар егіс алқабын қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Шаруалар үшін қарыз қаражатының құнын төмендету мақсатында «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85%-на дейінгі мөлшерде кепілдік беру жалғасады. Бұл кредиттеу мөлшерлемесін түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 5% деңгейінде ұстап қалуға мүмкіндік береді.Сондай-ақ шаруаларға жылдық ставкасы 6%-дан аспайтын ауыл шаруашылығы асыл тұқымды мал басын сатып алу үшін «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімі ұсынылды. Шалғайдағы мал шаруашылығын қолдау үшін жайылымдық инфрақұрылымды дамытуды қаржыландыруды көздейтін «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылады.Жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуді арттыру үшін кредиттеу жүйесіне өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қосылды. Бұл шараларды жүзеге асыру Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының толыққанды орындалуын қамтамасыз етуге және саланың жедел өсуіне негіз жасауға мүмкіндік береді.Сондай-ақ кездесуде салық инновациялары талқыланды. Бюджеттік жоспарлауды болжау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеушілердің тізбесін үш жылдық кезеңге бекіту және аудандарды қолдау үшін жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін қайта қарау ұсынысы жұмысқа қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1243021?lang=ru
Абай облысындағы жаңа ет комбинаты аты аңызға айналған Семей бұқтырылған ет шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын болады 05.07.2026
Абай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Eurasia Agro Semey» ЖШС ет өңдеу кешені құрылысының барысымен танысты. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған.Кешен Семей қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан және мал қабылдаудан бастап, шұжық өнімін, жартылай фабрикатты, ет консервілері мен деликатес өнімін шығаруға дейінгі толық циклді вертикалдық интеграцияланған кәсіпорын болып саналады. Өндірістік қуаттылығы 100 бас ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ бір ауысымда 1 мың басқа дейін ұсақ малды құрайды. Кәсіпорында 250 жаңа жұмыс орны ашылады.Компания басшылығының айтуынша, жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын еліміздегі ең ірі ет өңдеу кешеніне айналады. Оның тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету үшін зауыттың айналасында толыққанды ет кластері құрылады. Мұнда фермерлік шаруашылық, бордақылау алаңы, жем-шөп өсіруге арналған суармалы жер және басқа да іргелес өндірістер бар.Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның ет өңдейтін тарихи орталығының бірі ретінде Семейдің гастрономиялық даңқын жандандыруға бағытталған.Жобаның ерекше мақтанышы Кеңес Одағы кезінен бері танымал болған әйгілі Семей бұқтырылған етінің қайта жандануы. Бір кездері Семей ет комбинаты КСРО-ның ірі ет өнеркәсібі кәсіпорыны қатарына кіріп, өнім сапасы үшін бірнеше рет салалық марапатқа ие болған еді.Кәсіпорын директоры атап өткендей, жаңа өндірісте аты аңызға айналған комбинаттың кадрлық әлеуеті сақталған. Жобаны жүзеге асыруға кеңестік жылдары кәсіпорында жұмыс істеген мамандар қатысады. Бұл Семей ет өнімінің даңқын шығарған дәстүрлі технология мен рецептті қалпына келтіруге мүмкіндік береді.Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин сонымен қатар «Qazaq-Astyq Group» ЖШС мұнай экстракция зауытын, «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақ және майлы дақылды қайта өңдеу кәсіпорнын және орау өнімінің көптеген түрін шығаратын «Қазполиграф» ЖШС-ні қоса алғанда, өңірдің бірқатар қайта өңдеу кәсіпорынын аралады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1243014?lang=ru
«Даму» қорының мобильді фронт-офистерінің арқасында шалғай аудандағы 300-ден аса кәсіпкер бизнесті дамыту бойынша кеңес алды 05.07.2026
Абай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шалғайдағы елді мекендегі кәсіпкерлердің облыс орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызмет пен консультация алуына көмектесетін «Даму» қорының мобильді фронт-офистерінің жұмысымен танысты.Мобильді фронт-офис дегеніміз мамандандырылған шағын автобус. Онда «Даму» қорының консультанттары, әкімдіктердің, екінші деңгейдегі банктердің, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және консалтингтік ұйым өкілдері ауыл-қалаларға барады. Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жергілікті жерде кеңес алып, қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға өтінім бере алады.