Enbekshi QazaQ

Технология

Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі Almaty TechCup XII технологиялық чемпионаты басталды 13.07.2026
Алматыда қала әкімі кубогы үшін робот техникасы, бағдарламалау және инновациялық технология бойынша XII ашық Almaty TechCup XII чемпионаты басталды. Биыл өңірдегі ең ірі технологиялық дода Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі») атауымен өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.Чемпионатқа Орталық Азияның бес елінен 3 мыңнан астам мектеп оқушысы, студент және жас инженер, яғни 400-ге жуық команда қатысып отыр. Екі күн бойы қатысушылар робот техникасы, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, автономды жүйелерді әзірлеу және өзге де инженерлік бағыттар бойынша бақ сынайды.Чемпионаттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев, goBILDA робототехникалық платформасының зерттеуші-инженері әрі стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Итан Доуг (АҚШ), сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.Биылғы бағдарлама 14 бағытты қамтиды, оның төртеуі алғаш рет енгізіліп отыр. Атап айтқанда, адам тәрізді роботтарға арналған шешімдерді әзірлеу бойынша хакатон, автономды көліктер жарысы, аэроғарыш технологиясы саласындағы инженерлік жобалар, робот техникасы турнирлері, дрондар жарысы, киберқауіпсіздік сайыстары және жасанды интеллектке арналған интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.Ресми ашылу рәсімінен кейін қонақтарға чемпионаттың жарыс және көрме алаңдары таныстырылды.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогын, білім грантын, ақшалай сыйлығын иеленіп, Қазақстан атынан АҚШ, Қытай және Гонконгта өтетін халықаралық инженерлік жарыстар мен чемпионаттарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250916?lang=ru
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты 13.07.2026
Заманауи өнер музейінде Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джули Стаффт және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін қатысты.Салтанатты рәсім Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Қонақтарды АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт құттықтады.Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін айтты.«Биыл Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі елдің өзара байланысы берік әрі сенімді кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», – деді Дархан Сатыбалды.Шаһар басшысы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың арқасында екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Алматының Қазақстан мен Орталық Азияға шығатын америкалық бизнес үшін табиғи қақпа ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.Қазіргі уақытта Алматыда америкалық капитал бар 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты.Дархан Сатыбалды Алматыда АҚШ Бас консулдығының жаңа кешенін салу жобасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қаланың өңірлік дипломатиялық, іскерлік, гуманитарлық және қаржы орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.Әңгіме арасында туристік және көлік байланысын дамытуға да мән берілді. 2025 жылы Алматыға АҚШ-тан 24 мыңнан астам турист келген. Ал 2027 жылға жоспарланған «Алматы – Нью-Йорк» тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екіжақты байланыстың дамуына жаңа серпін бермек.Ресми бөлімнің шарықтау шегі ретінде іс-шараның «Let freedom ring» («Азаттық үні асқақтай берсін») тақырыбы аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ Елшісі Джули Стаффт және Бас консул Мишель Еркин символикалық қоңырау соқты.Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың қаңтарында орнатылды. Бүгінде екі ел өзара құрметке, ортақ мүддеге және болашаққа деген сенімге негізделген кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250894?lang=ru
Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің алаңында Қазпошта қызметінің шарттарын жетілдіру жайы талқыланды 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – ұлттық пошта байланысы операторы «Қазпошта» АҚ қызметін салықтық реттеудің жекелеген аспектісі.Компания өкілдері отырыс барысында қатысушыларды салық заңнамасының кейбір ережелерін іс жүзінде қолдануды, олардың кәсіпорынның қаржылық қызметіне әсері туралы хабардар етті. Сондай-ақ қолданыстағы реттеу тетігін одан әрі жетілдіруге арналған ұсыныстар қаралды.Отырысқа қатысушылар Қазпоштаның әлеуметтік маңызы бар функцияларының тиянақты орындалуы мен халыққа әмбебап пошта қызметін көрсету мәселесін ерекше назарға алды.Талқылау түйіні, «Қазпошта» АҚ Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде әмбебап пошта қызметін қаржыландыруды жетілдіру ісін пысықтауы қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1250514?lang=ru
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 12.07.2026
«Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» РММ - табиғатты қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар, қызметтік мақсаты өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін,өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастықтарын, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерделеу, оларды қалпына келтіру болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 1984 жылы 12 шілдеде Қазақ КСР-нің Министрлер Кеңесінің № 294 Қаулысымен ұйымдастырылған. Қорықты құру мақсаты – Қазақстанның Оңтүстік-Батысындағы шөлдік аймақтың табиғи кешендерін табиғи күйінде сақтап қалу.Қорықтың жұмысы үш бағыт бойынша орындалады:- қорықтың аумағын қорғау, қорғалатын табиғи кешендердің табиғи күйінде сақталуын қолдау;- табиғат жылнамасын жүргізу арқылы экологиялық мониторинг жүргізу, ғылыми зерттеулер жүргізу;- жергілікті халыққа экологиялық ағарту жұмыстары арқылы табиғат қорғауды насихаттау;Қорық аумағы Үстірт платосының батыс шыңдарының бір бөлігін, платоның енсіз жолағын және кең ойысты (Кендірлі сор) алып жатыр. Әкімшілік-аумақтық бөліну бойынша қорық Маңғыстау облысы Қарақия ауданының жерінде орналасқан. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Арал-Каспий суайырығының аумағындағы Үстірт жонының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы ендік бағытта ең жалпақ бөлігі 43 км-ге (шығыс бойлығы 54˚ 09' бастап, 54˚ 55' дейін), меридиандық бағытта – 95 км-ге (1942 ж. координаталар жүйесі бойынша солтүстік ендігі 42˚ 34' - 43˚ 23') созылған. Қорықтың жалпы ауданы 223 342 га құрайды. Ол Үстірттің Батыс шыңдарының оңтүстік бөлігін (солтүстік-батыста Мәмекқазған құдығынан бастап, оңтүстікте Қызылсай шатқалына дейін), оған жалғасып жатқан Үстірт жонының жіңішке шыңды жолағын, Қарынжарық – Кендірлі-сор ойпатының шығыс бөлігі мен Карынжарық құмды алқабының фрагменттерін, сонымен қатар, Қарамая тауын қамтиды. Қорықтың ең биік нүктесі Көкесем құдығы ауданындағы Үстірттің Батыс жонында (теңіз деңгейінен +340 м биіктікте), ең төменгі нүктесі Кендірлі сордың солтүстік бөлігінде (-52 м) орналасқан.Жер бедері мен топырақтың әртүрлілігінен қорықтың флорасы мен фаунасы алуан түрлі болып келеді: қазіргі уақытта оның аумағында өсімдіктердің 403 түрі, сүтқоректілердің 33, құстардың 174, бауырымен жорғалаушылардың 15, қосмекенділерден 1 түр тіркелген.Соның ішінде ҚР Қызыл кітабына: өсімдіктерден-майда қатыран, берік сүттіген, хиуа сораңы, кәдімгі жұмсақ жеміс, бор рияңы, құстардан – кішкене аққұтан, жалбағай, қарабай, қоқиқаз, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, лашын, тазтырна, жекдуадақ, қарабас өгіз шағала, қарабауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, үкі; бауырымен жорғалаушылардан: Палассов қарашұбар жыланы; сүтқоректілерден: арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, итаю, сабаншы, шұбар күзен, шағыл мысығы, Оңтүстік-Батыс Азия қабыланы, ақбауыр жарқанат енген.Қорықтың әкімшілік ғимараты Жаңаөзен қаласында орналасқан. Қорық әкімшілігіне ең жақын шекара нүктесі 130 км және облыс орталығы Ақтау қаласы 150 км жерде орналасқан. Қорық аумағына Жаңаөзен қаласынан Қызылсай ауылынына (22 км), әрі қарай Бекет Ата грейдерімен (94 км), содан кейін шығысқа қарай Балуанияз Ата қорымына дейін (40 км), қорымнан 1,5 км жерде Мәмекқазған кордоны орналасқан. Қорықтың оңтүстік шекарасына Жаңаөзен қаласынан Құланды ауылына (15 км), әрі қарай Кендірлі-Қаясан дөңі арқылы қорықтың кордоны орналасқан Өнере жеріне дейін (120 км). Қорық аумағына ең жақын орналасқан елді мекен Аққұдық ауылы(30 км).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1249837?lang=ru
Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасына басшы тағайындалды 12.07.2026
Алматы қаласы әкімінің өкімімен Жанат Айтбаева қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.Жанат Айтбаева 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.Жоғары педагогикалық және экономикалық білімі бар. Педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.Білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығын, Өскемен қалалық білім бөлімін басқарған. Сондай-ақ, Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КМҚК директоры және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.2025 жылы қыркүйектен бері Алматы қаласы әкімдігі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінде болды.Білім беруді басқару және педагогикалық көшбасшылық мәселесіне арналған оқулықтар, оқу құралдары мен ғылыми монографиялардың авторы әрі тең авторы.«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ салалық марапаттармен және Құрмет грамоталарымен наградталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1249430?lang=ru
Көмір химиясы мен АӨК-тегі жаңа жобаларға инвестиция: Серік Жұманғарин Қытайдың ірі корпорацияларымен келіссөз жүргізді 12.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік холдингтерінің топ-менеджментімен бірқатар маңызды кездесу өткізді. Қазақстан экономикасына ауқымды инвестиция тартуға арналған келіссөздер Үрімші қаласындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдігінің алаңында өтті.Кездесудің негізгі бір түйіні – Қытайдың көмір өндіру, көмір химиясы және жаңа материалдар өндіру саласындағы ірі өнеркәсіптік холдингінің бірі China Рingmei Shenma Holding Group Co., Ltd. басшылығымен жасалған келіссөздер. Қытайлық компания Қазақстанда инвестиция көлемі $1,5 млрд-қа дейінгі заманауи көмір-химия кешенін салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда. Жоба қосылған құны жоғары өнім шығарып, көмірді терең өңдеудің толық циклін құруды көздейді. Кездесуде China Рingmei Shenma Holding Group өкілдері Қазақстанда толық циклді заманауи интеграцияланған көмір-химия кешенін құру ниеті бар екенін мәлімдеді. Олар біздің республиканы Орталық Азиядағы негізгі топтың инвестициялық алаңы ретінде қарастыруда. Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, Қытай тарапын Қазақстанға шақырды.«Біз көмір химиясы саласындағы жобаларды қызу қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен және Қазақстанның даму банкімен бірлесіп, қаржыландыру тетігін пысықтауға дайынбыз. Абай облысы да ынтымақтастық үшін ашық және жобаны жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.Келіссөздердің нәтижесінде China Рingmei Shenma Holding Group және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Қазақстанның көмір ресурстарын игеру және көмір химия өнеркәсібін дамыту саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Тағы бір стратегиялық әріптес – биотехнология, мал шаруашылығы, ветеринарлық вакцина өндірісі, жем-шөп және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласында құзыреті мол Қытайдың Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd. өнеркәсіптік тобы.  