Мобильді фронт-офистердің жұмысы шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдік пен жеңілдікпен кредит беру, микроқаржыландыру, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау құралдары, сондай-ақ оқыту, консультациялық сүйемелдеу мен кәсіпкерлік құзыретті дамыту секілді қаржысыз қолдау шарасы бойынша ақпарат беріледі.«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев атап өткендей, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы туралы кәсіпкерлерді ақпараттандыруға ерекше назар аударылуда.«Биыл "Даму" қорының өңірлік филиалдары базасында біз "Бәйтерек" холдингінің бірыңғай фронт-офисін іске қостық. Жыл басынан бері бізге кәсіпкерлерден 12 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде Абай облысынан 553 және Шығыс Қазақстан облысынан 609 өтініш бар», — деді Фархат Сәрсекеев.Бүгінде мобильді фронт-офистер Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Жақын арада жоба еліміздің тағы бес өңіріне таратылады. Осы бастаманың арқасында 300-ден астам адам консультациялық қолдау алған.Шалғайдағы елді мекендерге барудан басқа, мобильді фронт-офистер өңірлік көрмелерде, жәрмеңкелерде және іскерлік шараларда жұмыс істейді. Кәсіпкерлер тікелей сол жерде кеңес ала алады.Семейде мобильдік фронт-офис Орталық Арбаттағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі шеңберінде орналастырылды. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларымен және қаржыландыру құралдарымен танысуға мүмкіндік алды.Talpyn Semey балалар білім беру орталығының басшысы Меруерт Жұмашева жұмыстың мобильді форматының арқасында алғаш рет мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алғанын атап өтті.«Мен жәрмеңкені қызықтауға келіп, ондағы мобильді фронт-кеңсені көргенде таң қалдым. Осындай іс-шараларда мамандардың өздерінің отыруы өте ыңғайлы. Уақыт жұмсамай-ақ кеңес алуға болады. Қазір біз білім беру орталығын одан әрі дамытудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сондықтан мен үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру құралдары туралы білу маңызды», — дейді кәсіпкер.IT саласындағы жеке кәсіпкер Ринат Жақашев жұмыстың жаңа форматын да жоғары бағалайды.«Қазір мені субсидиялау мүмкіндігі қызықтырады. Өзім жеке қосымша құруды жоспарлап отыр едім. Ондағы негізгі шығындар әзірлеуге емес, өнімді жылжытуға байланысты. Мен үшін «Өрлеу» бағдарламасы ыңғайлы. Себебі онда қолайлы шарттар бар. Мобильді кеңсе тамаша идея екен. Тек оның келетінін алдын ала білсең болды», — дейді ол.Жақын арада мобильді фронт-офистер базасында шағын бизнеске арналған консультациялық-оңалту орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпкерлер даму, жобаларды кеңінен тарату және бизнесті жүргізуде туындайтын қиындықты еңсеру мәселесінде қолдау ала алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1243006?lang=ru
ҰЭМ отандық өндіріс үшін импортталатын тауарлардың тізімін жаңартуды жоспарлап отыр 04.07.2026
ҚР Ұлттық экономика министрлігі отандық кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін импортталатын шикізат тізбесін кеңейтетін түзетулер әзірледі, яғни импортқа ҚҚС төлеуді кезінде кейінге қалдыру беріледі. Өзгерістер елдің өңдеу және химия өнеркәсібін қолдауға бағытталған.Бұйрық жобасы қазақстандық өнімді, оның ішінде пестицидтерді шығару үшін қажетті шикізат пен компоненттердің қосымша позицияларының тізіміне енгізуді көздейді. Сонымен қатар, ҰЭМ осы шараға құқығы бар салық төлеушілердің тізімін өзектендіреді.Бұл ретте өндірісі ел ішінде толығымен жолға қойылған тауарларды қолданыстағы тізбелерден алып тастау жоспарлануда. Түзетулер «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын, қайта өңдеуге арналған тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына өнім өндіру мақсатында импортталатын тауарлардың, сондай-ақ осындай тауарларды импорттайтын Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің тізбелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 28 қарашадағы № 126 бұйрығына енгізіледі.Жобаны қабылдау қайта өңдеу және химия өнеркәсібі кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ қолданыстағы тауарлар мен салық төлеушілердің тізбелерінің өзектілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Құжаттың жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін келесі сілтеме бойынша орналастырылды: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15851138Талқылау 2026 жылғы 2 шілдеге дейін жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1242468?lang=ru