Тараптар ветеринарлық препарат өндірудің заманауи технологиясын Қазақстанға беру, ветеринария, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласында кешенді шешім енгізу мүмкіндігін талқылады. Қазіргі заманғы агротехнологияға, суару жүйелеріне және жоғары ақуызды жүгеріні өсіруге ерекше назар аударылды.Сондай-ақ, қытайлық компания «Қорғас» АЭА аумағында жүзеге асырылатын мал азығы жүгерісін өсіріп, жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салу жобасын ұсынды. Қытайлық әріптестер «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастықтың арқасында нарықты егжей-тегжейлі зерттей алғанын атап өтті.Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин компанияға Абай облысын агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың базалық алаңы ретінде қарастыруды ұсынды.Қазақстан вице-премьері Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы соңғы ветеринарлық шектеуді алып тастағаннан кейін Қазақстан мал шаруашылығы өнімін әлемдік нарыққа экспорттауға қосымша мүмкіндік алғанын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тарап ҚХР стандарттары бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған зертхана құруды, экспорт үшін нормативтік базаны жетілдіруді және шекара маңындағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін кешенді ынтымақтастық моделін ұсынды.«Бүгінде Қазақстан тірі малды экспорттауға емес, терең өңделген дайын өнімді жеткізуге мүдделі. Сапаны бақылау мен заманауи логистика инфрақұрылымын құру қытай нарығына қайта өңделген өнім экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Кездесу соңында тараптар жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастырып, ынтымақтастықтың жол карталарын дайындауға және инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға көшу үшін мамандардың өзара сапарын ұйымдастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248988?lang=ru
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 12.07.2026
Сарыарқаның сайын даласындағы көркем тауларға көз салсаңыз, табиғаттың қайталанбас сұлулығы мен тылсым әлемі алдыңыздан ашылады. Сол әсемдіктің жүрегінде табиғат байлығын сақтап тұрған ерекше мекен бар. Ол – Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1998 жылы құрылған. Содан бері парк Қарқаралы өңірінің бірегей табиғи кешендерін, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін қорғап, оларды келешек ұрпаққа аман жеткізу жолында қызмет етіп келеді. Бұл – халқымыздың табиғатқа деген жанашырлығының айқын көрінісі.Парк аумағы 112 120 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамына Тау, Қарқаралы, Кент және Бақты орманшылықтары кіреді. Көкке бой созған қарағайлы ормандар, гранитті жартастар мен мөлдір көлдер өңірдің табиғи келбетін ерекше айшықтайды. Әсіресе Шайтанкөл, Бассейн және Пашенное көлдері табиғат сүйер қауымның ерекше қызығушылығын тудырады.Қарқаралы өлкесінің табиғаты сан алуан. Мұнда қарағай, қайың, көктерек, долана, итмұрын және басқа да көптеген өсімдіктер өседі. Өсімдіктер дүниесінің алуан түрлілігі экожүйенің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.Жануарлар әлемі де өте бай. Парк аумағында құстардың 234 түрі мекендейді, олардың 4 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар сүтқоректілердің 46 түрі кездеседі, олардың 2 түрі де Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – табиғатты қорғаумен қатар, ғылыми зерттеулер мен экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізетін маңызды орталық. Мұнда жыл сайын табиғатты қорғауға бағытталған түрлі акциялар, экологиялық іс-шаралар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылады.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Сарыарқаның інжу-маржаны, табиғаттың қайталанбас сыйы. Оның көркем ормандары, асқақ таулары, мөлдір көлдері мен бай жануарлар дүниесі – туған жеріміздің баға жетпес табиғи мұрасы. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтың да аманаты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1248811?lang=ru
Қазақстан «Қытайға экспорт» панельдік сессиясындағы басты ел болды 12.07.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімшіде XI «Қытай – Еуразия» көрмесі шеңберінде өткен «Қытайға экспорт: Қазақстан» арнайы сессиясында сөз сөйледі.«Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян 2025 жылғы қарашада Қытайдың VIII халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) ұсынды. 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен қатар осы бастама шеңберінде жеке ұлттық сессия алды.Іс-шараны ашқан Серік Жұманғарин Қытай тарапына арнайы сессияны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет басшысының өзара сауданы одан әрі арттыру туралы уағдаластығын іске асырудағы маңызды нақты қадам екенін және Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін айқын көрсететінін атап өтті.Вице-премьер Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, жетекші маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыстарды қамтамасыз ете отырып, қазақстандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын ҚХР коммерция министрлігінің «Қытайға экспорт» бастамасының ерекше маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан Үкіметі сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда: көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарын дамытады. Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін дәйекті түрде арттырады.Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли де сөз сөйлеп, өңірдің Қытаймен ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Үрімші қаласындағы өкілдігінің қызметімен танысты. Ол қытай нарығына шығу кезінде қазақстандық компанияларға кешенді қолдау көрсетеді.Іске асқан нәтиженің бірі 1000-нан астам дүкенді біріктіретін «8:30» ШҰАА ірі сауда желілерінің бірімен уағдаластықтар болды. Sun Planet, Delis және Run Planet қазақстандық брендтерінің өнімдерін желінің 200-300 сауда нүктелерінде пилоттық форматта орналастыру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.Өкілдіктің көмегімен қытай нарығында «Алан және Компания» және Baysan Group компанияларының өнімдерін жылжыту туралы келісімдерге қол қойылды. Бұдан басқа, көлемі 20 тонна қазақстандық тауарларды Қытайға алғашқы пилоттық жеткізуді сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Оған «Сұлтан» макароны, «Пиала» шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248266?lang=ru
Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін барлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді 12.07.2026
IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.Серік Жұманғарин Үрімші қаласындағы IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің технологиялық деңгейіне жоғары баға берді. Ол ЭКСПО-ға ұсынылған озық әзірлемелер екі елдің өнеркәсіптік кооперациясы үшін түбегейлі жаңа бағыт ашатынын атап өтті.«Бүгінгі көрмеде агрохимия мен дрон өндірісіндегі озық үлгілер ұсынылған. Біз осы өндірушілер мен инвесторларды Қазақстанға шақырғымыз келеді. Оларға өндірісті локализациялау үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.Тараптар екіжақты қатынаста тұрақты оң динамика барын атап өтті. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауар айналымы рекордтық $48,7 млрд-қа жеткен. Ал 2026 жылғы алғашқы бес айда сауда көлемі $22 млрд болды, яғни өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 27%-ға өсті. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш $50 млрд-тан асуы мүмкін.Жиында атап өтілгендей, екіжақты жалпы сауда көлемінің жартысынан көбі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Ол екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылының негізгі аймағы болып қала береді.«Біздің басты міндетіміз, жақын арада $100 млрд көлеміндегі өзара тауар айналымына қол жеткізу. Ол үшін Қазақстан мен Қытайдың 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығының бағдарламасы мен Жол картасын келісуді жеделдету қажет», — деді Серік Жұманғарин.Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына $30 млрд-қа жуық тікелей шетелдік инвестиция құйып, еліміздегі ірі инвесторлардың біріне айналды.Қазақстандық тарап қытай бизнесін қосылған құны жоғары өнім жасауға арналған жобаларға қатысуға шақырды. Басым бағыттардың қатарында бидай мен жүгері секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, толық циклді металлургиялық өндірісті дамыту, сондай-ақ агрохимия және пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру бар.Екі ел арасындағы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің сауда көлемі $2 млрд-қа жеткені де атап өтілді. Қазіргі уақытта Қытай тарапы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімінің 34 түрін импорттауға келісім берді. Салқындатылған ет секілді тағы 9 тауар позициясы келісу сатысында тұр.Келіссөздердің маңызды бір парасы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін барлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.Осыған орай, Қазақстан өткізу пункттерін кеңейтуде. «Бақты-Аягөз» бағытындағы жаңа үшінші өткелдің құрылысын есептегенде, үш пункттің өткізу қабілеті жылына 100 млн тонна жүкті құрайды. Қытай тарапы қазақстан-қытай шекарасында үшінші теміржол өткелін салу жобасын бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бұл халықаралық көлік бағытының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.Дин Сюэсян Қытай тарапының Қазақстанмен цифрлық экономика, жасанды интеллект, энергетика мен навигациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ қазақстандық компанияларды өз өнімдерін қытай нарығында ілгерілетуі үшін «Қытай-Еуразия» көрмесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, өзара сауда мен инвестицияны арттыруға, сондай-ақ БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберіндегі өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248226?lang=ru
Қазақстан «Қытай – Еуразия» IX халықаралық көрмесінде экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды 11.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімші қаласында «Қытай – Еуразия» IX халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.«Қытай – Еуразия» көрмесі дәстүрлі түрде Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын Батыс Қытай орталығының ең ірі көлік-логистикалық және сауда хабы ретінде Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) мәртебесін нығайтатын, «Белдеу және жол» бастамасының негізгі халықаралық алаңының бірі.Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған қытай тарапына алғысын білдірді. Ол көрменің сауда-экономикалық ынтымақтастық пен іскерлік байланысты нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды іске қосуда беделді алаңға айналғанын атап өтті. Вице-премьер екі мемлекеттің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық өзара іс-қимылы мен жеке сенімі арқасында қазақстан-қытай қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне жеткенін атап өтті. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болса, ШҰАА-мен шекара маңындағы ынтымақтастық екіжақты сауданың негізгі драйверінің бірі.