Қазақстан мен Иран көлік дәлізін, порт инфрақұрылымын және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге келісті 04.07.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Иран Ислам Республикасы Жол және қаланы дамыту министрі Фарзане Садек бастаған делегациямен екіжақты кездесу өткізді.Тараптар Иран президентінің 2025 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға ресми сапары барысында мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықты іске асыруды, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды, порт инфрақұрылымын кеңейтуді, өзара сауда көлемін ұлғайтып, екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты жетілдіруді талқылады.Кездесуді аша отырып, Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин Иран Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық әріптесінің бірі екенін атап өтті.«Ынтымақтастықты нығайту – мемлекет басшылары алға қойған стратегиялық міндет. 2025 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға артып, $430,2 млн-ға жеткен. Бұл одан арғы дамуды, оның ішінде Өзара сауданы $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі және Иран мен ЕАЭО арасында қол қойылған Еркін сауда туралы келісімнің арқасындағы жоғары әлеуетті көрсетеді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Фарзане Садек өз кезегінде бұл сапардың бұрын қол жеткізілген уағдаластықты іс жүзінде орындауға, қазіргі геосаяси процесс кезінде екі ел үшін де ерекше маңызға ие болып отырған көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналғанын атап өтті.Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстан мен Иран «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағытының қиылысында орналасуымен бірегей географиялық жағдайға ие болып отыр. Бұл транзиттік тасымалдың өсуі үшін едәуір әлеует.2025 жылы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 12%-ға артып, 3,5 млн тоннаға жетті. Екі ел арасындағы теміржол тасымалы 69%-ға өскен.Серік Жұманғарин маршрут әлеуетін одан әрі арттыру үшін Көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бірлескен жол картасын әзірлеуді ұсынды. Кешенді шараны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.Тараптар сондай-ақ Қытай, Қазақстан, Түркіменстан, Иран мен Түркия арасында қол қойылған бесжақты теміржол келісімінің, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркіменстан мен Иран арасында алдағы уақытта сауда мен транзиттің өсуіне қосымша жағдай туғызатын төртжақты тарифтік келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.Келіссөздердің негізгі тақырыбының бірі порт инфрақұрылымын дамыту болды. Иран тарапы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портында Қазақстанға жер телімін бөлу мәселесін келісу аяқталғанын хабарлады. Қажетті рәсімнен кейін аумақ Қазақстан тарапына беріледі.Сонымен қатар Иран Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз ететін Чабахар портында жұмыс істеу үшін мүмкіндік беруге дайын екенін хабарлады. Фарзане Садектің айтуынша, Захедан-Чабахар теміржол желісі құрылысының 90%-дан астамы аяқталған. Нысанды іске қосу алдағы айларға жоспарланып отыр. Желі іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісіне біріктіріледі.Бұған жауап ретінде Қазақстан Иран тарапына Каспийдегі ирандық компаниялардың логистикалық қызметін дамыту үшін Ақтау мен Құрық порттарындағы алаңдарды, айлақтар мен терминалдарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.Кездесу қорытындысында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықты іске асыруды тездетіп, инвестор тарту жұмысын жедел үйлестіруді қамтамасыз ету мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды жандандыру ниетін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1242038?lang=ru
Тарбағатай - табиғаттың аманаты, болашақтың байлығы! 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - ғасырлар бойы табиғат пен тарихтың үнсіз сырын сақтап келе жатқан ерекше мекен.Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғатты қорғауға бағытталған маңызды экологиялық шаралар жүзеге асырылды.Туристік маршруттар бойына қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды;Табиғат аясында демалушыларға қоршаған ортаға зиянсыз арнайы биопакеттер таратылуда;Табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және экожауапкершілікті арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.Тарбағатайдың қайталанбас табиғаты – еліміздің баға жетпес байлығы. Оны сақтау - әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.Табиғатты таза ұстайық! Болашаққа бірге қамқор болайық!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1241306?lang=ru