«Қазақстан үшін ШҰАА – бұл жақын көрші ғана емес, сонымен қатар Қытайдың миллиондаған долларлық нарығына шығатын негізгі көлік-логистикалық торап. Шыңжаң арқылы негізгі көлік артериялары өтеді. Біз сапалы және экологиялық таза қазақстандық өнімдердің: ауыл шаруашылығы, тамақ, металлургия және химия өнімдерінің экспортын арттыруға дайынбыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Вице-премьердің айтуынша, Үрімші қаласындағы ЭКСПО алаңы биылғы жылы өнеркәсіптік кооперацияға, өзара инвестициялар мен өндірістік тізбектерді дамытуға қосымша серпін беретін жаңа бірлескен жобалар үшін бастапқы нүкте болады. Ашылу салтанатында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсян халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, мәдени алмасуларды дамытудың және технологиялық инновацияларды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай ғылым, білім және жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, жаһандық сын-қатерді бірлесіп шешуге және орнықты дамуға жәрдемдесуге ниетті.Сапар шеңберінде Қазақстан вице-премьері жалпы ауданы 140 мың шаршы метрді құрайтын ауқымды экспозициямен танысты. Барлығы алты мамандандырылған аймақ құрылған: инвестициялық ынтымақтастық, жаңа сападағы өндірістік күштер, өзіне тән артықшылықтары бар салалар, «Жасыл» даму, мәдениет пен туризм интеграциясы, сондай-ақ Жібек жолы шеңберіндегі ынтымақтастық. Осы көрменің ауқымы мен қатысу деңгейі жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізді – оған 49 ел мен өңірдің, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Сауда, инвестиция, тұтыну және инновацияны дамытуға бағытталған іскерлік бағдарлама шеңберінде 80-нен астам іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында – «Қытайға экспорт» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның мамандандырылған сессиясы бар.Орталық орынды «Қазақстан» ұлттық павильоны иеленді. Онда 30-дан астам отандық компания өз өнімін ұсынды. Көрменің жұмысы 29 маусымға дейін жалғасады. Қазақстандық экспозиция отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін айқын көрсетеді. Мұнда агроөнеркәсіптік кешен, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, алкогольсіз сусындар, парфюмерлік-косметикалық тауарлар және жоғары өңделген өнімдер ұсынылған. Инновациялық сүт өнімдері, соның ішінде түйе ұнтағы сүті, сондай-ақ халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін ет және балық өнімдері келушілердің назарын аударуда.Анықтама:«Қытай – Еуразия» халықаралық көрмесі (China–Eurasia Expo) 2011 жылдан бастап Үрімші қаласында өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар – ҚХР Сауда министрлігі, ҚХР СІМ, Қытайдың халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті және ШҰАА халық үкіметі. Қазақстан дәстүрлі түрде көрменің басты шетелдік қатысушысының бірі. Еске салсақ, 2024 жылы өткен VIII «Қытай – Еуразия» көрмесінде Қазақстан шет мемлекеттер арасында көлемі 260 шаршы метр болатын ең ірі экспозицияны орналастыра отырып, құрметті қонақ мәртебесіне ие болған еді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1247830?lang=ru
Алматыда Тәжікстан өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді 11.07.2026
27-28 маусым күндері Алматының Алатау ауданында Тәжікстан Республикасының Хатлон облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.Сауда қатарлары Нұркент шағынауданындағы «Almaty Arena» көпфункционалды кешенінің алдындағы алаңда орналастырылады.40 фермер өнімін ұсынады. Олар Алматыға 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын алып келеді.Қала тұрғындары мен қонақтарына маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністердің, табиғи кептірілген жемістердің, шығыс тәттілерінің және басқа да өнімдердің түр-түрі тікелей өндірушілерден ұсынылады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және тұтынушыларды сапалы өніммен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталған.Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 10:00-ден 18:00-ге дейін. Кіру тегін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1247171?lang=ru
Алматылық семсерлесушілер Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды 11.07.2026
Үндістанның Нью-Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионаты жалғасуда. Аталған жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сайыста қола медаль жеңіп алды.Ұлттық құраманың сәтті өнер көрсетуіне алматылық спортшылар Жанат Нәбиев пен Нұрмұхаммед Жайлыбай зор үлес қосты. Олар Қазақстан құрамасы сапында Артем Саркисян және Назарбай Саттарханмен бірге сынға түсті.Жарыс кезінде қазақстандықтар Иран құрамасын 45:33, Өзбекстан құрамасын 45:43 есебімен жеңіп, құрлық біріншілігінің жартылай финалына шықты. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде олар турнир фавориттерінің бірі Оңтүстік Корея құрамасына 34:45 есебімен жол берді.Үшінші орын үшін өткен тартысты бәсекеде қазақстандық спортшылар жоғары шеберлік пен табандылық танытып, Қытай құрамасын 45:44 есебімен ұтты. Осылайша олар Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.Семсерлесуден Азия чемпионаты 24 маусымда аяқталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246346?lang=ru
Миллиондаған көрермен Алматыны Travel XP эфирінен көреді 11.07.2026
Travel XP халықаралық телеарнасы Instagram желісінде Қазақстанға арналған жаңа шығарылымның тизерін жариялады. Бағдарламада Алматы саяхаттың басты бағыты ретінде таңдалған. Жаңа шығарылым 2026 жылдың маусым айының соңында әлемнің 110-нан астам елінде көрсетіледі.Түсірілім жұмыстары барысында Travel XP шығармашылық тобы Алматыға арнайы келіп, мегаполистің ең танымал туристік орындарын таспаға түсірді. Бағдарламада Көктөбе, Көк базар, Арбат, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы, Республика сарайы және шаһардың өзге де көрікті нысандары қамтылған. Түсірілімді ұйымдастыруға Almaty Tourism Bureau қолдау көрсетті.Алдағы шығарылым халықаралық аудиторияны Қазақстанның ең ірі қаласының табиғатымен, бай мәдениетімен, гастрономиялық ерекшеліктерімен және заманауи тыныс-тіршілігімен таныстырады.Әлемдегі жетекші туристік телеарналардың бірінде Алматы туралы бағдарламаның көрсетілуі қаланың туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді тетігіне айналмақ. Бұл жоба миллиондаған көрерменге Алматының көркем тау табиғаты, қарқынды қала мәдениетін және сан алуан демалыс мүмкіндіктері туралы кеңінен мағлұмат береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246349?lang=ru
Алматы хайуанаттар бағында ақбөкендер лақтады 11.07.2026
Алматы хайуанаттар бағында Стелла мен Айна есімді ақбөкендер лақтады. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.Ақбөкен (Saiga tatarica) – мұз дәуірінен бері жер бетінде сақталып келе жатқан жануарлар дүниесінің ең көне өкілдерінің бірі. Қазіргі таңда бұл сирек түр ерекше қорғауға алынып, табиғатты сақтау тұрғысынан маңызды мәртебеге ие.Мамандардың айтуынша, жаңа туған лақтардың жағдайы жақсы. Олар өсіп-жетіліп, аналарынан бір елі ажыраған емес. Әзірге төлдер ана сүтімен қоректенуде, ал уақыт өте келе табиғи өсімдік тектес азыққа біртіндеп бейімделеді.Алматы хайуанаттар бағы ақбөкендерді қолда өсіріп, тұрақты түрде төл алып отырған санаулы зоологиялық мекемелердің бірі. Мамандар мұны сирек кездесетін жануар түрін сақтауға және биологиялық алуандықты қорғауға бағытталған жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде бағалайды.Қазір лақтардың жасы шамамен бір айға таяған. Олар ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болып, жасына сай дамып келеді.Бүгінде хайуанаттар бағына келушілер ақбөкеннің сүйкімді лақтарын көріп, қазақ даласының ең сирек жануарларының бірін тамашалай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246343?lang=ru
Урбанистикадан жасанды интеллектке дейін: Алматыдағы «Талдау мектебі» жұмысын қорытындылады 11.07.2026
Алматыда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен және Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасы қорытындыланды.Жоба бес жылдан бері табысты жүзеге асырылып келе жатқан «Талдау мектебі» бастамасының өңірлік жалғасы ретінде қолға алынды. Оның мақсаты – сараптамалық ойлау мәдениетін дамыту, сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және Алматы қаласының өзекті мәселелеріне қатысты тиімді шешімдер әзірлеу.Жобаға қызығушылықтың жоғары болғанын іріктеу нәтижелері көрсетті. Өтінім қабылдау кезеңінде 218 өтінім түсіп, олардың ішінен 65 қатысушы бағдарламаға қабылданды. Қатысушылар қатарында ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар, сараптамалық орталықтар, ІТ индустриясы, бизнес және азаматтық сектор өкілдері болды.Білім беру бағдарламасы Narxoz Business School базасында өтті. Алты апта бойы қатысушылар стратегиялық жоспарлау, деректерді талдау, мемлекеттік басқару, урбанистика, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, экология, туризм және креативті экономика бағыттары бойынша білімін жетілдірді.Бағдарлама аясында аналитикалық құралдарды тәжірибеде қолдануға және Алматының тұрақты дамуына бағытталған шешімдерді әзірлеуге басымдық берілді.Жобаның спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов, Freedom Telecom компаниясының бас директоры Қайрат Ахметов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов, халықаралық inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский, сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші сарапшылар болды.Оқу барысында қатысушылар жеті бағыт бойынша жұмыс істеді: «Мегаполисті ақылды басқару», «Креативті экономика және мәдени стратегия», «Туризм және халықаралық ілгерілету», «Урбанистика және кеңістіктік даму», «Экология және тұрақты қалалық орта», «Цифрлық экономика және инновациялық экожүйелер», сондай-ақ «Тұрақты даму және әріптестік».Бағдарлама қорытындысы бойынша командалар Алматыны дамытудың негізгі бағыттарына қатысты талдамалық жоба мен практикалық ұсыным әзірледі. Соңғы кезеңде қатысушылар «DATA-DRIVEN CITY іс жүзінде» тұжырымдамасы аясында деректі талдау мен заманауи қалалық басқару тәсілдеріне негізделген жоба қорғады.Жобаның жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов сөз сөйледі. Жобаларды қорғаудан кейін түлектерге сертификат табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Талдау мектебі. Алматы» қаланың тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер әзірлей алатын, заманауи аналитикалық тәсілдерді қолданатын және деректер мен сараптамалық білімге негізделген Алматының ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруға үлес қоса алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын тиімді алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246330?lang=ru
Алматыда спорттық резервті ғылыми қолдау бағдарламасы басталды 11.07.2026
Алматы қаласының Спорт басқармасы спорттық резерв спортшыларын функционалдық диагностикадан өткізу және ғылыми-медициналық қолдау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастады.Бүгінде спортшыны даярлау тек жаттығу мен жарысқа қатысумен шектелмейді. Спортшы ағзасының жүктемені қалай қабылдайтынын, қалпына келу деңгейін және шамадан тыс шаршау мен жарақат алу қаупінің бар-жоғын анықтау да аса маңызды. Сондықтан спорт ғылымының заманауи жетістіктері әлемдік тәжірибеде спортшыларды даярлаудың ажырамас бөлігіне айналып отыр.Бағдарлама аясында спортшылар спорттық медицина мен функционалдық диагностиканың озық әдістерін пайдалана отырып, кешенді тексеруден өтеді. Зерттеу барысында мамандар жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін, тыныс алу жүйесінің жай-күйін, төзімділік деңгейін және ағзаның физикалық жүктемеден кейінгі қалпына келу қабілетін бағалайды. Ол үшін InBody аппараты арқылы дене құрамын талдау, электроэнцефалография (ЭЭГ), сондай-ақ нақты уақыт режимінде сымсыз электрокардиографиялық бақылаумен жүргізілетін эргоспирометриялық тестілеу сияқты заманауи диагностикалық технологиялар қолданылады.