Жергіліктендіру, жаңа жұмыс орындары және жалақының өсуі – мемлекеттің жеңіл өнеркәсіпті қолдауының міндетті шарты 03.07.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасына енгізілген кәсіпорындарды жергіліктендіруді арттыру туралы келісімдердің тетігі мен қарсы міндеттемелері қаралды.7 бөлім мен 30 іс-шарадан тұратын Кешенді жоспар жобасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорынын қолдаудың орта және ұзақ мерзімді шараларын қамтиды.Негізгі орта мерзімді шара қатарына кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту, мемлекеттік сатып алу тетігін жетілдіру және отандық өндірушілерге тең бәсекелестік жағдай жасау жатады.Сатып алу рәсімін жеңіл өнеркәсіп кәсіпорынының өндірістік циклі ерекшелігіне бейімдеуге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудағы өнімді жеткізу мерзімін ұлғайтудың мүмкіндігі пысықталуда.Ұзақ мерзімді шаралар шеңберінде шикізат пен дайын өнімді толық қадағалау жүйесін, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіруді арттыру келісімі тетігін енгізу мәселесі қаралды.Ұсынылып отырған тетік мемлекет пен саладағы кәсіпорындар арасында келісім жасауды қарастырып, бұл ретте компаниялар қарсы міндеттемелерді өзі қабылдаған кезде қосымша қолдау шарасын ала алады.Атап айтқанда, келісімде өндіріс көлемін ұлғайту, жергіліктендіру деңгейін арттыру, қызметкерлердің жалақысын арттыру, персоналдың біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру міндеттемелерін бекіту жоспарлануда.Осындай келісім жасасқан кәсіпорындар үшін арнайы инвестициялық келісімшартты, жеңілдікпен қаржыландыруды және өзге де ынталандыру тетігі секілді мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігі көзделеді.Талқылауды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мүдделі мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне маусымның соңына дейін ұсынылған тетіктерді пысықтап, келісілген ұсыныстар беріп, оларды Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары шеңберінде одан әрі іске асыруды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1241291?lang=ru
Халық табысын арттыруға арналған жаңа жоспар алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды 02.07.2026
2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар алты негізгі бағыт бойынша 59 іс-шараны жүзеге асыруды көздейді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.Оның айтуынша, олардың арасында жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, нақты табыстың өсуі, адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, салықтық және әлеуметтік шаралар, сондай-ақ борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржылық белсенділігін жақсарту бар.Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыру, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономикалық өсудің инклюзивті моделін қалыптастыру.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1239356?lang=ru
Халықтың табысы инфляциядан да тез өсуі керек 02.07.2026
Кешенді жоспарды жүзеге асырудың нәтижесі азаматтардың әл-ауқатын тұрақты арттыру болуы тиіс. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.Оның айтуынша, негізгі мақсатты көрсеткіштердің қатарында халық табысының инфляция деңгейінен 2–3 пайыздық тармаққа жоғары өсуі, жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орындарын құру және 2029 жылға қарай инфляцияны 5–7% деңгейіне дейін төмендету бар.Сондай-ақ ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам микрокредит беру, дуальды оқытумен қамтуды ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру және халықтың тамақ өнімдеріне жұмсайтын шығыстарының үлесін тұтыну шығыстарының жалпы көлемінің 40%-на дейін қысқарту жоспарлануда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1239359?lang=ru
Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды 02.07.2026
Қазақстанда «2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар» өзектендірілді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.Оның айтуынша, құжат алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған.«Жаңа жоспар 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның орнын алмастырады және экономиканың ағымдағы сын-қатерлерін де, адами капиталды дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттерді де ескереді. Өңірлік нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу тетігін күшейту үшін әкімдіктер халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі», — деді Азамат Әмрин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1239342?lang=ru