Жоба Trinity Corp спорттық медицина және диагностика орталығының базасында жүзеге асырылуда. Қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде алматылық спортшылар кешенді медициналық тексеруден арнайы шарттар негізінде өту мүмкіндігіне ие болды. Диагностика спортшылардың функционалдық мүмкіндіктерін объективті бағалауға арналған арнайы жабдықтардың көмегімен жүргізіледі.Бағдарламаның алғашқы қатысушылары спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері болды. Қазіргі уақытта 133 жас спортшы тереңдетілген диагностикалық тексеруден өтуде. Жыл соңына дейін жоба аясында республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын Алматының спорттық резервіндегі 200-ден астам спортшы тексеруден өтеді.Спорттық медицина дәрігерінің айтуынша, мұндай диагностиканың басты артықшылығы спортшының қазіргі физикалық дайындығын бағалаумен ғана шектелмейді.«Заманауи спорттық диагностика ағзаның шамадан тыс шаршаудың, қалпына келудің жеткіліксіздігін және спорттық нәтижелердің төмендеуіне не жарақатқа әкелуі мүмкін қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер жаттықтырушылар мен мамандарға жаттығу үдерісін неғұрлым тиімді жоспарлап, жүктемені әр спортшының ерекшелігіне сай реттеуге және оның жағдайын даярлықтың барлық кезеңінде бақылауда ұстауға көмектеседі», – дейді маман.Жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, Алматы қаласының спорттық резерв спортшыларын ғылыми қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттары қарастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246335?lang=ru
Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ іске қосылады 11.07.2026
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты.Жобаны іске қосу аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және тиісті жол белгілерін орнату жұмысын бастап кетті. Барлық жұмысты 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.Басқарма өкілдерінің мәліметінше, арнайы жолақты енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.Жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі болжамды қозғалысын қамтамасыз етуге, жалпы көлік ағынындағы кідірісті азайтуға және маршруттардың қозғалыс кестесінің сақталуын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.Пилоттық режим қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға және жол қозғалысына қатысушылардың өзгеріске кезең-кезеңімен бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жүргізушілерден жол белгілері мен жол таңбаларына мұқият назар аударып, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1245759?lang=ru
Кабулда су ресурстарын басқару саласындағы алғашқы Қазақстан-Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады 10.07.2026
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында су ресурстарын басқару мен ирригация, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын орнықты дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша ниеттестік туралы тиісті келісім жасалды. Құжатқа вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары шеңберінде қол қойылды.Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл – су ресурстары, ирригация, орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі. Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу мен су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламалары мен ғылыми сүйемелдеу жүргізеді.Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин су дипломатиясы, су ресурсын ұтымды пайдалану мен осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне Қазақстан ерекше назар аударатынын атап өтті.  Орталық су қауіпсіздігі, орнықты ауыл шаруашылығы, климаттық бейімделу, экологиялық мониторинг пен азық-түлік қауіпсіздігі бағытын біріктіретін университетаралық зерттеу платформасы ретінде дамиды деген болжам бар. Кешенді тәсіл аймақтың орнықты дамуы үшін тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.Кабул университеті – Ауғанстандағы 1932 жылы құрылған ең көне, ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Университетте 22 факультет, пәнаралық ынтымақтастыққа арналған ауқымды академиялық база бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1245401?lang=ru
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, азот зауытын жаңғырту, кинологтар даярлау: Серік Жұманғарин Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесті 06.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға ресми сапары шеңберінде Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесу өткізді.Ауғанстанның ішкі істер министрі Қазақстанға және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауған халқына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Ол аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара сенім мен құрметтің, сындарлы іс-қимылдың маңызды екенін атап өтті.Серік Жұманғарин де өз тарапынан Ауғанстан Қазақстанның Орталық және Оңтүстік Азиядағы маңызды әріптесі екенін жеткізді. Қазіргі уақытта екі елдің бейінді ведомстволары есірткі бизнесі мен экстремизм секілді трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін пысықтауда. Қазақстандық тарап тікелей байланыс орнатуда тиісті ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екендігін білдірді. Вице-премьердің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сауда-экономикалық байланысты кеңейтудің, инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі факторының бірі.