Бордақылау алаңдарында ЖИ енгізу: Үкімет канадалық TELUS Agriculture компаниясымен пилоттық жобаларды пысықтауда 02.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин канадалық TELUS Agriculture компаниясының басшылығымен кездесті. Тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) цифрландыруға халықаралық ЖИ көшбасшыларын тарту, өнімділікті арттыру үшін жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ секторды цифрлық трансформациялаудың жол картасын бірлесіп әзірлеу мәселесін талқылады.Канадалық тарап data-centric (деректерге бағдарлану) моделі бойынша дамып, үш негізгі вертикальға бөлінген өзінің цифрлық экожүйесінің құрылымын ұсынды, олар – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және тұтыну тауарлары. Компанияның бағдарламалық жасақтамасы мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдері бүгінде әлемнің 60 елінде шамамен 101 миллион гектар егістік алқабын қамтиды және агрономдар мен әлемдегі ең ірі азық-түлік брендтеріне технологиялық қолдау көрсетеді.Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин отандық АӨК алдында дәстүрлі экстенсивті әдістерден заманауи қарқынды технологияға көшудің стратегиялық міндеті тұрғанын атап өтті.«Ет пен мал шаруашылығы өнімі – тарихи тұрғыдан біздің халқымыздың бірнеше буыны тұтынып келе жатқан негізгі асы. Бүгінгі таңда ішкі нарықта және іргелес мемлекеттердің нарығында сұраныс қарқынды өсуде. Бұл жағдайда біз өндіріс көлемі мен тиімділігін сапалы түрде арттыруымыз керек. Біздің миссиямыз – Қазақстанға жетекші халықаралық технологиялық чемпиондарды тарту және олардың тәжірибесін тікелей өндірісте тоғыстыру. Біз қазірдің өзінде цифрлық шешімдерді енгізу үшін негіз болатын 4-5 өңірлік алаңды анықтадық. Олардың қатарында «Қамыстыбас» (Қайбатар) кәсіпорнының 50 мың басқа арналған пилоттық жобасы, сондай-ақ Қарағанды облысында іске қосылған жоба бар. Біз сондай-ақ әр өңірдің ерекшелігі мен жағдайына қарай бірегей технологиялық сәйкестендіру үшін Шығыс Қазақстаннан серіктес қарастырып жатырмыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Канадалық инвесторлар Ақмола облысы мен Канаданың Альберта провинциясының климаттық жағдайы көп ретте екенін атап өтті. Бұл сынақтан өткен цифрлық хаттамаларды тиімді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді. TELUS Agriculture басшылығы Ақмола облысында топырақтың құнарлылығын бақылау, өсімдіктерді қорғау және дақылдарды дәл іріктеу үшін ЖИ және мамандандырылған бағдарламалық пилоттық жобаны іске қосуға дайын екендігін білдірді.Компанияның мәліметінше, Небраскадағы 200 мың бас ірі қара малға арналған ірі бордақылау алаңында осыған ұқсас цифрлық кешеннің енгізілгені бордақылау алаңдарының аумағын және астықты пайдалану көлемін едәуір қысқарта отырып, малдың орташа салмағын бір келі жемге шаққанда 60 грамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген (жалпы көрсеткіштердің өсуі 70%).Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Ақмола облысындағы пилоттық жобаны егжей-тегжейлі пысықтау туралы уағдаласты. Зерттеу жүргізу және жаңа технологиялық хаттама енгізу үшін ғылыми-талдамалық және білім беру базисі ретінде ҚР АШМ-ның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰКО) белгіленуі мүмкін. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда, бұл тәжірибе республиканың басқа өңірлеріне таратылады.Анықтама:TELUS Agriculture – канадалық ІT және телекоммуникациялық алпауыт TELUS компаниясының мамандандырылған бөлімшесі. Компанияның цифрлық экожүйесі өсімдік, мал шаруашылығы, ветеринария және бөлшек саудаға қатысушыларды біріктіреді. Мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету АӨК-тің негізгі процестерін автоматтандырады, мәселен, ірі қара малдың саулығы мен өнімділігін бақылайды, сауу көлемін тіркейді, азықтандыру рационын оңтайландырып, фермадан тұтынушыға дейінгі бүкіл құн тізбегі дерегінің түпкілікті интеграциясын қамтамасыз етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1239321?lang=ru
Алматы қорығы 01.07.2026
Солтүстік Тянь-Шаньның асқақ шыңдарына көз салсаңыз, аспанмен тілдескен мұзарт таулар мен әсем табиғат әлемі алдыңыздан шығады. Осы биіктік пен сұлулықтың жүрегінде табиғаттың қазынасын мәңгі сақтап келе жатқан ерекше мекен бар – ол Алматы мемлекеттік табиғи қорығы.Бұл қорық 1931 жылы құрылған. Содан бері ол табиғаттың байлығын, өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлілігін, қарлы шыңдар мен мөлдір бұлақтардың көркін өз қалпында қорғап келеді. Алматы қорығы – тек қана табиғатты қорғау аумағы емес, бұл – ата-бабадан қалған асыл аманат, болашақ ұрпаққа жолданған табиғат сыйы.Қорықтың аумағы – 71 700 гектар. Биіктік 1200 метрден басталып, Талғар шыңына дейін, яғни 5017 метрге дейін көтеріледі. Ауданда 160 мұздық бар, оның ішінде Корженевский, Шокальский және Богатырь мұздықтары. Осы мұздықтардан бастау алған көшпелі өзендер – Талғар, Есік, Шелек – тау шатқалдарына қарай ағып кетеді. Шатқалдардың ішінде жасырынған әсем көлдер бар – Есік, Бозкөл, Ақкөл, Мұзкөл. Әсіресе Есік көлі мөлдір суымен және табиғи әсемдігімен ерекшеленеді.Табиғат қорығы барлық биіктік белдеулерді қамтиды. Төменде – жапырақты ормандар, одан жоғары – шыршалы ормандар, кейін – альп‑және субальп шалғындар, ең соңында – мәңгі қар басқан тас шыңдар. Әр белдеу – өзінше бір әлем, өзінше бір тіршілік мекені.Өсімдік әлемі таң қалдырады: 1440‑тан астам өсімдік түрі, олардың 29‑ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың қатарында – Островский тюльпаны, Альберт ирисі, Недзвецкий алма ағашы және аңызға айналған Сиверс алма ағашы – қазіргі алма сорттарының ата‑бабасы. Осы өңірде 14 реликт және 18 эндемик өсімдік түрі сақталған – олар тек осы жерде кездеседі, әлемнің басқа бөлігінде жоқ.Жануарлар дүниесі де алуан түрлі. Қорықта 1100‑ден астам жануар түрі мекендейді, олардың ішінде – 41 сүтқоректі түрі, оның төртеуі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген: Қайсарлықтың иесі – қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні мен тас сусары осы өңірдің асқақ табиғатын толықтырады. Таутекелер тік шыңдарды еркін кезсе, еліктер мен маралдар жасыл алқаптарды сәндейді.Құстар әлемі – қорықтың әуезді үні. Мұнда 177 құс түрі бар, оның 12-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың ішінде – беркут, сақалтай, орақтұмсық және көк құс бар. Қорықта мекендейтін 2000-ға жуық жәндік түрі – көбелектер, қоңыздар, аралар мен құмырсқалар – экожүйедегі тіршіліктің нәзік тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді.2020 жылы Алматы мемлекеттік табиғи қорығы өзінің бірегей рельефі, əсем табиғаты мен бай биоəртүрлілігінің арқасында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық қорықтары қатарына енді. Бұл – қазақстандық табиғаттың әлемдік деңгейде мойындалған асыл қазынасы.Алматы қорығы – асқақ шыңдар әуені, мөлдір көлдер жыры, орман мен даланың табиғи үндестігі. Ол – табиғаттың жүрегінен туған мәңгілік ән, халқымыздың болашаққа қалдырған аманаты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1238739?lang=ru
Инвестициялар, инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындары: Серік Жұманғарин Торғай өңірін кешенді дамыту жөнінде кеңес өткізді 01.07.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын қаржыландыруға және жүзеге асыруға арналған кеңес өткізді.Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет қаулысымен бекітілді. Аталған Жолдауда Торғай өңірін кешенді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту қажеттігі белгіленген болатын.Үш жылдық жоспар 10 негізгі бағыт бойынша 51 іс-шараны қамтиды. Бұлар өнеркәсіп және көлік, туризм және спорт, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жылу және электрмен жабдықтау, су бұру, азаматтық қауіпсіздік.Іс-шаралар өндірістік әлеуетті дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасауға бағытталған.Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Арқалық қаласында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олардың ішінде 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруашылығы кешенін, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу. Бұдан басқа, құрама жем зауытын пайдалануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарлануда.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ағымдағы 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру жоспарланғанын хабарлады. Қазіргі уақытта іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.«Біз барлығының жоспарлы мерзімде іске асырылуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Олардың ең бастысы — Арқалық әуежайының құрылысы. Бүгінгі күні қаржыландырумен әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу толық қамтамасыз етілді. Жұмыс қатаң түрде кесте бойынша жүргізілуде. Осы жылғы тамызда нысан пайдалануға беріледі. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвестициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашады», — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.Сонымен қатар Арқалықта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр, аулаішілік аумақтар мен вокзал маңындағы алаңдар жөнделуде. Қалада университет ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ Жезқазған-Арқалық автожолын жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге өтті.«Arkalyk QUS» ЖШС құс фабрикасының тең құрылтайшысы Максим Божко кәсіпорынды екі сатылы жаңғырту жобасын таныстырды. Бұл өндіріс көлемін екі есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.«Биыл біз 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пайдалануға беруді және өзіміздің құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн дана құс үйі іске қосылады. Екі кезеңді жүзеге асыру қорытындысы бойынша құс фабрикасының қуаты жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар», — деді Максим Божко.Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға облыс әкімдігімен бірлесіп қаражатты уақтылы игеру мәселесін қатаң бақылауда ұстауды және инвесторларға жоспарланған жобаларды нақты іске қосу үшін барлық қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237952?lang=ru