Тараптар кинологиялық қызмет мамандарын даярлау саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Серік Жұманғарин бұған дейін ауған тарапы екі елдің есірткіге қарсы бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу жөнінде бастама көтергенін еске салды. Осыған байланысты Қазақстан ІІМ Алматыдағы ІІМ Кинологиялық орталығының базасында ауған кинологтарын оқытуды ұйымдастыруға дайын. Қазақстан биыл бес маман даярлап шығарса, келесі жылы ауған тарапына бес қызметтік ит беруді ұсынып отыр.Кездесу барысында Ауғанстанның ішкі істер министрлігінің қарамағындағы Мазари-Шарифтегі азот өндіру зауытын жаңғыртуға қазақстандық мамандардың қатысуы талқыланды. Қазақстандық инженерлер кәсіпорынға барған болатын. Келесі кезеңде нысанға техникалық тексеру жүргізіледі. Жабдықты жаңғырту қажеттілігі анықталып, жұмыс құны бағаланады. Қазақстандық кәсіпорындар өндірісті технологиялық жаңарту, инжиниринг, жабдық жеткізу мен іске қосу, жөндеу жұмысын сүйемелдеу саласында қажетті құзыретке ие. Осыған байланысты тараптар жобаны қаржыландыру, міндеттемені орындау кепілдігі, сондай-ақ логистиканы, мамандардың өндірістік алаңға қол жеткізуі мәселесін талқылады.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растап, қауіпсіздік кепілдігі, сенімді логистикалық қатынас, құқық қорғау органдарымен жедел өзара іс-қимыл ұзақмерзімді экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1245199?lang=ru
Көлік, логистика, ТМК және сауда: Серік Жұманғарин Ауғанстан басшылығымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады 06.07.2026
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға сапары барысында Ауғанстан Премьер-министрі Мұхаммед Хасан Ахундпен және Премьер-министрдің орынбасары Абдул Гани Барадармен келіссөздер жүргізді. Тараптар ауқымды гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады.Серік Жұманғариннің Ауғанстан Премьер-министрімен кездесуі екі ел арасындағы гуманитарлық және іскерлік байланыстардың белсенді дамуының соңғы төрт жылында алғаш рет өткізілді. Мұхаммед Хасан Ахунд қазақстандық делегацияны жылы қарсы алып, ауған халқына дәйекті қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.Гуманитарлық көмекті тұрақты жеткізуден басқа, Қазақстан Ауғанстанға кадр даярлауда жәрдем көрсетіп, қазақстандық жоғары оқу орындарында ауған студенттерін оқыту үшін білім беру гранттарын ұсынады, ел тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, мамандардың біліктілігін арттыруда.Келіссөздерде тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды.Қазақстан Орталық Азияның тау-кен металлургия саласында түсті, қара металл, жерде сирек кездесетін және бағалы металдарды қайта өңдеу құзыретіне ие өнеркәсіптік және технологиялық орталық ретінде маңызды позицияны иеленеді. Қазақстан техникалық аквамаринді қайта өңдеу бойынша құзыреті бар әлемдегі үш елдің қатарына кіреді. Осыған байланысты қазақстандық компаниялар пайдалы қазба кен орындарын игеруге қатысуға және Ауғанстандағы өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасарымен кездесуде қазақстандық тарап осы минералды Ауғанстаннан шығарып, Қазақстанда қайта өңдеуді шешу туралы мәселе көтерді.Сондай-ақ өткен жылғы қазанда «Тау-Кен Самұрық» компаниясының мамандары Бамиан провинциясына барып, Пами-Какрак мырыш кен орнында сынама алды. «Қазмырыш» компаниясының мамандары жүргізген кейінгі химиялық талдау қазақстандық кәсіпорындарда осы кенді қайта өңдеудің қағидатты мүмкіндігін растады.«Біз Ауғанстаннан мырыш кенін жеткізуге мүдделіміз. Қазақстандық кәсіпорындар өндірістерді технологиялық жаңарту, инжиниринг, жабдықтарды жеткізу және іске қосу-жөндеу жұмыстарын сүйемелдеу саласында қажетті құзыреттерге ие», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Хром кен орындарын барлау мен дамытуға ERG қатысуы жеке бағыт болады. Әлемдегі ең ірі хром кені ресурстық базасына ие және феррохром өндірісінде әлемдік көшбасшы бола отырып, ERG қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде өзінің тәжірибесін, салалық сараптамасын және технологиялық шешімдерін қолдану мүмкіндігін қарастырады.Абдул Гани Барадармен кездесуде тараптар көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.Қазақстан Хафт – Герат теміржол учаскесінің құрылысын аяқтап жатқаны және Ауғанстан аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларға одан әрі қатысуға мүдделі екені атап өтілді.«Біз Пәкістанның Карачи және Гвадар порттары бағытында 10 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге қабілетті Central Asia-South Asia (CASA) Трансауғандық көлік дәлізін іске асыруды қолдаймыз. Сонымен қатар, біз өзбек және түркімен әріптестермен бірге Мазари-Шариф және Тургунди арқылы Гератқа темір жол құрылысына қатысуға дайынбыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин. Келіссөздер барысында өзара сауда-саттықты одан әрі кеңейту мәселесіне айрықша назар аударылды.Тараптар ауған ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстандағы Small және Magnum секілді ірі сауда желілеріне жеткізу туралы уағдаластықты растады. Қазақстан өңір елдері арасында бірінші болып Ауғанстанға ұлттық сауда желілері арқылы өнім жылжытуды ұсынды.Мұнда анар, жүзім, өрік, қара өрік, қарбыз, қауын, ерте көкөністер, жаңғақтар және басқа да жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ қазақстандық тарап Ауғанстанға, атап айтқанда Гератқа ұн жеткізу көлемінің арттырылғаны туралы хабардар етті.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды, атап айтқанда, қаржы саласында өзара есеп айырысу үшін іске асыруға кедергі келтіретін қолданыстағы кедергілерді талқылады. Оларды жоюдың нақты шаралары әзірленді. Сауда, көлік, өнеркәсіп, телекоммуникация және гуманитарлық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1244709?lang=ru