Қазақстан халқының негізгі табыс көзі – еңбек нарығы 30.06.2026
Қазақстандықтардың ақшалай табысының шамамен үштен екісі жалдамалы еңбек есебінен қалыптасады. Мұндай тұжырым Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында айтылды. Кеңес жұмысына экономика және қаржы саласынан 30-дан аса сарапшы қатысты. Сарапшыларға Экономикалық зерттеулер институты әзірлеген экономикалық өсім мен халықтың нақты табысының өзара байланысын талдау, сондай-ақ алдағы төрт жылға арналған халық табысын арттырудың кешенді жоспарының жобасы ұсынылды.Экономикалық зерттеулер институтының деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері нақты ЖІӨ, жалақы және халықтың ақшалай табысының оң өсу қарқыны байқалады. Сонымен қатар жалдамалы еңбектен түскен қаржы азаматтардың әл-ауқатын қалыптастыратын негізгі табыс көзі болып отыр. 2025 жылы оның үлесі халықтың барлық ақшалай кірісінің шамамен үштен екісіне жетті.Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Біржан Бәткеев атап өткендей, жүргізілген талдау азаматтардың әл-ауқатын жақсарту экономикалық өсімді халықтың табысына берудің негізгі арналарын күшейтуді талап ететінін көрсетеді. Басымдықтар қатарында сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру мен жалақының өсуі бар.Талдау сонымен қатар маңызды салалық және аймақтық айырмашылықты анықтады. Жалақы деңгейін қоса алғанда, бірқатар көрсеткіш бойынша 2025 жылы тау-кен өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру қызметі, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көшбасшы салалар арасында ерекшеленеді.Сонымен қатар халықтың табысы тұрғысынан көшбасшы секторлар ғана емес, олардың тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашуы, қосылған құн тізбегін қалыптастыруы және экономиканың басқа секторларына серпін беруі ерекше маңызға ие. Сондықтан кірісті арттырудың басымдықтары салалық өсу қарқынын ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту ауқымын да ескеруі керек. Әл-ауқаттың өсуі үшін жұмыспен қамту және өнімділік әлеуетін біріктіретін секторлар ерекше маңызды.Сонымен қатар әл-ауқат деңгейіне инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және басқа да негізгі қызметтерге қол жеткізу әсер етеді.Талдау нәтижелері негізінде Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын арттырудың кешенді жоспары жобасын әзірледі. Құжат алты бағыт бойынша 58 іс-шараны қамтиды. Олар:- жалақыны көтеру;- сапалы жұмыс орындарын ашу;- адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру;- инфляцияның төмендеуі және нақты табыстың өсуі;- салық және әлеуметтік шаралар;- борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржы тұрақтылығын арттыру.Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Сараптамалық кеңестің қатысушыларына жоспар жобасын таныстырды.Талқылау барысында сарапшылар халықтың табыс деңгейіне сыртқы экономикалық фактор әсер ететінін атап өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, әлемдік экономикадағы сауда қайшылығы, геосаяси тұрақсыздық, экспорттық логистикадағы шектеу және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің экономикалық белсенділігінің баяулауы айтарлықтай әсер етеді. Бұл факторлар экспорттық кіріске, бюджет кірісіне және елдің жалпы экономикалық динамикасына әсер етеді.«АВЗ» ЖШС директоры Марат Баққұлов еңбек өнімділігін арттыру тәжірибесімен бөлісті.«Біздің зауытта роботтандыру екінші жыл қатарынан жүріп жатыр. Мұның нәтижесінде бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі соңғы екі жылда іс жүзінде екі есеге, 27 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін өсті. Біз біліктілігі төмен еңбекті жоғары біліктілікпен алмастырудамыз: егер бұрын бізде қарапайым слесарьлар жұмыс істесе, қазір олардың орнын инженерлер басқан. Тиісінше жалақы деңгейі де өсуде», — деп атап өтті Марат Баққұлов.Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов еңбек өнімділігін арттыру және экономиканы технологиялық жаңғырту қажеттігіне назар аударды.«Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32% болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-60%-ға жетеді. Өнімділіктің өсуінсіз жалақының өсуі сөзсіз инфляцияға әкеледі. Сондықтан агломерацияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту қажет», — деп атап өтті Ғалым Құсайынов.Отырысты қорытындылай келе, Серік Жұманғарин сарапшылардың барлық ұсынысы мұқият қаралып, алдағы кезде ескерілетінін атап өтті.«Қазірде елге жаңа өндіріспен бірге заманауи технология келетін кезеңде тұрмыз. Бұл жаңа деңгейде маман даярлауға және сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік тудырады. Сарапшылар қауымдастығымен бірге біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқат деп нені түсінетінін және халықтың табысының өсуіне қандай фактор әсер ететіні туралы ауқымды әңгіме бастадық. Экономикалық зерттеулер институты осы тақырып бойынша зерттеуді бастады. Сіздерді өздеріңіздің зерттеу, ұсыныстарыңызбен, сараптамалық пікірлеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Егер бұл мәселе тек жалақыны көтеру арқылы шешіледі десек, бірде-бір бюджет жеткіліксіз болатыны анық. Тұрақты экономикалық өсу, өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту қажет. Сондықтан біз сарапшылармен одан арғы диалог жалғасатынына сенеміз. Сараптамалық кеңестің келесі отырыстарында талқылау үшін жаңа ұсыныс күтеміз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237715?lang=ru
ЕАЭО мен ТМД әріптестігін дамыту: Астанада экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары талқыланды 30.06.2026
Елордада V Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен ТМД Атқарушы комитетінің «ЕАЭО – ТМД: прогресс жолындағы экономикалық әріптестік» атты бірлескен сессиясы өткізілді. Алаң сауда кедергілерін жою, цифрландыруды жеделдету және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін ЕЭК өкілдерін, Достастық елдерінің үкіметтерін, сондай-ақ жетекші сарапшыларды біріктірді.Талқылауға интеграциялық кеңістіктің негізгі спикерлері: ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі алқа мүшесі (Министр) Данияр Иманалиев, ТМД Экономикалық сотының төрағасы Герман Нұрбаев, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин және ТМД Бас хатшысының орынбасары Денис Трефилов қатысты.Сессия қатысушыларына арнаған сөзінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев күн тәртібін уақтылы жаңартқаны үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, әлемдік нарықтың терең трансформациясы дәуірінде аймақ мемлекеттерінің тұрақтылығы олардың ресурстарды, инфрақұрылымды және технологиялық құзыреттерді жедел біріктіру қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.«Бүгінде ЕАЭО мен ТМД арасындағы өзара іс-қимыл — бұл аймақтық күн тәртібі ғана емес, еуразиялық экономиканың жаңа архитектуралық іргетасы. Әлемдік экономика терең трансформация кезеңін бастан кешіруде: өндірістік тізбектер қайта құрылып, маршруттар өзгеруде, инвестиция мен адами капитал үшін бәсекелестік күшеюде. Мұндай жағдайда ЕАЭО мен ТМД жұмысын үндестіру ресми институционалдық үдеріске емес, экономикалық өсудің тәжірибелік құралына айналуда», - деді Асан Дарбаев.Асан Дарбаев Қазақстан үшін бизнес пен азаматтар үшін декларациядан нақты нәтижеге көшу аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Бұл өзара сауданың өсуі, өнеркәсіптік кооперацияны бастау, транзиттік әлеуетті кеңейту және шығындарды азайту туралы. Алдағы жылдары ЕАЭО – ТМД маршруттарында кедендік рәсімнен өту уақытын қысқартуға тиіс өтпелі цифрлық өзара іс-қимылды енгізу өте маңызды келесі қадам болады.Мемлекеттердің экономикалық өзара байланысының жоғары деңгейі ресми статистика дерегімен расталады. 2025 жылғы қорытынды бойынша, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы шамамен 31 млрд, ал ТМД-ның барлық мемлекетімен, 38 млрд доллардай. Салалық ынтымақтастық тұрақты өсуді көрсетеді. ЕЭК деректері бойынша, 2020-2024 жылдары аймақтың өнеркәсібі 15%-ға өскен. Ал ЕАЭО-дағы ауыл шаруашылығы өндірісі өткен жылдардағы 10%-дан кейін, 2025 жылы тағы да 4,6%-ға өсті.Асан Дарбаев күш-жігерді сәтті үндестірудің эталоны ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ немесе «Орта дәліз») дамытуды мысалға келтірді. Соңғы жеті жылда ТХКБ бойынша тасымалдау көлемі 5 еседен аса, 800 мыңнан 4,5 млн тоннаға дейін өскен. 2030 жылға қарай дәліз бойынша контейнерлік тасымалдау көлемін ұлғайту жоспарлануда.Сөз соңында вице-министр еңбек ресурстарының ұтқырлығы мен трансшекаралық қаржы сервистері көші-қон және азаматтардың әлеуметтік құқығын қорғау саласында неғұрлым тығыз үйлестіруді талап ететінін атап өтіп, қаржылық өзара іс-қимыл мәселесін қозғады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1229842?lang=ru